Стокгольм халықаралық бейбітшілікті зерттеу институтының (SIPRI) жаһандық қару-жарақ таралуына қатысты зерттеуіне сәйкес, Ресейдің Қытай, Солтүстік Корея және Иран сияқты авторитарлық мемлекеттермен әскери осі қазіргі уақытта іске аспаған. Зерттеушілер әлемде жаппай қарулану бойынша жарыстың басталғанын айтуда, алайда Иран-Ресей-Солтүстік Корея әскери одағы құрылды дегенге әлі ерте дейді.
SIPRI баяндамасында Ресейге Солтүстік Корея мен Ираннан қару жеткізілгені айтылған. Сонымен бірге Қытайдың Ресейге әскери технология бергені де сөз болған. Алайда Тегеран-Мәскеу-Пхеньян-Бейжің әскери осі құрылған жоқ деген байламға тоқтады. Батыс сарапшылары мен АҚШ билігі аталған елдер арасындағы байланыстың артуына алаңдаушылық білдірсе де, бұл елдер толыққанды әскери одақ құруы қиын дейді. Керісінше, аталған елдер ядролық технология бойынша бәсекелестікке түсуде.
Ресей мен АҚШ қазіргі сәтте әлемдегі ядролық арсеналдың 90%-ына иелік етуде. Мәскеу мен Вашингтон ескі ядролық қаруын жойып, жаңа оқтұмсықтар әзірлеуде. Жойылған ядролық қарудың саны жаңа ядролық бомба және оқтұмсықтардан көп. Сәйкесінше, әлемдегі ядролық арсенал саны азайып келеді. Бұл жайында SIPRI баяндамасында айтылды.
Алайда Қытай билігі керісінше ядролық қару санын қарқынды түрде арттыруда. SIPRI-дің есептеуі бойынша Қытайда қазіргі сәтте 600 дана ядролық бомба және оқтұмсық бар. 2023 жылдан бастап Қытай жылына орта есеппен 100 ядролық қару жасауда. Болжам бойынша 2030 жылға қарай Қытай ядролық қаруды алып ұшуға қабілетті құрлықаралық баллистикалық зымыран саны бойынша Ресей мен АҚШ-қа жетуді ойластыруда. Ал 2035 жылы Қытайда кемі 1500 дана ядролық қару болмақ. Қытайдың ядролық қару санын арттыруы НАТО елдері үшін үлкен сигнал дейді мамандар. НАТО мемлекеттері де ядролық қару санын арттырып, Еуропаны «ядролық қолшатыр» жүйесімен қорғауды күшейтетін болады.
Қазіргі сәтте НАТО елдері мен оның одақтастарында ұрысқа жарамды 5933 ядролық оқтұмсық бар. Ал Ресей, Қытай және Солтүстік Кореяда 6230 ядролық оқтұмсық бар дейді SIPRI сарапшылары.
АҚШ, Ресей, Ұлыбритания, Үндістан, Пәкістан, Франция, Қытай, Израиль, КХДР 2024 жылы ядролық қаруын модернизациялау қарқынын күшейткен. 2025 жылдың қаңтарында әлемде 12241 дана ядролық оқтұмсық болған, олардың 9614 данасы әскери қоймада сақтаулы тұр. Ал 3912 ядролық қару сүңгуір қайықтарда, ұшақтар мен зымыран ату кешендеріне орналастырылған. Ресей, Қытай және АҚШ ядролық қаруын ұдайы әскери соғыс жағдайына жақындатылған режимде ұстайды.
SIPRI сарапшылары әлемдегі шиеленістің күшеюіне байланысты ядролық қару саны арта беретінін болжау үстінде. Ірі державалар арасында ядролық қару санын азайту бойынша келісім жасалмаса, ядролық қаруға қол жеткізуді мақсат тұтатын мемлекеттер саны да артады дейді мамандар.
Mezgil.kz