Рәміздер - халқымыздың асқақ рухын жеткізетін құнды белгілер!

Бүгінде еліміздің Мемлекеттік рәміздері бүкіл әлемге кеңінен танылып отыр. Қазақстанды осы рәміздеріміз арқылы халықаралық қоғамдастық толық мойындады. Мемлекеттік рәміздер күні қарсаңында Абай облысындағы ғылым мен журналистикада өзінің айшықты қолтаңбасын қалдырған Ерік Орынғали мен Серік Тілекұлдары сынды танымал жастармен жолығып, пікірлері мен көзқарасын білген едік.

1685451111348959.jpg

Абай облысы Бородулиха ауданының аудандық «Жаңа Уақыт» газетінің бас редакторы Серік Тілекұлына сауалдарымызды қойдық.


- Жалпы, Мемлекеттік рәміздерге деген көзқарасыңыз қандай?


- Біздер тәуелсіз қазақ елінің ең жас ұландарымыз. Сондықтан өз жерімізді, өз елімізді әкелер мен аталарымыз сияқты қадірлеуге,сүюге, қорғауға тиіс екенімізді естен шығармайық. Осы орайда әдебиет пен мәдениетке жақын жан ретінде ойыма төмендегідей бір шумақ өлең оралады:

Әнұраным –жан ұраным

Айтар әнім, сөйлер сөзім

Туған жерім сағынарым

Бақыт-бірлік күн талабы.


Кез келген мемлекеттік рәміздердің ең маңыздысы – Әнұран. Әнұран мемлекеттің салтанатты әні. Ол халықты әйгілі етеді. Оның сөздерінде халықтың мыңдаған жылғы тарихы, бүгінгі өмірі мен келешек арманы айтылған. Әнұранды түрегеліп, жүректің тұсына қолдарын қойып айтады. Бұл өз мемлекетіңе деген құрметті көрсетеді. Халық өмір салтын бүгінгі тіршілігі мен келешек армандарын, мың жылғы тарихын осы әнге сыйғызған.


1986 жылы «Менің Қазақстаным» бостандық аңсаған қазақ жастарының бейресми әнұраны болған еді.


2006 жылғы 7 қаңтардағы Конституциялық заңға сәйкес ҚР-ның Мемлекеттік Әнұранының музыкалық редакциясы мен мәтіні жаңа редакцияда жазылды.


Бұл Әнұранның сөзі республикамыздың барлық халықтарының жүрегіне жақын, жұрттың бәрінің көңілінен шыққан, терең отаншылдық сезімдегі ән.Отанымыздың ұлттық мақтанышы – мемлекеттік рәміздерге арналады. Онда мемлекетіміздің рәміздері туралы білімдерімізді толықтырып, құрметтеуге үйренеміз. Кез келген мемлекеттің айшығы – мемлекеттік рәміздері екені белгілі.

Елін, жерін сүю мен Отанға деген адалдықтың бір белгісі – мемлекеттік рәміздерімізді қадір тұту болып табылады. Жас ұрпақты елжандылық негізде тәрбиелеуде де мемлекеттік нышандардың алар орны ерекше. Олай болса, рәміз дегеніміз не?


- Осы қастерлі ұғымдар туралы тарқата айтсаңыз?


- Мемлекеттік рәміздер – халықтың рухын, ұлттың салтын, ержүректігі мен даналығын, болашаққа деген үмітін, арман-тілегін жетелейтін ерекше құнды белгілер. Биыл Мемлекеттік рәміздерге 31 жыл толып отыр. 4 маусым - Мемлекеттік рәміздер күні. Мемлекеттік рәміздер – Ту, Елтаңба және Әнұран Қазақстан Республикасының дербестігі мен тәуелсіздігін бүкіл әлемге танытушы әрі мемлекетіміздің өткені мен бүгіні және болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын көрінісі. Сондай-ақ рәміздер – халқымыздың мұқалмас рухын, қаһармандығы мен даналығын, асқақ арман-тілегін жеткізетін құнды белгілер.


Тұңғыш Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 1992 жылы 4 маусымда «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы туралы», «Қазақстан Республикасының елтаңбасы туралы» және «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік әнұранының музыкалық редакциясы туралы» заңға қол қойды. Осы күннен бастап Президент резиденциясы мен Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің алдына Мемлекеттік Ту тігіліп, Елтаңба ілінді.


Тәуелсіздігін енді жариялаған еліміз үшін мемлекеттік рәміздерді қабылдау расында да жеңіл бола қойған жоқ. Тиісті мемле­кеттік органдар мен мекемелер аса жауапты істі жан-жақты ізденіспен, мұқият дайындықпен қолға алды. Алдымен 1992 жылдың басында Жоғарғы Кеңестің төралқасы мемлекеттік символиканы дайындау бойынша жұмыс тобын құру туралы қаулы қабылдады. Осы құжатқа сәйкес арнайы шығармашылық комиссия құрылды. Оның құрамына белгілі заңгерлер мен қоғам қайраткерлері кірді. Көгілдір түсті Туымыз жаһан жұртына Қазақстан деп аталатын жаңа тәуелсіз елдің бет-бейнесін паш етті. 1992 жылы суретші Шәкен Ниязбеков салған Мемлекеттік Ту бекітілді. Егемен елдің Елтаңбасы - қос сәулетші Жандарбек Мәлібеков пен Шота Уәлихановтың ерен еңбегінің нәтижесі. 2006 жылғы қаңтардың 6-да Жұмекен Нәжімеденов пен Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзіне жазылған Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әні мемлекеттің Әнұраны болып бекітілді. Бұл тарихи сәт егемен ел үшін мәңгі есте сақталады.


Мемлекеттік рәміздер – еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігін паш ететін нышандар. Бұл рәміздер біздің мемлекетіміздің өткені, бүгіні мен болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын бейнесі.


Сонымен қатар ел дамуының ажырамас бөлігі. Сондықтан қазақстандықтардың осы рәміздерге деген құрметі, оларды бойтұмардай қастерлеуі ерекше сезіліп тұруы тиіс. Рәміздер арқылы елімізді бүкіл әлем таниды. Өйткені онда қазақ халқының бастан өткізген тарихы, мәдениеті мен дәстүрі көрініс береді. Жастардың отансүйгіштік сезімін оятады, патриотизмге үндейді, батылдыққа тәрбиелейді.


Осы Ұлық мерекеге орай, Құрметті қазақ елін және Қадірменді аулан қонақтары мен тұрғындарын 4 маусым — Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күнімен құттықтағым келеді.


Мемлекеттік рәміздер – біздің сонау ғасырлар қойнауынан сыр шертер тағылымды тарихымыздың шынайы көрінісі. Оның мазмұнды нышандары кешегі өткенімізді айшықтап, ертеңгі мақсатымызды айқындап тұр. 


Рәміздердегі нышандар арқылы қазақстандық қоғамның әлем алдындағы бейнесі қалыптасады. Рәміздерге деген құрмет – азаматтардың өз елінің азаматы екендіктерін қаншалықты деңгейде түйсінуінің, ел болашағына деген сенімінің және патриоттық сезімдерінің өлшемі. Тәуелсіздігіміздің тұмарына айналған мемлекеттік рәміздеріміз болашаққа бастаған ұлы көшімізді демеп, игі істерімізді қолдай берсін! Әрдайым еліміз тыныш, халқымыз аман, туымыздың мәртебесі биік болсын!


Қазақ елінің, Қазақстанымның мәртебесі биік, өмірі ұзақ болып, Мемлекеттік рәміздерімізге деген құрмет арта берсін!


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар