Израиль мен Иран арасындағы әскери қақтығыс 13 маусымда басталды. Сол күні Израиль Иран аумағындағы ядролық және әскери нысандарға соққы берді. Содан бері қос тарап өзара жауаптасып, бір-бірінің аумақтарына зымыран және дрон шабуылдарын жалғастыруда. Әскери нысандарға соққы берулер әлі де тоқтаған жоқ.
Кеше АҚШ президенті Трамп Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл жиынын өткізді. Талқыланған басты тақырып – Иран мен Израиль арасындағы соғыс.
Сарапшылар: «АҚШ таяу арада соғысқа араласады», - дейді. АҚШ Иранның Фордодағы ядролық нысанын және өзге де ядролық нысандарға соққы жасамақ.
Ал «Axios» басылымы: «АҚШ Иранның ядролық нысандарына соққы жасауда жоспарлап жатыр», - деп хабар таратты.
«The New York Times» басылымы: «Егер АҚШ соғысқа араласса, Иран АҚШ базаларына соққы жасау үшін зымырандарын даярлап қойды», - деп жазады. The New York Times-тың дерегінше: Пентагон Таяу Шығыстағы базаларын түгелдей ұрыс жағдайына келтірген. Атап айтқанда, БАӘ, Иордания мен Сауд Арабиясындағы базаларда ұзын-ырғасы 40 мыңға жуық АҚШ сарбазы бар.
Өз кезегінде «Al Jazeera»: «Егер соғысқа АҚШ араласса Иран Ормуз бұғазын миналамақ», - деп жазады.
Ал «Reuters» агенттігі: «Трамп Иранға зымырандық және ядролық бағдарламасынан бас тартып, берілу үшін 24 сағат берді», - деп хабарлайды.
Осының алдында «Иран толық капитуляция жасауы керек» деп жазба жариялаған АҚШ президенті Трамп: «Біз Хаменейдің нақты орналасқан жерін білеміз! «Біз «Жоғары Көшбасшы» деп аталатын адамның қайда жасырынып жатқанын нақты білеміз. Ол оңай нысана! Оның жасырынған жері соншалық қауіпсіз жер емес. Бірақ, біз оны өлтіруге ниетті емеспіз. Әзірге. Бірақ біз Иран зымырандарының бейбіт тұрғындарға немесе американдық сарбаздарға тигенін қаламаймыз. Біздің шыдамымыз таусылуға жақын», - деді.
Сарапшылардың пікірінше: «Бұл жағдайда Иранның мүмкіндігі шектеулі. Ол АҚШ-тың аймақтағы әскери базаларына, әсіресе Ирак пен Парсы шығанағындағы араб елдеріндегі нысандарға соққы жасауға ұмтылуы мүмкін. Дегенмен АҚШ-тың ең ірі әскери базасы Қатарда орналасқан. Қатар белгілі бір деңгейде Иран мүддесіне де қызмет етіп отыр. Себебі бұл мемлекет Тегеранмен әрдайым тығыз байланыста болған. Бірақ ең маңыздысы – АҚШ-тың жанжалға тікелей араласуы. Бұл Иранға қарсы соққыларды күшейтеді. Мәселен, салмағы 13 тонна болатын америкалық бункерге қарсы бомба Иран үшін үлкен қауіп. Израильде мұндай бомба да, оны жеткізетін ұшақ та жоқ. Сондықтан да Тегеран маңындағы Фордо қаласындағы уран байытуға арналған жерасты орталығын жоя алмай отыр», - дейді.
Mezgil.kz