Тарихымыз әлемге әйгілі тағы бір тұлғамен толықты

3.jpg

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Алматы облысынан Қытайға аттанған 19 шығармашылық өкілден тұратын «Мұқали» тарихи-танымдық делегациясы  бір аптаға созылған халықаралық экспедициядан оралды. Олар Шыңғыс хан заманында Қытайды билеген жалайыр руынан шыққан әскери қолбасшы – Мұқали (Мұқылай) батырға қатысты нысандарға зерттеу жүргізіп,  тарихи естеліктер жинап қайтты. 

Шыңғыс ханның атақты төрт қолбасшысының бірі әрі бірегейі болған Мұқали батырдың есімін естігенде есіме бірден атақты ақын Мұқағали Мақатаев түсті. Мұқағалидың азан шақырып қойған шын аты Мұқаметқали болғаны анық. Әз-Пайғамбардың есімін алып жүру жас балаға ауыр болар деп, келе-келе Мұқағали атандырған. Сол секілді, Шыңғыс ханның бас қолбасшысы болған Мұқалидың да есімінде әлгін-дей құпия жасырынып жатпады ма екен деп, есім сырына үңіліп көргенімізде, Мұқали – араб тілінен алынған мохали – жоғары, көтеріңкі деген сөз екеніне көз жеткіздік. Яғни, әлемге әйгілі қолбасшы Мұқалидың есімі араб тілінен алынса, бұл – ол мұсылмандық жолды ұстанған деген сөз. Шыңғыс хан мен оның досы, кейіннен жауы болған жалайыр Жамұха секілді емес, Мұқали Шыңғыс қағанның өте сенімді адамы, бас қолбасшысы болған, хан Орта Азияға жорыққа кеткенде оның атынан Қытайды басқарған. Шешендігімен де аты шыққан, қарсыласын күрессе білекпен, сөйлессе сөзбен жыққан. Ақылдылығымен, тапқырлығымен көзге түскен. Шыңғыс хан империясы тарихында «го ван» , яғни «ұлы билеуші» лауазымына ие болған жалғыз адам. Ол Жалайыр тайпасының ішіндегі Жат деген рудан шыққан, 1170 жылы Телегет деген байдың отбасында туып, кейін әкесі Шыңғыс ханға тапсырған. 1223 жылы наурыз айында 53 жасында ауыр науқастан дүние салады. Көне тарих ол туралы осылай десе, жазушы Мұхтар Мағауин: «Мұқалы – жалайырдың беделді батыры және Шыңғыс ханның әйгілі қолбасшыларының бірі. 1206 жылы құрылтайда Шыңғысхан өз мемлекетінің шаңырағын көтеріп, қол астындағы елін тоқсан бес мыңдыққа бөледі. Сонда Мұқалы бірінші мыңдықтың басқарушысы болып тағайындалады. Сондай-ақ Шыңғыс ханның ең мықты тоғыз қолбасшысының ішіндегі төресі де осы Мұқалы болды. 1215 жылғы, Пекинді алған шешуші жеңістен соң Шыңғыс хан Мұқалы-ноянды бас қолбасы әрі ұлық әмір ретінде Шүржен шегінде қалдырады», – деп жазады.

Алматы облысының әкімдігі демеушілік еткен, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Өмірәлі Жалаири бастап, жазушы Бексұлтан Нұржеке қоштап барған делегация өмір тарихынан өз халқы әлі күнге мардымсыз қалып отырған ұлы қолбасшы туралы Қытайда жергілікті тарихшылармен кездесіп, құнды дерек, мол мағлұматқа қанығып қайтыпты. Бұдан сегіз ғасыр бұрын Мұқали басқарған қалаларды аралап, тарихи орындарға зерттеу жүргізген. Қытайлар алып баһадүрімізді барынша қастерлеп отыр екен. Басында бес атасынан бермен шырақшысы бар дейді. Бабамыздың басына Құдайға арнап құрбандыққа қой шалып, дұға-тілектерін арнап қайтыпты қазақстандықтар. Біраз жылдан бері тұрақты түрде республикалық «Шыңғыс хан» журналын шығарып келе жатқан, облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторы, ақын Әміре Әріннің айтуынша, алда ұлы тарихи тұлға жайында кітап шығармақ ойлары бар және Талдықорғанда мемориалды кешен тұрғызылмақ. «Ұлы бабамыз Мұқали Жалайыр – Шыңғыс ханның атынан Қытайды билеп, аспанасты елінің 65 провинциясын бағындырған. Хандардың ханы атанған. Шыңғыс хан Тұранға аттанғанда «менің атымнан әміріңді жүргізе бер!» деп қаптаған қалың қытайды билеуді Мұқалиға сеніп тапсырған. Бүкіл қытайдың басын біріктіріп, үлкен Юань империясын құрып кеткен – осы бабамыз. Шыңғыс ханның оң қолы болған Мұқали Жалайыр батырдың басына қытайлықтар үлкен ескерткіш орнатып, айналасын абат бақ жасапты. Бүкіл әлемге белгілі тұлға Мұқалиды француз тарихшысы Оссон генералисимус деген атаққа ұсынып, түркі әлемінде тұңғыш генералисимус атанған ұлы қолбасшы. Қазақ-стандық делегация бабамыздың жатқан жерінде болып, бұл сапардан айтып жеткізгісіз әсерге бөленіп қайттық» дейді ақын Әміре Әрін.

Тарихымыз әлемге әйгілі тағы бір тұлғамен толығып отыр. Кезінде шығыс көршімізді Қытай қорғанын тұрғызуға мәжбүр еткен көшпелілердің тағы бір ұрпағы аспанасты елін билегені әлемге ауыз керіп айтар мақтаныш емес пе?! Мұқали батырды – Римді билеген Атилладай, Таяу Шығысты билеген Бейбарыс сұлтандай, Үндістанды билеген Бабырдай аяулы да даңқты тұлғаға айналдыра алсақ, одан ұлт ретінде ұтпасақ, ұтылмасымыз анық. «Қазақтар – тарихтың жұмбағы» деп айтылатындай, жаһандық жұмбақтың шешуін түбі бір түркінің бір бұтағы – қазақ шежіресі шешеді…

Төреғали ТӘШЕН

Айқын газеті



Ұқсас тақырыптар