Кең байтақ, егеменді елімізге 27 жыл толса, негізгі жетекші Жоғарғы оқу орны, әл – Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетімізге 85 жыл толып отыр. Университет өзінің бастауын сонау 1934 ж алатынына тарих куә. Ол кезең елімізде өркендеп келе жатқан өнеркәсіп салалары мен ауыл шаруашылық салаларына мамандар аса қажет кез болатын. Мықты, білікті, білімді, іскер мамандар даярлау еліміздің экономикасының негізгі талаптарының бірі еді. Осыған орай, 1933 ж 20 қазан күні ССР Одағының Халық Комиссарлар Советі Алматыда Қазақ мемлекеттік университетін ұйымдастыру туралы қаулы қабылдап, оның ресми ашылуы - 1934 жылы 15 қаңтар, ал университеттің тұңғыш ректоры болып ҚазССР халық ағарту комитетінің орынбасары қызметінде болған Ф.Т.Оликов тағайындалды. Сол жылдың 2-ші желтоқсанында университетке С.М.Киров есімі берілді.
Өз жұмысын бұл оқу орны 94 студентімен, 25 оқытушысымен бастаған болатын. Бұл сан 1984 жылдары 13 000 студентке, 928 оқытушыға өсті.
Қазақ мемлекеттік университетінің аты мен мәртебесі өзгере бастады. ҚазССР Министрлер Кабинетінің № 629 Қаулысымен 1991 жылы 23 қазанында Қазақ мемлекеттік университетіне ұлы философ, энциклопедист ғалым әл - Фараби атамыздың есімі беріліп, 1993 жылдың 9 қаңтарындағы №1059 ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қаулысымен әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік Ұлттық университеті деп аталды.
Міне, сол жылдардан бері қаншама уақыт өтті, университет қабырғасы кеңейіп, оқытушы – профессорлар саны, қызметкерлер саны, студенттер саны өсті. Университтетте 16 факультет жұмыс істейді:
- Биология және биотехнология факультеті
- Шығыстану факультеті
- Физика – техникалық факультет
- Заң факультеті
- Халықаралық қатынастар факультеті
- Филология және әлем тілдері факультеті
- География және табиғатты пайдалану факультеті
- Экономика және бизнес жоғары мектебі факультеті
- Журналистика факультеті
- Механика – математика факультеті
- Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультеті
- Тарих, археология және этнология факультеті
- Философия және саясаттану факультеті
- Химия және химиялық технология факультеті
- Медицина және денсаулық сақтау факультеті
- Ақпараттық технологиялар факультеті
Университет қазіргі таңда Қазақстан Республикасының жетекші жоғарғы оқу орны ретінде мақтанышы, жыл сайын осы университет қабырғасында білім алғысы келетін талапкерлер саны артуда екенін уақыт көрсетіп отыр. Университет тарихының жарқын беттері, атап айтар болсақ, ғылым және мәдениетінің ең үздік шақтары 1970 - 1980 жылдарға сәйкес келеді, өйткені сол жылдары университетті еліміздің белді қоғам қайраткері, қазіргі ҚазҰУ-нің қалашығының негізін қалаушы, академик Ө.А.Жолдасбеков (1970 – 1986жж) басқарған еді. Қазіргі таңдағы, Тимирязев көшесінің бойында орналасқан әсем де, әдемі, сәулетті Университет қалашығы құрылысының ірге тасының қалануы да Ө.А.Жолдасбеков ағамыздың бастамасымен, қажырлы еңбегінің нәтижесінде болған. Ендігі жерде ҚазҰУ-нің қалашығы ғылымның, білімнің ошағы шоғырланған тұтас кешен деп сенімді айта аламыз. Келесі кезекте университет факультеттері тарихына қысқаша көз жіберсек,
Биология факультеті 1934 жылы ҚазМУ ашылғаннан бастап құрылған алғашқы факультеттің бірі - биология және биотехнология факультеті деп аталады, оның 2 ҒЗИ-ында студенттер мен оқытушылар биология және биотехнология, экология, сонымен қатар заманауи биология, биомедицина, спорт бағыты бойынша ғылыми зерттеулер жүргізеді. Факультет құрамында 4 кафедра бар: биоалуантүрлілік және биоресурстар, биотехнология, молекулалық биология және генетика, биофизика және биомедицина, сондай-ақ биоклиника және агробиостанция.
Факультет 1934 ж бері 13000 маманды биологиялық ғылым саласы бойынша дайындады, олар ғылыми-зерттеу орталықтарында, өндірісте, республикамыздың орта және жоғары оқу орындарында, алыс және жақын шетелдік білім беру мекемелері – Гарвард, Техас, Вирджиния, АҚШ, Франция, Канада, Ұлыбритания, Германия, Ресей университеттерінде қызмет атқарады.
Факультеттің биологиялық мұражайында бірегей зерттеу объектісіне жататын эндемик, сирек түрлердің 5 мыңнан астам нұсқадан тұратын қоры бар. Қазіргі уақытта биология және биотехнология факультетінде 1300-ден астам студент, магистрант және PһD бар. Факультетте мамандық бойынша ағылшын тілінде оқытатын топтар құрылды. Жыл сайын факультетте 30-дан астам шетелдік университеттің ғалымдары биология және биотехнологияның заманауи бағыттары бойынша дәрістер оқиды және шеберлік сыныптарын жүргізеді.
Шығыстану факультеті Қазақстанның шығыс тілдерін игерген білікті мамандар даярлайтын ірі орталық. Шығыс тілдерін оқыту 1970ж бастау алады, бұл жоғары педагогикалық кадрлар жұмыс істейтін, қызықты әрі шығармашылық оқу-тәрбиелік үдеріс жүзеге асатын, ғылыми зерттеулер жүргізілетін мойындалған қазақстандық ориенталистика орталығы. Факультетте арабтану, түркология және корейтану ғылыми зерттеу орталықтары, үндітану, қытайтану, ирантану, жапонтану ресурстық-ақпараттық орталықтары жұмыс істейді. Факультетте 8 шығыс тілі: араб, парсы, қытай, корей, түрік, жапон, хинди және урду, сондай-ақ, екі батыс тілі: ағылшын және француз тілдері оқытылады. Факультеттің профессор-оқытушылар құрамы шамамен 100 адамды құрайды, олардың ішінде, 8 ғылым докторы мен профессоры, 38 ғылым кандитаты мен доценті, 8 PhD докторы бар
Халықаралық қатынастар факультетінің тарихы Қазақстанның мемлекет болып қалыптасуы мен құрылу кезеңдерінен басталады, жоғары білікті халықаралық қатынастар саласының мамандарын даярлайтын ірі білім және ғылым орталығы. 1995 жылы факультетте 252 студент оқыса, қазір 1000 астам студент білім алуда. Осы жылдары факультет таяу және алыстағы шетелдік жетекші университеттермен әріптестік тығыз қарым-қатынастар орнатып отыр.
Физика-техникалық факультеті - қазіргі физика-техникалық кластердің орталығы болып табылады. Факультетте ғылыми-техникалық жобалар саны тұрақты өсіп келеді және де заманға сай жабдықталған жаңа зертханалар құрылуда. Студенттер үш тілде білім алады.
Экономика және бизнес жоғары мектебі факультеті 1943 жылы ашылып, 1963 жылы Халық шаруашылығы институтының құрылуына негіз болған, Қазақстандағы жоғары білікті экономика мамандарын даярлайтын ең алғашқы және кең ауқымды қамтитын орталық. Жыл сайын экономика және бизнес, менеджмент және маркетинг, қаржы, есеп және аудит саласында факультеттен түлеп ұшатын 500-дан астам бакалавр, магистр және PhD. докторлары бар. Профессорлық-оқытушылық құрамы - 20 ғылым докторы, 45 ғылым кандидаты мен 10 PhD.
География және табиғатты пайдалану факультеті. Факультетте Колумбиялық Университет (Нью-Йорк, АҚШ), Лиссабон Политехникалық Университеті (Португалия), Халықаралық табиғат, қоғам және адам университеті «Дубна» (Ресей) және басқа да шетелдік университеттермен бірлесе отырып ТМД мемлекеттерінің ішінде жалғыз, халықаралық «Тұрақты даму жөніндегі» ЮНЕСКО кафедрасы құрылған. Жыл сайын аса білікті мамандар даярлайтын бірден-бір факультет.
Филология және әлем тілдері факультетінің негізін М.Әуезов, Ә.Марғұлан, Б.Кенжебаев, М.Балақаевтар қалаған. Факультетте қазақ әдебиетінің классигі, шығармалары әлем әдебиетінің алтын қорынан орын алған академик-жазушы Мұхтар Әуезов 30 жылға таяу еңбек етті. Қазіргі уақытта факультет құрамында алты кафедра болса, соның бесеуі: Қазақ тіл білімі, қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы, орыс филологиясы және әлем әдебиеті, жалпы тіл білімі және еуропа тілдері, шетел филологиясы және аударма теориясы кафедралары мамандар дайындау үдерісін жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Факультеттің студенттері, магистранттары мен докторанттары жыл сайын міндетті түрде мемлекет қаржысымен Стамбул (Түркия), Гумбольдт (Германия), Гранада (Испания), Будапеш (Венгрия), Евразиялық академиясы (Словакия), Пусан шет тілдер (Оңтүстік Корея), Нидерланд (Голландия), Ұлы Витаутас (Литва) университеттеріне тәжірибелік іс-сапарларға жіберіліп отырады.
Заң факультетінің ірге тасы 1934 ж қаланған. Қазіргі таңда құқықтану және кеден ісі мамандықтары бар. Сонымен қатар заң факультетінің студенттері магистратура және PhD докторантурасына түсуге мүмкіндіктері бар. Факультетте бір ҚР ҰҒА академигі, 30 докторлар мен профессорлар, 80-нен аса ғылым кандидаттары, доценттер, сонымен қатар ҚР Парламенті, ҚР Үкіметі, ҚР Президерті Әкімшілікгі, ҚР Жоғары Соты, Құқық қорғау органдары мен ғылым Академиясынан жоғары тәжірибелі мамандар жұмыс жасауда. Заң факультетінде Қазақстан СОРОС қорының қолдауымен Студенттік заң клиникасы ашылды және үздік студенттер халыққа заң кеңесін беру арқылы табысты жұмыс жасауда.
Журналистика факультеті 1934 ж алғаш құрылған факультеттердің бірі. Құрамындағы кафедралар - баспасөз және электронды БАҚ. 800 - ден астам студенттер білім алады. Факультетте 10 ғылым докторы, 30 ғылым кандидаты, 5 PhD бар. Магистранттар мен PhD докторанттар әлемдік жетекші университеттер мен ғылыми орталықтарда тәжірибе жинақтайды.
Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультеті 2011 жылы бұрынғы 1985 жылы ашылған шетелдіктерге арналған дайындық факультеті негізінде құрылды. Факультет құрамында ЖОО-ға дейінгі дайындық кафедрасы, колледж, бейіндік мектеп, және шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру кафедрасы жұмыс істейді. ЖОО-ға дейінгі дайындық кафедрасында шет елдерден келген, ұлты қазақ жастарға мемлекет қаржысы арқылы тегін оқуына мүмкіндіктер жасалған. Олар Қазақстан Республикасында таңдаған мамандықтары бойынша ЖОО-ға түсіп, мемлекеттік грант бойынша білім ала алады. Қазірге дейін 7000-нан аса шетел азаматтары оқып шықты. Қазіргі кезеңде университет өзінің халықаралық байланысын жетілдіре отырып, сенімді түрде Еуропалық білім беру кеңістігіне енуде.
Философия және саясаттану факультеті 10 мамандық бойынша білікті мамандар дайындайды, Ресейдің жетекші университеттерімен бірге қос дипломды білім беру бағдарламасын, шетелдің алдыңғы қатарлы оқу орындарымен бірге білім беру бағдарламаларын жүзеге асырып, үш тілде білім береді.
Медицина және денсаулық сақтау факультеті білім беру, ғылыми-әдіснамалық, сараптамалық-консалтингтік, консультативті-диагностикалық және халықаралық алаң болып табылады. Негізгі қызметі – Қазақстанның да, Орталық Азияның да қоғамдық денсаулық сақтау саласына қажетті мамандарды дайындау, денсаулық сақтауды дамыту және реформалау. Факультет әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Академиялық саясатын (2015), бакалавриат (МПД), магистратура (МПД, қоғамдық денсаулық сақтау) бойынша Қазақстан Республикасы Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарын басшылыққа алады.
Механика – математика факультеті 1934 жылы негізі қаланған. Факультет барлық сынақтардан абыроймен өтіп математикадан, механикадан және ақпараттық технологиялардан елімізде кадрлар дайындау мен ғылыми зерттеулердің жетекші орталықтарының бірі болып отыр.
Тарих, археология және этнология факультеті 1948 жылы жеке факультет болып құрылды. Ол тарих, археология жəне этнология факультеті отандық жəне шетел тарихы, археология, этнология, музей ісі, ескерткіштерді қорғау, мұрағаттану, кітапхана ісі саласы бойынша жоғары дəрежелі маман дайындау ісінде ең мықты орталық болып табылады. Бүгінгі күні факультетте 80-нен астам оқытушы еңбек етеді, оның 27-сі ғылым докторы, 40 ғылым кандидаты жəне 5 PhD докторы қызмет етеді. Тарих, археология жəне этнология факультетін бітірген мамандар тарих, археология, саясаттану жəне мəдениеттану салалары бойынша терең білім алып шығады.
Химия және химиялық технология факультетінің қалыптасуы мен дамуына ҚазКСР ҒА академиктері Ә.Б.Бектұров, Б.А.Бірімжанов, Д.В.Сокольский, М.И.Усанович, М.Т.Козловский сияқты ғалымдар орасан зор үлес қосты. Факультет 3 мамандық бойынша бакалавр, 8 мамандық бойынша магистрлар мен PhD докторларын дайындайды. Оқыту қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жүргізіледі. Барлық мамандықтар ASIIN халықаралық агенттігімен аккредитацияланған. Факультет құрамында 5 ірі кафедра, 2 ғылыми-зерттеу институты, 3 факультеттік зертхана бар, олар жаңа заманауи құрал-жабдықтармен және аспаптармен жабдықталған. Факультетте 150-ден астам оқытушы қызмет етеді, олардың 50 – ғылым докторы, 90 – ғылым кандидаты, 15 – PhD.
Ақпараттық технологиялар факультеті 2018 жылдың 15 қаңтарында ашылды. Қазақстанда базалық лейтмотивті ақпараттық технологияны өмірдің барлық салаларында қолдану және дамыту болып табылатын «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы қабылданған болатын. Осы саладағы мамандарды дайындау мақсатында факультетте «Жасанды интеллект және BigData» кафедрасы ашылды. Ақпараттық технологиялар факультетінің негізгі мақсаты - ұлттық экономиканың IT-секторын динамикалық тұрғыда дамытып, әлемдік деңгейге жеткізетін жоғары білікті мамандар даярлау.Қазіргі заманда ғылым мен білімнің жаңа дәстүрлері дамып, нығая түсті. Университеттің студенттері де ғылым, білім, өнер, спорт салаларында үлкен жетістіктерге қол жеткізіп жатыр. ҚазҰУ Халықаралық Университеттер Ассоциациясына кірген Қазақстандағы тұңғыш жоғары оқу орны болды. Жаңа тарихи жағдайларда да ол білім беру және ғылым саласында өзінің шетелдік әріптестерімен тығыз қарым - қатынас жасап отырды, атап айтар болсақ, Түркия, Иран, Қытай, Оңтүстік Корея, Египет, т.б. университеттері.2001 ж. әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Ғылыми кеңесінің Қаулысымен Студенттер сарайына университет ректоры Ө.А. Жолдасбековтың аты берілді. Бұл студенттер сарайы – ҚазҰУ қалашығының інжу-маржаны. Мұнда Қазақ ұлттық аспаптар оркестрі, көркемөнер үйірмелері, «Біз» студенттер театры, КТК жұмыс істейді.
Бүгінгі күні университетте 20000 – ға жуық студенттер білім алып, 2500 – ден астам оқытушылар, олардың ішінде: 27 ҰҒА академигі, 6 Халықаралық жоғары мектеп академиясының академигі, 400-ден аса профессорлар мен докторлар, 800 ден астам кандидаттар мен доценттер еңбек етеді. ҚазҰУ Республикадағы іргелі зерттеу бағдарламалары жалпы мөлшерінің 50% жүргізілетін 20 ғылыми-зерттеу институты мен халықаралық ғылыми орталық болып табылады. Университет жанында колледж, біліктілікті көтеру институты және бітіруші түлектер қосымша әскери мамандық алып шығып, ҚР Қарулы күштері қатарында, ішкі істер және ұлттық қауіпсіздік органдарында, кеден қызметі мекемелерінде қызмет етуге мүмкіндік беретін әскери кафедра жұмыс істейді.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті - Quacquarelli Symonds (QS,Ұлыбритания), Thomson Reuters (США) агенттіктерінің зерттеулеріне сәйкес, дүние жүзі деңгейіндегі университеттер көрсеткіші бойынша әлемдік топ-университеттер рейтингінде 220 дәрежеге енген, БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мунның ұсынысымен Біріккен Ұлттар Ұйымының «Академиялық ықпал» бағдарламасына қабылданған әлемдік үздік университеттердің ортаңғы бөлігіндегі Орталық Азиядағы тұңғыш университет. Осындай көрсеткіштер ҚазҰУ-ін Қазақстан Республикасының аса ерекше, жетекші жоғарғы оқу орны деп айтуымызға толық мүмкіндік береді және мақтан тұтамыз.
А.Е.ҮСЕНБЕКОВА,
Н.Қ.БЕКАЛАЙ,
А.ҚАЛИОЛЛА,
Б.Е.САВДЕНБЕКОВ,
Әл – Фараби атындағы
Қазақ Ұлттық Университетінің
аға оқытушылары.