Бекмахановты қудалауға кім себеп болды?

Бұл мақала осыдан бес жыл бұрын «Азаттық.org» сайтында жарық көрген. Алайда ұлы тарихшының өмірі мен сол кездегі қазақ тарихшыларының сатқындығы  сөз болған, осы бір мақала әлі күнге өзінің өзектілігін жоймаған. Сол себепті тағы басуды жөн көрдік.

hhhhhhhhhhhhhhm

Осыдан 60 жыл бұрын Қазақстан коммунистік партиясы «ұлтшылдық вирусының тамырына балта шабу» жөнінде қаулы қабылдады. Көп ұзамай қазақтан шыққан тұңғыш тарих ғылымының докторы Ермұқан Бекмаханов 25 жылға сотталды.

1944 жылы басталып, 1952 жылы Ермұқан Бекмахановтың 25 жылға сотталуымен аяқталған даудың басы «Кенесары Қасымов бастаған қазақ халқының ұлт-азаттық көтерілісі» деген ғылыми тұжырым еді.

Қазіргі тарих ғылымында орныққан бұл тұжырымды әуел баста көтерген ғалым сегіз жыл әуре-сарсаңға түсіп, ақыры бір жарым жылын ГУЛАГ абақтысында өткізді. Бекмахановтың саналы ғұмырының он екі жылдық сергелдеңіне кейбір отандық тарихшылар да «үлес» қосты.

Республика басшылығы «ұлтшыл» Бекмахановты қатаң айыптай отырып, осынау «ұлтшылдықты жөргегінде тұншықтырмаған» сол кезде Қаныш Сәтбаев басқарған Қазақ ССР Ғылым академиясын аяусыз сынады.. Соның нәтижесінде Бекмаханов қана емес, басқа да ұлтшылдар «табыла қалып», қазақ әдебиетінің тарихын зерттеуші Есмағамбет Ысмайылов, Қажым Жұмалиев, т.б. ғалымдар да сотталды. Ал Қаныш Сәтбаев Мәскеуге кетуге мәжбүр болды. Қамауға алу туралы сөз бола бастағанда КГБ офицерлерінің бірінің астыртын жанашырлық ескертуінен кейін Мұхтар Әуезов те табан астында Мәскеуге ұшып кетті.

Бекмахановтың еңбегінде Кенесары Қасымұлы бастаған қозғалыстың «феодалдық-монархиялық қозғалыс» деп аталмай, қазақ халқының ұлт-азаттық көтерілісі ретінде қарастырылуынан шыққан даудың соңы қазақ ғалымдарының осылайша тағы да жаппай қуғын-сүргінге ұшырауына әкеліп соқты. Қазақ ғылымын үрей биледі.

Бірінші тарау: Бір  тараудың мәселесі.

7-2.jpg

Бекмахановтың бастан кешкендері айтылғанда мәскеулік ғалым Анна Панкратованың есімі қатар аталады. 1941 жылы Мәскеуден эвакуацияланған ғалымдармен бірге «Қазақ ССР-інің тарихын» жазу үшін Қазақстан КП(б) орталық комитетіне хат жолдаған ол болашақ кітаптың ғылыми және идеялық мазмұнына артылатын жауапкершілікті өз мойнына алды («Вопросы истории», 54-б. №11, 1988 ж. ). Бұл еңбек жарыққа шыққаннан кейін Сталиндік сыйлыққа ұсынылғанымен, бәйгеден келмеді. Кітаптың сыйлықтан қағылуын ол Сталиндік сыйлық бойынша комитет мүшесі, СССР ҒА мүше-корреспонденті Алексей Яковлевтен және өзімен бұрыннан қырбай академик Евгений Тарледен көрді.

Панкратованың табандылығының арқасында бұл мәселе БКП(б) Орталық комитетіне дейін жетіп, «тарих ғылымындағы кейбір тенденцияларды қарастыру үшін» СССР ҒА тарих институтында 1944 жылғы мамырдың 29-ы орталық комитет хатшылары тікелей басқарған (оның ішінде Андрей Жданов пен Георгий Маленков болды) талқылау басталды.

«Кенесары Қасымов бастаған ұлт-азаттық көтеріліс» деп аталатын тарауы тарихшы Бекмахановтың үлесіне тиген кітап осылайша алғаш рет талқыға түсті. Алайда бұл жиында жеңгендер де, жеңілгендер де болған жоқ. Тарле, Яковлев, Бушуев сынды ғалымдар «Қазақ ССР-інің тарихы» Ресейге қарсы ұлттық көтерілістерді дәріптеген, орысқа қарсы жазылған кітап» (Панкратованың хаты//«Вопросы истории», 59-б. №11, 1988 ж.) деп бағаласа да, жалпы алғанда мүлде теріске шығарылмады, тіпті кей тұстарда жоғары бағаланды. Қалай болғанда да, институт бұл жөнінде қандай да бір баға беретін қаулы да қабылдамады. Алайда осы кезде айтылған ішінара сындарды қазақтың кей ғалымдары ұмытпай, кейін де ұрымтал тұста пайдаланып отырды.

7-3.jpg

Аталған кітаптағы тарауды әрі қарай жетілдіріп, іргелі ғылыми еңбекке айналдырған Бекмаханов 1943 жылғы маусымның 28-і кандидаттық диссертациясын қорғады. Бір жылдан соң «Қызыл Ту» орденімен марапатталды. 1946 жылы күзде «ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарындағы Қазақстан» деп аталатын монографиясын аяқтап, СССР ҒА ғылыми кеңесіне ұсынды. Сөйтіп қазақтан шыққан тұңғыш тарих ғылымының докторы 1947 жылы аталған еңбегін жеке монография етіп шығарды. Осы сәттен бастап «тұңғыш доктордың» жолына түрлі тосқауылдар қойылып, «кітапта идеялық қате кеткен», «басқа ғалымның еңбегінен көшірілген» деген қисынсыз айып тағыла бастады.

Екінші талқылау: Кітаптың тағдыры.

Бекмахановтың еңбегіне байланысты кереғар пікірлерден кейін 1948 жылғы ақпанның 28-і СССР ҒА тарих институты бұл кітапты мәскеулік мүйізі қарағайдай ғалымдардың талқылауына қайта салды. Ең әуелі қазақстандық тарихшылар Т.Шойынбаев пен М.Ақынжановтың арнайы жіберген айыптау пікірлері оқылды.

Содан соң Қазақстаннан барған тарихшы ғалым Х.Айдароваға сөз берілді. «Бекмаханов алдына қойған міндетті орындай алмады, әдіснамалық тұрғыдан елеулі қателіктерге ұрынды, сөйтіп көтеріліске де, Кенесары Қасымовтың өзіне де мүлде дұрыс баға бермеді. Оның себебі автордың буржуазиялық және буржуазиялық-ұлтшылдық тұжырымдаманың шылауында кеткенінде, ал марксизм-ленинизм классиктерінің еңбектерінен берілген үзінділерді көз алдау үшін ғана қолданды. «Материал жетіспеді немесе автор бұл кезеңді жете зерттемеді» деуге негіз жоқ» деген ауыр айыптаудан бастаған Айдарова «Бекмаханов барлығын әдейі, қасақана жазып отыр» деп көсілді. («Вестник АН КазССР», 36-бет, №3, 1948 ж.)

«1943 жылдан 1947 жылға дейінгі аралықта БКП (б) ОК-нің Башқұртстандағы, Татарстан мен Украинадағы, «Звезда» және «Ленинград» журналдарындағы идеологиялық мәселелер жөнінде аса маңызды шешімдері шықты, сондай-ақ Қазақстан КП (б) ОК-нің «Қазақ ССР тарихының» екінші басылымы туралы, «Қазақ ССР ҒА тіл және әдебиет институтының жұмысындағы өрскел қателіктер туралы» шешімдері, Жданов жолдастың осы мәселе бойынша айтқан сөзі, Ленин мен Сталиннің еңбектері ескерілмеді» деген Айдарованың пікірі Бекмаханов еңбегін жоққа шығарған ғалымдардың (әсіресе, қазақстандық ғалымдардың) негізгі желеуі қайда жатқанын анық көрсетіп берді.

Ғылыми журналдың бас-аяғы жиырма екі бетін алып жатқан Мәскеудегі талқылау стенограммасынан Мәскеу ғалымдары қазақ әріптестерінің пікірлерін қостамағынан аңғару қиын емес. Айдаровадан кейін сөйлеген сегіз ғалым кемшілік деген жайларды атап өткенімен, Бекмаханов еңбегін егжей-тегжейлі талдап, аса жоғары бағалады. Андрей Кучкин «бар нәрсені жоқ деп отырған Шойынбаев пен Ақынжановтың пікірлеріне қайран қалып отырмын» десе (41-б), Николай Дружинин «сыншылар әуелі өз сындарына сынмен қарап алғаны жөн» деген кеңес берді (49-б). Тарихшы ғалым М.Рожкова «Е.Бекмахановтың еңбегі өзі қарастырған кезең бойынша аса құнды еңбек болып табылады, өйткені онда шаруашылық мәселелері, таптық қатынастар, таптық күрестер мен оған байланысты азаттық күрес кешенді түрде зерттелген» деген баға берді (50-б.)

Талқылау соңында сөз алған Бекмаханов «еңбегінде таптық күрес те, феодалдық қанау да айтылғанын, маркстік-лениндік әдіснамадан ауытқымағанын» дәлелдеп шыққан.

Үшінші талқылау: Қырағы жерлестер

СССР ҒА тарих институтының пәтуасынан кейін Бекмахановтың алдынан даңғыл жол ашылуы керек еді. Алайда қазақстандық тарихшылар мәскеулік ғалымдардың пікірін місе тұтпады. Сол жылы шілде айының 14-і мен 19-ы аралығында Бекмахановтың аталған кітабы Қазақ ССР ҒА тарих, археология және этнография институтында тағы да бес күн бойы талқыланды.

Осы талқылаудың стенограммасы туралы академик Кеңес Нұрпейіс: «Машинкаға басылған көлемі 550 беттік қолжазба … осы кітапқа байланысты Е.Бекмахановқа аса ауыр саяси айыптар тағуда ерекше белсенділік көрсеткен саяси «қырағы» айғайшылар жөнінде мәлімет берсе, екінші жағынан, Ерекеңнің басты кітабына әділ баға беріп, оның авторын саяси айыптардан қорғап қалуға атсалысқан, тарихи шындықтарға адал жекелеген тарихшы ғалымдар туралы мәліметтерге толы екен» деп жазды («Қайсарлық және қасірет»//Егемен Қазақстан, 15 ақпан, 2005 ж.).

7-4.jpg

Ермұқан Бекмаханов ұлдары Ерік пен Серікті құшақтап отыр. Алматы, 1952 жыл

Алматыда өткен талқылауда Т.Шойынбаев, Х.Айдарова, М. Ақынжановтардың Мәскеудегі пікірлері сол күйі қайталанды, оған С.Толыбеков, А. Нұрқанов, Ф.Жизиевский, Б.Сүлейменовтер (соңғысы қуғын-сүргінге ұшырап, Е.Бекмахановтан кейін 25 жылға сотталды – автор.) қосылып, кітапты іске алғысыз етті. «Кенесарының патшалық Ресеймен күресін қазақтың буржуазияшыл ұлтшылдары Қазақстанда хан билігін қайта орнатуға пайдаланбақ болды; буржуазияшыл ұлтшылдарды большевикше әшкерелеудің орнына Бекмаханов олардың еңбектеріндегі ой-пікірлерді сол күйі қайталады; буржуазияшыл-ұлтшыл «Алаш» партиясының жетекшісі Ә.Бөкейхановты дәріптеді» (Ермухан Бекмаханов: «Казахстан в 20-40 годы ХІХ века», стенограмма, 14-б., А., 2005.) деген сарындағы толып жатқан айыптауларға А.Нүсіпбеков бастаған ғалымдар тойтарыс беруге тырысты.

Төртінші талқылау: Тіке шабуыл.

Бекмахановтың басына төнген қара бұлт сонда да сейілмеді. Оның соңына шырақ алып түскендер енді тіке шабуылға көшті. 1950 жылғы желтоқсанның 25-і «Правда» газетінде Т. Шойынбаев, Х.Айдарова және Я. Якуниннің «Қазақстан тарихы мәслелерін маркстік-лениндік тұрғыдан баяндайық» деп аталатын мақаласы жарқ етті. Айта кетерлік жайт «Правданың» осы нөмірінің бірінші бетіндегі бас мақала «Социалистік ұлттардың мызғымас достығы» деп аталады. Аталған авторлардың айыптауы осы бас мақалаға «тұздық» болғанға ұқсайды.

7-5.jpg

Бұл жолы Бекмахановтың еңбегіне «саяси-теориялық тұрғыдан, атап айтқанда буржуазиялық-ұлтшылдық тұрғыдан жазылған зиянды, теріс еңбек» деген баға берілді. Совет өкіметінің бас газетінде жарияланған мақала 1951 жылғы ақпанның 21-і СССР ҒА тарих институтының ғылыми кеңесінде талқыланып, бұл жолы Бекмахановтың еңбегіне «саяси-теориялық тұрғыдан, атап айтқанда буржуазиялық-ұлтшылдық тұрғыдан жазылған зиянды, теріс еңбек» деген баға берілді.

1951 жылғы сәуірдің 10-ы Қазақстан коммунистік (большевиктер) партиясы осы мақала жөнінде арнайы қаулы қабылдап, «ұлтшылдық вирусының тамырына балта шабу» жөнінде нұсқау берді.

Осы жылы сәуірдің 16-ы Бекмаханов партия қатарынан шығарылып, институттағы қызметінен босату мәселесі күн тәртібіне қойылды. Ал сәуірдің 24-і институт ғылыми кеңесінің кеңейтілген отырысы өткізіліп, Бекмахановты тарихы ғылымдарының кандидаты және тарих ғылымдарының докторы ғылыми атағынан айыру жөнінде жоғары аттестациялық комиссияға ұсыныс жасалды. «1837-1847 жылдары Кенесары Қасымов бастаған қазақ көтірілісі» деген еңбегі үшін Е.Ділмұхамедов пен «Абай және оның орыс достары» деген еңбегі үшін А.Жиреншинге қатаң сөгіс беріліп, қызметтерінен босатылды, ғылыми атақтарынан айырды. Бұл екеуі де жоғарыда аталған Алматыдағы ғылыми талқылауда Бекмахановтың еңбегін ақтап қана қоймай, мақтап та сөйлеген еді.

1951 жылы маусым айында Қазақ ССР ҒА төралқасы «Қазақстан К(б)П ОК бюросының сәуірдің 10-дағы қаулысын жүзеге асыру шаралары туралы» қаулы қабылдады. Ал қазанның 6-ы жоғары аттестациялық комиссия Бекмахановты ғылыми дәрежесі мен атақтарынан айырды.

1951 жылы қазанның 16-17 өткен Қазақстан К(б)П ОК VІІІ пленумында орталық комитеттің бірінші хатшысы Жұмабай Шаяхметовтың «Республика партия ұйымдарындағы идеологиялық жұмыстардың жағдайы мен оны жақсарту туралы» деп аталатын баяндамасы талқыланды.

7-6.jpg

1952 жылғы мамырдың 24-і Қазақ ССР ҒА төралқасының отырысы Бекмахановты қызметінен босатты. Партиядан да, жұмысынан да шығарылып, ғылыми атақтарынан жұрдай болған Бекмаханов әуелі Нарынқол, екі айдан соң Жамбыл облысы Шу ауданындағы Новотроицк орта мектебіне тарих пәнінің мұғалімі болып кете барды. КГБ тарихшыны бұл жерде де тыныш қалдырмай, 1952 жылғы қыркүйектің 5-і тұтқындап, желтоқсанның 2-і совет соты оны 25 жылға соттап жіберді. «Правдада» шыққан жалғыз мақала екі жылдың ішінде осылайша бәрінің астаң-кестеңін шығарды.

«Түзелу».

Сталин өлгеннен кейінгі жылымықта Бекмаханов ісі де қайта қаралып, 1954 жылғы ақпанның 16-ы толық ақталып шықты. Бұған Хрущевтің қабылдауына барып, мән-жайды түсіндірген Панкратова да үлес қосқан еді.

Сот шешіммен ақталып келгеніне қарамастан Ермұқан Бекмахановтың қоғамға қайта сіңуі оңай болмады. Бірінші хатшы Пантелеймон Пономаренконың араласуынан кейін ғана санатқа іліне бастады. Осындай қиын кезеңдерде Бауыржан Момышұлының Бекмахановқа қалай ашық қолдау көрсеткені «Ермұқан Бекмаханов туралы естеліктер» (А.,2005) кітабында баяндалады.

Ермұқан Бекмаханов қызы Найлямен бірге, 1957 жыл

Бостандыққа шыққаннан кейін Бекмаханов докторлық диссертациясын қайта қорғауға мәжбүр болды. Әрине, бұрынғы «қателіктер түзетілді». Кейінгі еңбектерінде маркстік-лениндік әдіснамадан қия баспайтын болды.

Ермұқан Бекмаханов пен қызы Найля Бекмаханованың авторлығымен өңделіп, 1977 жылы он алтыншы рет жарық көрген, 7-8 кластарға арналған «Қазақ ССР тарихы» оқулығында «Кенесары Қасымовтың 1937-1938 жылдардағы феодалдық монархиялық қозғалысы» деп аталатын 29-параграф бір-ақ беттен тұрады. Осы беттегі «Кенесары Қасымовтың қозғалысы реакцияшыл, қазақ ақсүйектерінің феодалдық монархиялық қозғалысы еді. Бұл қозғалыс Қазақстанда ортағасырлық тәртіпті нығайтуға бағытталып, Қазақстанның Россияға қосылуына бөгет жасалды» деген қорытынды (16-б.) жоғарыда аталған «Правда» газетіндегі тұжырыммен сөзбе-сөз сәйкес келеді.

Идеология шылауындағы тарихнама.

2010 жылы Мәскеудегі «ЖЗЛ» сериясы аясында Бекмаханов туралы кітап шығарған зерттеуші Медеу Сәрсеке 1951 жылғы атышулы мақаланы «Правда» газетінің өз қызметкерлері ұйымдастырған деген пікір айтады.

«Қазақстан КП(б) Орталық комитетінің бірінші хатшысы Ж. Шаяхметов оған қол қоюға тиісті адам екен. Бірақ Жұмекең авторлықтан иланымды желеу айтып бас тартқан соң, орталықтағы билік оны жоғарыдағы үшеумен ауыстырған. …Әрине, неше жыл бойы соңына шам алып түсіп, «домалақ арыз» жолдап, түрліше айтыс-тартыстар да ұйымдастырып, пышағын қайрап жүрген қызғаншақ әріптестері өз ортасындағы жалғыз докторды солтүстіктегі жер түбіне жөнелтуге ерекше белсенділік көрсетіп, әпербақандық танытқаны – бүгінде де зор қынжылыспен мойындайтын ащы шындық!» дейді («Мәскеу. «ЖЗЛ» сериясы, 9-шы кітап», М.Сәрсекемен сұқбат, «Егемен Қазақстан» 29 желтоқсан, 2010 ж.).

«Шаяхметов ауторлықтан бас тартты» дегеннің өзінде де оның пленумда жасаған баяндамасының құлашы «Правдадағы» мақаладан әлдеқайда кеңге сермелді («Большевик Казахстана», №10, 7-б. қазан, 1951 ж.).

1952 жылы Бекмаханов істі болып жатқанда Т.Шойынбаевтың «Кенесары Қасымовтың реакцияшыл феодалдық-монархиялық қозғалысын баяндаудағы ұлтшылдық бұрмалаушылықтарға қарсы» деп аталатын кітапшасы республикаға жаппай таратылып, үгіт-насихат жұмыстарында қолдан түспейтін құралға айналды.

7-7.jpg

Бекмаханов ақталғанымен «Кенесары қазақ халқының жендеті және тұншықтырушысы болды. Ол өздерінің төлеңгіттерінен шайка ұйымдастырды» дейтін пікірлерінен Т.Шойынбаев бас тартқан жоқ. Қазақстанның Ресейге қосылуының 225 жылдығына арналған «Қазақ халқының тарихындағы ұлы оқиға» (А.,1957) деп аталатын мақаласында осы сарындағы пікірлерін тағы да қайталады.

Сталиннің жеке басына табыну кезінде етек алған саяси қуғын-сүргін кезінде жеке адам факторы көп рөл атқарды. Кей ғалымдардың жеке бас араздықтары ғылыми еңбектерден саяси қате іздеуге ұрындырды. Ғалымдардың идеология жетегінде кетуі диктаторлық режимнің оң жамбасына сай келді. Сөйтіп, саяси қателік іздеудің соңы – жазықсыз ұстап беруге ұласып, тіпті «ұстап бергендердің» өзі де ұсталып жатты.

Асылхан Мамашұлы,

2011 жыл.

«Қасым» әдеби-танымдық  порталының редакциясы.



Ұқсас тақырыптар