Түркістан облысында 34 жастағы ер азамат екі әйелімен тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Бес баланың әкесі атанған ол бәйбіше мен тоқалды теңдей көремін дейді. Тіпті қара шаңырақта қандай да бір жиын өтсе, екеуі қатар қонақтарды күтеді екен. Осы ретте өңірдегі NUR.KZ тілшісі қос отбасының отағасы атанып отырған ер азаматпен сұқбаттасып қайтты.
"Мен алғаш рет 2006 жылы шаңырақ көтердім. Ол кезде жасым 22-де. Бәйбішем Дилярамен сүйіп қосылдық. Бүгінде екі ұл, екі қызды тәрбиелеп отырмыз. Екінші әйел алу туралы шешіміме бәйбішем алғашында қарсы болды. Кейін түсінді. Тек бәйбішем емес, екінші әйелімнің де тұрмысқа шығу туралы ұсынысымды қабылдауы қиын болды.Кейін келісімін берді", - дейді Төлеби ауданының тұрғыны.
Бәйбішесі өзінен төрт, ал тоқалы алты жас кіші Сұлтанмұрат Инамов екі әйелінің бір-бірімен қарым-қатынасы жақсы екенін айтады. Екі әйелі бөлек тұрғанымен, үйлері бір ауылдың ішінде орналасқан. Ал қара шаңырақта қандай да бір жиын өтсе, екеуі де бір үйдің қызындай қонақтарды күтеді екен.
"Қызғаныш дегеннің алғашында болғаны рас. Бірақ, уақыт өте екі әйелім бір-бірін түсінді. Қазір бір күн бәйбішемнің, бір күн екінші келіншегімнің үйінде боламын", - дейді ер адам.
Қос шаңырақтың отағасы атанып отырған ер азаматтың бәйбішесі күйеуінің тоқал алу туралы ойын алғашында қабылдай алмадым дейді.
"Басында естіген кезде жаман болдым, бірақ көнесің ғой бәріне әйел болған соң. Төрт бала-шаға үшін бәріне шыдайсың. Қазір қарым-қатынасымыз жақсы. Үйге қонақ келсе, бірге күтеміз. Менің көмекшім болып барлығын бірге істейміз. Күйеуімді алғашында қызғанғаным рас, қазір үйреніп кеттім", - дейді ол.
Екі әйелі бар азаматтың анасы да "тоқал аламын" деген ұлының шешімін алғашында қолдай қоймаған.
"Екі ұлым бар. Сұлтанмұрат тұңғышым, одан кейінгі ұлым Астанада жұмыс істейді. Үлкенімнің екінші әйел алуын алғашында құптамадым. Қазір тату-тәтті өмір сүріп жатырмыз. Бірінші әйелінен төрт ұл-қыз, екіншісінен бір қызы бар. Екі келінімді де есімдерімен атаймын", - деді бәйбіше мен тоқалдың енесі.
Бір ерекше айта кетерлігі, бәйбіше өмірге алып келген ұл қыздар әкелерінің екінші әйелін "кіші мама" деп атайды. Ал ер азаматтың өзі әйелдерін есімдерімен, кейде "бәйбіше", "тоқал" деп еркелетіп атаймын деп отыр.
Сұхбат соңында Сұлтанмұрат Инамов екі әйел алуына не түрткі болғанын былайша түсіндіріп берді.
"Барлығы Алланың қалауымен болды. Басты мақсатым - халық санының артуына өзімнің үлесімді қосу. Денімнің саулығында соңымнан көбірек ұрпақ қалдырсам деген ой болды", - деп сөзін түйді ер кісі.