«-ов, -ев, -вичтерден» қалай құтыламыз?

1.jpg

1924 жылы Орынбор қаласында тұңғыш қазақ съезі болады. Сол съезде қазақ азаматтарының аты-жөнін қазақша рәсімдеу мәселесін Алаш көсемі Әлихан Бөкейханов үлкен мәселе етіп көтеріп, «Қазақ аты-жөнін орыс халқына еліктеп, «-ов, -ев» деп жазу тоқтатылсын! Бұдан былай қазақ азаматтары өз аты-жөндерін ұлттық дәстүрмен Абай Құнанбайұлы деген сияқты жаздырсын, біз де Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханұлы болайық!» деген ұлағатты ұсыныс жасайды.

Алаш заманы

Ұлт көсемінің осы ұсынысы бірауыздан қабылданып, съезд «бүгіннен бастап қазақтар аты-жөнін «-ұлы, -қызы» үлгісімен жазатын болсын!» деген қаулы қабылдаған болатын. Сөзге тоқтап, ұлығына бағынған қазақ сол күннен бастап әлгі бұйрықты бұлжытпай орындауға көшкенін, ал одан бұрын сол бұйрықты шығарған басшының өзі жүзеге асырып, үлгі көрсеткеніне біз сол тұстағы, яғни ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы Алаш арыстарының баспасөздегі мақалалары, шығарған кітаптары арқылы көз жеткіземіз. 

Кеңес заманы 

Алайда қазақ өз аты-жөнін қазақша жазбақ былай тұрсын, тіпті тегін айтудан қорқатын алмағайып заманға ұшырағанын қария тарих сақалынан тарамыс жасын ағыза отырып айтып береді. Құжатқа аты орысша жазылған тұтас ұлт солайша Тәуелсіздік алғанша іштен тынып, өзінің заты қазақ екенін айта да алмай келді. Осы тұста бір таңғаларлық жайт, сол КСРО-ның құрамына енген 15 республиканың ішінде саны аз болса да грузиндер «-дзе, -швили» деген өздерінің ұлттық үлгісінен айырылмапты. Сол сияқты армяндар да өздерінің «-ян» деген төл тегін сақтап қалды. Сонда қалай, «15 республиканың құқығы тең сақталмай, қазаққа – басқа заң, армян, грузинге басқа заң болған ба?» деген көкейде күдікті сұрақ туады. Әлде, бізде де ерік болып, өзіміз ерікті түрде «-ов, -евті» таңдап алдық па? Себебі қаһарынан қан тамған сол кеңестік дәуірде де ешкімнен қаймықпай, өз тегін таза қазақша жаздырған Бауыржан Момышұлы, Шона Смаханұлы және Балғабек Қыдырбекұлындай тұлғалар болды ғой? 

Тәуелсіздік таңы

1996 жылы Елбасымыздың ұлты қазақ азаматтарының аты-жөнін ұлттық үлгімен жазуға үндейтін арнайы Жарлығы шықты. Онда Елбасымыз әр азаматтың өзіне таңдау құқығын бере отырып, көп үлгіні қолдана беруге кеңшілік берген еді. Енді бүгінде етек-жеңімізді жиған ел ретінде өз еркімізбен аты-жөнімізді бірізге келтіретін кез келгендей. Осы мәселемен бірнеше жылдан бері ҚР Мәдениет министрлігі Тіл комитетінің, сондай-ақ А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты айналысып, осы күнге дейін біршама істер атқарғанын білеміз. Ендігіде Тәуелсіз елдің азаматтары, оның ішінде қазақтардың тегін бірізге түсіру керектігін айтып, түбегейлі қолға алуды ұйғарған осы екі мекеме Алматыдағы «Достық үйінде» «Ұлты қазақ азаматтарының аты-жөнін рәсімдеуді реттеу мәселелері» деген тақырыпта дөңгелек үстел ұйымдастырды. 

Шерубай ҚҰРМАНБАЙҰЛЫ, ҚР Мәдениет министрлігі Тіл комитетінің төрағасы:

– Біз қазақ Тәуелсіз ел бола тұра, әлі күнге өз аты-жөнін жаза алмайтын ұлт болғымыз келмейді. Әрине, бүгінде оған шектеу жоқ, тыйым жоқ, дегенмен біз, бір атаның балалары аты-жөнімізді ала-құла жазып жүрміз. Осы орайда бір арнаға тоғысатын, бір ізге түсетін уақыт жеткенін ел-жұртқа түсіндіргіміз келеді. Біз мұны күні бүгін ғана анықтап, «жерден жеті қоян тапқандай» жар салып жатқанымыз жоқ, бірнеше жыл осы салада ізденіп, зерттеп, қазақтың өз аты-жөнін 15 шақты үлгіде толтырып жүргенін анықтадық. Оның ішінде «-ов, -ев» пен «-ин, -инамен» әлі қоштаспай жүргендер де бар, «-ұлы,-қызы» боп жүргендер де, «-тегі», т.т. бар. Біздіңше, бұл да болса – шикі, әлі пісіруді қажет ететін мәселе.Сондықтан да біз осы іске қатысы бар министрліктерден бастап, түрлі құзырлы мекемелердің басын қосуды дұрыс деп таптық. Алқалы жұрт ақылдасып, ереже жасап, бір шешім қабылдағаннан кейін біз оны БАҚ-та, сайтымызда, әдістемелік құралдар жасау арқылы жария етеміз. 

Телқожа ЖАНҰЗАҚ, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, филология ғылымдарының докторы, профессор: 

– Қазақ азаматтарының аты-жөнін дұрыс рәсімдеу мәселесі бүгін ғана қолға алынып отырған жоқ, тамыры тереңде. 1954 жылдардан бастап Аманжолов, Балақаев, Сауранбаев сынды ірі-ірі қазақ ғалымдары осы мәселені қолға алды. Менің осы кісі аттарына көңіл бөліп, осы салаға келуіме бағыт берген академик Бейсенбай Кенжебаев еді. «Қазақ тілінде жер-су аттарына қатысты ережелер бар, ал енді адам аттарына байланысты бізде ереже жоқ екен, осыны қалайда қолға алу керек, өз диссертацияңа бір тарау етіп қос», – деді. Мен соған құлақ асып, қазақ есімдерінің жазылу ережесін жасауға кірістім. Бірнеше кітап та жаздым. Бірақ әлі сол жарты ғасырдай уақыт ішінде аты-жөнді рәсімдеу бір қалыпқа түскен жоқ. Осы жолда сөздіктер жетіспейді бізде әлі. Есімдерді қалыпқа келтіру ережесін жасауымыз шарт. Осыларды жасасақ, бұл мәселе бір жағына шығуы мүмкін. Бұл – бір, екіншіден, елдің алдында жүрген азаматтардың өзі, баспасөзге мақалалары, пікірлері жарияланып тұратын зиялыларымыздың өзі аты-жөндерін дұрыс жазбайды. Ала-құлалықты тудырып жүрген алдымен солар дер едім. 

Бүгінде қазақтың аты-жөні мынадай бірнеше нұсқада жазылып жүрсе керек:

1. -ов, -ев – 70-80 пайыз қазақ осы текте;

2. -ин, -ина – Мұхтар Мағауин, Ерлан Бекхожин;

3. -ұлы, -қызы – Әбіш Кекілбайұлы, Бағыбек Құндақбайұлы;

4. атын қосымшасыз қатар жазу – Шерхан Мұртаза, Телқожа Жанұзақ;

5. -тегі – Айтбай Сәулебектегі, Аманқос Мектеп тегі;

6. ілік септігі + тәуелдік жалғауы – Әбдіраштың Жарасқаны, Әуесбайдың Қанаты;

7. шығыс септігі + аты – Мырзабектен Сапархан;

8. туған жері – Әкім Тарази;

9. - әл жұрнағы – Әл Мәжени; 

10. ру атына – Майра Керей, Ахмет Төре, Нұрлан Албан;

11. ата сөзі арқылы – Кәрішал Асан ата;

12. баба сөзі – Әбіл Дихан баба; 

13. келіні сөзі – Бағдат Шаймерден келіні, Дариға Тіленді келіні;

14. ұрпағы сөзі – Бейбіт Қойшыбай ұрпағы;

15. Хан, Бек сөздерін бөліп жазу – Совет Хан Ғаббасов, Көпен Әмір-Бек.

Есім ешкімнің меншігі емес 

Мінеки, бұл – қазіргі қазақ есімі мен тегінің баспасөзде, қоғамда жүрген нұсқалары. Осыдан ой қорытар болсақ, бізде өз есімін меншігі деп қарап, қалай құбылтса да өз еркі деп санау құбылысын аңғару қиын емес. Әрине, есім әркімнің еншісі шығар, бірақ оны түбегейлі меншіктеп, жалпы жұртша жазудан жұлып әкетудің де қате екенін ескермеске болмайтындай. Мұның бірінші себебі: өз атын ұлықтаймын деп қазақ орфографиялық ережені белден бір-ақ басатын да жағдай ұшырасып жүр. Мәселен, жоғарыда айтқандай, «есіміндегі -хан немесе -бек, -бай жалғауларын бөлектеуі былай тұрсын, оны үлкен әріптермен жазуы ешбір емле мен ережеге сәйкес келмейтін жағдай» дейді мамандар. Ал одан бұрын күллі қазақтың аты-жөнін бірдей, бір үлгіде жазуы ұлттық тұтастықтың дәлелі болар еді. Ұлттық бет-бейнемізді қалыптастыру да осы мәселеге тікелей байланысты. Ал мұны тек Тіл комитеті, Тіл білімі институтының еншісіндегі шаруа деп қарасақ, әбден қателесеміз. Себебі есім адамға алғаш шыр етіп дүниеге келгенде, перзентханада беріледі, 16-ға толған азаматтарға төлқұжатты Әділет министрлігі береді, АХАЖ бөлімдері некелесу рәсімдерін реттейді, сондықтан осы секілді көптеген құзырлы орындардың да жанашырлықпен қарауы қажет. Дөңгелек үстел басында жиналғандар арасында жоғарыда аталған құзырлы орындар өкілдері мен филолог ғалымдар, ҚазҰУ секілді республикалық жоғары оқу орындарының оқытушы, пофессорлары, тіпті Парламент депутаттары да болды. Сондықтан бұл жолғы отырыстың салмағы, ықпалы сонау 1924 жылғы қазақ съезінен кем болмауға тиіс секілді...

Алаш айнасы газеті мұрағатынан



Ұқсас тақырыптар