Кенен мен Нұрғиса

0_4_-min.jpg


Республикамыздың му­зы­ка өнерін дамытуға зор үлес қос­қан Нұр­ғиса Тілендиев творчествосы сан қырлы. Оның шығармалары ұлт­тық нақышымен, халықтық сипа­тының қуаттылығымен му­зы­­ка сүйер қауымға етене жақын. Әрбір әнсүйер жан­ның рухани азығына айнал­ған Нұр­ғиса Тілен­диев менің әкем – ақын, әнші, сазгер Кенен Әзір­баевқа жиен бо­лып келеді. Ол кісі атам­ды «көке» дейтін, көке­леп сә­лем беріп, жиі келіп тұра­тын.

– Сенің бүкіл өн бойың – музыка. Оның үстіне сол дарын­дылықты біліммен ұштастырдың. Тек соған ие болшы, шырағым, – деп атам Нұрғисаға ақыл айтса, Нұрғиса аға: «Сазгермін деп жүргендердің бәрінің де, менің де шығармаларымның ішінде Сіздің, Сіз сияқты халық өнерпаз­дары­ның музыкаларының сазы бар. Сіздің шығармаларыңыз нағыз халықтық», – деп бірін-бірі көтер­мелеп отыратын еді.

 Нұрғиса аға өзінің Кенен көкесімен тұңғыш қалай кездескенін жырдай қып үнемі есіне алып отыратын.

– Сонау 1953 жылдың мамыр айында қазақ­тың белгілі киелі сазгері, аяулы ағам Бақытжан Байқадамов екеуіміз Кенен ауылын бетке алып арнайы жолға шықтық. Жолай Бақаңа (Б.Байқа­дамовқа) «Егер қария мені сұрастыра қалса, аты-жөнімді айтудан бұрын, әкемнің сарын-тәсілімен бір күй орындап берейін, таныр ма екен», – деп өтіндім. Солай келі­сім жасадық та, түске таман Кенекеңнің үйіне келіп түстік. Көкем сергек күйде екен. Біз­дерді, әсіресе, ескі танысы Бақаң ағаны бауы­рына қысып, маңдайынан сүйіп, қуана қарсы алды. Жайғасып болған соң біз жол бойы «тон пішіп» келгеніміздей-ақ «Өзіңді жақсы біле­мін, ал енді мына жігітті таныстыра отыр, Бақыт­жан», – деді.

– Бұл балаңыз менің шәкіртім еді, – деді де қойды Бақаң.

– Жөн-жөн. Ал Бақытжан шырағым, өзің не бітіріп жатырсың, жаңа әндер бар ма?

Бақытжан аға таяуда шығарған әндері жайлы әңгімелеп, кейбірін орындап та берді.

Кенекең де біраз жаңа әндерін айтып отырды. Мені шыдамсыздандырып отырған талай-талай радиодан естіп жүрген «Көкшолақ», «Бозторғай» әндерін өз аузынан есту еді. Бақаңа сыбырлап соны айттым.

– Кенеке, ілгерідегі «Көкшолақ» деген әні­ңізді айтыңызшы, сағынып қалдық. Мына бала­ңыз да сол әнді естігісі келіп, мені түрткілеп отыр, – деді. Әлгінде ғана байсалды отырған Ке­некең «Көкшо­лақты» салған сәттен-ақ «жанын жұлып жеген» әртіске айналды да кетті. Екі көзін тарс жұмып, алға қарай итініп алды да, ащы дауысын созып жөнеп берді. Содан әннің қайырмасына келгенде төрт аяқтап тұрып қалған қыршаңқы «Көкшола­ғын» бас көзге қамшылағандай, күрек­тей салалы алақанымен біресе  домбыра­ның шанағын, біресе тізесін сабалап, әлекке түсті де кетті. Бейне көрпешенің үстінде емес, баяғы ашамай ер салған шолақ, құйрық көк дөненнің үстінде отырған сияқты. Қайырманың бебеу қаққан жолдарын төгіп-төгіп келіп «кедейлік» деп, түйіп тастайтын тұста «ah» ұрады, көкірек тереңінен арман ақтары­лады. Делебем қозып, өзімді-өзім ұстай алмай кеттім. Алақа­ным қышып, жүрегім өрекпіп, денем­дегі қан атаулы ыршып ойнап, құмарлық-құштарлық жүйкелерімді қытықтап, ертерек домбыра қолыма тисе екен деп дегбірім кетіп, тықыршып отырдым. Көкем әнін аяқтап, домбы­раны іргеге сүйей бергенде, оны қағып алуым да сондықтан болса керек. Менің көңіл-күйімді манадан бағып отырған сезімтал Бақытжан аға да «Ал ендігі кезек сенікі, аянбай төк өнеріңді» деген­дей, басын изеп қалды. Сол сол-ақ екен, әлгін­дегі Кенекең бойындағы «жын» менің бойыма көшкендей күйге түстім. Өнерге шын берілген адам кейде өзін-өзі ұмытып та кетеді. Мен өз әкемнің «Аққу» күйін орындап кеттім. Әкем көрші қырғыз елінің шебер қобызшылары сияқ­ты қолын сан-саққа жүгіртіп, домбыраны шерт­кенде шыр көбелек айналдырып, бүкіл денесінде домбыраға жанаспайтын жер қалмайтын. Қыза-қыза келгенде оң аяқтың башпайларымен дом­быра ішектерін қағып, оң қолының саусақтарын демалдырып алатын. Сол асыл әкеден жұққан өнерді өзім аса риза болып отырған Кенекемнің алдында аямай-ақ төксем керек.

 Күйді аяқтап, тарс жұмған көзімді ашып, жан-жағыма қарасам — ғажап, көзіне жас алып, бетіме бажырайып қарап қалған Кенекемді, көкемді көрдім. Әлден уақытта есін жинағандай «Сен, сен Тілекемнің, Тілендінің баласы емеспі­сің, мына күйің Тілекем жарықтықты тірілтіп жібергендей болды ғой», – деп бас салып құшақ­тай алды. Менің көкірегімдегі әкеме деген сағы­ныш сазы көмейіме келіп кептеліп, көзімнен жас болып тамшылап кетті де, үнім шықпай қалды.

– Дұрыс таныдыңыз Кенеке, бұл Нұрғиса деген балаңыз, өзіңіз айтып отырған Тілендінің ұлы. Мәскеу консерваториясын бітірген. Қазір Құрманғазы атындағы оркестрді басқарып жүр. Халыққа  белгілі бола бастаған жас сазгер, күйші, – деді Бақытжан аға. Мен «көке» деп, Кене­кеңнің қайта құшағына ендім.

– Жиенім менің, еркем менің, Тілендімнің жалғыз ұлы Мәскеуде оқып жатыр дегенді естіп едім. Қайран Тілекем-ай, күйдің дүлдүлі еді ғой. Байсеркенің бар өнері қонған күйші еді ол. Сен өлген жоқсың, Тілеке, сен тірісің енді, – деп әкем жайында, Байсерке туралы әңгіменің көбесін де ағытты-ай келіп, жарықтық.

Міне, осы күннен бастап Кенекем мені әкемдей еркелетті, «еркем менің, жиенім» деп басына көтерді. Ал мен көкемнің осы дүниеде алдынан қия басқан емеспін, қалтқысыз сүйдім, сыйлап өттім, – деп еске алатын еді Нұрғиса аға.

Қос өнер дүлдүлінің жарасымды сыйластық­тары мені әрдайым тәнті етуші еді. 1963 жылдың жазы. Нұрғиса аға қасында тағы да Бақытжан Байқадамов бар, атама сәлем бере келіпті. Атам қайтамыз дегендеріне қарамай, жібермеді. Өңшең өнер адамдарының әңгімелері жарасып, тама­ша бір отырыс болды. Бақытжан аға бір сөзінде «Осы бәріміз Жамбыл атаның өнеріне сөзсіз бас иеміз ғой, дегенмен де, Сіз де барлық жағынан ол кісіден кем емессіз-ақ», – деп қалды. Дегені сол еді, Нұрғиса ағаның қаны басына бір-ақ шықпасы бар ма. «Сіз неге Жамбылға тіл тигізесіз? Жамбылды түсіну үшін, шығармала­рын түсініп оқу керек…», – деп дауыс көтеріп, шатақ шығармақ болды. Атам Нұрғисаға ұрсып, әрең басты. Бақытжан аға ыңғайсызданып, атамнан қайта-қайта кешірім сұрап, мазасыз­данды да қалды. Сондағы атамның екеуіне «Шырақтарым, біздің түбімізге жететін осы бөлініс. Жүзге, руға бөлінуді қоймасақ, ел болып қазақ болып жетіспейміз. Басқаларға күлкі-мазақ болып, тоз-тозымыз шығып кетуіміз мүм­кін. Тағы да бір сендерден сұрарым, ешуақытта мені Абай мен Жамбылдың алдына шығарып бағалаушы болмаңдар. Ол мен үшін күнә», – дегені бүгінгідей есімде.

Сол атамның ерке жиені Нұрғиса аға әкем өлгенде қасында халықтың сүйікті әншісі Нұрғали Нүсіпжанов бар, «көкешім» деп жоқтап, көпке дейін жылап, әрең басылды. Апама келіп «Жеңеше, маған көкемнен теберік бер. Жыртыс-пыртысыңның  керегі жоқ, маған тек дамбалын бер», – деп қойсашы. «Ұят емес пе, жаңасы жоқ, ескісі сарғайып кеткен. Кішкене қоя тұршы, кісі аяғы басылсын, сонан соң тауып берейін», – деген анамның сөзіне құлақ аспай мазалай берді. Апам қаттаулы тұрған ескі киімдерінің ішінен ұзын ғып тігілген ақ дамбалды Нұрғисаға алып бергені сол еді, аға қағып алып бетіне басып, иіскеп-иіскеп алды да, қойнына тығып алып жүріп кетті. Сонда Нұрғиса ағамның артынан қарап тұрған менің ойыма әкемнің «Нұрғисаның бойында өзгелерде кездесе бермейтін мінез бар. Ол арқалы адам. Егер ол момақан, сыпайы, салмақты болса, мүмкін, одан мұншалықты өнер шығар ма еді, шықпас па еді, кім білсін?», – дегені ойыма орала берді…

2005 жылы Нұрғиса ағаның туғанына 80 жыл толуына орай оның өскен жері Жамбыл ауданы болғанымен, туған жері Іле ауданындағы Шиліке­мер ауылына Н.Тілендиевтің есімі берілген еді. Тойға ағаның аяулы жары Дариға бастап Нұрғи­са­ның көзін көрген біраз азаматтар қатысып, өздерінің жүрекжарды естелік, арнауларын айтып, көпшіліктің алғысын алған болатын.

Артына мол мұра қалдырған Нұрғиса ағаның әндері мен күйлерін жастар орындағанда қуаныш­тан, сағыныштан көңілің толқып, көзіңе жас келеді екен. Үйге келе ағаның 1972 жылы маған сыйлаған «Алатау» атты әндері мен романс­тар жинағын алып, ондағы «Менің ардақ­ты нағашым Кенекемңің қызы, менің карында­сым Төрткенге, інім Балпық бабамның тұқымы Тасығанға» деп қол қойған қолтаңбасын оқып, кітапты кеудеме басып, ұзақ отырыппын.

Ал менің мына суретті жіберіп отырғаным, 2009 жылдың қараша айында Тараз қаласының драма театрында Кенен Әзірбаевтың 125 жылдық мерейтойына арналған республикалық ақындар айтысы өтті. Театрда ақын шығармашылығына арнал­ған көрме ұйымдастырылған екен. Сол көрмеден осы суретті көргенде қатты қуандым, өйткені қаншама келіп жүріп, Нұраға Кенен көке­сімен неге суретке түспеді екен деп өкінуші едім. Дереу сол жерде жүрген қызметкерлерден (аты-жөнін ұмытыппын) жасатып беруін өтіндім. Қа­шан түскендері де жазылмаған. Меніңше, 1960–1965 жылдар аралығында түскен болулары керек. Қалай десек те, бір ғана суретте қазақ өнерінің қос жүйрігінің әке мен баладай жара­сым тапқан ғибратын көруге болады. Көзден кетсе де көңілден кетпейтін қос тұлға жайлы қалай айтсақ та тауыса алмасымыз ақиқат. Бұл мақала Нұр­ағаң мен әкеме деген сағыныштан туған сезім.

 

Төрткен КЕНЕНҚЫЗЫ,

ҚР-ның мәдениет қайраткері,

ардагер, ұстаз.

Алматы Ақшамы

 


Ұқсас тақырыптар