Түркия алғашқы АЭС-ін салуда кедергілерге тап болуда. Анкара Мәскеумен келісім жасап, «Росатом» компаниясы мен Akkuyu Nuclear JSC бірлестігі арқылы АЭС құрылысын бастаған еді. 2010 жылы екі елдің үкіметі арасында келісім жасалып, 2018 жылы АЭС-тің құрылысы басталды. Жоспар бойынша 2024 жылы алғашқы реакторлық блок қолдануға берілуі тиіс болды, алайда жоспар орындалмады. Ендігі таңда АЭС құрылысында өзге де мәселелер пайда болуда. Бұл туралы Мoscowtimes тәптіштеп жазды.
Sotaproject мәліметі бойынша, Түркиядағы «Аккую» АЭС-ін салып жатқан ресейлік мамандарға жалақы беру тоқтатылған. Бұл туралы Sotaproject-ке қызметкерлердің туыстары мәлімдеді. Ақпарат бойынша жалақы мәселесі мамыр айында туындап, әлі күнге дейін шешімін таппаған. Екі айдың ішінде қызметкерлер саны 12 мыңнан 3 мыңға дейін қысқартылған. Ресейден қызметкерлерді «Титан-2» компаниясы жалдайды, олар артынша түріктің TSM Enerji компаниясымен еңбек шартын жасасады.
Наурыз айында АЭС құрылысына қатысып жатқан түркиялық жұмысшылар бас көтеріп, жалақыны көтеруді талап етті. Ал ресейлік жұмысшылар аталған ереуілге қатысқан жоқ. Себебі жұмыс берушілер оларды жұмыстан шығаратынын айтып, сес көрсетті. Бұл туралы Түркияның бірнеше басылымы жазды. АЭС құрылысын толықтай Ресей тарапы қаржыландырып жатыр.
Ресей тарапы АЭС құрылысына қажетті кей шығынды өтей алмайтынын білдіруде. Ақпан айында Ресей Түркиядан АЭС-ке қажетті шығынның бір бөлігін өзіне алуды сұрады. Бұл Ресейге салынған санкциялар және төлем жүйелерін бұғаттаумен байланысты болатын.
АЭС құрылысын атқарып жатқан Akkuyu Nuclear компаниясының басшысы Антон Дедусенко 8-шілдеде мәлімдеме жасап, құрылыстың қарқынды жүріп жатқанын айтты. Ал вице-премьер Александр Новак маусым айында тілшілердің сұрағына жауап беру барысында 2025 жылдың соңына дейін алғашқы блокты іске қосатынын айтқан болатын. Жоспар бойынша бірінші блок 2024 жылы іске қосылуы тиіс еді, алайда Siemens компаниясы Ресейге салынған санкцияларға байланысты қажетті құралдарды жеткізуден бас тартты. Сөйтіп, ресейлік тарап тапсырысты Қытайға бағыттады. Жоба бойынша 4 блок салынуы тиіс, әзірге бірде-бір блоктың құрылысы толық аяқталған жоқ.
2022 жылы Ресей «Аккую» АЭС-і арқылы санкцияны айналып өті жолдарын қарастырды. The Wall Street Journal басылымының жазуынша аталған жоспарды жүзеге асыруға Ресей Орталық Банкінің төрағасы Эльвира Набиуллинаның өзі қатысқан. Жоспар бойынша «құрылысты қаржыландыру» деген желеумен заңсыз қаржы айналымын іске асырмақ болған. Алайда жоспар іске асқан жоқ.
Ресей тарапы «Аккую» АЭС-індегі «Росатомның» пайыздық үлесінің 49 пайызын өзге компанияға сатуды ойластыруда. Bloomberg-тің жазуынша аталған үлес 25 млрд долларды құрауы мүмкін. Ресей бұған дейін де АЭС-тегі үлесін сатуға тырысқан, алайда сатып алушылармен талаптар бойынша келісе алмады. Сарапшылар Ресей тарапы қиындықтарды реттей алмаса, АЭС құрылысын Қытайға беруі мүмкін екенін болжауда.
Mezgil.kz