Азаматтық алғың келсе - ҚАЗАҚ тілі мен тарихын оқы, үйрен!

Елімізде маңызды заңға өзгерістер енгізілді. 22 сәуірде Парламент «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және қылмыстық-атқару жүйесі салаларындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» маңызды заң қабылдады. Аталмыш заңға Премьер-Министрдің қол қоюы Үкімет тарапынан көрсетілген қолдаудың дәлелі болды. Ал 16 мамырда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев заңнаманы мақұлдап, қол қойды. 


Как получить гражданство Казахстана | Электронное правительство Республики  Казахстан

(Сурет: egov.kz)

 

Заңдағы өзгерістер Азаматтық, Жер, Қылмыстық, Қылмыстық іс жүргізу мен Әлеуметтік кодекстерге, сондай-ақ басқа да заңнамалық актілерге қатысты болды. Заңда жалпы 4 блок қарастырылған еді.

 

Бірінші блок қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріндегі бейнебақылау жүйелерін бұзу мен зақымдау кезіндегі жауапкершілікті күшейтуге бағытталған болатын. Енді айыппұл, қоғамдық жұмыстарға тарту мен бас бостандығын шектеу сияқты жазаның балама түрлері қолданылмайды. Енді екі жылдан бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жауапкершілік енгізіліп, топтық қылмыс кезінде 5 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Енді шен-шекпенділер мен басқа да тұлғалар бейнебақылау камераларын өшірмес бұрын дұрыстап ойланатын болады.

 

Осы құқық бұзушылық үшін қылмыстық жауапкершіліктің енгізілуіне байланысты сенаторлар Қылмыстық атқару кодексіне де түзетулер енгізді –  «бейнебақылау жүйелері» деген түсінік енді. Осылайша, мекеме әкімшілігі бұл жүйелерді, электрондық және басқа инженерлік-техникалық құралдарды қандай мақсаттарда пайдалана алатыны анықталды (қашудың, құқық бұзушылықтың, жазаны өтеу тәртібін бұзудың алдын алу, сотталғандардың мінез-құлқы туралы ақпарат алу).

 

Екінші блок ішкі көші-қон саласындағы заңнаманы жетілдіруге бағытталған. Бұған дейін Әлеуметтік кодексте қоныс аударғандар мен олардың отбасыларына материалдық көмек көрсетілсе де, олар нақты тармақтармен бекітілмеген болатын. Жаңа түзетулер ішкі көші-қонның дамуына ықпал ететіні сөзсіз.

 

Енді заңда қоныс аударғандарға көмек қоныс аударуды субсидиялау, тұрғын үйді жалға алу шығындарын өтеу, коммуналдық қызметтерге ақы төлеу, сондай-ақ уәкілетті мемлекеттік орган айқындайтын тәртіппен бюджеттік қаражат есебінен экономикалық ұтқырлық сертификаттары берілетіні көрсетілген. Бұл көмек қоныс аударушылардың өмір сүру жағдайын жақсартуға септігін тигізері сөзсіз.

 

Жаңа заңға сәйкес, Үкімет анықтаған өңірлердегі мигранттарға шаруа қожалығын немесе фермерлік қожалықты жүргізу үшін жер телімдері беріледі. Жер телімдері конкурссыз негізде 5 жылға дейінгі мерзімге жалға беріледі. Мұндай учаскелерді иеліктен шығаруға, салым ретінде, үлесті төлеуге немесе жарна ретінде беруге болмайтынын айта кету керек. Ал тұрғылықты жерін өзгерткен жағдайда жерді пайдалану құқығы тоқтатылады. Алайда Үкімет белгілеген өңірлерде 5 жылдан астам тұратын қоныс аударушылар жаңа мерзімге ұзақ мерзімді жер пайдалану шартын жасасуға құқылы. Бұл ішкі мигранттарға, яғни бір өңірден екінші өңірге қоныс аударғандарға қатысты жазылды. Еліміздің солтүстігіне қоныс аударатындар санын арттыру үшін жасалған өзгеріс десек те болады.

 

Үшінші блок азаматтығы жоқ адамдардың жұмыс істеуін, шетелдіктердің құқықтық жағдайын, олардың елімізге келуі мен Қазақстан азаматтығын алуын реттейтін заңнаманы жетілдіруге бағытталған.

 

Енді заңға сәйкес азаматтығы жоқ адамның жеке куәлігінің қолданылу мерзімі аяқталғаннан кейін еңбек шарты бұзылуы мүмкін. Сондай-ақ заңда халықаралық шарттар бойынша оған құқылы адамдар үшін, сондай-ақ елде заңды түрде тұратын Қазақстан азаматтығы бар шетел азаматтарының жесірлері үшін азаматтық алудың жеңілдетілген тәртібі қарастырылған.

 

Заң сондай-ақ Қазақстан азаматтығын беруден немесе азаматтығын қалпына келтіруден бас тарту негіздерінің тізбесін нақтылап, кеңейтті. Енді террористік немесе экстремистік ұйымдарға қатысы бар барлық тұлғалардың, сондай-ақ террористік әрекеті үшін сотталғандардың өтініштері қабылданбайды.

 

Сонымен қатар, Қазақстан азаматтығына қабылдауға тыйым салу тек қауіпті іс-әрекеті қайталанған адамдарға ғана емес (бұрынғыдай), сонымен қатар қылмыстық іс-әрекеті қайталанған адамдарға да берілмейді (ауыр қылмыс жасағаны және қайтадан ауыр қылмыс жасағаны үшін бас бостандығынан айырылған тұлға).

 

Заңда кәмелетке толмағандардың жыныстық қол сұғылмаушылығына қарсы қылмыстары үшін сотталған шетелдіктердің Қазақстанға келуіне және ел азаматтығын алуына шектеулер де қарастырылған.

 

Бұдан былай мемлекеттік тілдің негіздерін, Қазақстан Конституциясының негіздерін, сондай-ақ ғылым мен жоғары білім саласындағы уәкілетті орган айқындаған көлемдегі тарихымызды білмеу де азаматтық бермеуге немесе азаматтықты қалпына келтірмеуге негіз бола алады. Азаматтық алғысы келетін адам біздің мәдениетімізді, тілімізді, тарихымызды жақсы білуі керек.

 

Бірақ бұл негіздер этникалық қазақтарға, кәмелетке толмағандарға, әрекетке қабілетсіздерге, Қазақстанға сіңірген ерекше еңбегі бар немесе белгілі бір кәсіптері бар адамдарға, сондай-ақ халықаралық шарттар негізінде азаматтыққа қабылданған адамдарға қолданылмайды.

 

Сонымен қатар, Заң Қазақстан азаматтығынан айырылу негіздерінің тізімін кеңейтті: Енді кімде-кім Қазақстан азаматтығын алғаннан кейін басқа мемлекеттің азаматтығы туралы құжаттарды пайдаланса, азаматтығын жоғалтады.

 

Түзетудің төртінші блогы азаматтарды құжаттандыру саласындағы заңнаманы жетілдіруге, жеке сәйкестендіру нөмірлерін (ЖСН), визаларды беруге және халықтың көші-қоны саласындағы басқа да мәселелерді реттеуге бағытталған.

 

Жаңа заңға сәйкес төтенше жағдай кезінде жеке басын куәландыратын құжаттар, лицензиялар, рұқсаттар және басқа да құжаттар (олардың қолданылу мерзіміне қарамастан және ұзарту немесе ауыстыру мүмкін болмаған жағдайда) жарамды болып саналады. Яғни, төтенше жағдай кезеңінде және ТЖ аяқталғаннан кейін күнтізбелік 30 күн ішінде жарамдылық сақталады. Бұл әсіресе елдегі су тасқыны кезеңінде өзекті болды. Жаңа заң азаматтардың құқықтарын қорғау деңгейін арттыруға ықпал етеді.

 

ЖСН енді тек жеке тұлғалар үшін берілетін болады. Бұған дейін жеке кәсіпкерге ЖСН қалыптастыру тәжірибесі болған. Егер иммигранттар елден шығарылса, олардың ЖСН Жеке сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімінен шартты түрде алынып тасталатынын да ескерген жөн.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар