Қажылардың қонысы

Мәрдәбрар.JPG

Павлодар облысының Ақтоғай ауданына қарасты Жаңабет пен Жаңатап ауылдарының ортасындағы күре жолдың тоғай жағында үлкен қорым бар. Көл жиегіндегі ол мүйісті ел Мәрдәбрар атайды. Осы бір бөлікте жол-көлік апаты жиі орын алатыны да рас. Тірі пендеге белгісіз мистикалық күш бар секілді. Сондықтан сырын білетіндер бұл жерден көліктерінің жылдамдығын төмендетіп, қолдарын жайып дұға қайырып, «біссімілласын» айтып өтеді. Ауылдың үлкендері: «Ол қорымдарда жеті (кейбіреуі тоғыз) қажы жатыр. Алланың назары түскен жер. Осы екі ауылды солардың аруағы желеп-жебеп жүреді», - дейді. Бұл төңіректегі зираттарда оннан астам қажының жерленгені рас. Олар туралы жеке сөз қозғармыз. Сонымен...

Жетінші сыныпты бітірген шағым. Мәрдәбрар қорасының қасында қой-кезекті атқарып жүріп, ескі қораның ішінде сүйеулі тұрған оқтай түзу 4-5 сырғауылды көзім шалды. «Мыналар мал қораға бел ағаш болуға деген екен, кешқұрым атты жегіп келіп алып кету керек» деген пайдакүнемдік ой санаға сап ете түсті. Балалық қой, кешке ешкімге айтпастан күрең атты арбаға жегіп алып «ұрлыққа» тарттым. Мүйістегі қораның қасына келгенде  әншейінде бишіктің үрейімен ғана аяғын сылбыр басатын кәрі атқа жын тигендей ойнақтап, божымен бағыттаған жағыма аяқ баспай қойды. Шошайған қорадан шошынғандай, маңайлар емес. Сол күйінде бір мөңкіп алып, қарашылдығы ұстап келген ізімен үйге қарай ала қашты. Арбаның алдындағы көлденең жұмыр ағашқа өкшемді тіреп, божыны шалқая тартқаныма ырық беретін емес. Сол ызғытқан күйінде қой қамайтын ашықтың алдындағы ат таңастыруға арналып орнатылған ашаға келіп маңдайын бір-ақ тіреді. Көздеген дүниеге қолым жетпей, божымен алысып әбден сілем қатып, қос қарым талып, іштегі ыза сыртқа теуіп атты доғарып жатқан кезде ауылдың молдасы атанған атам Темірғалы Бөженұлы келіп, аттың ақ көбікке малынып сүмектей болғанын көріп себебін сұрады. Болған жағдайды бұлжытпай айтып бердім. Сөз арасында «пері соққан ба мына күрең атты» деп жекіп те қойғаным рас. Сонда атам марқұм: «Е, балам, жануар екеш жануар да қасиет сезеді. Оның ол жаққа аяқ баспай қоюы да тегін емес. Ол төңіректегі қорымдарда атақты қажылар жатыр. Мәрдәбрар мүйісінде Мағзұм қажылардың аталары өткен, мұсылманша бала оқытқан, діни кітапхана болған, құран түсірген қасиетті жер. Қиранды қора екен деп қарауға және ол қорадан ешбір дүние алуға болмайды», - деген еді. Содан бастап құлақтары құлаған бұл ескі қораның қасиеті қандай деген сұрақ мазалап, қолыма қалам алуға мәжбүр етті.  Неге Мәрдәбрар, ол кім болған?  

Тілеке Жеңістің 1995 жылы жарық көрген «Шежіре. Ертіс-Баянаула өңірі» атты кітабында берілген шежіреге сүйенетін болсақ, Мәрдәбрар атамыздың тегі Орта жүз ішіндегі Бәсентиін-Ақтілестен тарайды. Әрі тарқатсақ, Ақтілес-Жауғаш-Мәмек-Бабақ-Шақшан-Ерубай. Одан Байғара, Байғарадан Сүйіншібай тарайды. Сүйіншібайдан Ғабдолла, Күді, Нұрсейіт деген ұлдар туған. Солардың ішінде Ғабдолладан Марғабдар (Мәрдәбрар), Ахметбек (Мағзұм), Ахметуалы (Ахметуәли) өркен жайған. Мәрдәбрардың әкесі Ғабдолла мұсылмандық парызын екі мәрте өткерген адам. Інісі Ахметбектің немересі Қайыржан Ғалымов ақсақалдың айтуынша,   Ғабдолланы ел Қыстау қажы деп атаған екен. 


Ғабдолла (Қыстау) қажы Сүйіншібайұлының жүзігі.JPG

- Менің аталарымның барлығы дін адамдары болғандар, мал-мүлік, дүние жинамай өтіпті. Бес парызын өтеп, бала оқытқан. Ел Қыстау қажы деп атап кеткен Ғабдолла атам 1902 жылы қажылыққа екінші рет барған. Екінші мәрте ұзақ сапарға кетерде «енді ораламын ба, жоқ па» деп үй-ішімен, ағайын-ауылдастарымен көрісіп, көрмегендердің бәріне сәлем айтып қоштасып кетіпті. Оралмайтынын өзі де сезсе керек болар. Қажылық парызын екінші рет өтеп елге қайтып келе жатқанда Қара теңіздің үстінде алпыс алты жасында дүниеден өтіпті.  Ол кезде заң солай болуы керек. Егер теңіздің үстінде адам қайтыс болса, жаназасын шығарып, бірден суға ағызып жібереді екен. Осылайша ұлы атам теңізде қалды. Әрине, алпыс алты жастағы адамға жаяулап-жалпылап, бүгінгідей жүрдек ат-көлік жоқ заманда қажылық сапарды мехнат тартып өтеу қаншалықты ауыр болғанын сезіну қиындық келтірмес. Атаммен бірге барған қажылар пайдаланған дүниелерін өздерімен бірге алып келіп, ағайындарына табыс етіпті. Меккеден көк кесе, кітап салған әбдірасы мен таяғы аманат боп жетті. Таяғы бертінге дейін үйде болды. Кейін жұрт таяқтың сынықтарына дейін қажы атамыздың тәбәрігі болсын деп емге талап алып кетті ғой. Қазіргі күні Меккеден келген  көк кесе сақтаулы. Ахметуәли атамыздың қызы Сәркен деген апамыздың қолында  болды. Қазір балаларында. Ахметуәли менің немере ағам, яғни Ахметбектің інісі. Дін-апиын заманда, яғни  1937 жылы түннің ішінде дінді уағыздаушы деген жала жабылып, Сіләм деген баласымен бірге сотталып, үш күннің ішінде атылып кеткен екен марқұм. Бертінге дейін 25 жасында жесір қалған Күлтай деген жеңгемізге «халық жауының әйелі» деп саусақ шошайтып, жұмысқа алмай келді. Ол кісі колхозда тракторшы болып еңбек етті, кейін суық тиіп қайтыс болды.  Қалиақпар (Қалкен) деген бала қалған, ол әскерге барып келгеннен кейін дүние салды.  Қыстау қажының күміс жүзігі болды, ол қазір менде сақтаулы. Николай патшаның кезіндегі ескі бір теңгелік тиынның бетіндегі жазуды өшіріп орнатып, арнайы дұға жазған. Ал кітап салған сандығын интернатта оқып жүрген бала кезімде  өзіммен бірге тастамай тасыдым, ол қирап қалды. Ол кезде ең бірінші қымбат нәрсе нан еді ғой. Үш-төрт бөлке нанды алып келіп соның ішіне салып қойып қорек қылатынбыз. Сол сандықшамен оқу бітірдім. Кейін ескіріп шашылып қалды. Естелік үшін бір жерге іліп қойып едім, бірақ жоғалтып алдым. Ғабдолла, яғни Қыстау қажы Жаңатап ауылының сыртындағы Шерубай зиратында жерленген. Былтыр басына естелік тас орнаттым, - дейді.

            Ал Ғабдолла қажының баласы Ахметбекті ел Мағзұм деп атайды. Ол кісі 1908 жылы 38 жасында қажылық парызын өтеген. Қазіргі Мәрдәбрар қонысындағы ескі қора аумағында қоңыр тірлік кешкен.   

            - Атам Мағзұм қажы  1908 жылы қажылыққа барды. Қырдағы Батпақы деген жерде жаздың шіліңгір шілде айында дүние салды. Жалпы атамның өзі салдырған  бес мешіті болған. Біріншісі, тоғайдағы қыстағы жыңғыл тоғайлы Боранбайда. Қыс бойы сонда болады ғой. Екіншісі, қазіргі Мәрдәбрар аталып кеткен мүйістегі, яғни жардың басындағы қорғанның ішінде.  Ол жерде  мешіті, сосын бауырында жеке кітапханасы болған. Атамыз бала оқытқан. Сол кітаптардың қайда кеткенін ешкім білмейді. Діни тұлға замана дауылын сезіп бір жерге көміп тастауы немесе үш әріптің өкілдері тәркілеп алып кетуі де мүмкін. Тап басып айтар ешкім жоқ. Мешіттің дәл іргесіндегі қорғанда медресесі болған екен. Үшінші салдырған мешіті қырдағы Төлек деген жерде. Яғни ел жер тоңы жібіп,  алғашқы қар кеткен уақытта алдына малын салып Төлекке қарай көшеді. Сол жерге арнайы мешіт салған. Жердегі көк сиреп, малдың оты кете бастағанда қалың жұрт біртіндеп әрі қарай Батпақы деген жерге қоныс аударады. Сол Батпақыда да мешіті бар. Ал күн суытып, жерге қырау түсе бастаған уақытта, яғни күзге қарай Тайқоңырдың сыртындағы Байғараның қонысы Жетіқораға қарай көшеді. Ол жерге де Алланың үйін салдырған. Қар бір түскенше сол жерде отырады да, кейін тоғайдағы қыстағы Боранбайға қайта көшеді екен. Осылайша атам марқұм дін ұстанғандарға ыңғайлы болсын деп бес қонысында мешіт ашқан. Ахметбектен менің әкем Ғалым жалғыз, соғыста кетті. Мағзұм қажының бойына емшілік қасиет те қонған. Ол кісі көбінесе жүйке ауруына шалдығып, «жынданған» адамдарды емдеген. Мәрдәбрарда қазылған орлардың орны бар. Ауырып келген адамдарды сол орға отырғызып қойып дұғамен емдейді екен. Бертін басына түнеп жүргендер де болды. Тіпті біздің төңіректен бір адамдар Ақкөл-Жайылмадағы қасиетті жан Жандарбек емшіге барған уақытта ол кісі: «Өздеріңнің төңіректеріңде де мықты емші адам бар екен ғой. Соны неге елемейсіңдер?», - деген екен.  Ол кісінің айтқаны сол Мағзұм қажы, - дейді Қайыржан ақсақал. Қ. Ғалымов та араға бір ғасыр уақыт салып, 2008 жылы Меккедегі қасиетті қағбаға тәу еткенін де айта кеткен абзал.

 Жоғарыда аталған Боранбай қонысы қалың тоғайдың ішінде Ертіс өзенінің жиегінде. Бұл жерді Шақшан бабадан тарайтын Ерубай, Шерубай аталар қыстау еткен. Сол секілді  мың айдаған Таласбай деген бай да осы жерде түтін түтетіп, өмірден өткен екен. Ал ар жағындағы қазіргі Павлодар ауданына қарасты Авангард кеңшарын ел ол кезде «Қарамиек» деп атаған. Бұл деректерді жол сапарларымның бірінде үзеңгілес болған көкірегі шежіре қарт, қазіргі Аққулы ауданының Шоқтал ауданының тұрғыны, марқұм Мағауия Солтанов деген ақсақалдан жазып алған едім.  - Мағзұм қажы  сол төңіректегі, яғни Ертіс тоғайындағы оқыған, білімдар адам болыпты. Дүние салған кезде алыс-жақыннан үш жүздей трашпанке арбамен адамдар топырақ салуға келген екен. Ол кезде жай адам трашпанке арбамен жүрмейді ғой. Осыдан-ақ марқұмның айналасына қаншалықты сыйлы адам болғандығын аңғару қиындық келтірмес. Ал Мағзұм мекен еткен Мәрдәбрар тұмсығынан шыққанда   он шақырымдай жерде Жалғыз құдық деген мекен бар. Ол жерде Ысқақбай, Жақыпбай деген байлар тұрған, - деп еді ақсақал.

Жаңатап ауылының түлегі, ішкі әскер қызметінің отставкадағы полковнигі  Бәйкен Ноғайұлы Ильяшев еңбек ардагері Владимир Иванович Видикер туралы Павлодар облыстық «Сарыарқа самалы» газетінде жазған мақаласында былай дейді:

 - «Ауылыңда қартың болса, жазып қойған хатпен тең», - демей ме халық даналығында. Ақтоғай ауданының құрметті азаматы, еңбек ардагері Қайыржан Ғалымов ағамыз Видикерлер отбасының сол кездегі Краснокутскі ауданына қоныс тепкен күнін кешегідей есіне алады.

- Бұл 1941 жылдың күзі болатын. Ертіс өзені арқылы жеткен су кемесін Чкалов кеңшары (қазіргі Мүткенов ауылдық округі), Жаңатап ауылының бақаншысы Уәли ақсақал күтіп   алды, - деп бастады әңгімесін ол. - Қашанда жолаушыны құшақ жая қарсы алатын ауыл тұрғындары қонақтарды жылы қабылдап, Мәрдәбрар атаның үйіне ертіп апарды. Осы үйде олар қыстап, Рахима апаның туған балаларындай болып кетті».

Үлкендердің айтуы бойынша Мәрдәбрар Ғабдоллаұлы ел адамы болған. Жан-жары Рахима әжеймен бірге қаншама жағдайы нашар жандарды, жетімдерді панасына алып, бауырына басқан мейрімді адамдар. Тіпті жер аударылып келгендерді оның үйіне әкелуінде де үлкен мән жатыр. Соған қарағанда Мәрдәбрардың елге үкімі жүрген секілді.  Ал Мәрдәбрар мүйісінде уақытында  Құсайын Жүсіпұлы, Қабдрахман Ыбырайұлы секілді адамдар да тұрған. 

Сонымен, Мәрдәбрар адам атына қойылған көне қоныс, қажылардың қасиетті мекені. Алақандай ауылдан осыншама қажылар шығып, елге дін таратып, мешіттер салдыруы Құдайдың құлы, ұлттың ұлы бола білгендіктерінің белгісі. Жақсылардың табаны тиген, топырағын жамылған жер киелі болмағанда қайтсін?! Өкініштісі еліміз бойынша жарияланған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында осыбір қасиетті жер сокралды орындар тізіміне енбей келеді, төрт түлік малдың аяғының астында қалды. Елжанды азаматтар қамқорлықтарына алар деген үміт зор.

 

Бейбіт БӨЖЕН,

Павлодар қаласы.



Ұқсас тақырыптар