ИИДМБ бойынша алынған өндірістік тәжірибенің маңызы

8.JPG


Әлемдік нарықта бәсекеге түсе алатын, дамыған өндірісті қамтамасыз ету кез келген елдің дамуы үшін қажетті алғы шарттардың бірі болып есептелінеді. Мемлекет инновациясының негізгі көзі – жоғары білікті мамандар, сондай-ақ Халықаралық тәжірибелер өз білімдерін жоғары технологиялық өнімге айналдыра алатын, жаңа мамандар буынын дайындайтын университеттердің атқаратын рөлі зор екенін көрсетті. Қазақстан индустриясының жоғары білікті мамандарын дайындау мақсатында 2014 жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен 2015-2019 жылдарға енгізілген «Индустриалды-инновациялық дамуының Мемлекеттік бағдарламасы» еліміздің өндірістік политикасының маңызды бөлшегі болып саналады. 

Бұл бағдарламаның негізгі мақсаты – өңдеуші өнеркәсіптің бәсекелесу қабілеттілігін жақсарту және әртараптандыруды ынталандыру болып табылады. Осыған орай Мемлекетіміздегі көптеген жоғарғы оқу орындарына білікті мамандарды дайындау бойынша Мемлекеттік грант берілген болатын. Осы айтылған жоғарғы оқу орынының бірі - әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті.

ГПИИР-2 қызметкерлерінің қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін  әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті гранттық қаржыландыру есебінен арнайы әзірленген білім беру бағдарламалары бойынша жоғары білікті мамандарды даярлауға кіріскен болатын.  Бағдарламаны жүзеге асыру шеңберінде бүгінгі таңда көптеген шетел университеттері мен отандық кәсіпорындары жемісті ынтымақтастық жүргізуде.

Сонымен қатар дамудың индустриялық картасы бойынша, үкіметтің қолдауымен еліміздегі  жоғары оқу орындарында профильді магистратура бағдарламасымен білікті мамандар дайындауда бірлесіп қызмет атқарады. Бұл бағдарлама кәсіпорындарға маман жетіспеушілік мәселелерін шешіп, білімді жастардың өндірістік замануи технология саласына көптеп тартылуына себепші болып отыр.

Осы бағдарламалар бойынша 2016 жылы біздің ҚазҰУ-нің химия және химиялық технология факультетіне Мемлекеттік грант бойынша 250-ге жуық студент білім алуға мүмкіндік алған. Университет қабырғасында бағдарлама аясында студенттер әртүрлі  компаниялармен үшжақты келісімшарт жасап, 2017 жылы өндірістік практикаларын Отандық өндіріс орындарында өткізді. Солардың бірі, өзімнің жетекшілігімдегі магистранттар  «ЕвроХим-Каратау» ЖШС, «Бижан» ет өңдеу зауыты  ЖШС және АҚ «АзияАгроФуд» кәсіпорындарында ғылыми білімдерін және біліктіліктерін көрсетіп, арттырды.

«Еурохим-Қаратау» ЖШС-нің жұмысы – Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының өте маңызды бірлескен жобасы. Оның келешегі туралы, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев, құны бір миллиардтан астам доллар болатынын айтқан болатын. Бұл Қазақстандағы кейбір минералдық тыңайтқыштардың және ауыл шаруашылық өнімдерінің көлемін арттыруға мүмкіндік береді. Осы жоба біз үшін өте маңызды. Мұнай мен металдар бағасының құлдырауы бүкіл әлем үшін тұрақсыз болып тұрған кезеңде Қазақстан экономикасын дамытушы болып саналатын, шикізаттық емес кәсіпорындардың орны ерекше. Өйткені индустрияландыру бізге еңбек өнімділігін арттыруға нақты мүмкіндік береді. Азот және фосфор тыңайтқыштарын өндіру бойынша әлемдегі жетекші агрохимиялық компаниялардың бірі болып есептелінетін «ЕвроХим» ЖШС-те магистрант Тасболат Салтанат тәжірибеден өтіп, органикалық синтез және темір рудасының бірқатар өнімдерінің қалай алынатынын үйренді. 

Екінші магистрантым Қадірбай Жайна «Бижан» ет өңдеу зауыты  ЖШС - шұжық өндіруден алда тұрған кәсіпорындардың бірінде тәжірибеден өтті. 1998 жылы құрылған зауыт алғашында шұжықтың 5-6 түрінен күніне 150-200 килограммға жуық өнім шығарса, ал қазіргі таңда Алматы қаласындағы ет өңдеу цехы 80-ге жуық ет, шұжық өнім түрлерін өндіреді. Атап айтқанда: шұжық өнімдерінің әр-түрлі ассортименттері, деликатес өнімдері, ұлттық ет өнім түрлері (қазы, қарта, жал, жая), жартылай фабрикаттар және т.б. Бұл өндіріс орнында күніне 5 тонна өнім шығарып, оны еліміздің бірнеше қалаларына тасымалдайды. Кәсіпорында Германияның озық жабдықтары орнатылып, заманауи технологиясы қолданылады. 

Тағы бір магистрантым Нуртилеуова Гулсая өндірістік тәжірибесін АҚ «АзияАгроФуд» кәсіпорнында өткізді. Бұл - европалық стандартқа сәйкес «Бюлер» фирмасының заманауи құрал-саймандармен қамтамасыздандырылған  ұн, импорттық техникалармен жұмыс жасайтын крахмал-сірне комбинатынан және нан пісіру цехынан құралатын ірі өндіріс орны болып есептелінеді. 

Магистранттар осы зауыттардан тәжірибеден өту барысында тек қана диссертациялық жұмысына қажетті мағлұматтарды ғана емес,  барлық талаптарды, өндірістік  мекемелердегі  замануи құрал-жабдықтарды,  әртүрлі  зерттеу  әдістерін  меңгеріп және жасалынатын талдауларды да үйреніп, университетте алған теориялық білімдерін практика жүзінде жүзеге асыруға үлкен мүмкіндік алды.    

Жалпы, өндірісті дамыту бағытында белгіленген межелер мен қабылданған жедел индустриялық-инновациялық дамыту бағдарламасын нәтижелі іске асыруда ғылым мен білімнің жауапкершілігі ерекше. Ғылымның өндіріске ұсынған инновациялық технологиялары әлемдік жетістіктерден жоғары болмаса, төмен болмауы қажет, ал оларды өндірісте пайдаланатын мамандар осыларды толық игеруі тиіс. 


әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті

Химия және химиялық технология факультеті

Аналитикалық, коллоидтық химия және сирек элементтер 

технологиясы кафедрасының оқытушысы,

химия ғылымдарының кандидаты, доцент 

Тюсюпова Бақыт Баймұратовна



Ұқсас тақырыптар