«AMANAT» партиясының штабы БАҚ өкілдерімен кездесті

Бүгін бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері «AMANAT» партиясы республикалық сайлауалды штабының жұмысымен танысты. Журналистер үшін ұйымдастырылған пресс-тур барысында «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Елнұр Бейсенбаев БАҚ өкілдерін кандидаттардың үгіт-насихат және үйлестіру орталықтарының, қоғамдық қабылдау бөлмесінің, медиа-штабтың, коворкинг алаңының, сондай-ақ штабтағы жастар секторының жұмысымен таныстырды.

6312519a-4006-4bf5-a6ce-8d4ee953f5d5.jpeg

Тарқата айтсақ, сайлауалды штаб «open space» қағидаты бойынша ұйымдастырылған. Яғни, бұл штаб – көпфункциялы сайлау науқанын басқару орталығы. Оның құрамында кандидаттардың үгіт-насихат және үйлестіру орталықтары, қоғамдық қабылдау бөлмесі, сайлаушылармен кездесулер өтетін коворкинг орталығы, үгіт-насихат үшін контент түсіру мүмкіндігіне ие бірнеше локациялы баспасөз алаңы, медиа-штаб, бақылаушылар мен сенімді тұлғаларды оқыту орталығы бар, сондай-ақ жастар секторы жұмыс істейді.

f3c75b5f-9bec-4acc-a472-311208439012.jpeg

«Штабтың негізгі қызметі – жұмысымыздың дұрыс жүруін қамтамасыз ету. Бұл штабтың жаңалығы ретінде күнделікті түрде жаңа форматтағы 4-5 кездесу, оқыту сабақтары өтіп тұратынын айтуға болады. Штаб 24/7 режимінде қызмет етеді. Өңірдегі әрбір штаб осы форматта жұмыс істейді. Әр бөлім бірлесіп және жедел түрде белгілі бір шешімдер қабылдайды. Мұнда кандидаттар мен сенімді өкілдердің қатысуымен күнделікті түрлі іс-шаралар, арнайы оқытулар өткізіледі», - деп атап өтті Елнұр Бейсенбаев.

Сайлауалды штабтың баспасөз орталығында республикалық және өңірлік деңгейдегі барлық ақпараттық жұмыс орталықтандырылған. Сайлаудағы маңызды бағыт – ақпараттық жұмыс екендігін ескерсек, атқарылған шаруадан ақпараттандырып, жүзеге асқан бастамаларды көрсету, қоғамға жеткізу – аса маңызды. Сондықтан 17 облыстық және 3 қалалық медиа-жоспар мен 1 республикалық медиа жоспар әзірленген. Онда әр күннің кестесі бекітілген. Бұл ақпараттық жұмыс осы медиа-штаб орталығында жүзеге асырылады.

d0a5b6af-9be9-44a3-b84d-6c686ded05e5.jpeg

Сайлауалды штабтың жастар секторының да жұмысы ауқымды. Ол жерде белсенді жақтастардың қатысуымен кездесулер өтеді. Онда сайлауалды бағдарламасын халыққа жастардың тілімен жеткізу үшін әлеуметтік желіде креативті идеяларды топтастыру жұмыстары жүзеге асырылуда.

Пресс-тур барысында партияның сайлауалды сайты да таныстырылды. «Қазір сайт сайлауалды штабқа қатысты жасақталды. Халықпен бірге жазылған бағдарлама 10 бағыттан тұрады. Бұл бағдарламаны әзірлеуде президенттік сайлаудың қорытындысы бойынша түскен 56 мыңнан астам ұсыныс та ескерілді. Оған қоса, референдумда жиналған ұсыныс бар. Бір жылдың ішінде қоғамдық қабылдау 134 мыңнан астам азаматты қабылдады. Осы ұсыныс-тілектердің барлығын қамтуға тырыстық. Бағдарламаның тағы бір ерекшелігі - оның қорытындысы бойынша арнайы жол картасы әзірленді. Қазірдің өзінде онда 300-ден астам пункт бар. 20 өңірде жол картасы даярланды», - деді Елнұр Бейсенбаев.

Кездесу қорытындысында БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізілді. Оның барысында «AMANAT» Атқарушы хатшысы Елнұр Бейсенбаев журналистердің сұрақтарына жауап берді.

Елнұр Бейсенбаевтың айтуынша, ел аумағында барлық өңірде аудан, облыс және республикалық деңгейде сайлауалды штабтар жұмыс істеп жатыр. 226 өңірлік және аумақтық сайлауалды штабтарының жұмысына 7,5 мыңға жуық адам жұмылдырылған.

Сайлау науқаны басталғаннан бері ел аумағында 3 мыңнан астам іс-шара өтті. Үгіт-насихат науқанының қорытындысы бойынша 1 млн. астам адамның қатысуымен 30 мың іс-шара өткізу жоспарлануда.

Айта кетерлігі, штаб құрамына партияның 486 белсенді жақтастары кірді. Сайлаушылармен кездесу кестесі дайындалды. Сондай-ақ, бұл жұмысқа үміткерлердің 27 мыңнан астам сенімді өкілдері де тартылды.

Естеріңізге сала кетсек, «AMANAT» партиясы атынан Мәжіліске 119 кандидат ұсынылып отыр. Оның ішінде партиялық тізім бойынша 90 адам, бірмандаттық сайлау округтерінен 29 адам ұсынылып отыр.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар