«Алматының бағы қандай...»
Қадірлі оқушы, сіз ару Алматының қай жерінде жалға тұрасыз? «Қалқаман», «Шаңырақ», «Думан», «Развилка», әлде «Татарка»... Жағдайы жасалған көп қабатты үйдің бір пәтерін өзіңіз ғана жалдау әлі қиын тиіп жатыр ма? Зәк сыздаған тоқал тамдарда бала-шағаңызды ауыртпай, аман-есен жүрсіздер ме? Күз түсіп, қыс келгенше, жақсылап шерімізді тарқатайық, зарымызға құлақ салыңыз. «Америкалық арман» деген сөзді естуіңіз бар шығар. Мұхиттың арғы жағынан келген бір бауырымыз мұны тұрақты, Һәм табысты қызмет, айналасы көгалды шағын үй, сосын жақсы жар мен екі-үш қарадомалақ деп түсіндіріп еді. Бұл арманның ғажабы сол – америкалық көпке ұзамай аңсағанына жетеді екен. Бізде мұндай ізгілікті арманның соңғысы ғана іске асады. Онда да әупірімдеп... дұрысы қарызданып-қауғаланып... (Нені меңзеп отырғанымыз, айтпаса да түсінікті шығар деп ойлаймыз). Айлығымыз нан, сүттен артылмайды, аптасына бір-екі рет тамаққа тауықты қанағат етуге жарайды, ал етті сыйлы қонақ келгенде аламыз. Солай емес пе? Тұрақтылық туралы сөйлеуге ауыздың батылы бармайды. Дағдарыс жайлаймай тұрғанның өзінде, «бүгін бе, ертең бе... қашан?» деп кадрлар бөліміне талай рет жалтақ-жалтақ қарағанымыз өтірік пе. Қайта қазір жақсы. Әйтеуір түбі бір құритыныңды білесің. Айналасы көгалды шағын үйді армандауға мүсәпір түрің тегі келіспейді. Арманның өзін абайлап, көрпемізге қарай көсіле армандайтын болдық қой. Бүгінгі біздің аңсарымыз не? Тым құрығанда, жаман жатақханадан жеке бір бөлмеге қол жеткізу. Бұл, әсіресе, үйленгелі жүрген жастардың қол жетпес бақыты. Сөйтіп жүріп өздерін өздері жұбатып қояды. «Құдай берем десе, желдеткіштен де береді». «Өлмегенге өлі балық жолығадының» замануи түрі. Бар сенеріміз – құдай. Шүкіршілік. Сенімсіз тірі өлік болғаннан әлдеқайда жақсы.
Алматыда оқу, Алматыда жұмыс істеу, Алматыда тұру – қазақтың әдемі арманы болатын. Кез келгеннің қолы жете бермейтін бұл қалаға. Табаны тиген, апортын жегендер тұрақтап қалуды ойлайтын. Жылдап кезекке тұрып, кезі келгенде үйлі болып жататындар да аз емес еді. «Бермесең бермей-ақ қой баспанаңды, сонда да тастамаймын астанамды» деген өр Қасымдар да кездесетін. Ал, бүгін ше? Үміт те, өрлік те жоқ. Ештеңе де жоқ. Бос, кеудеміз қуыс. Үмітіңе кеудемсоқ бағалар түкіреді, өрлігіңе безбүйрек билік түкіреді. Ішерге асы, киерге киімі, өз шаңырағы жоқ жан мәдениетке, тазалыққа, әсемдікке түкіреді. Кедей ғылымды, өнерді қайтсын. Кір қожалақ тіршілігі күнделікті «макароннан» айырмаса болғаны. Сосын жаңарған қала таңсық көрініп, жер бетінде мұндай шаһардың жоқтығын айтып тамсанады. Дүниежүзінде ғасырлық кенттер бар екенін өте жақсы білесіз. Міне, солардың адам миының жетер барлық ғаламатты жасап тастағанынан және хабардарсыз. Өркениеті өрлеген ондай елдердің меншікті ұлтында дәл біздікіндей оңбаған проблема жоқ шығар.
«Ауылдағы жастардың бәрі қалада, анда-санда бара қалғанда, фляг көтерісіп жіберетін балалар таппайсың. Қазақтың шаһарға үйренгені ғой» дейді бір танысым. Ақша табуға келгені екібастан. Бірақ, қалалық болып, орнығып жатқандары өте аз. Мегаполиске келген жастардың басым көпшілігі жалдамалы қара жұмыста істейді. Базарды былай қойғанда, құрылыс, күзет, мықтаса қалалық транспорттың жүргізушісі, досы сол көліктің билет беруші қызметтеріне орналасады. Қара жұмыс адамды қарабайландырып жіберетінін Алматының күнделікті өмірінен байқайсың. Таң азаннан жұмысқа жиналған жанның көңіл күйін сол сәттен-ақ қара бұлт жайлайды. Арындаған, ерігіп, ерегісіп бір-бірімен жарысқан автобус қалаған кезде тежегішті басып қалғанда, үсті-үстіне мінгескен жұрт көлікпен қоса домалап кете жаздайды. Орындығының сау-тамтығы жоқ, бүтіні кездесіп жатса, сауыс-сауыс, баттасқан майдан көрінбейді, терезесінің кірі бес елі (сатып алғалы сулы шүберек тимегендіктен, енді тазалаудың еш қисыны да келмейді, еңбегің еш болады), салонның едені қыстыгүні тізеден келетін лайлы су, жаздыгүні шаңы жоғарыға қарап бұрқылдайды да жатады. Киімге обал. Жұмысқа кіржамбыз боп жетесің, кешке шахтершы сияқты қайтасың. Мұндай санитарлық жауапсыздыққа бір пенде қабақ шытпайды. Шытып көрші. Не есалаң жынды секілді жырқылдақ күлкіге айналасың, не шапылдаған арық қараның долылығына ілігесің. (Арық қарамыз кондуктор). Бейбас жүргізушінің көлік жүргізуіне наразылық танытсаң, шашыңды жұлып қолыңа береді. Көргенсізге жазықсыздан жазықсыз шешеңнің асыл атын былғатқың келмейді. Зығырданың қайнап, тіліңді тістейсің. Құдайдың құтты күні еркек боп тумағаныңа налисың. Сондай таңғажайып бола қалса, иттен туғандардың мұрнын бет қылуға күніне неше рет ант ішесің. Жүйкеңнің тең жартысын жұмыс басталмай жатып өлтіріп, қызметтің есігін ашқанда, қылжақбас күзетшілер қарсы алады. Күн-түн бос тұра бергеннен іші пысады ғой деймін. Ары өткен мен бері өткендерге мағынасыз бірдеңелерді айтып, мағынасыз күліп тұрғаны. Бір жайға сұмдық таңғалам. Біз осы қандай болсын, әйтеуір шекпенге құмармыз. Сол күзетшілер төсінде «Security» деген жазуы бар форма киіп алып, адамдарға біртүрлі қоқиланып, астамси қарайды. Сыртта тұратындары қолына қара таяқты маңғаз ұстап, талтаңдап ары жүреді, бері жүреді. (Көшеде ала таяқ ұстайтын, төсіндегі жазуы басқа шекпенділердің бет-бейнесі, «кісілігі» туралы арнайы кітап шығармаса, жай бір мақаланың ішіне немкетті қоса салу «күнә»). «Security»-ге өтініш айтуға ұяласың. Жылы жүзбен бір нәрсе сұрай бастасаң, өз өзінен ыржаңдайды, сосын салмақты сөзді аяғына дейін тыңдауға шыдамы жетпей, «жо-жоқ, болмайды, болмайды!» деп даурыға жөнеледі. Мойнын «Security» жазуы жағындағы жағаға қарай бір кіргізеді де, артынша ол жақтан басын паңдана шығарып, қабағын түйеді. Осы түрі әдепсіздікті «көркемдей» түседі. Кейінгі туған қазақтарда «тіреп тұрсың ба?» деген сөз тіркесі кеңінен қолданылады. Шамасы осы «тіреп тұрсың ба»-ның үддесінен шығуды мұрат тұтады-ау қай-қайсысы да. Қалалық транспорт жүргізушілері, қарауылдар титімдей ғана территориясының «қожасы» екендігін дәлелдеймін деп дөрекі дойырға айналды. Жекеменшік дүкендердегі сатушылардың қызметін қайда қоярсың. Бұл кісілерде тұтынушыларға деген түсініксіз ыза бар. Керегіңді сатып алғаның үшін кінәлідей сезінесің.
Алматының мәдениетін кілең дөкірлер аяққа таптады, бұл қаланың күнделікті тіршілігінде әдеп, иба деген жойылып жатыр. Бұлармен бірге тазалық та құрдымға құлдилап кетіп барады. Гүлдері жайқалған көгалды саябақтарда сыраның, басқа да сусынның шөлмектері, шағылған пістелер, целлофан қалталары мен жарнама газеттері ыбырсып жата береді. Фонтанның суларында қалқып жүрген неше түрлі қоқыстарды көргенде, көңілде өз-өзінен бір сұрақ туындайды. «Кедей неге соншалықты лас өмірге құштар?» Балмұздақтың сыртқы қағазы, темекінің қорабы мен тұқылы, қоқыс тастайтын жәшіктердің аузы-мұрнынан ақтарылған бықсықтардан аяқ алып жүре алмайсың. Құлағына сырға, мойнына алқа таққан жігіттер жаныңнан шырт-шырт түкіріп өте береді. Айтқанда жиіркенішті-ақ. Бірақ, күндегі қалыпты тіршіліктің көрінісі осындай болғандықтан ба, аса жиіркене бермейсің. Негізі боқтықта таракан, шыбын, атжалман (крыса), шошқалар рахаттанып жүреді және сонымен қоректенеді. Сүйегі асыл, қаны таза қазақтар шошқаның етін арамданғаннан жемейді. Астың адалдығына қатты мән береді. Тамаққа кірпияз тектілер айналаға да сондай болса-дүр. Байқаңызшы, бір кездегі сұлу, таза шаһардың бүгінгі ең лас жерінде кімдер жүреді. «Сайран», «Саяхат» автовокзалдары, «Тастақ» шағын ауданы, көк базар, жалпы базарлар... Адамдардың қоқсығына иттердің нәжісін қосыңыз. Иелері білгенін істеген соң, бұлар қарап қалсын ба. Әйтеуір бір-біріне есесін жібермеген қайран, тіршілік иелері.
Әріптестерім бүгінгі Алматының келбетін ашына сөз етіп жатты. Бұл түрімізбен кете берсек, бір күні боқтыққа көмілерміз дейді. Күйінген жандар бұрынғы сұлу кенттің тазалығы мен тәртібін еске алғанда, жүздері бал-бұл жайнайды. Ол уақытта жұртшылық сатып алған айранның құтысын дүкенге қайтарып береді екен. Бос бөтелке тиын тұрғанымен, тегін емес. Айранның жарты ақшасын қайтарып аласың, немесе ағарғанды өз бағасынан төмен аласың. Бұл ең алдымен өзіңе үнемді, сосын мемлекетке де пайдасын тигізеді. Өйткені жаңадан өндіре бергеннен, пайдаланған затты қайта өңдеп, жаңартқан мемлекет бюджетіне де әлдеқайда тиімді. Сосын тазалық та сақталады. Бей-берекет шашылып жатқан бөтелкенің зияны жетерлік. Балалардың қолына түссе, не болатыны белгілі. Түк істемегенде, қолын жаралайды. Бір келіншектің құрбысы Швейцарияда тұратын қазақ екен. Келгендеріне бір ай толмай жатып, безер бопты Алматыдан. Бес жасар ұлы қашан қайтамыз деп қыңқылдайтын көрінеді. Адам сенгісіз қымбатшылық пен жүрек айнытар ластықтан зәрезап болса керек. Швейцарияда қоқсықтың өзін бөліп тастайтын көрінеді. Қағаздарды бір бөлек, қалбырларды бір бөлек дегендей. Тамақтың қалдығын мүлде басқа жаққа салады. Бұл жағынан еуропалықтар біздің ауылдық қазақтарға ұқсайды екен. Ауылдағы ағайын ешқашан нанды, дәмді аяқасты етпейді.
«Ару Алматы» деп тебіренетінбіз. Сол «ару» анықтауышын Астанаға оп-оңай ауыстыра салдық. Журналист қауымы жаңа теңеу табуға жанын қинағысы келмеді ме, «Ару Астана» дейді екі сөзінің бірінде. Байғұс Алматы кілең мәдениетсіз дөрекелерімен, бықсыған ластығымен Голливудтың дәурені өткен бикешінің күнін кешіп жатыр. Сартылдаған фотоаппараттар, нән бейнекамералар жарқ-жарқ етіп бұлғаңдаған актирсаны жас шағында әбден ел алдында жайнатты да, өңінен әрі тайып, жүзіне әжім түскенде, жапа-тармағай келекеге айналдырды. Әңгіменің тиегі ағытылса, ауа жайлап кететін әдеті ғой өзі. Капитализмнің құбыжық көрінгені есіңізде ме? Социалистік кітап та, адам да солай деді. Сол құбыжық қоғамдағы жандар тағдырын, олардың ара қатынастарын, капиталистік ахуалды білгіміз келетін. Сондайда Теодор Драйзерге жүгінетінбіз. ...Автордың «Сестра Керри» деген романында Герствуд деген кейіпкері бар. Некелі жары, бала-шаға, жиған дәулетін Керридің соңында тәрк етіп, ақырында бәрінен жұрдай болады. Керридің өзінен де айырылады. Басында намыстанығанымен, соңында орайы келген қара жұмыс іздейді. Үстіндегі қымбат пиджагы лас еңбекке тіпті де жараспайтын, жұмыс берушілер киімнің сапасына қарап, таңданды да, күдіктенді де. Бір кезде талғаммен киініп, талғап ішіп-жейтін бай мырза Нью-Йорк көшелерінің бірінде аштан өледі. Алматы шаһарының қазіргі кейпі Герствудтың міскін түрі іспетті.
*****
...Орыстардың қай-қайсысы болса да ит пен мысыққа әуес. Әсіресе, жалғызілікті қыз-келіншектері бойындағы бар мейірімін осынау үй жануарларына төгіп, айналып-толғанып өліп кете жаздайды. Дүниетанымы мен мәдениеті бөлек мен (қазақ халқының өкілі ретінде) мұның сырына бойлағым келді. Өз ұлтымның көзқарасымен әріптесімнен ит пен мысықтың баладан қандай артықшылығы барлығын сұрадым. – Мысалы, –деймін, – егер де бір қазақ қызы өмірде жолы болмай, күйеу мәселесін шеше алмаса, онда үлкен тәуекелге бел буады. Ерсіз бала табуға өзін құрбан етеді. Құрбан еткені сол, ең алдымен ата-анаға қарабет, ағайын-туысқа шіріген жұмыртқа болады. Елдің бетіне тіке қарауға жүзі шыдамаса да, өзінің болашағы үшін, бәлкім азғантай ғана ұлт үшін өртеніп тұрған ұяттан аттайды. Ал, сіздерде мұндай жағдай соншалықты қорқынышты емес қой, яғни әркімнің өз өмірі өзінде дегендей түсініктеріңіз бар. Қызметтес орыстың жауабы былай шықты. Қазақ үшін жануарлардың белгілі дәрежеде ғана орны бар. Үй қору, тышқан аулау, қой күзету сынды өзіндік шаруаларды атқарады. Бұл бір. Екінші жағынан қазақтар қалаға жақын емес. Қалалық өмірге бейімделе алмайды. Бала турасындағы менің көзқарасым сендердің ұғымдарыңа қарама-қайшы келеді. Жақында ғана төртінші ұлын туған жұмыстас қазақ келіншекті тілге тиек етті. Біздің көз алдымызда сол әйел өтінің дерті қозып, денесі қалшылдап, ана дүниеге қанша рет кете жаздады, осы жұмыста қанша рет жедел жәрдем шақырдық, дәрігерлердің бұл баланы туудың қатерлі деп ескерткенін өз аузымен айтты. Сөз жоқ, бұл жағдай саған үлкен ерлік, ал маған ойсыздық, жауапсыздық ретінде әсер етеді. Жазатайым толғақ кезінде әлгі ауру өршеленіп, қабаттаса не болар еді? Дәрігерлердің ескертуі де сол еді ғой. Дүниеге баласы келер ме еді, келмес пе еді... Ең үлкен қауіп өзіне төнген. Құдайға шүкір, баласын қолына алып, қазір аман-есен. Иә, иә, құдай сақтады. Егер жағдай ушыққанда ше? Алдындағы үш баласы анасыз жетім қалар еді. Еркекке қатын табылады. Сәбиге ешкім туған ана болмайды. Сосын денсаулығына мән бермеген әйелден сау бала келе ме дүниеге? Бұдан жаман қандай жауапсыздық бар. Отбасымда жалғыз бала екенімді білесің. Менің өзім кеш туғам. Әкем балаға қарсы болыпты. Кедейшілікті «өрістете» бергісі келмепті. Бәрін айт та, бірін айт, мұндағы басты нәрсе – менталитет. Бір халыққа керемет көрінетін жағдайды екіншісі керісінше жағымсыз қабылдайды.
Бұл бір адамның жеке пікірі. Шынымды айтайын, ит пен мысыққа деген махаббаттың сырын бәрібір түсіне алмай-ақ қойдым. Соған қарағанда, тілмен жеткізе алмайтын, өздері ғана жанымен түйсінетін тылсым сезім болса керек. (Қазақтың жылқыға деген алабөтен сүйіспеншілігі де басқаларға түсініксіз көрінер, мүмкін). Дегенмен де, осынау көзқараста «қазақ қалаға жақын емес» деген сөз қатты ойландырды. Жақында ғана өткен еліміздегі дүбірлі той субъективті сол пікірді жандандырғандай көрінді. Таңнан түн ауғанға дейін берілген тікелей трансляциялардан жас пен кәрінің аузынан дәл мұндай шаһардың жер бетінде жоқтығын жарыса айтқан лебіздерді беріп жатты. Көпшіліктің жеке ойы өз алдына, арна біткен ұсақ-түйекті дабырайтып, арнайы сюжет жасады. «Бұл жиынға тірі мүсіндер келді, Абай, Жамбыл мен шетелдік герцог, пәлен жерлік бикеш жұрт алдында сағаттап кірпік қақпай тұрды, адамдар оларды тас ескерткіштермен шатастырды» – деді. Сауықшыл жұрттың таңырқаған эмоциясымен сюжетті тұздықтап жатты. Жасамыс бір апамыз талай елге саяхат жасағанын, бірақ дәл мынадай ғажайыпты көрмегенін айтып басын шайқады. Мына «жаңалықты» көріп, басқаны қайдам, дәл мына мен өзімнен өзім қатты ұялдым. Біздің соншалықты түк көрмеген бейшаралығымызға я жыларымды, я күлерімді білмей ызаға булыққаным-ай. Бір ғана ескерткішінің сан ғасырлық тарихы бар мәдениеті озық елдердің кереметтерін өз көзімізбен көрсек, не болар екен. (Әлемдегі жеті керемет туралы жақ ашпай-ақ қоялық). Бұл дегеніңіз туғалы көрме, галерея, опера-балет секілді мәдениет ошақтарына ғұмырында бір рет бас сұқпаған жанның таңданысы ғой. «Қазақстан» ұлттық арнасы жақсы бір деректі фильм беріп еді. Сонда өнері тасыған елдің кезекті бір тапқыштық қасиетін көрсетті. Кәдімгі азан-қазан сапырылысқан адамның арасында шаштараз үлкен жәшіктен құрал-сайманын алып, өнерін ортаға салды. Кәдуілгі ине-жіппен ұзын шашты өткен ғасырлардың үлгісімен сәндейді екен. Қазіргі тілмен айтқанда, «прическа» жасайды. Бір де бір замануи құрал пайдаланылмайды. Тіпті тарақ та қолданбады. Міне, таңданатын, тамсанатын жағдай. Өнертапқыш. Ал, тірі мүсін, қаланың жаңаруы дегендерден мұндай өнертапқышы бар елдер атам заманында өтіп кеткен. Жас баланың концертінде болдым. Әнші кештің думанды өткенін қаласа керек, циркачты шақырыпты. Күшік пен маймыл ертіп шыққан ағамыз Қытайдан келіпті. Әлгі жануралардың көрінуі мұң екен, залдың іші ию-қию шуға айналды. Көрермендердің дені жастар-тұғын. Қандас қытайлық дәнеңе де көрсетпеді, Республика сарайын әлде тойхана, әлде ресторанмен шатыстырды білем, микрофонды қолға алып, кеңінен көсілді. Сонша көсілгенде, бар ұққанымыз – қолындағы күшігі мен Ләйла атты маймылы концерт иесінің орындауындағы әнге билеп, бір жерден жүлдеге ие бопты. Шамасы, жас әншіге жүлде үшін ризашылығын білдіруге келсе керек. Күшігіне биле деп ымдап, онысы екі аяғын көтеріп бір айналып еді, залдағылар ішегін тартып өле жаздады әлгі жерде. Бейне бір ақырған арыстанды от жалынынан секіртіп, тісі ақсиған аюды су тасытқаннан кем қабылдамады. Құдай-ай десеңші, сонда біз баламызды циркке де апармайды екенбіз ғой.
P.S. Бүгінде Алматыдағы мәдени ошақтың көшбасшысы – Республика Сарайы. Эстрадашылар Абай атындағы опера-балет театрына да ақырын-ақырын «ауыз салып жатыр».
Назым Перне