Жеңістің «жорғатайы»

27540125_1672988629411527_6240182912640139144_n-768x476.jpg


Мәншүк БЕКБОСЫН

Қазақта «Жігітке жеті өнер де аз» деген сөз бар. Осы нақыл сөз бір бойында бірнеше өнері бар біздің Жеңіске қаратып (танымал фото­граф Жеңіс Ысқабай – авт.) айтыл­­ғандай. «Біздің Жеңіс» дей­тініміз, басынан оюлы тақиясы түспейтін Жеңіс «Алматы ақшамы» газетінде біраз уақыт еңбек еткен еді. Кейін Ал­ма­ты облысы әкім­дігінде жұмыс істеді. Қазір оның «Жусан» атты жеке фо­тостудиясы бар. Жеңіс бүгінде қол­өнерді де серік етіп жүр. Ағаштан әшекей­леніп ойылған жиһаздар мен тұрмыстық бұйым­дарды жасаумен айналысады. Ал қазір ол бала­ларға арнап ағаштан ойыншық жасап жүр. Сондай ойыншықтың бірі – тербе­летін ат, яғни «Жор­ғатай». 

– Ойыншық – кез-келген баланың серігі. Ойыншық арқылы баланың ойлау қабілеті артады. Сол арқылы өмірге бейімделеді. Ойыншық – баланың жұ­банышы, қуанышы. Ол бала үшін ермек қана емес, сонымен қатар оның дамуына, жетілуіне әсер ететін құрал. Баланың сенімді серігіне айналған ойыншықтың сапасына, тәрбиелік мәніне терең мән беруді ата-ана бір сәт ойланғаны жөн,  – дейді Жеңіс Ысқабай.

26814778_1659936280716762_8484005298667208412_n-300x300.jpg– Бүгінгінің баласы теледидар, ком­пьютер алдында көп отырады. «Көк жә­шікте» баланың жанын баурайтын ұлт­тық болмысқа негізделген ештеңе жоқ. Қазір ойыншық жоқ емес, бар. Мол. Бірақ барлығы бөгденікі. Шеттен, әсіресе көрші Қытай елінен әкелінеді. Оның үстіне соңғы кездері қуыршақтардың бет-бейнесі де өзгерді. Дүкен сөрелеріндегі толып тұрған неше түрлі құбыжық ойыншықтарды көресің. Оларды бала түгіл, үлкен адам да қолға алуға қорқады. Осындай ойыншық­тар дамып келе жатқан баланың санасын уламай ма, ойлау қабілетін тежемей ме?! – деп жалғастырды сөзін Жеңіс.

Расымен, бүгінгі балалар бақытты.  Өйт­кені, не керектің бәрі бар. Тек ойын­шық аларда баланың денсаулығына зиян келмес үшін дұрыс таңдау жасалса бол­ғаны. Жеңістің айтуынша, ағаш – әрдайым сұранысқа ие бағалы материал. Біріншіден, өнімнің табиғилығы, ағаш пен бояулар ғана қолданылатын болған­дықтан, зиянсыз (экологиялық таза бояу табу қиын емес). Екіншіден, мұндай тербелмелі ойыншықтар балалардың денсаулығына да пайдалы. Балалар ойыншық атпен тербеліп ойнау арқылы тепе-теңдікті сақтай білу қабілетін дамытады. Сол себепті, кез-келген ата-ана ағаш ойыншықтарды алуға тырысады.

Жеңістің «Жорғатайы» 150 келі сал­мақты көтеруге қауқарлы екен. Әзірге тербелмелі аттың 10 данасы дайындалған.

– Алдағы уақытта «Жорғатайды» түрлі-түсті бояулармен бояп, сәндеп, тұтыну­шыға ұсынамын. Оның үстіне ағашты қолға алғанда басыма небір тың ойлар келеді. Алдағы уақытта ағаштан түрлі ойыншық­тар жасамақпын, – дейді шебер.

Жалпы, Жеңістің қолөнерге деген қызығушылығы атасынан дарыған екен. Бала күнінен  ағаштан әлдебір дүние ойлап тауып, жан-жағындағыларға сый­лап жүруді әдетке айналдырған. Мектеп қабырғасында жүріп, арнайы үйірмеге де қатысыпты. Сөйтіп, әр ағаштың өз ерек­шелігі болаты­нын түсінеді. Үлкен шебер­лік пен тыңғы­лықты еңбекті қажет ететін ағаш жасау ісін бір кісідей меңгерген Жеңіс ең әуелі тұрмыстық бұйымдар жасауды қолға алған екен. Содан барып ағаштан қазақы төсек құрастырса, кейіннен шай ішетін оюлы үстел жасап шығарды.

Шебердің сөзіне сенсек, тіпті, қаржы­лық дағдарыс кезінде де адамдар жиһазсыз, терезе мен есіксіз өмір сүре алмайды. Қа­зіргі кезде ағаш шеберлері өте аз. Сон­дықтан бәсекелестіктен қорықпауға да болады. Фабрикалар ешуақытта сіздің бәсекелестеріңіз бола алмайды. Олардың нарықта өмір сүруі үшін өнімнің үлкен көлемдегі айналымы керек. Ал үйдегі ағаш шеберханасы ондайды талап етпейді. Сондықтан мұның ешқандай қиындығы жоқ. Сонымен қатар, қазір еңбек етемін деген адамға мүмкіндік мол. Көзін тапса, кәсіп көп, – дейді Жеңіс.

Ел ішінде атадан балаға ауысып, үзілмей келе жатқан ата кәсіп жаңа заманға лайықталып, түрленіп, жанданып келеді. Кез-келген өнер жаңалықты жатырқа­майтыны белгілі. Кезіндегі балта, балға, шегені бүгінде түрлі-түсті технология алмастырды.

26904269_1659936217383435_3312834582009524238_n-600x338.jpg– Аты қолөнер болғанымен, жан-жақ­тан түсіп жатқан тапсырыстарды орындау үшін қос қолдың күші аздық етеді. Сон­дықтан заманауи станоктар, құрал-сай­мандар сатып алуға тура келді. Ал ойын­шықты  құрастыру жағына келетін болсам, оның кеудесі мен басын бір бөлек, сирақ­тарын бір бөлек ағаштан қиып аламын. Оның үлгісі ғаламторда бар. Яғни бұл жағынан мен жаңалық аштым деп айта алмаймын, – дейді Жеңіс.

Ертеден келе жатқан «Әке көрген оқ жонар, шеше керген тон пішер» деген тәмсіл – Жеңістің отбасының басты ұраны іспетті. Өйткені, қазір шебердің балалары оның өзімен бірге ағаш жонып, қолғабыс етіп жүрген көрінеді.

– Мен ешқашан көп ақша тауып, баю­ды көздеген адам емеспін. Бұл – менің жан қалауым. Сүйікті ісім жанымды жады­ратады. Ал халықтың алғысы мені жаңа жетістіктерге қамшылайды, – дейді біздің Жеңіс.

Алматы Ақшамы


Ұқсас тақырыптар