Ресейде Владимир Мединский деген адам бар. Өзі – тарихшы. Ресей президенті Путиннің көмекшісі һәм кеңесшісі. Соңғы жылдары Ресей-Украина келіссөздеріне қатысып, Ресейдің «бас келіссөзшісі» рөлін сомдауда.
Сол Мединский Ресей-Украина бітімін жасау бойынша өзіне жүктелген міндетінен бөлек, арагідік бұрынғы КСРО елдеріне «тарих сабағын» үйретумен белсенді айналысып жүр. Қайсыбір жылы бйүдепті демей-ақ, күні кеше айтқандарын бір шолып шығайық:
Кешелі-бері Ресей ақпараттары Мединскийдің мәңкілін жапатармағай жазып жатыр. «Бақсақ – бақа екен» дегендей, жазған-сызғандарына көз жүгіртсек, Мединский бізге өкпелі екен. Бізге дегеніңіз – жалғыз қазаққа емес, бұрынғы КСРО құрамында, Ресей империясы құрамында болған елдерге түгел.
«Ресейді бағаламайсыңдар. Шашырап жүрген тобыр едіңдер, бізге қосылып мемлекет болдыңдар», - дегенге саяды жалпы мазмұны.
Мединский: «Ресей ТМД елдеріне қысым көрсетпейді. Мемлекеттер арасындағы диалог тек өзара сыйластыққа негізделген. Десе де, ТМД елдерінде ортақ өткен шақтағы Ресейдің рөлін жете бағаламау байқалады. Бұл саяси технология. Тарихи шындық – Ресейдің рөлі оң болғанын көрсетеді. Сондықтан ТМД елдері өзіне және өзінің өткен тарихына адал болуы керек», - деп көлгірси сөйледі.
«Ресей құрамына қосылғаннан кейін Ресей империясы көптеген халықтарға өзінің ұлттық бірегейлігін, мәдениетін, тілін, діни наным-сенімдерін сақтап қалуға үлкен мүмкіндіктер жасады. Бұл мүмкіндіктер кейін келе олардың мемлекетке айналуына негіз болды. Әйтпесе, Ресей құрамына қосылу негізінен бейбіт түрде жүзге асты. Және назар бұратын маңызды жайт – Ресей құрамына олар мемлекет болып қосылған жоқ. Ешқандай мемлекет болған жоқ, оларда. Олар халық болып қосылды», - деді. Бұл да «білгіш» Мединскийдің бәлду-бәлдуі.
«Кейбір ТМД мемлекеттері өздерінің тарихи мифологиясын жасап алып, оны Ресей мен Кеңестік кезеңнің жақсылығына қарсы қойып, қолданып жүр», - дейді.
Осының алдында Ресейдің білім министрі Сергей Кравцов деген бір білгіш шығып: «Кейбір ТМД елдерінің тарих оқулықтарында Ресейге қатысты теріс баға берілген. Осыған байланысты Ресей басқа елдердің тиісті ведомстволарымен тарихи өткеннің жалпы түсіндірмелерін үйлестіруде», - деген.
Тақырыпқа тұздық: Осының алдында ғана Ресей Федерациясы украин тілін мектептегі оқу бағдарламасынан толықтай алып тастау туралы арнайы 200 беттік бұйрық шығарған еді. 2023–2024 оқу жылында украин тілі негізінен Ресей оккупациялаған Запорож және Херсон облыстарында оқытылған. Сонымен бірге украин тілі Қырымда, Донецк және Луганск облыстарында, сондай-ақ Башқұртстан Республикасында оқу үдерісінде қолданылған.
Ресей Қазақстанның тарих оқулықтарына да көңілі толмайды. Сол есептен, Мединскийдің жоғарыдағы сөздері Қазақстанға да қарата айтылған.
Олай деуімізге себеп те жоқ емес. Мединский айтқан «мемлекеттері жоқ еді» деген сөзді президент Путиннен бастап, өлгені бар, өлеусірегені бар, түрлі деңгейдегі Ресейдің шовинист шенділері Қазақстанға қарата ашық айтқан. Барлығын жіпке тізбесек те, былтыр Ресей Ғылым академиясы жанындағы Әлеуметтік ғылымдар бойынша ғылыми ақпарат институтының ғалымдары шығарған дауды еске түсірейік:
Ресейлік ғалымдар тобы Орталық Азия елдерінің, соның ішінде Қазақстанның тарих оқулықтарына көңілдері толмайтынын айтып, шулаған.
«Олардың тарих оқулықтарында «Ресей «аннексияланған аумақтардың халықтарын басып-жаншушы отаршыл мемлекет» ретінде көрсетіледі. Ресей империясының Қазақстанға қатысты саясаты «территориялық экспансия», «протекторат» және «отарлау саясаты» деп сипатталады. Бұл «ксенофобия мен русофобияның дамуына» әкелетін дұрыс емес көзқарас», - деп бәле шығарған.
Енді міне, Украина-Ресей соғысын «бейбіт реттеуші» деп Кремль тарапынан таңдалған «келіссөзші» - Мединский Украинаның тарихи өткенін терістей сөйлеп, сонысы арқылы ТМД елдеріне, соның ішінде Қазақстанға қарата да шүйлігіп өтіпті.
Жалпы соңғы жылдары Ресей тарихшылары мен саяси тұлғалары тарапынан «өткен тарихқа» қатысты даулы мәлімдемелер жасау тенденцияға айналып келеді. Бұндай арандатушы мәлімдемелерге Қазақстанның да деңгейлес тұлғалары дер кезінде жауап қайтарып отыруы әділетті болмақ!
Mezgil.kz