Қытайдағы «экстремизм мен терроризмге қарсы күрес» науқанының бір шеті еліміздегі университеттерде оқып жатқан студенттерге де таяқ болып тиіп жатыр. Бұл жөнінде газет редакциясына хабар жолдаған азаматтар дабыл қағуда. «Қазақстанда оқып жүрген студенттер каникулда Қытайдағы туған-туыстарына барып, кері қарай қайта алмай жатқаны аздай, өзіміздің кейбір университет басшыларының әрекеттері осында қалған студенттер үшін жығылғанға жұдырық болуда» дейді редакцияға хабар салушылар.
Бірден айту керек, біздің журналистер жинақтаған мәліметтерге ден қойсақ, қалыптасқан жағдайды шешуге қазақстандық биліктің, әсіресе Сыртқы істер министрлігінің, Білім және ғылым министрлігінің шұғыл араласу қажеттігі туындайды.
«Жағдай былтырдан бері қиындап тұр, – дейді Гүлнұр ТӘЛІМ (Алматы облысы). – Қазақстанда оқуға қабылданған студенттер қысқы каникулға әдеттегідей үйлеріне барған кезде оларға түрлі айыптар тағылған. Алғашында «уатсапқа шықтыңдар», одан қалса, «уақытында келіп, құжат өткізбедіңдер» деген сылтаулармен Қазақстанда оқитын студенттерді кері қайтармай жатыр».
«Қытайға кетіп, кері орала алмай отырған студенттердің саны туралы сізде мәліметтер бар ма?» – деген біздің сауалымызға Гүлнұр Тәлім былай деді:
«Мен танитын, Қазақстанда оқитын 35 студент оқуларын қайта жалғастыра алмай отыр. Олар Павлодар, Петропавл, Атырау, Шымкент, Қызылорда қалаларында оқыған студенттер. Олардың 20 шақтысы дайындық курстарының студенттері. Қалғандарының мамандықтары әртүрлі: математика, география секілді пәндерді оқып жатқан балалар. Көбі тегін, мемлекеттік грант есебінен оқиды. Университет басшылықтары әйтеуір емтиханға дейін келсеңдер болды деп отырғанымен, ол студенттердің Қазақстанға оралып, оқуларын жалғастыруы екіталай. Өйткені көбінен хабар жоқ. Кейбірінің әке-шешесі балаларын қайда алып кеткендерін де білмейді. Олар әке-шешесімен де хабарласа алмай қалған. Ал балаларын іздейін десе, өздерінің жағдайы қиынға түсетін болған. Сөйтіп қорқып отыр. Мен қолымнан келгенше әрекеттер жасап, студенттерге қатысты мәліметтерді анықтап шықтым.
Өзім Қазақстанда оқығандықтан, Қытайдан келген студенттерге жол нұсқап отыратынмын. Жаңағы студенттердің көбі дайындық курстарына түсіп, менімен байланысып тұрды. Каникулға шыққан кезде де маған хабарласып, Қытайға кетіп бара жатқандарын айтты. Мен сол кезде ескерткенмін, «қазір жағдай қиын болып тұр, қысқы каникулға бармай-ақ, Қазақстанда қала беріңдер» деп. Бірақ көбі бой бермей, үйлеріне кетіп қалды. Әрине, әлі жас балалар ғой, ата-аналарын сағынған шығар.
Осы 35 студенттің бес алтауы іс-түзсіз кеткен. Қалғандарының құжаттарын Қытайдың құзырлы орындары тартып алып, кері жібермей жатыр. Мен осы балалар оқитын жоғары оқу орындарының ректорларына: «Сіздер Білім министрлігіне Қытайға кеткен студенттерді қайтару жөнінде хат жазыңыздар, біздер де бір жақтарыңызға шығысамыз», – деп өтіндім. Бірақ, өкінішке қарай, олар үнсіз отыр.
Осы жағдайдан шығу жолдарының бірі ретінде Қазақстан мемлекеті Қытайдан келген қазақ студенттерінің азаматтық алуына көмек көрсетсе деймін. Азаматтық алар кездегі бюрократиялық мәселелерді қысқартса, оларға жеңілдіктер жасалса деген ұсынысым бар».
Ал «Жібек жолы – бауырластар» қоғамы бірлестігінің төрайымы Әлия ТАЗАБЕКОВА (Атырау қаласы) редакцияға мынадай жағдайды хабарлады:
«Мен Қазақстан азаматымын. 1997 жылдан 2016 жылға дейін Атырау мұнай және газ институтында жұмыс жасадым. 2015 жылы институтқа оқуға Қытайдан жүз қазақ баласын шақырып әкелдім. Оның сексені – ұл, жиырмасы – қыз бала болды. Сол кездегі институт басшылығы осы студенттер үшін үлкен жеңілдіктер қарастырған еді. Бастапқы кезде студенттердің оқу ақысына 25 пайыз жеңілдік жасалып, бәрі тегін жатақханамен қамтамасыз етілді. Өкіншке қарай, институт басшылығы ауысқаннан кейін, оқу орнының бұл жеңілдігі көпке созылмады.
Студенттер бірінші семестрді бітіріп, каникулға барып келгеннен кейін, жаңадан келген басшылық 25 пайыз жеңілдікті бермей қойды. Содан мен Атырау облысы әкімінің сол кездегі орынбасары Шыңғыс Мұқан мырзаның қабылдауына кіріп, бүкіл жағдайды түсіндіріп, оның араласуымен жеңілдікті қайтадан қалпына келтірдік.
Содан бірінші курсты балалар жақсы аяқтап бітірді. Жазғы каникулға үйлеріне қайтты. Бірақ мен жазғы демалыстан соң, тамыз айында жұмысқа қайта келгенімде, маған сіз басқа жұмысқа ауысыңыз деген талап қойды. Менің облыс басшылығына кіріп, шағым жасағаным оқу орнының басшылығына ұнамаған болуы керек.
Сөйтіп, өз еркіммен арыз жазып, жұмыстан шығып кеттім. Содан 2017 жылы «Жібек жолы – бауырластар» қоғамдық бірлестігін ашып, балалар каникулдан келгеннен кейін, Қазақстанда қалғысы келген 50 студентке «Ықтияр хат» алып бердім. Олар менің үйімде тіркеуде тұр. Осы балалардың ішінен 23 бала Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға өтініш беріп қойды.
Ендігі бір қиын мәселе – арада жыл өткен соң, жеңілдіктердің қайта алынып тасталуы болды. Студенттер ҚР президентінің атына хат жазып, шулап жүріп, 2-курста жеңілдіктерін қайта алды.
Бірақ университет басшылығы студенттерден ақшаны басқа жолмен алуға көшкен сияқты. Биыл 3-курстың жазғы семестрінде емтихандарды компьютермен тапсыртқызып, 27 баланы емтиханнан құлатты. Енді емтиханды қайта тапсыру үшін, студенттер «кредит» төлеуі тиіс.
Студенттердің емтиханды компьютермен тапсыра алмау себебі – біздегі компьютерлік бағдарламалардың бәрі орысша ашылады. Қытайдың қазақтары орысша білмейді. Сол себепті алдындағы компьютерлерімен дұрыс жұмыс істей алмаған. Бұған қоса, емтихан тапсырудың шектеулі уақыты тағы бар. Сондықтан жауаптарын беріп үлгере алмаған.
Қазір бір баланың мойнында ең кемі 220 мың теңге кредит жазылып қойған. Ал оқу құнының бір жылдық төлемақысы 347 мың теңге, бұл 25 пайыз жеңілдікті алып тастаған кездегі төлемақы. Бір қызығы – кейін емтиханды ауызша алған кезде балалардың бәрі сүрінбей өткен.
Студенттер каникулдан кейін жатақханаға келсе, оларды кіргізбеген. Енді жатақханаға ақша төлейсіңдер деген талап қойған. Содан балалардың біразы жатақханаға төлейтін ақша тапқанға дейін менің үйімде тұрып келді. О баста, студенттерді оқуға шықырғанда, жатақханаға ақша төлеу деген мәселе жоқ еді. Бұл балаларды алдап әкеліп оқытып жатқан сияқты болып тұрмыз. Менің сұрарым – Қытайдан келген қазақ студенттерге 25 пайыз жеңілдік жасап, емтихандарын кейін тапсырса да, ақы алмаса екен деген өтінішім бар. Өйткені қазір Қытайдағы жағдай өте күрделі. Ата-аналарымен байланыса алмай, үйлерінен ақша ала алмай отырған балалар емтиханның кредитін қалай төлейді?!» – дейді жанашыр жанайқайын жеткізген Әлия Тазабекова ханым.
Ал қоғам белсендісі Қыдырәлі ОРАЗҰЛЫ редакцияға мына жағдайды хабарлады: «Сәуір айының 9 күні Қытай елшілігінің өкілдері Тараз қаласындағы Хайдар Дулати атындағы мемлекеттік университетте оқып жатқан Қытайдан келген студенттермен кездесу өткізеді деген хабарды естіген соң, сол жиынға қатысып қайттық. Себебі қазіргі Қытайдағы жағдайға байланысты студенттер қатты қорқып қалған. Сол себепті олардың не мақсатпен, студенттерге не айтатынын білгіміз келді.
Түске таман елшіліктің екі адамы келіп, университеттің жиналыс залында проректор, декандар және студенттердің қатысуымен жиын өткізді. Олар жиналысты бастап, Қытайдан келген студенттерге: «Қытай өкіметі сендерге шетелде оқуға мүмкіндік беретін жағдай жасап берді. Сендер Қытай өкіметіне қарыздарсыңдар, осыдан қайтқаннан кейін, отанға барып қызмет етіңдер. Қытай өкіметі сендерден үлкен үміт күтеді. Сендер қытай тілінен ажырап қалыпсыңдар, қытай тілін бірінші орынға қойып оқыңдар. Өйткені қытай тілі әлем тіліне айналады. Болашақта Қытайға барсаңдар, ең жоғарғы жалақымен жұмыс істейтін боласыңдар. Біз сендерді қайда жүрсеңдер де қамқорлықққа аламыз. Алматы мен Астанада біздің елшілік пен консулдық бар. Ол сендердің өз үйлерің. Қандай да бір қиыншылық туса, сол үйлеріңе барсаңдар, біз сендерді құшақ жая қарсы аламыз», – деген сөздерін айтып, Қытайдан келген қазақтарға арналған кітапшаларын таратты.
Қорқып қалған студенттерге: «Сендерде қандай сұрақ бар?» – деп еді, ешкім үндемеді. Жаутаңдап маған қараған соң, мен оларға өз сауалымды қойдым: «Сіздер өте қамқоршы екенсіздер, отанға қайтыңдар, барлық жағдайларыңды жасаймыз деп отырсыздар. Алайда каникулда үйлеріне барып келеміз деген 41 студент ұсталып, енді оқуларын жалғастыра алмай отыр. Көбі түрмеде. Сіздер осы жағдайды білесіздер ме? Сіздер қазір келіп отырған осы университеттің өзінен 10 студент Қытайдан шыға алмай отыр. Осыны естіп, біліп отырған алдарыңызда отырған студенттер жазғы каникулда үйлеріне қайтуға қорқып отыр. Осы мәселені неге шешпедіңіздер, жалпы осы жағдай жөнінде не айтасыздар?» – деп едім, «Бізге сол студенттердің тізімін беріңіз, біз жағдайды тексеріп, анықтаймыз», – деп жауап берді.
Тағы да қосымша қойған ыңғайсыз сұрақтарыма Қытай өкілдері: «Бұл мәселені жеке талқылайық», – деген ұсыныс жасап, жиналысты бітірді. Бір қызығы – Қытай елшілігі өкілдерінің жанында еліміздің Сыртқы істер министрлігі қызметкерлерінің біреуі де болмады. Өздері жеке көліктерімен жүр. Менің білуімше, елшілік өкілдіктері өз бетінше мұндай әрекеттер жасай алмайды, олар министрліктен рұқсат алуы керек. Ал бұлар емін-еркін біздің университеттерде өздерінің идеологиялық насихат жұмыстарын жүргізіп отыр» – дейді Қыдырәлі Оразұлы.
Азамат ШОРМАНХАНҰЛЫ,
«Dат» газеті
• PЕДАКЦИЯДАН: Біз ҚР үкіметі, оның ішінде әсіресе Сыртқы істер министрлігі мен Білім және ғылым министрлігі тарапынан жоғарыда айтылған жағдайлардың мән-жайын анықтап, газет оқырмандарына егжей-тегжейлі жауап берулерін сұраймыз. Өз ата-мекенінде – білім алу мүмкіндігінен қағылған, Қытайда – қыспақ пен қудалауға ұшыраған қазақ жастарының қасіретке пара-пар жағдайына бей-жай қарауға болмайды деп есептейміз.