Қайың сусыны, ер азаматтың үйде киетін тәпішкесі, майшамдар, көкнәр, түрлі түсті ленталар. Былай қарасаң, ортақ түк мағынасы жоқ, түсініксіз заттар. Бірақ дәл осы құралдарды әкелсеңіз болды, бақсы-балгерлер белгілі жөн-жоралғысын орындап, болашақ жарыңды дуалап беремін деп сендіреді. Қызығы сол, шарасыз күйде отырған бойжеткендер дуалаушылардың сөзіне имандай сеніп, қолдағы барын да, нарын да беруге дайын. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
«Міне дәл осы көшенің бойында маған ақ орамалға күріш салып бісіміләә деп айтып, артқа қарамай лақтырып кетсен, алты айдан кейін жігіт кездеседі деп айтты».
Асылжан Марат тұрмысқа шығу үшін түрлі жөн-жоралғыларды жасап көрген. Емші, балгер, астролог, нумерологтың бәрін жағалапты. Бірақ арманындағы азаматты әлгі күнге дейін жолықтыра алмай жүр. Ал соңғы рет қара магияға жүгініпті. Сиқырды кәсіпке айналдырған дуалаушы ай тұтылғанды күту қажет деп кеңес берген. Алайда миға қонымсыз дүниелерді естіген соң, бойжеткен мұндай іс-әркеттен бас тартқан.
«Осы адамдардан естіп, ғаламтордан көріп, Бірақ әлі көмектескенін көрмедім. Ақшасы да кетті. Сенді де бірақ ешқандай көмегі болған жоқ. Тұзға дем салып берем деді. Бірақ оның ешқайсысы орындалған жоқ» - дейді Асылжан Марат.
Емші Айсара Мұздыбаева әсіресе жасы келген қыз-келіншектердің түрлі наным-сенімге сенгіш келетінін растайды. Тіпті, алдына келетін 25-30 жастағы арулардың бәрінің де арманы бір - тұрмысқа шығып, балалы болу, дейді. Өзі бірнеше елордалық бойжеткенге сүйіктісін табуға ықпал етіпті де. Ол үшін...
«Бір пачка тұздың ол жартысын шомылу керек. Шомылғанды зияндысы кетеді, оған мен сүрені оқыдым ғой. Жартысына жанұясымен тамақ ішеді. Ол ырыс береке алып келеді. 100 гр тұзды ақшам намазы уақытында плитаға қойып Алладан сұрайды» - дейді емші Айсара Мұздыбаева.
Өкінішті, бірақ бүгінде шарасыз күйде отырып, тез арада тұрмысқа шығуды қалайтын бойжеткендердің жасамайтыны жоқ, дейді психологтар. Салдарынан, сүйіктісін тауып, бақытты ғұмыр кешуді арман еткен әр бұрымды «отау құруына көмектесемін» дегендердің ермегіне еріп, сөзіне кіршіксіз сеніп, айтқандарын бұлжытпай орындауға дайын. Бірақ, көбіне мұндай арулар керсініше психологиялық күйзеліске ұшырайтын көрінеді.
«Миына құйып адам программа мен өмір сүретін болады. Мүмкіндіктерін қолдана алмай қалады. Иә, сүйтіп айтқан екен ғой деп программамен жүреді. Сондықтан нумерология арқылы қандай қасиеттермен жұмыс жасау керек соны белгілі болады. Сол кезде психотерапия жұмыс жасайды әрекет жасайды. Жай ғана сеніп отырмай,гадалкаға неге барады, себебі, нақты нәтиже алғысы келеді, сұраққа. Жауапкершілікті өзінен алып тастайды.Керісінше, жауапкершілікті өзіне алу керек. Сол кезде өмірде түзеледі» - дейді нумеролог Жанар Рахимова.
Ғаламторда ақ босағаны аттау үшін түрлі жөн-жоралғылардың әдіс-тәсілдері көрсетілген. Қара магиямен айналысатын дуакештер жалғыздықтан мәңгі арылу үшін шеге, қайың сусынын әзірлеп, сүйіктіңіз қалталы болғанын қаласаңыз тарақ пен кішкентай айнаңыз болуы шарт, дейді. Ол аз болса, ойлағаныңыз сәтті шығуы үшін көкнәр, 13 тиын, тіпті майшамдар қажет екен. Ал дінтанушылар мұндай жолмен тұрымысқа шығуды жоспарлағандарға қатысты бүй дейді.
«Өкінішке орай, тұрмыс құрмаған бойжеткендер өте көп. Уақыт келгеннен кейін тұрмысқа шығудың жолдарын қарастырады. Балгерлерге барады жолымды аш дейді, жолды ашатын, тағдырымызды шешетін ол Алла. Балгер болсын жолымды ашып берем деген емші болсын оның барлығы да жалған!» - дейді имам Әбдісаммат Мақат.
Яғни, дуа арқылы тұрмысқа шығу, өзге адамды өз ырқына көндіру күнә. Мұндай, әдіс-тәсілді жасағаннан гөрі психологқа жүгініп, ішкі ойыңызды тазартқан жөн, дейді сарапшылар.