Ғаділет жолындағы қасірет

желто0сан 1.jpg

1986 жылғы желтоқсан оқиғалары жөніндегі оқырмандардың назарына ұсынылып отырылған бұл деректі хикаят сексенінші жылдардың аяғында қолжазба түрінде болған еді. Сол кезде тың көзбен айқын көрілген, бірақ, баспасөз бетінде жарияланбаған және жыл өткен сайын көмескіленіп, ұмытыла бастаған оқиғаларды оқырмандарға неғұрлым алғашқы күйінде жеткізу, оң немесе теріс әрекеттерге қатысы болған лауазым адамдарының кім екенін көрсету, сөйтіп, еліміздің тарихында бұл оқиға жөнінде шындықты қалтыруға тырысу – менің мақсатым. Ащы шындықты сол күйінде бүркемелемей айту кейбіреулерге ұнамауы да мүмкін. Бірақ, көңілге қарап, ақиқаттан ауытқу тарихты бұрмалаумен бірдей болар еді. 

Алматыдағы және республиканың бірқатар қалаларындағы 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы – жиырмасыншы ғасырдың ішіндегі ерекше есте қалатын кезең. Ол жарқ етіп өте шықса да, қазақ ұлты тарихында бүтіндей бір құбылыс болып қалды. Атақты Желтоқсандықтармен замандас болғанымды мен өз өмірімнің ең жарқын сәті деп санаймын. 

Сол жылы мен «Қазақстан» кітап баспасында редактор едім. Дербес зейнеткерлікке шыққан кезім болатын. Орталық алаңдағы кітап дүкенінде жиі болып тұрдым. 17 желтоқсан күні таңертеңгі сағат тоғыздың кезінде «Жалын» дүкеніне келгенімде, алаңда топ-топ болып жүрген көптеген жастарды көрдім. Олар орталық трибуна алдынан салтанатпен өтіп жатты. Қолдарында Лениннің портреті, 5-6 плакат, ұрандар бар. Мен журналистік әдетпен олардың мазмұнын білгім келіп, әдейі барлығын көріп, оқып шығуға тырыстым. Ұрандарда былай деп жазылған: «Әрбір халықтың өз көсемі болсын», «Біз күшпен емес, өз еркімізбен қосылғымыз келеді», «Ешбір ұлтқа артықшылық берілмесін», «Қазақстан жасасын», «Бірінші хатшы орыс емес, қазақ болсын». 

Сағат онның кезінде кітап дүкенінен шықсам, алаңда су шәшіп жүрген екі-үш машинаны көрдім. Суық су шәшіп желтоқсанның аязында жастарды малшындырып жатқанын көргенде, бұл жәй «мереке» емес, қайдағы бір сұрқия уақиға екенін сездім. Сол минутта менің қасымда Жабайхан Абдильдин де тұрды. Ол алаңдағы көрініске үрейленіп, тынышсызданып, суға малшынған балаларды аяп, не нәрсе екенін тез білгісі келуге асыққандай, жедел басып кетіп қалды. Мен сол алаңға қарап тұра беріппін. Осы кезден бастап, оқиғаның ізіне түсіп, бақылауға кірістім. 

Өрт сөндіретін машиналардың оқпандарынан атылған судан қашқан жастар бәрібір, тарап кетпей, алаңның Фурманов көшесі жағына жиналды. Содан Абай даңғылының бойымен жүріп, Ленин даңғылымен төмен түсіп, Совет көшесіне дейін барып, Абай атындағы пединституттың алдына барып тоқтады. Осы институттың студенттері қосылды. КазПИ-дың ректоры шығып, бұдан әрі қарай ешқайда бармауға, үйді-үйлеріне тарауға шақырды. Бірақ, студенттер ешкімді тыңдайтындай жағдайда емес ді. 

Осыдан кейін колоннаның қатары көбейіп, Совет көшесінен К.Маркс көшесіне дейін барып, одан төмен түсіп, Горький көшесінің бойымен Сейфуллин даңғылына келіп, Гоголь көшесінің бойымен жүріп отырып, Алматының Қыздар педагогикалық институтының жатақханасының алдына келіп тоқтады. Колоннаға көптеген студент қыздар қосылды. 

Қыздармен амандасып-шуласып, колонна Космонавтар көшесінің бойымен көтеріліп, Сәтпаев көшесіне дейін барып, сағат екінің шамасында Брежнев атындағы орталық алаңға қайтып оралды. Таңертең машинамен су шашқанда шамасы 300-дей жастар болса, енді оның саны 2000-нан асты деуге болады. 

х х х

Қолға қалам алып, осы оқиға жөнінде жазуға себеп болған 1989 жылы 16 қараша күні «Известия» газетінде жарияланған «Одақтас республикалардың Жоғарғы советтерінің сессияларында» деген кішкентай хабар болды.

желтоксан 2.jpg

Онда сол Желтоқсан оқиғаларын тексеру жөнінде Алматыда құрылған арнайы комиссия атынан ССРО Халық депутаты Мұхтар Шаханов хабарлама жасағаны, оған қарсы И.Еділбаев, Б.Исаев, Ғ.Елемесов, В.Ануфриев және басқалар сөйлеп, комиссияның тұжырымдары «біржақты», «негізсіз», «зиянды» дегендері айтылған. 

Әрине, әркімнің өз пікірін айтуға хақы бар. Бірақ, қайткен күнде де шындыққа жүгінуі керек. Осы тұрғыдан қарағанда жоғарыда берілген бағалардың өзі біржақты екенін жәй ғана айтып қоймай, оны дәлелдеу керек болды. «Известияда» айтылған бағаның өзі біржақты, көріне дұрыс емес екені маған бесенеден белгілі еді. Газет миллиондаған оқырмандар алдында Мұхтарға жала жауып, оның өз басы жөнінде теріс пікір таратып отырғанын сол оқиғаны басынан аяғына дейін білетін, оны тексеруге қатысқан мен айтпасам кім айтады деген қорытындыға келдім. Қолыма қалам алуыма басты себеп осы еді. 

Тағы бір себеп мынандай. Біздің баспасөзіміз көпшілік жағдайда оқиғаның өңін айналдырып жататыны былай тұрсын, бүкіл халыққа жала жауып, сол күндері қара бояуды аямай құйып жатты. Желтоқсан күндері кейбір журналистер газет-журнал беттерінде қазақ жастарын қаралау үшін шығармашылық жарысқа түсіп, көптеген одағай сөздерді іске қосты. Баспасөз бетінде «ұлтшылдық» деген атышулы саяси кінәдан басқа, парақорлық, дүниеқоңыздық, маскүнемдік, жерлестік, бейбастақтық, арамтамақтық, екіжүзділік, ірікөңілділік, мылжыңдық, мансапқорлық, азғындық, арсыздық деген сияқты қазақ интеллигенциясының атына кір келтіру үшін айтылған масқара сөздер қаптап кетті. Мұның көбін Орталық партия комитетінде отырған А.А.Устинов пен «Каз.Правданың» редакторы Ф.Игнатов ойлап тауып, әрбір мақалаға қолданып, қазақ жастарының мойнына таңба қылып іліп отырды.

Міне, осылардың бәрі сол кезде ызаңды келтірген. Тек іштен ыза кернеп, күресерге дәрмен жоқ дегендердің бірі мен өзім болған едім. Көрген-білгенімді қағаз бетіне түсіріп, бір кезде мүмкін айтармын деген ой да менде болған еді. 

Бірақ, сол өктемдік-әкімшілік дәуірдің жалыны аспанға шығып тұрған кездің өзінде де шындықты күбірлемей ашық айтқан әділдікке жақ болған азаматтар болды. Күллі баспасөз, мәдениет пен өнердің көптеген қайраткерлері өктем әкімдердің беделіне сыйынып, желтоқсан оқиғасын озбыр «ұлтшылдықтың» көрінісі деп жатқанда, жоқ, олай емес, шындық басқада деп қарсы шығу ілуде біреудің ақ қолынан келді. Қазақ жастарының ондай суырылып шыққан жанкүйерлері ең алдымен Серік Абдрахманов пен Михаил (Кәкім) Есеналиев болғанын сол кезде барлығымыз көрдік. Бұл қанды оқиғаға олар сол кезде-ақ өз бағасын беріп, жоғарыдағы әкімдерге қарама-қарсы өз пікірлерін айтып, дәлелдеген. Әділетсіздікті түйреп жазуға өткір қаламын қайраған журналистер Коммунар Табеевтің, Тұрсын Жұртпаевтың еңбектерін ұмытуға болмайды. Өктемдіктің тасы өрге қарай домалап тұрған кезде, оған кереғар өткір материалдар басып, өз позициясын айқын ұстаған «Қазақ әдебиеті» журналистерінің шарапатты істері бәріміздің есімізде. 

Дегенмен, олардың айтқандарынан өкімет жағы ешқандай қорытынды шығарған жоқ. Шыбын шаққандай да көрмеді. Олар өз нанымына ешкімді ыйландырып, соңдарынан еріте алмады. Жекелеген ызаланушы болып қала берді. Оның үстіне, олардың өздері де кейбір мәселелерде осалдық білдіріп отырды. «Ұлтшыл» деген жаман атқа қалудан сескеніп ақын Жұбан Молдағалиев «жастар үшін жан беруге дайынмын» десе де, сол кездегі басым идеология – «интернационализм» шеңберінен шыға алмай, ұлтшылдықпен күресіп, ол «сорақылықты» құрту керек дегенді айтты. Сүйтіп, сайып келгенде, ол «ұлтшылдарды» қуғындаудың қажеттігін негіздегендей болды. «Өткір» журналистердің өздері әділетсіздік жөнінде жалпы жазса да, кінәлі адамдарды кейінгі шахановтық кездегідей ашық айтудан, өктемдікке тура қарсы шығудан әлі алыс жатыр еді.

Осы сияқты толып жатқан дәйексіздіктер мен жалтақтықты тек Мұхтар Шахаов қана жеңіп шыға алды. Ол көтеріліске шыққан қазақ жастарының, бүкіл ұлт намысының қорғаушысы есебінде кульминациялық нүктеге көтеріліп, тарих сахнасына өңірін айқыра ашып, жарқырай шықты. 

Жастарға жақ болғандардың көбі оқиғаны тексерудің кейбір кезеңдерінде тиіп-қашпа көрініп қалып, «мен де көшті сүйрегенмін» дегендей, соның көлеңкесінде аз уақыт еріп жүріп, КГБ тұсынан қауып төнген кезде жоғалып кетіп отырды. Ауыр жүктің қамытын мойнына киіп, тар жол-тайғақта сүйретіп алға апарған Мұхтар Шаханов ғана болды. Өз басына түскен қауып-қатерге қарамастан, ол өктемдік режимге бетпе-бет қарсы шығып, кімнің кім екенін ашық айтты. Міне, енді қараңдар деп, істі әділ соттың алдына дейін апарды. Бұл жөнінде жеке әңгіме алда.

Адамзат тарихында көп уақиғалар өз кезінде тиісті бағасын ала алмай, ақиқаттық бағасын тіпті бірнеше ғасырдан кейін алып жатқан фактілер аз емес. Олардың оңы теріс, терісі оң болып саналып, ақиқат бұрмаланып келген жәйләр болған. Желтоқсан оқиғасы да соның керін құша жаздады. Егерде ол жөніндегі үзілді-кесілді баға сол кездегі жоғарғы өкіметтің шешіміне сәйкес беріліп, тарихта қалса, Желтоқсан оқиғасы кейінгі ұрпақтарға қазақ тарихындағы «қарабет ұлтшылдықтың» көрінісі ретінде жеткен болар еді. Бірақ, ол өзінің әділ бағасын кезінде алды. Қазақ халқының арасынан Мұхтар Шахановтай ұл табылып, ол билеуші топтар арасында берік қалыптасқан теріс пікірге жалғыз өзі қарсы шықты. Бұл ақыл мен батылдықтан туған «ессіздік» еді. Желтоқсан ұлтшылдықтың көрінісі емес, керісінше, қазақ халқының мақтанышы, намысы екенін дәлелдеді. Сол кездегі жоғарғы өкіметтің өзі кейін осындай шешім қабылдауға мәжбүр болды. Масқара болып, әшкереленген өкімет өзінің алғашқы қабылдаған қазақ «ұлтшылдығы» жөніндегі қаулыларын архивтен жоғалтып жіберген. 

1985 жылғы көктемнен бастап салтанатты түрде жарияланған, халқымыздың көңіліне ұялай бастаған еліміздегі қайтақұрудың мұраттары – демократизм, жариялылық, пікір таласы ахуалы, плюрализм, «не нәрсе заңға қайшы болмаса, соған рұқсат беріледі» деген жаңа тұжырымдарды ең алдымен жастар қабылдады. Бұл өзі тәбиғи нәрсе еді. Әдетте, аға ұрпақтың өкілдері әлі бұрынғы қалыптан аса алмай, ескі сананың шырмауында жүргенде, жастар алға қарай озып кетіп, тізгіні босаған сәйгүлік сияқты, өзінің екпінімен, албырттықпен кейбір кертартпа күштердің зәресін ұшырады. Бұл жолы дәл осылай болды. 

Осы жаңару рухына масаттанып, жастар үлкен үмітпен Алматының орталық алаңына шықты. Олардың ниеті – қоғамдағы болып жатқан жаңалықтарды қолдап, оның мұраттарын халық игілігі үшін пайдалануға қол жеткізу еді. 

17 желтоқсан күні басталған біртоп студент жастардың митингісі осындай ізгі ниеттен туған еді. Жергілікті үкімет орындары мен әкімдер оны қалай түсініп, қалай қарсы алатынын білмесе де, жастар бір нәрсенің күшіне кәміл сенді: ол елімізде басталған жариялылық пен демократия рухы болатын. 

желтоксан 3.jpg

Алаңдағы митингтің негізгі себебі – берілген сөз бостандығын пайдаланып, кадр мәселелерін шешудегі әділетсіздікке наразылық білдіру болды. Ал мұның нақты көрінісі Қазақстан компартиясы Орталық комитеті пленумының жұрттан жасырын жағдайда, 18 минуттың ішінде өтіп, онда елге бірінші басшылыққа сырттан біреуді «қапқа салып» әкеліп, жергілікті жұртпен ақылдаспай, алас-күлес сайлай салу фактісі еді. Өз халқына көп жылдар бойы еңбек сіңірген Д.А.Қонаевқа тым болмаса бір жылы сөз айтпай, қызыметтен қуып шығып, орнына Ресейден әкеп бір қуыршақты отырғыза салу елдің, ең алдымен сезімтал жастардың намысына тиді. Алайда бұл наразылық Колбиннің жеке басы орыс болғандықтан да емес, көбі республика тарихындағы өткендегі талай жағдайларға да байланысты еді. 

Сонау дәуірлерде сталиндік қуғын-сүргін халықтың басына орны толмас үлкен қайғы-қасірет әкелді. Қазақ халқының нелер тамаша ұлдары жантүршігерлік азап шегіп, олардың жалындап келе жатқан жас ғұмыры үзілді. Сол тұста қазақ елін басқарған сырттан келгендердің қайсыбірі еліміздің тағдырын елемей, келеңсіз қызыметімен халықты опындырғаны аз болған жоқ. Голощекиннің халықты аштыққа душар етіп, тоңмойын саясат жүргізіп, сары даланы өлік сасытқанын, Хрущевтың кең даланы шаңға айналдыруы мен «достық колбасасын», Брежневтың мансапқорлығы мен елді тығырыққа әкелгенін бүгінгі ұрпақ әлі ұмытқан жоқ-ты. «Халық келіп-кеткенді сыйламайды, қыйылып қызымет еткенді сыйлайды» деген аталы сөз тағы бар. Білімді жастар осының бәрін жадында тұтқан. Оларды алаңға алып шыққан да осы өмір сабағы. Бұл, кейін президентіміз Н.Назарбаев айтқандай, қазақ жастарынын ұлттық санасының көтерілгендігі еді.

х х х

…Брежнев атындағы (қазіргі Республика атындағы) алаң. Тек үкімет мүшелері ғана шығатын биік мінбеге кішкентай нәрестесін көтеріп Нүркенова деген әйел шығып, ешкімнен рұқсат сұрамай-ақ сөйлей бастады. Ол былайғы тұрғандарды өзімсініп, тіпті жақынсынып, өңкей еркектер әйелге жол берер дегендей әйелдік тәуелсіз сезіммен шықты. 

«Орысша білмейтін қазақтар, – деді ол, – жұмысқа орналаса алмайды. Қазақ жастарын қалаға тұрғылықты тіркемейді. Тұрғын үй бөлуде де әділдік жоқ». 

Нүркенова тағы бір сөзін бастағанша болмады, оның сөзін бөліп КГБ-ның қызыметкері қолтығынан алып, белгісіз жаққа апара жатты. Митингіге қатысушылар айқайлап, әйелді босатуды талап етті.

Жұрт ызаланып, шулап кетті. Дүрбелең осы әйелді мінбеден еріксіз алып кетуден басталды. Орталық партия комитетінің хатшысы Закаш Камалиденов: «Тараңдар, тараңдар!» деп, жұртты тыныштандырмақ болды. Республика прокуроры Г.Е.Елемесов, Ішкі істер министрі генерал-лейтенант Г.Н.Князевтар: «Сендерді қылмысқа тартамыз» деп, айқай салып жатты. Олардың сөзін тыңдаған ешкім болған жоқ. Себебі осындай митингтер жасау тіпті де қылмыс емес, олардың конституциялық құқы екенін барлығы да іштерінен біліп тұрды. 

Жоғары лауазымды адамдардан студенттер қазақша айтып түсіндіруді талап етті. Өздерінің ойын ана тілінде жеткізе алмай, жастардың санасына жол таба алмай, өкімет басшылары әуре болды. «Сендерді жазалаймыз» дегеннен басқа олардың аузына адам сықылды дұрыс жылы сөз түспеді. Әбден қор болған әкімдер жастарды тыныштандырудың «оңай» да «тиімді» жолын тапты. Сүйтіп, жиналғандарды өрт сөндіретін машиналардан су шашып қуа бастады. Желтоқсанның аязды күнінде лафеттік оқпандардан үстеріне мұздай су атқылаған адамдардың көңіл-күйі қандай болатыны белгілі. Шәшіраған су бізге де жетіп жатты. 

Сол бір желтоқсанда жастардың басына төнген қауып сағат сайын қоюлана түсті. Он жетісі күні түс ауа және екінші күні митингіге шығушылардың саны 14 мыңға жетті. Екінші күні жұмысшы жастар көбейді. Олардың арасында қазақтармен қатар орыстар да, ұйғырлар да, татарлар да, кәрістер де болды. 

Абай даңғылының бойымен, Гагарин көшесін кесіп өтіп, сонау микроаудандар жақтан қатар түзеп ағылған жастар орталыққа қарай бет алды. Олар сол маңайдағы өнеркәсіп орындары мен құрылыс мекемелерінен келе жатқандар еді. 

Бұл сәтте, сағат он бірдің кезінде мен Гагарин даңғылы бұрышындағы баспалар үйінің алдында тұр едім. Көптің ортасында бара жатқан бір жігіт сәлем берді. Сәлемін алып, мына ұзын колонна қайда барады деп сұрадым. Жауап берудің орнына ол жігіт: «Ой, ағай, оны сұрамаңыз, ертең бұдан да зорын көресіз» деп колоннаның шет жағында кетіп бара жатты. Жігіттің сөзіне қарағанда, осы көтеріліс алдын ала ұйымдастырылған сияқты көрінді. 

Орталыққа келіп, Коммунистік (қазіргі Абылайхан) даңғылындағы Пушкин атындағы кітапхананың жанына келсем, сегіз қатар тұрып ұзын колонна алаңға бет алып, көтеріліп келе жатты. Колоннаның шеті сонау «Балалар әлемі» дейтін дүкен жақтан, көз ұшында көрінді. Осынша көп адамдардың бір де бірінің қолында ешқандай қару болған жоқ еді. 

Абай даңғылының бойымен Фурманов көшесі жақтан да ұшы-қыйыры жоқ жастар колоннасы келе жатты. Екі колонна бір арнаға құйған өзендей, Мир (қазіргі Желтоқсан) көшесі мен «Абайдың» қыйылысында кездесіп араласып кетті. Олар алаңға өтпек болды, бірақ, өте алмады. 

Осы арада: «Бізге қазақ басшы керек» деген әйел адамның дауысы естілді. Қарасам, сол қыйылыстағы биік транспорант орнатылған тұғыр үстінде бір қазақ қызы қолын көтеріп, айқайлап сөйлеп тұр екен. Атын сұрай келсек, «Ләззәт деген қыз ғой» деді сонда келген жастардың бірі. Қазір ол қыздың кім екені, қайда жүргені белгісіз. Кейін ол қыз сотталғандардың ішінде кетуі де мүмкін. Егер осы жолдарды оқыған болса, ол өзі жөнінде білдірер деген үміттемін. Сол бір нәзік көркемше қыз сол биік қобдыйша тастың үстінде қолын сермеп тұрып, бірнеше патриоттық ұрандар тастады. Біз, бір топ «ашық ауыздар» оған қарап қатты риза болып, айналайынның өркені өссін деп, қатты риза болдық. 

Кітаптың осы жолдарын жазып болғаннан кейін 2004 жылғы мамыр айының 19 – 25 аралығында Алмалы аудандық сотында Ләззәт Асанованың Желтоқсан қасіретінде шәйіт болғанына күмән келтірген біреулердің шағымы қаралды. Сол қанды оқиғаның куәсі болған «Қазахфильмнің» кинорежиссеры Қалдыбай Абенов Ләззәтті желтоқсан күндері алаңда көргенін айтты. Қ.Абеновтың бұл көрсеткенін растап, ССРО және Қазақ республикасының халық әртісі Асанәлі Әшімов Алмалы аудандық сотының атына 24 мамырда «Мәлімдеме» жазып, онда былай деді: «Ләззат Асанованы Күләш Бәйсейітова көшесінде (алаңның қыйылысқан жерінде) Қалдыбай Абеновтың көрдім деп айтқанын растаймын».

7 бетке - Лаззат 2.jpg

Осы мәлімдемесінде Асанәлі Әшімов 1986 жылғы 17 – 25 желтоқсан күндері Мәскеуде болғанын айтады. Дәл сол күндері оның сыртынан, ұлықсатынсыз, желтоқсандықтарды сынаған үндеуге А.Әшімов те қол қойды деген әңгіме таратқан. Бұл келеңсіз іске Асекең осы күнге дейін ренжіп, оны қасиетсіздік деп атайды. Өкінішке қарай, осы кітаптың авторы, мен де сондай пікірде болған едім. («Замана сарыны» деген кітап, 133 бет). Қазір ақиқатты Асекеңнің өз аузынан естігеннен кейін, сол келеңсіз үндеуге сеніп қалғаным үшін ол кісіден кешірім сұраймын. 

18 желтоқсан күні тал түсте студенттер колоннасы ерекше бір салтанатпен, алаңда оларды біреу құшақ жая қарсы алатындай, көңілді келе жатты. Бірінші күні өрт сөндіретін машиналардан алаңда су шәшіп таратқанымен, екінші күні де солай бола бермес деп ойлаған студенттер, бұл жолы бейбіт демонстрацияны күштеп қумайтынына сеніп, арасында өлеңдер де айтып, өте көңілді болды. Кешегі күні су шашқаны үшін ызаланғандар да аз болған жоқ. Алаңда оларды резина шоқпармен, сапер күрегімен қарсы алады деген олардың ойларында да жоқ еді. 

Осы кезде қаладағы Тұрмыстық электр приборларын жасау, Киров атындағы зауыттарда темір өрліктер қыйып, дүре таяқтарын дайындап жатты. Бұл Колбиннін жұмысшы табын көтеру керек деген нұсқауын орындау жөніндегі шаралар еді. Сол таяқтардың соққысына ұшырайтынын, оларға қарсы тұру үшін жерде жатқан кез келген тасты, бір уыс қарды, ағаштың бұтағын қолдарына қару етіп алуға мәжбүр болатыны, «бейбастақтар» атанатынын митингішілер әлі білген жоқ-ты. Тап-таза киініп келе жатқан таза бойлары мұздай суға малшынып, бастары жарылып, белдері шойырылып, мылжа-мылжасы шығатыны, сөйтіп, тұздалған майшабақтай үйме-жүйме лақтырылып, милиция машиналарымен тасымалданатыны олардың үш ұйықтаса түсіне кірмеген. 

Осындай өң мен түстей халде 2400 «экстремист» милиция бөлімдеріне жеткізіліп, әңкір-мүңкірдің жауабына алынып, топ тобымен қапасқа қамала берді.

Қазақ ССР Жоғарғы сотының қылмысты істер жөніндегі сот коллегиясы Жоғарғы соттың мүшесі Е.Л.Грабарниктің төрағалық етуімен істі ашық мәжілісте қарап, Қ.Рысқұлбековты ең жоғары жазаға – атуға, Т.Ташеновты және Ж.Тайжұмаевты 15 жылға, Е.Көпесбаевты 4 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды.

Жастарды жан-жақты кінәләу үшін Ішкі істер бөлімі нешеме түрлі зұлымдық әрекеттер жасады. Алаңдағы жастарды маскүнем, нашақор етіп көрсету үшін милиция қызыметкерлері олардың қалтасына наша салып жіберетін болды. Алаңдағы кітап дүкенінің алдына үлкен жүк машинасы тоқтап, жақтауларын ашып тастап, жастарға тегін арақ үлестірді.

Алаңға шыққан жастарға соққы беру үшін, сол сияқты көшеде топталып жүрген қазақ қыздары мен жігіттерін «тәртіпке» шақыру үшін 10 мыңдай солдат пен әскери оқу орындарының курсанттары, 8 мыңнан астам жасақшылар шықты. Оларды «халық жасақшылары» деді. Таяқтан қашқан жастардың соңына иттер салынды. Овчарка ит жетектеген оншақты кинологтар болды. Қабаған ит салуды басқарған подполковник Рекун еді. 

Ал алаңдағы митингішілерге су шашатын машиналардың қолданылғаны жөнінде Алматы қалалық өрттен қорғау басқармасының бастығы Ә.Әбділманов былай дейді: «Сағат он бір кезінде мен алаңға келсем, Республика Ішкі істер министрінің орынбасары Б.А.Коряковцев сонда жүр екен. «Өрт машиналарын дайында» деген бұйрық алдым. Кешке жақын рация бойынша Орталық комитет үйінің жанына келуге әмір етілді. Онда ССРО Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары генерал полковник Елисов басқарған штаб орналасқан. Оның есебі бойынша алты машина керек болыпты. Біраздан кейін ол он машина қажет деді. Оны да аз деп, іле-шала 20 машина шақыру керек деп, жарлық берді. Барлық машиналар жиналып, лафетті оқпандардан су атқылай бастады».

желтоксан 5.jpg

Солдаттар мен курсанттар тарапынан митингішілерге қарсы сапер күректерін пайдаланғанын жоққа шығаруға тырысқан Мемлекеттік қауыпсіздік комитетінің төрағасы генера-майор В.М.Мирошник оны көпке дейін мойындамай келді. Бірақ, генералдың жазба түрде мұндай өтірік мәлімет бергенін сол курсанттардың өздері-ақ әшкерелеп, айтып берген. 

Маршал Коневтың атымен аталған Алматы командалық жоғары әскери училищесінің 1989 жылғы 31 қазандағы №104 анықтамасында әрбір курсанттың сапер күрегімен қаруланғанын училище бастықтары өздеріне мақтаныш ретінде жазған. Ал олардың жастарға қарсы пайдаланылғанын көп адамдардың жарасының түрі дәлелдейді. Жаралы болған көптеген студенттерде шапқылап кесілген, ішті, кеудені кесіп кеткен жаралар болған. 

ССРО Халық депутаттарының 1 съезінде Тбилиси қасіреті сөз болғанда генерал Радионов сапер күрегінің жұмсалмағанын соққыға жығылғандар арасында осындай жара алған адамдардың жоқтығымен дәлелдегісі келген. Ал, бүгін генерал Мирошник енді қандай дәлел келтіріп, ақталар екен?! Жастарды ұру үшін сапер күрегі қолданылғаны жөнінде көптеген куәлар да айтты.

Қазақстан Орталық партия комитетіне жолдаған хатында Қазақстан комсомолы Орталық комитетінің сол кездегі бірінші хатшысы Серік Абдрахманов былай деп жазды: «Мен өз басым және Никитин екеуіміз тіпті қарсылық жасамаған студенттердің өзін солдаттар күректің қырымен омыртқадан ұрғанын көзбен көрдік. Кейбір әскери қызыметкерлер қолға түскен адамын алқақотан ортаға алып, етіктерімен тепкіледі. Осының бәрі олардың командирлерінің көз алдында болды. Бірақ, олар бұған тыйым салмады. Мен бірнеше рет бұған араласып, солдаттарды тоқтаттым… Осы жөнінде Мирошникке телефонмен қабарлап, солдаттардың мұндай қаталдығын тоқтатуды сұрадым». 

Жан-тәнімен жастарға осындай араша тұрғаны үшін Серік Абдрахманов бірінші хатшылық қызыметінен босатылды. Әділдікті қаламайтын әміршілдік жүйенің зардабын шекті. Кейін Серік астананың қалалық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып тұрған кезде де, шенімді алып қояды деп қорықпай, Желтоқсан оқиғаларын тексеруге көмектесіп, әрдайым ақиқатқа жақ болып отырды.

Көшелерде жігіттер мен қыздарды итпен қуғанды көрген көптеген куәлар бар. Солардың ішінде Қазақ политехникалық институтының оқытушылары А.Бейсенова мен С.Құсаинов. 17-сі күні сағат 22 кезінде институттың қасында ЛАЗ машинасы тұрды. Одан бір-екі солдат секіріп түсіп, жетегіндегі тайыншадай иттерін біреуге қарай абалатты. Қараңғы көшеде шыңғырған қыздардың дауысы шықты. Иттің абалап қауып жатқаны естілді. Екінші бір факт: Алматы қалалық комсомол комитетінің қызыметкері Анета Тоқымбаева 18 желтоқсанда қараңғы түнде овчарка салған солдаттардан қашып әзер құтылған 4 қазақ қызын өз үйінде паналатқан.

Алматыдағы Қазақстан Республикалық Ауылшарушылығы институтының доценті Айбек Атыханов куәлік сөзінде былай деп жазып берді. 18-желтоқсанда қарулы бір бронемашина үлкен жылдамдықпен алаңдағы демонстранттарға қарсы шабуылға шықты. Үсінде пулеметі бар. 

Солдаттар институттың жатақханасына шабуыл жасады. №6 жатақханаға офицер бастатқан жиырма шақты солдаттар есікті еріксіз ашқызып кіріп, түнгі сағат 12-нің кезінде ұйықтап жатқан студенттерді резинка таяқпен ұра бастады. Балалардың кейбірі әйнектен секіруге мәжбүр болды. Бас-көз демей ұрып, үлкен қантөгіс болды. Балалар қол жуатын бөлмеге (туалетке) қандарын жууға жиналғанда симай кетті. Туалеттің ішінде көлкілдеген қан жатты. 

Республикалық халықтық бақылау комитетінің сол кездегі төрағасы Б.В.Исаев өктемдік саясатты жақтап, өз атынан жазған анықтамасында көтеріліске қатысқан жастарды күшпен басуды ешкім де жоғарыдан ұйымдастырған жоқ, жұмысшы табы өзі инициатива көтеріп, жастарға қарсы шықты, деп жазды. Мәселен, Тұрмымстық электроприборлар жасау және Электровагон жөндеу, Киров зауыттарының адамдары өздері темір өрліктер жасап, бастықтарынан рұқсат алмай қаруланып, көтерілісшілерді басуға өз еріктерімен алаңға шықты деп сандырақтады. Исаевтың қазақ жастарына қарсы арам ойы мен зұлымдығында шек болмады. Қалайша ол осы уақытқа дейін елді басқару қызыметінде болғаны таңқаларлық еді. Б.В.Исаев барып тұрған шовинист екеніне көп адамдардың сол кезде көзі жетті. Өмірде орыс шовинисі деген біреу болса, ол – Исаев. Қазір ол Павлодарда тағы да «беделділердің» бірі. 

Мұхтар Шаханов бастаған комиссияның тапсыруымен жекелеген кәсіпорындарында болып, шындықты анықтаған кезде, Исаев сияқтылардың айтқаны мүлде өтірік екені өзінен өзі көрініп отырды. Әрбір кәсіпорын қанша адамды қаруландырып алаңға жіберетіні жөнінде арнаулы разнарядкалар жасалып, кәсіпорын басшыларына қатаң тапсырма беріліп отырған.

Осындай ащы шындықтың бетін ашуға кейбір мекеме басшылары комиссияға көмектесті. Мәселен, сол кездегі Фрунзе аудандық партия комитетінің екінші хатшысы Александр Петрович Гончаров жастарға қарсы қаншама қару дайындалғаны жөнінде біздің комиссияға мәліметтер берді. Ұзындығы 50-60 сантиметрлік темір таяқтар жасалғанын айтып, соның біреуін әдейі кейін көрсету үшін сейфінде сақтап қойған жерінен алып көрсетті. Жастарға қарсы жасалған бұл әділетсіздіктің кейін бәрібір беті ашылатынына Александр Петрович толық сенген. Ол кісіге біз рахмет айттық. 

желтоксан 6.jpg

Партия қатарынан шығарылған Ардақ Қасымқұлов көрсеткендей, осы күндері қаланың аудандарында жұмысшыларды үші істік темір өрліктермен қаруландыру қызу жүргізілген. Бұны тұрмыстық электроприборлар жасау зауыты директорының орынбасары Владимир Николаевич Мардышев ырастап айтты. «Оның несін жасырамыз, – деді ол, – жастарды аямай ұруға қазақ басшыларының өздері шақырды». Ленин ауданының басшылары 100 адамды тез арада каруландырып, алаңға жіберіңдер деп, зауытқа тапсырма берген. 

Электровагон жөндеу зауытының цех инженері Маржан Қызбаева желтоқсан күндерінде қазақ жастарының басына түскен қасіретті еске түсіріп, сол өзі істейтін ұжымдағы жантүршігерлік істердің бетін ашты. «18- желтоқсан күні біздің зауытта адамның ойына келмейтін бір оқиға болып жатты. Мен үшін оның бәрі түсініксіз еді. Зауыттың кадр бөлімінің бастығы Юрий Дмитриевич Токовойдың басқаруымен адамдар топ-топ болып жинала бастады. Менің үрейімді ұшырған әсіресе сол адамдардың қолындағы үшкір темір таяқтар мен жуан кабельден жасалған шыбыртқылар болды, – дейді Маржан. – Таңқалдырған тағы бір көрініс – сол адамдардың ойнап-күліп, бейне бір тойға немесе серуенге бара жатқандай жайраңдап жүргені еді. 

Осы үрейлі күйіммен цехқа келіп, балаларды ұруға қалай дәті шыдайды деп, әңгімелеп, қалшылдап тұрып қалдым. Сол-ақ екен, көп уақыт өтпей мені зауыт бастығы Ю.А.Стрижков кабинетіне шақырып, «экстремистерді сіз жақтап, аяушылық білдіретін көрінесіз» деп менен жауап алды. Әңгіме үстінде жүрегім ауырып, жағдайым жаман болып қалды. Мені түсінген олар «рахымшылық» жасап, үйге қайтарды. Осындай қыйналған жағдайда маған көмек жасаған бірден-бір адам – ол цех бастығы В.Н.Гольцман болды. Оған көптен көп рахмет айтамын».

Міне, Маржан Қызбаеваның жазған хаты осындай. Бұл хатты ол сол зауыттың цехында маған жазып берді. Маржан өзі екі баланың анасы екен. Өте сауатты инженер, өз ісінің маманы. 

1989 жылы Алматы қалалық советіне №62 сайлау округі бойынша депутаттыққа сол Стрижков ұсынылып жатты. Оның депутаттыққа ылайық емес, қылмыскер екені жөнінде қалалық сайлау комиссиясына (төрағасы Александовский А.П.) және Республика Жоғарғы Советіне мен хат жаздым. Стрижковтың зұлымдық әрекеттері жөнінде толық жаздым. Өкінішке қарай, ол хатты жастарды жақтайды дейтін жоғарғы жердің өзі жауып тастап, Стрижков халық сенген депутат боп шыға келді. 

Ленин ауданына қарайтын кәсіпорын басшылары темір өрліктер дайындау жөнінде нұсқауды сол ауданның партия комитетінің бірінші хатшысы Мансұровтан тікелей алып отырған. Оның телефон арқылы берілген қатаң нұсқауы бойынша алаңға бір рет жүз адам, екінші рет елу адам арматураның кесінділерімен жасақтандырылып жіберілген. Мансұровтың мақұлдауы бойынша қазақ жастарын ұрып, қанға бояуға белсене қатысқан көптеген «жоғары мәртебелі жұмысшы» жастар мақтау алып, «Қоғамдық тәртіп сақтаудағы үздік қызыметі үшін» деген медальмен марапатталған.

Соғыс және еңбек ардагері Аманжол Қимашев 18-желтоқсан күні сағат бірдің кезінде «Мұхит» дүкенінің алдында біртоп жасақшылар 5-6 қазақ қыздары мен жігіттерін шыбыртқымен сабап жатқанын айтты. «Басқарушысы ішкі істер әскерінің капитаны. Мен оларға бұлай қол жұмсауың заңсыздық емес пе, деп едім, олар өзіме дүрсе қойа берді». 

Алматы Шет тілдер институтының төртінші жатақханасында тұратын студенттер С.Шабденова, С.Оспанова, А.Қаражанова, Ғ.Әмірханова, Ғ.Салыкова, Қ.Қалиева, Жеңсікбаева, Берекетова, Әжиева, Байтілеева, Дәуренбековалар желтоқсанның 18-не қараған түні сағат түнгі екінің шамасында жатақхананың сыртына қазақ қыз-жігіттері келіп, көмек сұрағанын айтты. Милиция қызыметкерлері қыздарды ұрып, оларды қолға түсіргісі келеді. Бір қызды ит талады. Қыз жанталасып қорғанды. Бірақ, шамасы келмеді. Жігіттердің бірі итті бір қатты нәрсемен бастан ұрып, қыңсылатып, жаралы қызды көтеріп алып кетті. Жігіттер біртіндеп шегініп, өздерінің араларындағы жараланғандарын сүйемелдеп, көтеріп алып кете барды. Бұлардың барлығы кеткен соң милиция адамдары бірнеше денені жерден арықтан көтеріп үлкен машинаға лақтырып салып, олар да кетті.

Алаңда жастарды бастан ұрып құлатқан, тепкілеп балағаттаған жәйләрдің куәсі болған Дәриға Смағұлова көз жасын төгіп отырып жазды. Сол сияқты, Б.Асқарова, Ж.Жансеитова, С.Сүлейменова, ССРО халық әртісі Роза Бағланова да өздерінің сөздерінде осындай жан түршігерлік оқиғалардың көріністерін айтты. 

17-желтоқсан күні сағат үштің шамасында алаңға барғанда Роза Бағланова жәбірленген жастарды қорғап, оларды ұруды басқарып жүрген генерал-лейтенант шені бар әскери адаммен айтысады. Розаның жұмыс аппаратында қызымет істеуші Әсиә Малимова да солдаттардың алаңдағы қыздарды шашынан жұлып, сүйрегенін өз көзімен көріп, көптеген зұлымдықтардың куәсі болғанын мәлімдеді. 

«Береке» дүкенінің сатушысы Гүлнар Түстікпаева «Целинный» кинотеатры жанындағы Ішкі істер басқармасы үйінің астындағы камерада жарақатты қыздардың қамалғанын көрсетті. Олардың бірінің көзі көгерген, бірінің басы жарылған, беттерінен қан аққан, солдаттар түнде келіп қорлап, мазақ қылуға дейін барған. 

«Дубинкамен, саперлік күрекпен ұрғаннан құлап қалғандарды бірінің үстіне бірін үйіп қойғандарын өз көзіммен көрдім» деді бес жылға сотталып, Чита қаласында отырып келген Расұлхан Құдайбергенов. Кейбір сойылға жығылғандарды автобусқа тиеп, тауға алып кетті. Тауға жеткенше оларды жабық машинаның ішінде ұрып-соқты. Тауға апарғаннан кейін олардың сыртқы киімдерін, аяқ киімін шешкізді, жоғарыға мылтық атты, таудың үстіне қарай қардың үстімен жүгіртті. Бір жігітті бастан скобамен періп қалды. Қанға боялған ол сол тау басында қалды. Олар бірін-бірі танымайтын. Аяғымен жүруге шамасы келмегендер әр жаққа қарай тырбаңдап, еңбектеп қашты».

Көкшетау қаласының Коммунистік проспектісі, 32-үйдің 14-пәтерінде тұратын Ішкі істер министрлігінің бұрынғы прапорщигі, «Дзержинец» газетінің тілшісі болған Боташ Қажымов былай деп жазды: «Осы облыстың Володар ауданына бір қыздың денесін әкелді. Совет органдары өлікті айғай-шусыз жерлеуді өтінді. Бұл оқиғаны тексеруге мен көмектесе аламын». Бірақ, оны комиссияға тексертуге берген жоқ. Мұндай сигналдар көп болса да, республика басшылары оларды тексеріп, шындығына жетіп жатуға мүдделі болмады.

Ішкі істер органдарының басшы офицерлерінің зұлымдықтары туралы қалалық ішкі істер басқармасының қызыметкері Владимир Васильевич Никуленко батыл түрде жазып, өз пікірін Республика Жоғарғы Советіне жеткізген. Бірақ, ол хат Қазақ ССР Жоғарғы Советі президиумы төрағасының орынбасары В.Сидорованың қолына тиеді де, ізі суып қалады. 

В.В.Никуленко – милиция майоры, қалалық ішкі істер басқармасының өрттен қорғау бөлімінде істеген. 1989 жылы Алматы стансасында пропан құйылған вагонда жарылыс болғанда ол қатты күйікке ұшырап, сол жылы 25 мамырда Мәскеудегі бір ауруханада қайтыс болды. Адал қызыметкер болған. Желтоқсандағы қылмыстардың да бетін ашқысы келген шын мәнісіндегі орыс офицері. Алматыдағы мекен-жайы: К.Маркс көшесі, 132 үйде тұрған.

желтоксан 7.JPG

В.В.Никуленконың өлер алдында жазған ең соңғы хатын желтоқсан құрбандары жөнінде қайғылы өкініш және оның қанды балақ жендеттеріне айтылған үкім деуге болады. Ол жастарды қан-қақсатуға есіре қатысқан Ішкі істер органдары қызыметкерлерінің 18 офицерінің аттарын атайды. Әсіресе С.В.Мошинец, генерал Е.О.Александрович, генерал В.Л.Холмановский, подполковник Секерин, майор Б.А.Сисков, генерал В.В.Шкляр, подполковник Куприненков. Никуленконың хатына қарағанда негізгі жендеттер осылар болған.

Бұл тексеруге тұратын информация еді. Оны республика басшылары жауып тастады. Жоғарыда аталған әскерилердің арам пейіл, тас жүрек екенін айтып, хаттың авторы оларға еш уақытта сенуге болмайтынын ескертеді. 

Подполковник Н.М.Воробьев халық әртісі Ә.Мәмбетовты көшеде дубинканың астына алған. Желтоқсан кезінде қанша адам өліп, қаншасы жараланып, қаншасы қай жерлерге әкетілгені туралы барлық мәліметтер Мошинец пен Сисковтың сейфінде сақтаулы, дейді Никуленко. Ол құжаттарды міндетті түрде талап ету керек, мен өз көзіммен көргемін, деп тапсырады. 

Бұл хатты Никуленко өлгеннен кейін соның атынан басқа біреудің де жазуы мүмкін деген ой туады. Бірақ, қайткен күнде де хат тексерілуі керек еді. Ондағы аты аталғандардың кінәлі екені жәй көзге де белгілі еді ғой. В.Сидорова хатты форма үшін А.А.Абдрамановқа жіберген… Қай фактіні келтірсең де, басты шенеуніктер қылмыстың бетін ашқысы келмейтіні көрініп тұрады. 

Жастардың митингісін жаншуға бірнеше әскери бөлімдер Алматыға жақын әкелініп, қарулы қүштер қаланың ішіне енгізілді. Атап айтқанда олар мыналар болатын: Әскери қызыметін өтеп жатқан 5449 полктен – 200 адам, Алматы қаласының Ішкі істер басқармасының оперативтік полкінен – 640 адам, Ведомстволық милиция полкінен – 320 адам, қала аудандарының ішкі істер бөлімдерінен – 400, Қазақ ССР Ішкі Істер министрлігінен – 300, Орта Азия әскери окрігінен – 500, Иркутскі қаласынан бір рота – 300 кісі, Ташкенттен арнаулы рота – 420, Новосибирскіден бір рота – 200 кісі, Мәскеуден ССРО Ішкі істер министрлігінің Бірінші орынбасары басқарып келген бір әскери бригада. 

Осындай күшті карусыз студенттерге, анасының бауырынан жаңа ғана айрылып шыққан балаларға қарсы жұмсауды ойлаған ССРО мен Қазақ ССР басшыларының жауыздығында шек жоқ еді. Осыған қарағанда Гитлердің соғысын тіпті ақтауға болады. Ол өнбойы қаруланған армияға қарсы соғысты. Ал біздің ақымақ генералдар мен үкімет басшылары өзінің бейбіт қарусыз халқымен соғысты. Әрине, қантөгіс қып «жеңіп» шықты. Сол жендеттер мен шенеуніктердің кейбірі әлі күнге өкімет басында. Қандай шыдамды қазақ халқы десеңізші!?

Әскери және милиция әкімдерінің алаңда жастарға жасаған зұлымдығына найза бойламайтын еді. Әуеле олар қарусыз жастарды орталық мінбеге қарай жақындатты. Мыңдаған адамдар тығыз жиналып, иін тіресіп тұрғаннан кейін подполковник Секерин алдына қалқан ұстаған қарулы солдаттарға: «Гнать!» – яғни қуыңдар, деп команда берді. Топырлаған халық бірін-бірі баса көктеп, көбі жығылып, қаша бастады. Тайғанақ мұздың үстінде биік тақалы қыздар жығылып жатты. Оларды дубинкамен ұрып, солдаттар етіктерімен тепкіледі. Бел омытқадан ұрды. Тұруға шамасы келмей қалғандарын милиция машинасына салып, қаланың сыртына қарай әкетті. Көбіне әкете алмағандарын медициналық «Жедел көмек» әкетті. Алаңда карулы ылаң «ойыны» ойналды. Шын мәнісіндегі қырғын болды. Алаңның әр жерлерінде туфлилер, орамалдар, туалеттік ұсақ заттар шәшіліп жатты. Агропром үйінің қабырғасы шәшіраған қан болды. Оның бәрін тез арада су шәшәтін машинамен жуып-шәйіп, «тазалап» отыруға тырысты. 

Митингілеушілерді кез келген жерде ұра бермей, арнаулы жерде жоғары «мамандықпен» ұру үшін көшеде «қапшықтар», тығырықтар жасады, оларға жастарды айдап кіргізіп, «есіктен» шығарда дубинкамен дүрелеп шығарып отырды. Фурманов көшесін Абай проспектісі жағынан жауып, жастарды тығырыққа тіреп ұрды. Қыздар қашатын жер таба алмай «Ателье мод» үйінің балконына шығып кетті. Одан секіріп төмен түсемін деп, мертігіп жатты. 

Жастарды кінәләу құжаттарын «жетілдіріп», оформлениені тездету үшін Бас прокуратурада арнаулы бланктер жасалды. Онда: «Алаңда болғанда партия мен үкіметке қарсы тұрды» деген таспен басылған дайын айыптау сөздері болған. Сол дайын сөздің тұсына кез келген қазақ жігітінің аты-жөнін қойып, сотқа айдай берген. 

Прокуратура органдары осылай, өз жұмысын «жаңаша» жетілдіріп, автоматтық дәрежеге дейін жеткізуге тырысты. Республика прокурорының орынбасары А.Д.Мызник желтоқсанның 25 күні «Бақылау анықтама» деген нұсқау жазып, барлық прокуратура органдарына басшылыққа алып отыру үшін жіберген. Әрбір прокурор, сот қызыметкерлері айыпталушылардың қылмысын анықтап тексеріп жатпай-ақ, Мызник жазып берген «ұлтшыл» деген қылмыс баптарын қайталай берген. 

Қаланың Ішкі істер органдары өздерінің «бейбастақтармен» күрестегі «ерлігін» кейін керек жағдайда бастықтары алдында көрсетуі үшін өздерінің оперативтік жұмыстарының жүрісін тіркеп отырған.

1984 жылғы наурыздан 1987 жылғы шілде айына дейін Алматы қалалық ішкі істер басқармасының кезекші бөлімшесінің бастығы болып істеген М.Сұлтанов 1986 жылғы желтоқсанда болған оқиғалар жөнінде «Оперативтік күнделік жұмыс тетрадын» ашып, жазып отырған. Сонда ішкі істер басқармасы жүргізген барлық операциялар тіркелген. Алаңдағы операциялардың жүрісі жазылған, әр қайсысы 1000 метрлік екі касета да осында болған. Бұл құжаттарды ол арнаулы темір жәшікте сақтаған. 

1987 жылы шілдеде М.Сұлтанов өз кезегін милиция майоры В.М.Белоусовқа тапсырғанда, осы маңызды материалдар жөнінде ерекше ескертіп, оның келешекте керек болуы мүмкін екенін айтып, жоғалтпай сақтауды тапсырған. 

1988 жылы көктемде милиция подполковнигі В.П.Назаренконың тапсырмасы бойынша М.Сұлтанов жаңадан болатын кезекші бөлімшенің бастығы милиция майоры В.Г.Семеновқа көмектесіп, темір жәшіктегі құжаттарды да соның қарамағына береді. Бұл жолы да М.Сұлтанов желтоқсан оқиғалары жөнінде жазылған оперативтік тетрадтың және касеталардың бар екенін айтып, оларды сақтау керегін қатаң тапсырады.

Бірақ, осы құжаттарды сақтаудың қажеттігін біле тұра, подполковник Назаренко 1989 жылғы 2 маусымдағы акті бойынша «пайдаланатын уақыты өткен» деп, оларды жойып жіберген.

Ішкі істер министрі Г.Н.Князев қазақтарды сол қазақтардың өздерінің қолымен ұруға тырысты. Басаров сиақты кейбір қазақ офицерлеріне айтқанын істетті. Жастарға қарсы шыққысы келмей, оларға іші бұрылатын қазақ офицерлерін үйдегі абақты жағдайында ұстап, алаңдағы оқиғалардан алыс жерге әкеткен. 

Ауыр жаралы болған жастарды негізінен Жандосов және Чапаев көшелері бұрышындағы Орталық ауруханаға жинаған. Олар жазылып шыққанша, немесе өліп шығарылып болғанша офицерлер онда бірнеше күн болып, ешкімді жібермей, күзетте отырған. Әсіресе журналистерді, шет ел азаматтарын жібермеу қатты тапсырылған. Осы «құпия сырды» ешкімге айтпау жөнінде офицерлерден қолхат алған. Ішкі істер министрлігінің бұрынғы офицері подполковник Олжабай Темірханов екеуіміз соның үйіне бірнеше офицерлерді жинап сөйлескенде осы сияқты көптеген жағдайларды айтты. Көптеген зұлымдықтарды айтуға олар қорықты. Олжабай олардың бұрынғы бастығы болғаннан кейін, оған сенгендіктен айтты. 

Осы кезде ішкі істер органдарында істейтін қазақтардың санын азайту үшін ашық науқан ашпай-ақ, ішінара астыртын жұмыстар жүргізілді. Бұл органдарда және жоғарғы оқу орындарының заң факультеттерінде қазақтар қалайша көбейіп кеткен, ұлт мәселесінде «перекос» болған деп, Колбин көп мағыналы пікір тастады. Оны түсіне қойған арампейілді белсенділер ішкі істер органдарында істейтін қазақтардың санын қысқарта бастады. 

Бұл іске алдымен кіріскен Шымкент обкомының әкімшілік органдар жөніндегі хатшысы И.Н.Тутеволь болды. Оның нұсқауы бойынша облыстың Дзержинский ауданында 32 адам, Абай ауданында 23, Еңбекшіде 38 қазақ жігіттері тез уақытта қызыметтен босатылды. 

Алматы қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы Романов, комитеттің тоғызыншы пленумында сөйлеп, Калинин ауданының ірі кәсіпорындарындағы тоғыз комсомол ұйымының сегізін қазақ жігіттері басқаратынына ызаланып, сондай «перекос» жібергені үшін аупарткомның бірінші хатшысы Рожковты жерден алып-жерден салды. 

Желтоқсан оқиғасы кезінде тек Орталық алаңда ғана емес, республиканың барлық әкімшілік және қоғамдық-саяси ұйымдарында талай ылаң салынды. Ресми органдардың мәліметтеріне қарағанда, желтоқсан дүрбелеңі күндерінде митингіге қатысушылардан 365 адам жаралы болып, медицина мекемелеріне жеткізілген. Олардың көбі біреудің көмегінсіз орнынан тұра алмай, өз бетімен қозғалуға шамасы келмей, еріксіз милицияның қолына түскендер. Ал аяғымен жүре алатын жаралылар милицияның таяғынан қашып, үйді-үйге, жатақханаларға бас сауғалаған. Ондай жаралыларды құқыққорғау органдары санаған емес. «Ұлтшыл» деп, соттап жібереді деп, көптеген жаралылар дәрігерлік көмек сұрауға да қорықты. 

Алаңдағы аласапыран кезінде 9 автомашина жанып кетіп, 152 автомобиль бүлінген. 13 студенттік жатақхана қиратылған. 5 оқу орнының ғимаратына зиян келтірілген. Оның барлығын қиратқан топ-тобымен студенттерді ұру үшін жүрген солдаттар еді. 

Солардың ішінен бір-ақ мысал келтірейін. Ауылшаруашылығы институтының кафедра меңгерушісі доцент Жамбаев Қанат Атейбекович өзінің 1990 жылы алтыншы наурызда жазған мәлімдемесінде 18-желтоқсанға қараған түні 15-20 солдат жатақханаға кіріп келіп, ойран салғанын айтты. Есікті түнде сындыра жаздап ашқызып, ашып қалғанымда басыма дубинка сарт етті, дейді Қанат Жамбаев. Қан бұрқ ете түсіп, бетімді жауып кетті. Барлығы топырлап кіріп, төсекте жатқан студенттерді шетінен ұра бастады. Көп жастар қанға боялып қала берді. Солдаттарды басқарып жүрген офицерлері болды. Солдаттар алғашта «Пропусти, батя» деп сұрады. Мен есікті ашып қалғанда сыйлағаны дубинка болды. Қанға боялғандар туалетке жүгірді. Қолжуғыш бөлменің іші көлкілдеген кан болды. Институттың №6 жатақханасы осылай қанға батып, әйнек-есігі қиратылды. 

…Алаңда өртелген машиналарға келетін болсақ, оған нақтылы кімнің кінәлі екені де белгісіз еді. Бір таң қаларлық жәйт: кешкі сағат тоғыздың кезінде алаңның екі жақ шетінде – Мир және Фурманов көшелері жағынан – екі алау жалындап жатты. Олардың төңірегінде милиционерлер, міне, көріңдер, мұны жасаған экстремистер, дегендей, жанып жатқан машинаны айналсоқтап, кердең-кердең ерсілі-қарсылы аяңдап жүрді. Бейне бір әдейі от жағып жатқан сиақты. Отты сөндірейін деген ойларында да жоқ. Сондықтан, бұл көріністің өзін біреулер әдейі жасаған жоқ па деген ойға қалуға да болатын еді. Жастарды кінәлау үшін көбірек фактілер керек болғанда КГБ ешқандай материалдық мүлікті аямайды. Қайдағы бір-екі машинаны өртей салып, жастарды кінәлау үшін қосымша факт жасау дегеніңіз олар үшін оп-оңай нәрсе. Машиналарды өртеп, бейбастақтықпен қылмыс жасады деп, жала жауып, Ж.Тайжұмаевты соттады.

Орталық алаңда жүрген кез келген адамды «ұлтшыл» деп, кінәлай салу оңай болған. «Мынау алаңда болды» деп, мәселен, подполковник Замулькин біреуді нұсқаса болды, оны сотқа апарып отырған. Майор Сисков, майор Технорядовтар жастарды «ұлтшыл» деп кінәлауға куә болу үшін ешкім шақырмай-ақ, өз еркімен сұранып, сотқа барып отырған. 

Алаңдағы митингіге қатысқан мыңдаған жастарға бұзақылар, экстремистер, маскүнемдер, нашақорлар деп, ат тағудың өзі тек қана жала екені біз тексерген кезде айқындалды. Сол мыңдаған жастардың арасында 13 адам ғана бұрын сотталған болып шықты. Ал, алкогольдік мастық жағдайда көпшіліктің бір де бірі болмағанын дәрігерлік тексеру көрсетті. 

Енді заңсыздықтың зардабын шеккен кейбіреулерге сөз берейік. Бес жылға сотталып, Читада түрмеде отырған Құрманбай Халмұратов: «Он сегізі күні ертеден алаңда болдым, – дейді ол. – Республика басшыларынан бір қазақ сөйлеп, жастарды тарауға, алаңнан кетуге шақырды. Қоршап тұрған милиционерлер, солдаттар енді ешкімге тимейді, деп ол уәде берді. Біз оның сөзіне сеніп, тарай бастадық. Мен өзім танымайтын бір топ қыздармен алаңнан қайтып, Мир көшесінің бойымен келе жаттық. Абай даңғылына жете бергенде соңымыздан бір автобус қуып жетті де, тоқтай қалды. Ішінен курсанттар мен милиционерлер анталап шығып, бізге лап қойды. Жан-жаққа бытырап қашқан қыздардың әрқайсысына 5-6 солдаттан жабылып, дүренің астына алып, автобусқа сүйреді. Қыздардың екеуі күрекпен ұрғаннан құлап түсіп, біреуі арыққа құлап, бетін қан жуды. Құлаған екі қызды қорғамақ болып, үстіне денемді жаба құлаған мені ұрып есімнен тандырды. Есімді автобуста жинадым. Қыздардың бұдан былайғы тағдыры маған белгісіз болды. Мені милиция бөліміне алып барып, үш күннен кейін соттап жіберген».

1989 жылы Бақытбек Иманғожаев Петропавл түрмесінен шығып келді. Оның алаңға барған себебі: ұлттық мектептердің азайып бара жатқанын, институтқа түскен студенттер өз тілінде оқи алмағандықтан қатты қиналатынын, Алматыда қазақ бала бақшалары жоқтың қасы екенін, ендігі жерде сырттан келген жаңа хатшы ұлттық мәселелердің ерекшелігін қалай түсініп, қалай шешпек екенін сұрамақ болған. 

Алаңдағы демонстрация кезінде қыздар мен жігіттер қол ұстасып, араларынан ешкімді өткізбеуге тырысқан. Себебі, қайдан келгені белгісіз, арақ ішкен мас біреулер келіп, бұлардың ортасына кірмек болып әрекет жасаған. Белгісіз бір машина келіп, кесілген темірлерді үйіп тастап кеткен. Осының бәрі әкімдер тұсынан арандатушылық болды деп түйеді Бақытбек. Түрме әкімшілігі Бақытбекті сонда жатқан тұтқындарға әдейі құбыжық етіп көрсетіп: «Бұл желтоқсан оқиғасына қатысқанда сәбилерді әйнектен лақтырып, қанішер болған» деп, жала жауып, айдап салады. Түрмедегі қылмыскерлер оны өлтірмек болғанда, өзін өзі тілгілеп, оқшаулау камераға көшіріледі. Содан басқа жаққа ауысып, әрең тірі қалады. Түрмеде жабылған жаладан көрген қорлығын ол ауызбен айтып жеткізе алмады. 

Тоқтар Ермеков Шымкент қаласында түрмеде отырып шықты. Алаңда қарусыз тұрған қыздар мен жігіттерге солдаттар дубинкамен бас салғанда, қашып шығар жер болмаған соң ол аяқ астында жатқан темірдің бірін алған. Сол сәтте оны суретке түсірген. Сол сурет бойынша, екі-үш күн өткеннен кейін сотталған. 

Жармұхамбет Тілегенов: «Әр ұлттың өз көсемі болуға тиіс, әйтпегенде ұлттық психологияға байланысты оқу, мәдениет, өнер мәселелері шешілмейді» деген сиақты сөздер айтқаны үшін бес жылға кесіліп кеткен. 

Мен бұл жерде сотталып, қайтып келгендердің кейбіреулерімен ғана кездескенімді айтып отырмын. Жазықсыз қуғынға ұшыраған Аман Есбосынов, Ермек Иманбеков, Арыстан Егізбеков, Расұл Құдайбергенов, Ұбайдүлла Рузиев, Қасым Әбілхаиров, Дүйсенбек Байболов, Қайрат Рахметов, Ермұқан Қуандықов, Алик Мұзафаров, Нұрлыбай Ырысалиев, Еркін Мейірбеков, Аман Рамазанов, Ерлан Бейсембаев, Аманжол Нәлібаевтардың зарлы шерлері өз алдына үлкен бір хикая.

Жоғары білімді заңгер, ер тұлғалы тамаша азамат Аманжол Нәлібаев осы күнге дейін қажырлылықпен шәршәмай талмай, желтоқсандықтардың мүддесін қорғап келеді. Бірақ, әділеттілік толық жеңіп, зардап шеккендердің көңілі жайланып, жарасы жазылып, өмір қызығына бөленер ме екен. Әй, қайдам…

Желтоқсан зобалаңының құрбаны болғандар туралы айту өте ауыр. Сол кездегі әкімдер шылғи өтірік мәлімет беріп, желтоқсан күндері екі-ақ адам қаза тапты деп есептеді. Оның бірі жасақшы С.А.Савицкий, екіншісі митингіге қатысушы Ербол Сыпатаев. Жасақшыны өлтірді деген кінә тағылған Қайрат Рысқұлбеков ату жазасына бұйырылды. Ал алаңда митингіге қатысушы Ербол Сыпатаевты өлтірген кім екенін тексерген ешкім жоқ. Алған ауыр жарадан кейін 23 желтоқсан күні Сыпатаев қайтыс болған. Оны дубинкамен ұрып өлтірген солдат немесе милиционер осы күнге дейін тайтаңдап жүр (?).

Ату жазасына бұйырылған Рысқұлбековке кейін «кешірім» жасалып, бас еркінен айыру жазасы қолданылатын болды. Бірақ, ол жалғыз қамалған өзінің камерасында «асылып өлген». Оның «асылып өлуінде» де көп сырлар бар еді. Прокурор, сот орындары оның сырын ашуға мүдделі болмады. Сот кешірімін естіген Рысқұлбеков өзіне өзі қол салуы мүмкін емес еді. Бұл жерде де сол кездегі өкіметтің қолы болды деуге болады. 

Міне, осы сияқты толып жатқан сұрақтар жұртшылықты қатты толғандырды. Желтоқсан оқиғаларын тексеру туралы алғашқы жеделхаттар ССРО Халық депутаттарының 1989 жылғы 26 мамырда ашылған 1-съезі атына түсе бастаған болатын. Съезге барған Республика басшылары, ондағы қазақстандық депутаттар Желтоқсан қасіреттерін жақсы білетін. Ол қасіреттердің ұмытылмағаны былай тұрсын, халықтың оған деген ызасы күн сайын өсіп келе жатты. 

Қазақ халқы сол кезде С.Мұқашевты өкіметтің ең жоғарғы төріне, Н.Назарбаевты Қазақстанның үкіметі басына отырғызып, З.Камалиденовты бас тәрбиеші етіп, М.Меңдібаевқа астаналық облыстың тұтқасын ұстатты. Қатерлі күндерде олар бұл сенімді қалай ақтады?

Мұндай сұрақ, әдетте, біреуге оның асығы алшысынан түсіп тұрған кезде емес, саясаттың қулық-сұмдығына араласпай, «қолының кірі» кетіп, қарапайым азамат қатарына қосылған кезде қойылады. «Қарапайымдардың» қатарына қазір, әрине, Н.Назарбаев ғана қосылмайды. «Желтоқсан» кезінде республика басшылары ақтай алмаған үмітті, енді ақтауға Н.Назарбаевтың әлі де болса толық мүмкіндігі бар. Тұрар Рысқұлов сияқты, Сталиндей аждаханың аузына апарып қолын тықпағанмен, Колбинге қазақ жастары үшін бір ауыз сөз айта алмаған басшылардың сол кездегі азаматтық позициясы қандай болған? Бәрін Мәскеуден орталықтың нұсқауы шешті дегенмен, Республика басшыларының өздерінің азаматтық, ел үшін қамқорлық ролі қайда қалған?

Сол-бір қысылтаяң кездерде басқалар жағынан көрсетілмеген азаматтық позицияны ССРО Халық депутаттарының 1 съезінде Олжас Сүлейменов пен Мұхтар Шаханов көрсетті. 30 мамырда олардың атына Алматыдан жеделхат жіберілді. Оған менімен бірге қол қойған Ұлы Отан соғысының ардагері Олжабай Темірханов болды. Қазақстанның басқа жерлерінен де оларға хаттар түсіп жатты. 

Қазақстандықтардың хаттарын қорытып, съезде сөйлеген Олжас Сүлейменов Алматыдағы оқиғаға жаңаша, адамгершілік тұрғыдан қайта қараудың керектігін айта келіп, барлық хаттарды Жоғарғы Советтің тиісті комиссиясына тапсырды және сол комиссияда Желтоқсан қасіреті жөнінде баяндама жасауға әзір екенін мәлімдеді.

1989 жылы 19 шілдеде Кремльдегі Жоғарғы Советтің таңертеңгі отырысында бірінші сөзді Горбачев жазушы Мұхтар Шахановқа берді. «Депутат жолдастар, – деді М.Шаханов, – ұлтаралық қатынастағы күрделіліктерді мен түсінемін. Ол адамдар арасындағы қатынастың ең сезімтал да, көңілге жара түсіргіш сферасы. Бұл саладағы достық біреудің жағдайын шын жүректен түсінумен ғана болуы мүмкін. Осы съездің трибунасынан Қазақстан делегаттарының бір тобының атынан 1986 жылы желтоқсанда болған Алматыдағы оқиғаларға байланысты арнаулы комиссия құру туралы ұсыныс енгіземін. Ондағы ішкі істер әскерлерінің және құқыққорғау орындарының заңсыздықтарының салдарынан көпмыңдаған қазақ жастары зардап шегіп жатыр». 

Мұхтардың сөзінде көптеген жантүршігерлік фактілер келтірілді. Бейбіт демонстранттарға қарсы Алматы көшесінде Орталық партия комитетінің дәл алдындағы алаңда саперлік күректер, қабаған иттер қолданылып, қыздарды резинка таяқпен белден ұрып, бала таппаңдар деп, қарғап-сілеп, солдаттар етігімен тепкілегенін, алаңды қанға бояғанын айтып, Мұхтар зар қақты. 

Мұхтар бұлай бәрін жәйіп салады деп ешкім де ойлаған жоқ еді. Оның сөзі Қазақстан басшылары үшін төбеден жәй түскендей болып, зәрелері ұшып кетті. 

Съездер сарайында Қазақстан Орталық партия комитетінің бірінші хатшысы Г.В.Колбин мен Министрлер советінің төрағасы Н.Назарбаев қатар отыр еді. Өзінің сөзін бітіріп, мінбеден түсіп, соңғы қатарға өте берген Мұхтарға олар «бәрін бүлдірдің» дегендей, ашулы түрмен қарады.

Қазақстаннан сайланған басқа депутаттар үндемей қалды. Ол ол ма, Мұхтардың 19 шілдеде сөйлеген сөзін депутат А.В.Семенихин теріске шығарғысы келіп, мұның барлығы ұлт араздығын қоздырушылық деп соқты.

Съезде жалғыз өзі қайта-қайта шырылдап, Желтоқсан жастарына қарлығашша қанатымен су сеуіп жүрген Мұхтарға қалай көмектесуді біз Алматыда жатып, өзімізше ойластырдық. Мен өзімнің бірқатар пікірлес жолдастарыммен ақылдастым. Опера театрының алдындағы бақтың ішінде, Жамбылдың ескерткішінің алдында отырып, Кремльге жазатын хатты талқыладық. Мен хатты жазып, көп адамдарға қол қойғыздым. Дүкенде азық-түлік алу үшін кезекте тұрған зейнеткерлерге барып, соларға хаттың текстін оқып бердім. Олар бірауыздан шулап қолдады. Мұхтардың съезде сөйлеген сөзін жақтаушы Алматыда екінің бірі еді. 

А.В.Семенихиннің Мұхтарға жала жауып отырғанын, оның өзі Желтоқсан оқиғасымен таныс емес екенін айтып, оған наразылық білдірдік. Хат, сүйтіп, Алматыдын Мәскеуге жөнелтілді. Онда қазақ халқына «ұлтшыл» деп айдар тағу түбірінен қате екені, сессияда теріс информация жасап, халыққа жала жабушы Семенихинның өзін депутаттықтан қайта шақырып алу жөнінде айтылды.

Хатқа қол қойғандардың ішінде Олжабай Темірханов екеуімізден басқа Т.Тұяқпаев, П.Есболова, Ғ.Мұқатова, М.Кенебаев, Г.Ертлесова, Г.Мырзахметов, М.Нұрмаханова, Т.Тоқсанбаев, Б.Қожабаев, А.Естенов, Қ.Аманжолов, Ж.Қорғасбеков, З.Қоқымбаев, Н.Оразбаев, Л.Матекова, Сапарбекова, Тұрсұнқұлова, Роза Темірғалиева, Сарбалаев, тағы басқалар болды.

Мәскеуге жіберілетін хатқа барлығы 62 адам қол қойған. Бір ғажабы, хатқа қол қойып, аты-жөнін түгел көрсеткендер, олар көбінесе әйелдер жағы болды. Кейбіреулер қорқа соғып, тек бізден ұялғаннан ғана шимайлап қол қоя салды. Аты-жөнін толық көрсетпеді. Сондықтан көбінің аттарын бұл жерде келтіре алмай отырмын. 

Бұл хаттың бір данасын А.В.Семенихинның өзіне жібердім. Ол кейін Алматыға, менің атыма хат жазып, мәселенің мәнін білмей қалғанын, өзінің осы қазақ халқының ортасында туып өскенін, оның дәстүрін сыйлап, намысын қорғайтынын айтты. 

Желтоқсан оқиғаларын тексеру жөнінде М.Шахановтың Жоғарғы Советке мәселе қоюын 100-ден аса халық депутаттары қуаттап, оған қол қойды. Олардың ішінде Шыңғыс Айтматов, Евгений Евтушенко, Валентин Распутин, Борис Олейник, Давид Кугультинов, Анатолий Собчак, Борис Ельцин, Расул Гамзатов, Олжас Сүлейменов, Александр Мезенцев, Андрей Сахаров, Мумин Каноатов тағы басқалар бар. 

Қазақстанның өз ішінде, оның нанын жеп, суын ішіп, мәртебелі жоғары лауазым алып отырған кейбіреулер, оқиғаның сыр-сипатын көре тұра, қазақ жастарының әрекеті барып тұрған «ұлтшылдық» деуін қоймай келді. Соны комиссияға дәлелдеуге тырысты. 

Республикалық Халықтық бақылау комитетінің төрағасы Б.В.Исаев оқиғаның басынан аяғына дейін осындай пікірде ғана болды. Қазақ ССР Жоғарғы Советі құрған комиссияға қарсы болып: «Бұрынғы берілген бағаны өзгертетіндей ешқандай жаңа материалдар жоқ, сондықтан комиссияның жұмысын тоқтату керек» деп, шыр-шыр етті. Ал республикалық «Каз.Правда» газетінің редакторы Ф.Игнатов комиссияның тұжырымдарын газетте өңін айналдыра көрсетіп, «барлығы тек ұзынқұлақ лақап болып шықты, комиссия ешқандай да трагедияның бетін ашқан жоқ» деп, хабар таратты.

желтоксан 8.jpg

Республиканың құқыққорғау, әсіресе тергеу-сот орындарының басшылары «үш жыл бұрынғы жараның аузын ашпау керек» деп, байбалам сала отырып, екінші жағынан осы оқиғаны тексеру жөнінде сөз бола бастағаннан-ақ өздері жіберген заңсыздықтарды ішінара қайта қарап, қателерін ресми комиссия тексермей тұрып , тезірек «түзетуге» асықты. Жастарды соттағанда тым асыра сілтеп жібергенін сезген сот-прокурор орындары енді өзін өзі ақтап қалудың жолын іздестірді. Бірқатар тұтқындарға, олардың ата-аналарына, туған-туысқандарына, жақындарына кешірім сүратып, хат жазғызды. Олар жаздық-жаңылдық деп, «кінәсін» мойнына алып, тек бастарына бостандық беруді өтінді. Осындай кешірім бойынша тұтқыннан босатылғанына кейбіреулер қуанды. Оған прокурор да риза. Себебі оның заңсыз кесілген баптары бұзылмай,сол қалпында қалады. Сүйтіп, «қасқыр да тоқ, қой да аман» болады, 

«Қылмыскер» мен заң бұзушылар арасындағы ішінара ымыраға келу практикасының көрінісі ҚазақССР Жоғарғы Советінің 1989 жылғы 14 қарашадағы қаулысынан айқын байқалады. Оның бір тармағында сотталғандардан түскен кешірім туралы арыздардың дер кезінде қаралуы қамтамасыз етілсін делінген. Сотталғандардың «кінәсін» сол қалпында қалтырып, оларға «кешірім» жасайды. Прокурор-сот орындарын кінәлаудың орнына, жастар сол баяғыдай кінәлі боп қала берді. Сүйтіп Республика басшылары өзі сот-прокурор орындарының қылмысын жапты. 

Осындай әдіспен, сотталған 99 жігіттер мен қыздардың 88-і тұтқыннан босатылды. Бұл, әрине, қуанарлық жәйт. Ал, осы уақытқа дейін нақақтан олардың қамауда отырғанына кім кінәлі? Қаншама жастардың өмірін өксітіп, олардың ата-аналарына қайғы-қасірет әкеліп, оларға «ұлтшыл», «бейбастақ», «маскүнем» деп айдар тағып, жастардың білімге, өнерге деген аңсарын тәрік еткен кімдер ? Бұл сұрақтарға қазір ешкім де жауап бергісі келмейді. Оған кінәлі адамдардың қылмысын осы уақытқа дейін мысықтың боғындай жасырып келеді. 

Желтоқсан жендеттерін әшкерелеп, жазалаудың орнына қазір мадақтайтын болып жүр. Қазақ жастарын жазықсыз айыптап, түрмеге жапқызған сол кездегі Бас прокурор Ғ.Елемесовтың басына қазір ескерткіш қойып, оған музей ашпақ көрінеді. Яғный, жастарды сол кезде қасіретке ұшыратқан, қанға бойаған Бас айыптаушыны қазіргі өкімет мадақтап, хан көтермек. Сонда бұл өкіметтер қасірет шеккен желтоқсандықтар мен онын жендеттерінің қай жағында деген де сұрақ туады. .

Қандай да болмасын қасиетті сөздерді өздерінің жеке бастарының мүддесі мен белгілі саясат үшін пайдалану, әдетте, зұлым әкімдердің ісі екенін біз тарихтан білеміз. Қазірде де, біз Қазақстанда бір «киелі нәрсені», яғни реформа дегенді қорғап жатырмыз. Ол халыққа не беріп, нендей жақсылық әкеліп жатқаны көп сөз бола бермейді. «Реформа» делінді -, бітті, бір Құдайдан басқа құдай жоқ деген сиақты, оны талқылап жатуға болмайды. Құдай өзі берген тіл, сөйлеу, бас бостандығын өкімет өз тұсынан да «сыйлап» жатыр. Соған алданасың да, риза боласың. Реформа халықтың материалдық үй-тұрмыс жағдайын совет кезіндегіден жоғары көтеру үшін емес, саясат үшін керек болып отыр. 

Дәл осы сиақты мәселемен, желоқсан күндері қандай саясатты қорғау үшін жастарды қырғынға ұшыратқаны туралы сұрақ қоюға біз 15 адам қол қойып, арнаулы хатпен Қазақстан Орталық партия комитетіне бардық. Хатта осы трагедияны тексеру жөнінде талап қойылған болатын. Оған менімен бірге қол қойғандар Қазақстанның белгілі өнер қайраткерлері Кәукен Кенжетаев, Мүсілім Абдуллин, соғыс ардагерлері Олжабай Темірханов, Мәлік Қарағұлов,К.Низамбеков, Республикаға еңбегі сіңген дәрігер Хамит Бегалин, тағы басқалар бар.

Орталық комитеттің хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков бізді жылы шыраймен қабылдады. Кездесуге Республика прокуроры Ғ.Елемесов, Жоғарғы соттың төрағасы Т.К.Айтмұхамбетов, Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары С.Серіков шақырылыпты. Олар біздің сұрақтарымызға түсіндірме беріп отырды. Жоғарғы соттың төрағасы алдында жатқан буда-буда қағаздарды ақтарып, таяқ ұстап жүгіріп жүрген бірнеше баланың алаңда түсірілген суреттерін көрсетті. Әңгіменің барысында жігіттер мен қыздар фотообъективке ілініп қалғаны үшін сотқа тартыла бергені айқындалып отырды. 

– Сотталғандардың ішінде нақақтан кеткені жоқ па ? -деп сұрады К.Кенжетаев. 

– Ондайдан бір де адам жоқ,- деді прокурор Елемесов.

 «18 желтоқсан күні Алматының Фурманов – Шевченко көшелерінің бұрышында танкілер мен бронетранспортерлер сап түзеп не үшін тұрды»,- деп сүрадым мен. Бұл сұраққа министрдің орынбасары: «ол әскери техника ешкімге қарсы қоланылған жоқ қой», деп жауап берді. Ал Фрунзеден, Ташкенттен, Шеләбіден, Новосибирскіден, Тбилисиден, Уфадан, Свердловскіден ішкі істер әскерлерінің арнаулы бөлімдері кімнің бұйрығы бойынша шақырылды деген сұраққа жауапты Мәскеуден келген генералдардан сұраңыздар деді. 

Әңгіменің жүрісін басқарып отырған Ө.Жәнібеков біраз ойланып үндемей отырды да, көрген-білген фактілеріңізді айта беріңдер деп, біздің бетімізге қарады. Қасірет көрген жастарға оның бүйрегі бұрылып отырғаны байқалып тұрды. Бірақ, тіс жарып ештеңені ашық айтпады.

– Мына алаңда, - дедім мен терезе жақты көрсетіп, - біздің ұлдарымыз бен қыздарымызды басқа-көзге ұрып, шашынан сүйреп, үстеріне суық су шашып азапқа салып жатқанда , осы креслода отыра беруге қалай шыдамдарың жетті ?

– Ол кезде мен бұл креслода отырған жоқпын, - деп, Өзбекәлі жымыйды. – Тағы да айта беріңіздер,- деді ол сыпайы сөйлейтін әдетімен. 

Әңгіменің ақыры пікір таласы ғана емес, салғыласуға шейін барды. Әсіресе Кәукен Кенжетаев прокурор-сот, Ішкі істер органдарын кінәлап, сендер қылмыскерсіңдер дегенді айтты. Сөзге Өзбекәлі араласып, тоқтау салып, біз, шамасы, мүмкін, арнаулы комиссия құрармыз ден, айтып салды. Бізге керегі де осындай тұжырым еді. Комиссия құру жөнінде тұңғыш сөзді осы Жәнібековтың аузынан естідік. Бірақ, ондай комиссия құрылғанша бір-екі ай өтіп кетті. 

Өзбекәлі Жәнібеков жоғары мәдениетті, ұлтжанды, сыпайы да білімді адам еді. Дүниеден ерте кетті. Оның жылы жүзді бейнесі менің көзалдымда. Оны Торғай облысына обкомға секретар болып барғанынан бастап білетін едім. Шеткері жатқан қазақ елінің, бүкіл ұлтымыздың мәдениеті мен өнерін өркендертуге ол көп үлес қосты. «Желтоқсан оқиғасын тексеру жөнінде комиссия құрармыз» деген сөзді бірінші рет айтып, белгілі міндетті ол өз мойнына алды. Бірақ, оның қолында шешуші үкім тұрмағанын біз жақсы білдік. 

1989 жылы шілде айының 28-і күні Желтоқсан оқиғаларын тексеру жөнінде комиссияның құрамы жариаланды. Оның құрамында жастарға жаны ашитын Қадыр Мырзалиев болмаса, басқа ешкім болмады. Сондықтан ол комиссияның бастапқы кезде жұмысы таудай болса да, аяғы қылдай болып бітті. Оның дәйексіз жұмысының себептерін сол комиссияға кірген жоғары лауазымды мекеме басшыларынан іздеуге болады. Қайсыбір комиссия мүшелерінің енжарлығын бірінші күндерден ақ байқауға болды. Бүл жөнінде депутаттық комиссияның төрағасы болған Қадыр Мырзалиев өзінің берген бір сұхбатында: «Кейбіреулер Желтоқсан оқиғасына байланыстылардың барлығының бетін аша қоймадың деп ренжиді.Егер кейбір жауапты адамдар өздерінің ескі ой позициясын қалдыруға тырысып отырса, сол кезде өздері беріп қойған ресми бағалардың авторы боса, ол оқиғаның бетін қалай тез ашарсың, - деп, күйінеді. - Қазіргі жағдайда, дейді одан әрі Қадыр, - өзінің өткендегі қателіктері мен жаза басқан жерлерін батыл мойындай алатындай ерлік керек.» 

Комиссия мүшелерінің құрамына кірген Мирошник пен Князевтен де, Елемесов пен Айтмұхамбетовтен де, Досполов пен Исаевтан да ондай ерлік шыққан жоқ. 17-18 желтоқсан күндері Мемлекеттік қауыпсыздық комитеті қызыметкерлерінің үнемі бақылап отыруымен репортаж жанрында лентаға түсірілген түрлі түсті және қара-ақ 1000 метрден астам киноленталарды комиссияға көрсетуге Мирошниктің батылдығы жетпей, лентаны жойып жіберді. Комиссияның барлық мүшелері Қадырға бөгет жасап, оқиғаның бетін ашуға бағытталған істерді құлатып отырды. 

Бұл жағдай Мәскеудегі депутаттарға да жетті. Жоғарыда айтылғандай, шілденің 19-ы күні Жоғарғы Советтің сессиясында Мұхтар Шаханов шығып сөйлеп, Алматыдағы комиссияның құрамын қайта құруды, оны негізінен ССРО Жоғарғы Советі депутаттарынан құруды талап етті. 

Республикада, Алматыда құрылған комиссияның құрамындағы 15 адамның табандатқан онбірі өкіметтің номенклатурасына кіретін жоғарыда аталған шенеуніктер еді. Дегенмен, оған қарамай, ССРО Жоғарғы Кеңесі, ерекше оның төрағасы М.С. Горбачевтың өзі М.Шахановқа осы комиссияға кіруді ұсынды. Ал М.Шаханов, комиссия мүшелерінің көбі номенклатуралықтар болғандықтан ол комиссияға кіруден бас тартты. Осы қайшылық кейін сол екеуі арасындағы компромисспен шешілді. 

Ол келісім бойынша М.Шаханов ССРО Халық депутаты есебінде сол республикалық комиссияға кіріп, соның қос төрағасының бірі болады. Ал егер оған басқалар бөгет жасап, комиссияның жұмысын қанағаттандырмаса, ССРО Жоғарғы Кеңесі өзінің комиссиясын құратын болады. 

Барлық жұмыс осы келісім бойынша жүрді. Кейін комиссияның құрамы өзгертіліп, М.Шаханов бірден бір төраға болып қалды да, істі ақырына дейін өзі жеткізді. 

Алматыдағы желтоқсан оқиғасы жөніндегі мәселені сессияға батыл қойып, белсене тексеруге кірісті. Ол үшін үлгі-мысал (прецедент) бар еді. Осыдан 27 жыл бұрын, яғни 1962 жылдың 2-нші маусымындағы Новочеркасскі қантөгісі туралы А.Собчактың, атышулы Тбилиси оқиғасы жөнінде Грузия депутаттарының ұсыныстарын қабылдап, Жоғарғы Совет арнайы комиссия құрған болатын. Алматыдағы желтоқсан қасіреті жөнінде мәселе қойған Олас пен Мұхтар бұны да естерінде ұстаған. Бірақ, Жоғарғы Совет өз тұсынан Қазақстандағы желтоқсан оқиғаларын тексеру жөнінде арнаулы комиссия құрмады.

Осы жерде мына жәйді де айта кеткім келеді. Новочеркасскі мен Тбилисидегі оқиғалар жөнінде ССРО Жоғарғы советі комиссия құрған болса, Алматыдағы олардан да зор қантөгіс болған трагедияға байланысты комиссия құрылмауы түсініксіз еді. Қазақ халқының екі бірдей қалаулылары О.Сүлейменов пен М.Шаханов жасаған мәлімдемелерге, сонымен қатар еліміздің әйгілі депутаттары мен қоғам қайраткерлері қол қойған құжатқа ССРО Жоғарғы Советінің құлақ аспауының, сүйтіп, бұл принципті мәселені қарауды республикаға ысыра салуының сыры неде ? 

Міне, осы сұрақтар зардап шеккен қазақ жастарын, бүкіл қазақ халқын қынжылтты. Сүрақтан сұрақ туды: әлде Қазақстан депутаттарының статусы Ресей мен Грузия депутаттарының статусынан төмен бе?! Осындай, наразылық сұрақтарды халық арасынан жиі еститін болдық. 

Айтып-айтпай не керек, әйтеуір Қазақстан сайлаушыларының Мәскеуге жолдаған хаттарының тағдыры баяғы ескі сүрлеумен республика дәрежесінде ғана шешілетін болды. Осы екі арада Қазақстан Жоғарғы Советінің депутаты М.И.Есеналиевтың сұрауы болып, сол бойынша арнаулы комиссия құратын болып шешілді. Халық оған да шүкіршілік жасады. 

Сонымен, негізінен Мұхтардың жоғарыдан табандылық көрсетуінің арқасында Алматыдағы комиссияның құрамы өзгерді. Құрамына Ғ.Шалахметов,Т.Шарманов,А.Мезенцев,С.Батыршаұлы, В.А.Ким, тағы басқа әділетті жақтайды деп үміт күтетіндей қайраткерлер, заңгерлер кіріп, істі қызу жүргізе бастады. Комиссияның қос төрағасының бірі болып М.Шаханов сайланды. Іс жүзінде ол жұмысты жалғыз жүргізіп, бірден-бір Төраға болды. 

Комиссияның міндеті – шындықтың бетін ашу. Бірақ, оны көрсетпей, бүркеуге тырысқандар өкіметте отырды. Шындықтың бетін аша алатын күрескер - ол қазақ халқының сүйікті ақыны, әділетсүйгіш, жоғары азаматтық позициядағы әдеби және қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов еді. Оның ең жоғарғы қасиеттерінің бірі - батылдығы мен жігерлілігі, өз халқы алдындағы азаматтық борышын орындауға жан-тәнімен кірісуге әзірлігі. Сондықтан да оны казақ халқы ССРО Жоғарғы Кеңесіне депутаттыққа ұсынды. 

1986 жылғы желтоқсанда қасірет шеккен жастарды қорғауға, олардың жендеттерін әшкерелеуге М.Шаханов белсене кірісетінін білген бюрократиялық шенеуніктер жағы оны сайлауда кұлатуға тырысты. Еңбек озаты деген желеумен басқа бір, «бәрін құптайтын» картофель өсіруші альтернатива ұсынып, соны мадақтады. Бірақ, халық кімді сайлау керегін білді. ССРО Жоғарғы Кеңесі ашылған күннен бастап, халық депутаты М.Шаханов Желтоқсан оқиғаларын тексеру мәселесін көтеріп, ақыры халықтың тілегінен шықты. 

М.Шаханов басқарған комиссияның жанында сарапшылар топтары құрылды. Оған 100-ден астам жұртшылық өкілдері қатысты. Олар республиканың партия, кеңес, әсіресе құқыққорғау мекемелерінде болып, көптеген материалдармен танысты. Оларға жазба түрде сүрау салып, қажетті материалдар талап етті. Бірақ, бұрынғы, Мырзалиев кезіндегі комиссияның жұмысы босаңдап, тоқталып қалған кезде сұраған мәліметтерге немқұрайдылықпен қарайтын әдет пен кедергі жасаушылық әлі де болса қалмады. Мұхтар көппен бірігіп, соларды жеңу үшін атсалысты. 1989 жылы 16-қазанда Қазақстан компартиясы Орталық комитетінің екінші хатшысы В.Г.Ануфриевтың атына хат жазып, бірнеше құжаттар сұрады. Олардың ішінде: желтоқсанның 17 нен18 не қараған түнгі М.С.Соломенцевтың, ССРО Қорғаныс министрінің орынбасары П.Г.Лушевтың қатысуымен өткен Бюро мәжілісінің стенограммасы, осы оқиғаға байланысты құрылған Үйлестіру комитетінің протоколдары, Қазақстан Орталық комсомол комитетінің бес бюро мүшесінің хаты, Мәскеумен екі арадағы телефон арқылы сөйлесулердің жазбасы, Республиканың құқыққорғау және күш жұмсағыш органдарына Орталықтан берілген нұсқаулар, тағы басқалар бар еді. 

Әрине, осы құжаттардың барлығын дайындап, алақанға салып бере қояды деп өзімізді өзіміз алдаудан аулақ болатынбыз. Дегенмен «ресми түрде сұрау қажет, деді Мұхтар, аржағын өзіміз біле жатамыз, бізге ешбір өкімет иесі өзін өзі ұстап бермейді».

Мұхтарды біз осы уақытқа дейін ақын деп ғана білдік. Желтоқсан оқиғаларын тексеру кезінде ол өзінен өзі қоғамдық қайраткер қырынан көрінді. Ол шығармашы адам, әкімшілік органдарды тексеру әдісін біле ме, деп күдіктенгендер, енді оның іске берілгендігіне, жұмыс әдісін игергеніне риза болды. Ол шын мәнісіндегі саяси қайраткер болды. Біз оның соңына батыл сеніммен ердік. 

Міне, осы әңгіменің басында айтылған Қазақ ССР Жоғарғы Советінің сессиясы Мұхтар Шахановтың хабарламасын тыңдар алдындағы жағдай осындай болған. Сессия 14-қарашада өтті. Онда Мұхтар көптеген заңсыздықтардың басын ашты. Нақтылы мысалдарға, оқиғаларға, сотқа тартылғандардың, куәлардың көрсеткендеріне сүйене отырып, көптеген нақтылы фактілер келтіріп, әкімшілік-өктемдік жүйені айыптады. Митингіге шыққандарды «ұлтшылдар» деп айыптаған өкімет шешімдерінің шындыққа жатпайтынын, ол халыққа жапқан жала екенін әшкерелелі. 

желтокнса 8.jpg

Алаңда соққыға жығылған жастардың ішінен 768 адам медициналық көмек сұрап келгенін, оның ішінде 204 адам хал үстінде ауруханаға жатқызылғанын айта келіп, баяндамашы олардың алған жараларының түрлеріне дейін көрсетті. 1989 жылғы мамыр айының 12-нші жұлдызында Қазақстанның денсаулық сақтау министрінің орынбасары Я.А.Клебанов жараланған қазақ жастары туралы толық анықтама берді. Онда мыналар көрсетілген:

Терісі жыртылып, айрылған жаралылар –123,

Кеудесінен соғылғандар –126

Қабырғасы сынғандар—19

Шабылып кесілген жаралылар----23

Басы жараланып, мыйы толқығандар ---176

Жағы сынғандар ---25

Жұмсақ еті ұрылғандар ---88

Балтамен кесілген жаралылар ---4

Оқ тиіп жараланғандар ---2

Бұл қайғылы мәліметтер де Қазақстанның тоңмойын басшыларының жастарға деген жүрегін жібітпеді. .

Сессияда Исаев, Игнатов, Ануфриев, Еділбаев шығып сөйлеп, Шаханов келтірген фактілердің барлығын бекерге шығаруға тырысты. Мұның барлығы ұлт араздығын қоздырушылық деп қорытынды жасап, Мұхтарды айыптады. Масқара болғанда, Исаев пен Ануфриев (цеканың екінші хатшысы) бастаған топтың ұсынысын залдағылар қолдап, сессия бірауыздан дауыс берді Н.Назарбаев үндемей отырып қалды. Сөйтіп, Жоғарғы Советте : «Комиссия ешнәрсенің бетін аша алған жоқ, қайғы-қасірет көрді дегенніңң бәрі дақпырт сөз болып шықты» деген қорытындыға келді. Комиссия таратылсын, бұдан былай барлық тексеру сол сот-прокурор органдарының өздеріне тапсырылсын деген шешім қабылдады. Заңсыз әрекеттер жөніндегі көптеген шағымдарды сол заң бұзушылардың өздеріне беру, орыстың мақалында айтылғандай, капустаны күзетуді ешкіге тапырғанмен бірдей күлкі еді.

Бұл барып тұрған әділетсіздіктің, өктемдік-әміршілдік жүйені жанталаса қорғаудың әкесі болды. Шындықты жақтап суырылып шыққан Мұхтардан басқа бір де бір депутат болған жоқ. Қазақ республикасының күллі депутаттары, республиканың барлық басшылары, былайша айтқанда, қазақ елінің «қаймағы» түгел салтанат құрып отырып, осындай, жастарға қарсы, оны кінәлаған шешім қабылдау – бүкіл қазақ халқының ар-намысын сатып жібергенмен бірдей болды. 

Мұхтарды қолдап, қазақ жастарының, бүкіл халықтың мұңын жоқтай сөйлейтін сарапшылар сессияға кіргізілмей, жанындағы үйде қамалып отырды. Сессиядан ақын мұхтар көріне жылап шықты. Қатты ызаланды. Бірақ, мұқалмады. Қайта, жігерлене түсіп, сессияның шешімдеріне қарама-қарсы, барлық көмекшілерін, сарапшыларды қайтадан жинап, жан-жақты терең тексеруге жаңа тапсырмалар берді. «Қайткенде де шындық жеңбей қоймайды» деді Мұхтар. 

Осы жағдайда Мұхтар Шаханов «Неформальный Желоқсан бірлестігін» құрып, оған қатысушы көп жастарды жинап, бұл оқиғаны тексеруді Республиканың құқыққорғау орындарына бермей, тәуелсіз тексерулер жүргізудің керектігін талап еткен митингілер ұйымдастырды. Мәскеуге хат жазып, жергілікті жерге тәуелсіз тексеру жіберуді сұрады. 

Сондай талап бойынша 1990 жылдың қаңтарында ССРО Бас прокуратурасынан жеті адамнан тұратын прокурорлар бригадасы келіп, Қазақстандағы Желтоқсан оқиғаларының жағдайын тексеріп, өздерінің ақырғы қорытындысын жасамақ болды. Прокурорлар тобын басқарып келген ССРО Бас прокуратурасының прокуроры Владимир Григорьевич Гаев деген еді. 

Шын мәнісінде, бұлар да тәуелсіз емес, өктемдік жүйені жақтаушылар болып шықты. Олар келісімен Алматының құқыққорғау мекемелерінде болып, солармен ақылдасып, құжаттарды солардан жинады. Сондықтан да біз, комиссия мүшелері мен сарапшылар тобы келген прокурорлардың мұндай «тәуелсіз» тексерісіне қарсы екенімізді білдірдік. Бізбен кеңесіп (осы күнгі термин бойынша «консультация») өткізуді талап еттік. 

Орталық партия комитетінің отырыс залында Мәскеуден келген прокурорлар тобымен кездесу өтті. Олардың құрамында Шеләбі, Запорожье, Свердлов, Волгоград, тағы басқа облыстардың прокурорлары бар екен. В.Г.Гаев солардың әрқайсысымен залда отырғандарды таныстырды. Оларды Қазақстан Орталық партия комитетінің мемлекеттік құқық бөлімі меңгерушісінің орынбасары Қайырбек Сүлейменов қошаметтеп ертіп келді. Жиналысты басқарып, пікір айтушыларға сөз беріп отырды. 

Желтоқсан оқиғасын тексеруге қатысып жүрген сарапшылардың бірқатары сөйлеп, Мәскеуден келген заңгерлерге өздерінің сенбейтінін айтты. Олардың құрамы интернационалды емес деді, олар бір ғана ұлттан тұратындар. Тартыс-әңгімеде сөйлеушілердің ішінде С.М.Киров атындағы Қаз.МУ-дың оқытушысы заңгер Сағымбай Жақсымбетов, заңгер Кәрім Аюпов, «Қазақфильм» киностудиясының режиссеры Қалдыбай Әбенов, осы кітаптың авторы, Ұлы Отан соғысының ардагері Олжабай Темірханов, тағы басқалар болды. Кездесуге барлығы елудей адам қатысты. 

Сөйлеушілердің барлығы Желтоқсан оқиғасындағы қантөгістен кейін Мәскеуге, одан келген «тексерушілерге» жалпы сенбейтіндіктерін айтты. МВД-ның полковнигі Олжабай Темірханов орысша сөйлеп, былай деді : «Владимир Григорьевич, Вы очень высоко оцениваете Колбина, главного виновника кровопролития. Әто не может не отразиться в результатах вашей проверки. Поэтому Я лично даю Вам отвод. Вы не можете объективно оценить обстановку и не можете работать в проверке и, тем более, возглавлять комиссию». 

Отырғандар Олжабайдың сөзін қолдап, шулаңқырап кетті. Қайырбек жиналысты тәртіпке шақырды. Тағы кім не айтады деп, сөзге шақырды. Оның қазақ жастарын жақтайтыны сезіліп-ақ тұрды. 

Ресми тәртіп бойынша мұндай кездесуде прокурор жұрттың наразылығын тыңдап жатуға міндетті емес сиақты. Жұрттың пікірін тыңдап алғаннан кейін ол не істейтінін өзі біліп жүре беруге болады ғой. Бұл сайлау жиналысы емес қой…Бірақ, Қ.Сүлейменов прокурорларға қарсы сөздерді көбірек естігісі келгендей, жиналысты жинақтауды ойламады. Мәскеуден келгендердің көңіл күйі төмендеп, алғашқы көтеріңкі келген көңілдері су сепкендей басылды. 

Осы атмосфераны пайдаланып, Қайырбек Сүлейменов батылдау кірісті. Инициативаны ол өз қолына алды. Ол прокурорларды отырғызып қойып: «Бұл прокурорлар тобына сенбейміз, оларды қабылдамаймыз» дегендерің қол көтеріңдер,» деп, мәселені дауысқа салды.Бұл ұсынысты жақтап залдағылар түгел қол көрерді. Сұйтіп, Қайырбек Сүлейменов ССРО Бас прокуратурасынан келгендерге қарсы қол көтерткізіп, оларды масқаралық жағдайға қойып, ерлік жасады деуге болады. Бұдан бұрын біз Цеканың аппаратынан мұндай тілектестікті, батылдықты күтпеген де, көрмеген де едік. 

Сүйтіп, Мәскеуден келген 7 прокурор Алматының ең жақсы қонақүйінде 1990 жылдың 15-нші ақпанына дейін жатып, қазақ жастарына тағы да қосымша кінә тағу үшін керекті материалдар жинап алып, ССРО Бас прокуроры Сухаревтың атына баяндауын дайындап, Мәскеуге тайып тұрған-ды. 

Мәскеу прокурорлары осы жолы бұрынғыдай ауызынан жалын шығып тұрған жоқ, пәрменсіздік көрсетті. Олар өздерінің күні өтіп бара жатқанын, өктемдік жүйенің көрі қазулы тұрғанын Қазақстандағы жағдайдан айқын көрді. 

Мәскеуден келген прокурорлардың қатысуымен өткен осы жиналыстан кейін Желтоқсан оқиғаларын тексеруші Комиссияның атынан ССРО Жоғарғы Советінің депутаты М.Шаханов Қазақстан Орталық партия комитетінің бірінші хатшысы Н.Ә.Назарбаев пен ССРО Бас прокуроры Сухаревтың атына хат жазып, онда Мәскеуден келген прокурорлар тобының жұмысы қанағаттанғысыз болғанын, тек ғана қазақ жастарын кінәләп, біржақтылыққа салынғанын хабарлап, олар тұсынан жоғарыға түсірілген «Қорытынды құжаттарды» дұрыс деп санамауды, оларды еске де алмауды сұраған.

Сол хатқа қосымша мәскеулік прокурорлар тексермей, мән бермей кеткен кейбір қылмыстық фактілер жөнінде де айтылған:

Тексеру материалдарының ішіне қосылған алаңда қасірет шеккендерден түскен 90 адамның арызын прокурордар қараған жоқ. Көкшетау облысының Володар ауданына Алматыдан апарылған бір қыздың өлігі жөнінде хабарды тексеруден прокурорлар бас тартты.

Қаскелен, Қапшағай және Медеу маңына шығарылған өліктер жөнінде 1987 жылы 26 мамырда газетте жазылған хабарды прокурорлар оқып шығып, сол қалпымен тексерусіз қалтырды.

желтокнса 9.jpg

«Қазақфильмнің» операторы А.Г.Милюков 17-18 желтоқсан күндері КГБ қызыметкерімен бірге жүріп алаңда түсірген 1000 метрлік касетадағы лентаны көріп, мәскеулік заңгерлер ешқандай пікір айтпады.

ССРО Жоғарғы Советінің және Қазақ ССР Жоғарғы Советінің аттарына жазған Рысқұлбековтың Савицкийдің өліміне ешқандай қатысы жоқ екені жөнінде, өзінің кінәлі емес екені туралы арызын Қазақстан өкіметі мен Мәскеу прокурорлары қарамай тастады. Савицкийге компенсация белгілеп, оны Рысқұлбековтың отбасына төлеткізетін шешім қабылдады.

Спатаевтың өліміне кім кінәлі екенінің бетін ашпады.

1990 жылы 11-қаңтарда Алматыдағы Мақта-мата комбинатының мәдениет сарайында Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Н.Ә.Назарбаевтың астана интеллигенциясымен кездесуінде трамвай паркінің бір жұмысжысы мінбеге шығып, мынаны хабарлады: "Бір жас жігіт солдаттардан қашып, трамвайдын астына келіп тығылды. Қуып жеткен солдаттар оны өлгенше ұрды. Өлгеннен кейін денесін машинаға салып алып кетті». Мәскеу заңгерлері бұл хабарға да көңіл бөлмеді. Олар жалпы адам өлімі жөнінде сигналдарға бей-жей қарады.

х х х

Желтоқсан қасіретін өз атымен атап, қазақ халқына жабылған «ұлтшыл» деген жаланы алып тастау үшін күреске Қазақстанның ақын, жазушылары өздерінің барлық интеллектуалдық күш жігерін жұмсады. Жазушылар Одағы жанында Құқық комиссиясы құрылып, Шаханов басқарған комиссияға көмектесуге атсалысты. Мұнда желтоқсан оқиғасын тексеру жөнінде Қоғамдық комиссия да құрылды. Олардың құрамында Сафуан Шаймерденов, Тұрсын Жұртбаев, Мұрат Әуезов, Қасым Қайсенов, Тұрсынхан Әбдрахманова, Мұхтар Мағауин, Коммунар Табеев, Бейбіт Қойшыбаев, Смағұл Елубаев, Рахманқұл БердІбаев, Әбіш Кекілбаев, Рүстем Жанғожин, Сәбетқазы Ақатаевтар болды. Олар өздерінің барлық шығармашылық қабілеттерін халқымыздың жоғары адамгершілік қасиеттеріне кір келтірмеу үшін күрестерге арнады. 

Осы кезде Мұхтарға жаңа күш біткендей, қайраттанып, жәйнәп сала берді. Оның төңірегіне жәбір көргендер, заңгерлер, журналистер, оқымыстылар, барлық адал ниетті азаматтар жиналды. Желтоқсан оқиғаларының көп жақтарын анықтауға бағалы ұлес қосқан Тұңғышпай Бурабаев, Николай Акуев, Нинель Фокина, Жеміс Тұрмағанбетова, Сағымбай Жақсымбетов, Олжабай Темірханов, Мұқаш Омаров, Сабыр Қасимов, Қаршығабек Төлегенов, сиақты адал ниетті азаматтардың атын Желтоқсанда жәбір көргендер еш уақытта ұмытпайды.

Мұхтар Шаханов бастаған комиссия ешқандай карсы күштерге қарамастан, тексеру жұмысын ақырына жеткізіп, Қазақ ССР Жоғарғы Советіне комиссияның тұжырымдарының дұрыстығын мойындатты. Ескі кертартпа әкімшіліктің , оның жекелеген басшы өкілдерінің қарсылықтарына қарамастан, Мұхтар Шахановтың жан-жақты дәлелдеуінің нәтижесінде, Жоғарғы Совет қазақ халқының мойнынан «қазақ ұлтшылдығы» деген жаланы алып тастау жөнінде қаулы қабылдады. 

Сол бір қыйын-қыстау күндерде Желтоқсан құрбандарына бірден-бір жаны ашыр боп, олардың жендеттерінің зұлымдықтарын ашу үшін алаулаған жүрегі алып ұшып, дүлей күштің қара түнек құпиа бұрыштарына қорықпай кимелеп кірген Мұхтар Шахановтың ерекше ролін айтпасам, бұл хикаят толық болмас еді. Басына ұрейлі қауып төндірген, белгісіз бейнет әкелетін, оны мойнына алуға ешкім келісім бермейтін, шым-шытырық қыйын жолды Мұхтар үлкен оптимизммен жүріп өтіп, жеңіп шықты. Мұхтардың әрекеті санамызға сіңіп қалған ескі мәтелге қарама-қарсы,«жалғыз адам да жауынгер бола алатынын» дәлелдеді.

Желтоқсан күндерінде жәбірленушілер қазір саяси қуғын көргендер болып саналады. Бірақ, оларға құқықтық жағынан толық баға берілмей келеді. 1992 жылы қаңтардың 18 – інде Конституциялық сот Желтоқсан оқиғаларына байланысты 10 томдық материал қарап, жүзден аса жауапкерлерді, қарсыластарды, куәларды жинап, мәселені үш рет қараса да, нақты түйінге келе алмады. Сот мүшелерінің өздері бұл мәселені ақырына дейін жеткізуге мүдделі емес еді. Осы соттың мүшелері Малиновский мен Ударцев желтоқсан күндері «ұлтшылдардың» бетін ашуға атсалысқан,оларды соттауға немесе оқу орнынан шығаруға материал жинағандардың ішінде болатын. Ал сот төрағасының орынбасары И.И.Рогов : «Істермен 10 күн бұрын танысуым керек еді, маған 8 күн бұрын ғана берді» деп, соттың жұмысын кейінгіге қалдырғысы келіп, сылтауратты. Сот отырысына қатысушы көпшілік сот мүшелерінің табандатқан үшеуіне сенімсіздік білдірді. 

Осы сотта белгілі ғалым Ақселеу Сейдімбеков пен депутат Жасарал Қуанышалиев сөйлеп, Желтоқсан оқиғасының түпкі тамыры колониалдық-империалық саясатта жатқанын айтып, оның сойылын соғушыларды әшкерелеп, ақиқатқа жетудің қажеттігіне тоқталды. Бірақ, сот ондайға қадам баспады. 

Үлкен соттың «тышқан туған тау» сиақты боп, аяқсыз қалуының ішкі сыры сот мүшелерінің кейбірінің өздерінің қолдары қан болғансоң, «тыныш жатқан жыланның құйрығын» басқысы келмегенінде еді. Республика басшылары да сол кездегі өздерінің бишаралығын сөз қылуды ұнатып түрған жоқ-ты. Осының бәрін еске алып, Конституциялық сот өзінен өзі кішірейіп,әкімшілік алдында бас ійіп, ақыры жоқ болып кетті. 

Үміт күткен Конституциялық соттың нәтижесіз аяқталуы қарапайым халықты, әсіресе Желтоқсан кезінде жәбірленгендерді қатты толғандырды. Жоғарғы өкіметтің өзі осы мәселені егжей-тегжейлі қарауға мүдделі емес екені айқын көрінді. Желтоқсандағы қасіреттердің бетін ашудың орнына, қайта, ол жөнінде айтуды тоқтату керек деген мақалалар өкімет орындарында ұйымдастырыла бастады. 

Республика Жоғарғы Советіндегі заңгерлердің бірі Сағындық Жүрсінбаев деген біреу 1994 жылы желтоқсан айында мақала жазып, «Желтоқсан» мәселесін қарауды қойа тұрып, ендігі біздің міндетіміз - «ескі жараның ауызын ашпау» деп, баспасөз бетінде кесіп айтты. «Бұл әрекет ұлтаралық қатынастарды бұзады» деді ол, баяғы колбиндік қағиданы қайталап.

Ол ол ма, Жүрсінбаев мырза: «Құқыққорғау органдарының сол кезде күш қолданбай-ак (?) жүргізген шаралары алаңға шыққандарды ауыр жағдайдан сақтап қалғанын (?) мойындауымыз керек» деп аурудың сөзін айтып, сандырақтайды. 

Қарапайым халыққа жат осы сиақты шенеунік мырзалар «Желтоқсанның» қасіретін құқыққорғау орындарының рахымшылығы деп көрсетіп, оқиғаның ізі суымай жатып, қазірдің өзінде тарихты бұрмалауда. Кейбіреулер: Желтоқсан жөнінде көп айтылды ғой, мақалалар жазылды, кітаптар шықты, енді жетер деседі. Бұлай айтушылар сол кездерде қолдары қанға боялғандардың аттарын ұмыттырып, өздерінің де ұнамсыз қылықтарын жаба түскісі келетіндер, немесе, шынында да «адал адасып» жүрген аңқаулар деуге болады. 

Кейбіреулер ұлы іске жолдан қосылып, «Желтоқсан» қасіретіне ұшырағандарды мен де сол кезде қорғап едім деп жүрген көрінеді. Отставкадағы бұрынғы КГБ-ның полковнигі Тәңірберген Бекімов сол комитеттің жергілікті ұлтшылдармен күресу жөніндегі бөлімінің бастығы болып тұрып, көп жылдық мүлтіксіз еңбегі үшін алты рет медаль алған. Ол Желтоқсан күндері жастарға жаны ашып, оларды жазаға тарту жөніндегі КГБ басшыларының нұсқауын орындамай, ылғи бөгет жасап отырып едім дейді. Жастарға жаны ашығанына сенуге болады. Ал Комитеттін нұсқауларын орындамай отырса, оған көп медальды не үшін берген ?! 1986 жылдың қауыпты күндерінде сондай «ерлік» көрсетіп жүрсе, 1989 жылы осы оқиғаларды ешкімнен қымсынбай, Мұхтар Шаханов ашық тексеріп жатқанда Тәңірбергеннің комиссияға тым болмаса бір көрінбеуі қалай деген де сұрақ туады. Оның қолында жастар туралы деректі материалдар болса, оларды сол кезде неге әкеліп көрсетпеген ?! Жастарды сотқа беруге сол кезде «қарсы» болған адамның енді өз пікірін ашық айтуға 1989 жылы толық жағдай туған кезде үндемей тартынып қалғаны түсініксіз-ақ. 

 Ырас, жастарды соққыға жыққаны үшін милиция, КГБ қызыметкерлері, солдаттар, офицерлер біздің заң бойынша қылмыс жасаған болып есептелмейді. Себебі олар устав бойынша өзінен жоғары командирлердің бұйрығын орындады. Сол қанды соғысты жүргізіп отырған подполковник Ю.А.Секерин полковник шенін алды. Көптеген солдаттар мен офицерлер Ішкі істер министрлігінің мақтау қағаздарын, медальдар алды. Алматы қалалық атқару комитеті 28 жасақшыға «Қоғамдық тәртіпті қорғаудың үздігі» медалін берді.

Қылмысты бұйрықты орындауға сол кезде мәжбүр болған кейбір жасақшылар арамдықпен алған наградаларының бетіне түкіріп, оларды өкіметке қайтып берді. Митингіге қатысушыларды қууға қатысқан Ылайтегін Талайбеков былай деп жазды: «Менің ойымша, қалаға әскер кіргізгендерді жауапқа тарту керек…Менің «ерлігім» және белсенді қыймыл жасағаным үшін маған Қазақ ССР Жоғарғы Советінің грамотасын берді. Ол қанға бойалған кірлі награданы өздеріне қайтып тапсырдым». 

Тіпті НАТО блогіндегі Бундесвердің уставында: «егер берілген бұйрық қылмысқа әкеп соғатын болса, оны орындауға болмайды» деп жазылған. Ал біздің солдаттардың өзбетімен, өз басымен ойлап, шешім қабылдауға правосы жоқ. 

Осындай бір жағдайға байланысты шетелдік бір қаланың мэрі қалай отставкаға кеткенін айтайын. Ол полицияның қарсы болуына қарамастан, бас көтерген жұмысшыларға қарсы көзден жас ағызатын газды қолдануға бұйрық береді. Соның салдарынан кейін бір жұмысшы мүгедек соқыр боп қалады. Мұны естіген мэр ойланып- толғанып, ешкім оны орнынан қумаса да, өз еркімен отставкаға кеткен. Ал біздегі жүздеген адамдарға қасірет әкелген мемлекет басшылары ар-ұйаты жегідей жеп,өзбеттерімен отставкаға кетпес пе екен ?!

… Сол бір зұлмат күндері жастар ел ағасының ақылына, даналық, уәзипалы аталық лебізіне зар болды. Егер қашанда халқы үшін бәйік болған ғұлама сөз зергері Ғабит Мүсірепов болса, ол былай демес пе еді деп, налығанымыз да болды : «Мал баласын бауырында өсіреді, ағаш біткен тұқымын ығына қарай төгеді. Адам баласы анасының құшағында, қоғамның шылауында өседі. Аға буынның жауаптылығы да осында. ..Жастарды ерте қартайтпауымыз керек. Балғын шақтың өз сұлулығы, өз қызуы, ұшқырлығы бар. Буыны қатқан, қызуы басылған аға буын аяғын қыйа басқан жасты дүрелей бастамауы тиіс. Жас дарынның жалынын тұншықтыру қылмыс. Жалынды жас, дарынды жас көк шыбықты көрмей өссін».

«Желтоқсан» жөніндегі бүгінгі әңгіме осыдан 18 жыл бұрынғы, сол кездегі әкімдерге ғайбат шеккендік емес, демократия дәуіріндегі осы күнгі әкімдер үшін де сабақ болуы тиіс деп ойлаймын. Біз қазір тізгінімізді өз қолымызға алдық деген жағдайдың өзінде де, толық демократия, бостандық алып, аяғымызды нық басып тұрмыз деп айта алмаймыз. Елді шын мәнісінде халықтың өзі басқаруы күннен күнге әлсіреп, демократия қыл көпірдің үстінде тұр деуге болады. Бір-екі мысал келтірейін. Халық өзі сайлаған депутатын, үмітін ақтамаған жағдайда, қазір өзі қайтып шақыра алмайды. Совет өкіметі кезінде депутатты халық қайтып шақырып ала алатын еді. Бұл ереже депутатты үнемі халық үшін ғана еңбек етуге итермелеп отырды. Бүгінгі депутат парламенттегі орынды ақшаға сатып алды да, өзінің қайдан шыққанын ұмытып, халықтың көңіліне емес, көбінесе жоғары лауазымды әкімдердің қабағына қарайтын болды.

Парламенттік заң шығару процесінде әрбір депутаттың әрекетін халық өзінің көзалдында ұстауы керек. Олардың оң қадамын, халық мүддесі үшін жасаған ұсыныстарын бұхара жұрт әрқашан біліп, бағалап отырғаны дұрыс. Демократияның бір көрінісі осы. 

Қазақ халқының өткендегі зиалыларының бірі Әлихан Бөкейхан «Қазақ» газетінде жазған «Ашық хатында» былай деген: «Депутат сайлағанда жұрт тілегін аныққа шығарып айтып, осы тілекті жұмысты атқарсаң деп жібереді. Жұрт тілегінен шыға ауа жайылатын кісіні жұрт депутат сайламайды. Пікірі жұрт тілегіне қосылмаған адам, ол жұрттың депутаты бола алмайды. Бұны Еуропа саясат салты наказ дейді». 

Бұл сөздерді Әлихан Бөкейхан айтқалы не заман. Кеңес өкіметі кезінде оның айтқанына құлақ аспады делік. Ал қазір?… Оның әрбір сөзі қазақ үшін талас тудырмайтын бедел болып тұрғанда, бұл қағиданы неге орындамаймыз деген ой туады.

х х х

1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне ұқсас қозғалыс 2002 жылғы 19-қаңтарда Қазақстанның демократиялық қоғамдастықтарының республикалық жиналысы түрінде болды. Оны халық Қазақстанның демократиялық таңдауы (ҚДТ) деп атады. Желтоқсандағы жастар өкіметтен рұқсатсыз көшеде жиналғандықтан қантөгіске ұшырады. Ал ҚДТ жиналысы ғимаратта (циркте) өткендіктен полицияның дүресінен аман қалды. Егер сол жиналған 900-ден астам адамдар бәрі көшеге шығып, өз тілектерін айта бастаса, өкімет оларды да, сөз жоқ, дубинканың астына алған болар еді. ( Ондай «тәжірибе» реформаның алғашқы жылдарында Алматыда жиі болғаны бәрімізге белгілі). 

Қазіргі өкімет Желтоқсандағы жастардың талаптарын дұрыс деп санайды, ал ҚДТ-ның дәл сондай дерлік демократиялық талаптарын құптамай, оның лидерлерін қапасқа алды. Мұның себебі: сайып келгенде, өкіметке бұрынғы кезде де, қазірде де, демократия (халық билігі) керек емес – оның бәрі жәй сөз - өзддерінің тыныштығы, ешкіммен бөліспейтін диктатуралық өкімет керек. 

Желтоқсан қүндерінде қазақ жастары өз алдына мақсат етіп армандаған демократия, жарилылық, бостандық, әр ұлттың өзін өзі басқаруы егеменді елімізде іске аса бастады. Желтоқсанның 17- сі күнін қазақ тарихындағы тұңғыш президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің жарлығымен «Демократиядық жаңару күні» деп жариалады. Бұл күн біздің бүгінгі эволюциялық дамуымыздың революциялық бастамасы болды. Ұшқыр жастардың ыстық жүрегінен шыққан лапылдаған намыс оты мәңгі өшпей, ғасырлар бойы сәулесін шәшіп тұрмақ. 

1992 жылы 5 – қыркүйекте Алматы облысы Жамбыл ауданының жерінде «Желтоқсан – ар-намысым, қасіретім, мақтанышым» деген ұранмен үлкен салтанатты жыйын өтті. Жиынға оқиғаның мәні мен мазмұнын дәл білдіретін жоғарыдағыдай ат берген де Мұхтар Шаханов болатын. Сол салтанатта Қырғызстанның презиленті Асқар Ақаев қатысып, былай деді: «Қазақтың наны бүкіл Одақтың жартысын тамақтандырып келеді, Бұхарда пұлың болса көңілің тоқ дегендей, тәуелсіз қазақ елі барда бәріміз де қуаныштымыз. Қазақстан аттың қасқасындай анық белгілі дүниежүзілік мемелекет болды». 

Осы үлкен салтанатта Қазақстан президенті Н.Назарбаев сөйлеп, жанымыз аралас, қойымыз қоралас, туысқан қырғыз халқының көркейе беруі үшін осы Желтоқсанның даңқты күндері өзімнің үлкен тілектестігімді білдіремін деді. Бұл үлкен жыйын Алатау бауырындағы кең алқапта той-думанға ұласып, ән мен күйдің көңілді кеші болып өтті. 

х х х

Алматыда Ғылым академиясының үлкен залында 1996 жылы 8-қараша күні өткен Ғылыми-практиклық конференция Желтоқсан оқиғасының түпкі саяси, әлеуметтік және экономикалық себептерін талдауға үлкен үлес қосты. Осы оқиға кезінде өктемдік жүйенің қандай масқаралық роль атқарғанын ашып көрсетіп, кімнің кім екенін бетке айтып, соларды тексеру жөнінде арнаулы комиссияны басқарған Мұхтар Шахановтың конференцияда жасаған баяндамасы отырғандарды дүр сілкіндірді. Сол сиақты, Қазақстанның мемлекеттік хатшысы Әбіш Кекілбаевтың, академик Жабайхан Абдильдиннің баяндамалары оқиғаның тарихи мәнін аша түсті. 

желтокнса 10.jpg

Қазіргі кезеңдегі көңілге демеу болатын үлкен жетістігіміз – ол қазақ халқының егеменді ел болып, өркениетті мемлекеттер қатарыны қосылып, олардың бізді дүниежүзілік тәуелсіз мемлекет есебінде мойындағаны. Мұндай тарихи жағдайдың жасалуына әртүрлі объективтік себептер болды. Бұл жерде ол себептерді тереңдете айтуды мақсат етіп отырған жоқпын. Тек құбылыстың бетінде, қарапайым адамның көзіне көрініп тұрғанына ғана тоқталмақпын. Қазіргі дүние жүзіндегі ең қуатты мемлекеттің ыдырауының объективтік заңдылығы Горбачевтың елді басқара алмай, дарынсыздық көрсетіп, «демократия», «плюрализм», «ой бостандығы» жөніндегі ұрандарға ғана салынып, басқару божысын бетімен жібергені сиақты тарихи кездейсоқ құбылыс түрінде көрінді. Орыстың бір мақалында айтылатындай, бұл «бақытсыздық» болмаса бақыт та келмес еді. Алдымен Ресей, Украина және Белоруссия Беловеждегі шешімдері бойынша Одақтан шығып, өздерінің жеке мемлекет болатындарын жариалады. Іле-шала басқа ұлт республикалары да осы тәуелсіздік жолына қуана-қуана түсті.

Осы тарихи бетбұрыс кезінде субъективтік фактордың мәні орасан зор болды. Біздің елімізде Нұрсұлтан Назарбаев сиақты дүниежүзілік өзгерістің бағытын болжап, тез қыймылдағыш саяси қайраткер табылып, өз елін дүрлікпеуге, саспауға, бірлікке шақырып, шашыратпай жинап ала бастады. Баяғыдай «Орталыққа» қарап, енді қандай нұсқау болар екен деп, көктен бірдеңе күтіп, ауызды ашып отыратын заманның кеткенін ол басқалардан бұрын түсінді. Қазақ елінің бірінші президенті халықтың әлеуметтік тұрмыс жағдайын көтерудің 2030 жылға дейінгі стратегиялық бағытын жасап, өсу кезеңдерін белгіледі. Бұл үлкен тарихи құжат барлығымызды да келешектен қатты үміттендіреді.

х х х

Алматыдағы Желтоқсан күндеріндегі қантөгістің басты ұйымдастырушысы СОҚП-ның Бас секретары М.С.Горбачев болғаны барлық жұртқа мәлім. Соның нұсқауы бойынша Алматыға Соломенцев келіп, генералдар жіберіліп, әскери бөлімдер, қару-жарақтар енгізілді. Горбачев қазақ халқы үшін ең хексұрын адам болса да, неге екені белгісіз, Қазақстан басшыдары оны сый-құрметпен қарсы алып жатады. Біздің элиталық билігіміз шет елдің біреуін сыйлауға келгенде халықтың ойы мен пікірін де еске алулары керек шығар деп ойлаймын. Қазақ халқы жек көрген адамды басшымыз жақсы көріп жатуы қалай ?!

Осы күнде «Желтоқсанның» жендеттерін хан көтеріп жатқан көрінеді. Қазақ жастарын қан қақсатқан республиканың сол кездегі Бас прокуроры Ғалым Елемесовты ресми органдар мадақтауда. Ал оның заң саласындағы қызыметінің ең жоғарғы шыңы 1986 жылғы Желтоқсан оқиғалары кезінде жасаған заңсыздықтарымен сыпатталады. 

Ғ.Елемесов ертеректе қайтыс болды. Сымбатты қазақ жігіті еді. Таныс болдым. Бірақ, саясаттың құлы болды. Заңдылықты қорғай алмады, өз позициясы болмады. Ғ.Елемесовты мадақтап сөз сөйлеп, мақала жазып, оның жетпіс бес жасқа толуына байланысты «салтанатты» жиналысына қатысушы Республика Бас прокуратурасының секретариатының бастығы С.Темірболатов, Астана прокуроры А.Константинов, теміржол прокуроры С.Абенов дегендер – мұрнынан арғыны көрмейтін, кеше ғана болған қазақтың қасіретін ұмытып кеткен, «Желтоқсан» тарихынан хабары жоқ кеудесі соқырлар болып шықты. Сонда бұлар қандай заңгерлер?! Олар іс жүзінде Желтоқсан жендеттерінің адвокаттары болып отыр. 

1986 – 1989 жылдары тоталитарлық жүйенің жалыны аспанға шығып тұрғанда Қазақ ССР Сыртқы істер министрі М.Есеналиев Орталық партия комитетінің Колбин басқарған пленумында сөз сөйлеп, Қазақстанда «37 жыл қайталанып жатқанын» мәлімдеп, өкімет басындағыларды қатаң сынға алды. Қазақстан орталық комсомол комитетінің бірінші хатшысы С.Абдрахманов сол желтоқсан күндері тура алаңның үстінде жастарға кұрек жұмсап жатқан солдаттарды қолдарынан ұстап тоқтатты. Жоғары лауазымдарынан айрылу қаупы туып тұрса да,- олар кейін сол үшін орындарынан алынды - өз тағдырынан гөрі жастардың тағдырын қорғауды бірінші қатарға қойған. 

Мұндай азаматтық ерлік көрсетуден Ғ.Елемесовтың алыс болғаны былай тұрсын, қайта, керісінше, жастарды жазықсыз жазалаудың басты ролін атқарып, шын заңгерлік және азаматтық позициясы жоқ, тек өзінің мансабын сақтауға ғана тырысқан біреу болып шықты. Республикадағы заңдылықты қорғау органдарының басында Ғ.Елемесов тұрған кезде бүкіл қазақ халқының ұлттық намысы аяққа басылды. Ғалымның күнәсін Құдай өзі ғана кешіріп, орны Жаннатта болсын. 

х х х

Хронология

Желтоқсан оқиғаларын тексеру жөнінде менің өз қолымнан жазып, бірнеше адамдарға қол қойғызып, әртүрлі жоғарғы орындарға жіберген хаттар мен жеделхаттарымның хронологиясы: 

1989 жыл, 30 мамыр. Мәскеу, Кремль. Халық депутаттарының атына жеделхат.

 «Москва, Дворец съездов. Народным депутатам из Қазахстана Сулейменову и Сафонову. Передайте съезду, кровавые события 86 года в Алмате спровоцированные правоохранительными органами клеветнически оценены как национализм қазахского народа. Против многотысячной мирной демонстрации в защиту национальной чести с лозунгами с ленинской концепцией о самоопределении нациии портретами Ленина были применены вдруг водометы, дубинки, затем пустили в ход армию. Наготове близ площади стояли танки, бронетранспортеры. Солдаты били студентов саперными лопатами, пинали девушек в живот. Остатся до сих пор неизвестным количество жертв, сосланных, безвести пропавших. Просим съезд разобраться, рассмотреть ответственность должностных лиц за неслыханные преступления» 

1989 ж. 12 маусым. Біз 15 адам хат жазып, оны ССРО Халық депутаттары Меңдібаевтың, Назарбаевтың, Сафоновтың, Сүлейменовтың, Шахановтың аттарына Мәскеуге жібердік. Хат орыс тілінде жазылған:

«Уважаемые народные депутаты, о кровавых декабрьских событиях в Алмате выступил на съезде Мұхтар Шаханов. Мы одобряем его постановку вопроса. Но его предложение о создании комиссии для проверки фактов злодеяний против казахской молодежи остается без должного внимания.Такая непоследовательность народных депутатов из Қазахмстана и Верховного Совета СССР нам, қазахстанцам непонятна. Неужели судьба около двух тысяч арестованных, без вести пропавших, убитых для вас безразлична ?! Сотни матерей оплакивают своих детей, ставших жертвой саперных лопат, дубинок, служебных собак. Мы просим вас внести предложение о создании комиссии Верховного Совета СССР для раследования кровавых событий и выявления преступников»

1989 ж. 24 шілде. Алматыдан 62 адамға қол қойғызып Мәскеуге хат жібердім.

«Первому съезду Народных депутатов СССР.

…Тысячи қазахстанских студентов, рабочих, вышедших на площадь возле ЦК партии с портретами Ленина и плакатами, были встречаны милицией струями ледяной воды в декабрьскую стужу. Для подавления мирных демонстрантов были вызваны танки, бронетранспортеры из Свердловска, Новосибирска и других городов. Кто давал команды пойти на такой позорный шаг? Кто мобилизовал милицию и солдат только из числа неказахской национальности для разгона демонстрантов? Какие основания для арестов, жестоких приговоров суда? И, наконец, кто автор обвинения қазахского народа в «махровом национализме»? и многое другое до сих пор неизвестны. Все это жолжно быть проверено. Виновники наказаны. …Мы требуем отзыва из Верховного Совета народного депутата Семенихина за дезинформацию сессии и клевету на Шаханова» (Адрес для ответа: Алматы, Орбита-2, Садыков М.Н.) 

1989 ж. 22 қараша. ССРО Халық депутаттарының Межрегиональдық тобының жетекшісі, заң ғылымдарының докторы А.А.Собчактың атына хат жібердім. Онда Қазақ ССР Жоғарғы Советінің 1989 жылғы 14 қарашадағы «Желтоқсан – ұлтшылдықтың көрінісі» деген қаулысының түбірінен қате және зианды екені айтылып, соны бұзуға көмектесу сұралған. Орысша тексті ұзақ болғандықтан кітапта келтірмей отырмын. 

5. 1990 ж. 13 наурыз. Қазақстан Орталық партия комитетінің атына хат жаздым. Хатта Желтоқсан күндері 31 студенттің өлтірілгені туралы айтылған. Орыс тілінде жазылған хаттан үзінді:

«В Верховном Совете Каз.ССР до сих пор лежит без движения информация майора милиции покойного В.В.Никуленко в которой он писал о том, что в дни декабрьского побоища был убит 31 студент. Что сведение об этом хранится в сейфе генерала Халманского. 

С этим письмом Никуленко ознакомилась Зам.пред.Президиума Верховного Совета В.Сидорова. Она положила письмо под сукно. Надо проверить. (М.Н.Садыков.Адрес.) 

желтоксан 11.jpg

х х х

Алматыдан Мәскеуге жіберілген менің хаттарым өз ролін атқарып, ол хаттарға Халық депутаттарының 1–съезінде, 6-маусым күні және 19 - шілде күні сөйлеген депутат Мұхтар Шаханов, 12 маусымда сөйлеген депутат Олжас Сүлейменов сілтемелер жасады. Ол хаттар Желтоқсан оқиғаларын тексеру жөнінде арнаулы комиссияның құрылуына негіздердің бірі болды. Қазақ халқының ар-намысын қорғау үшін атсалысқан Қазақстан азаматтарын тарих әрқашан ұмытпайды. 

Желтоқсандағы қанды оқиғалардың және оған кінәлілердің бетін ашып, әділ сотта қаралуы тиіс. Қайғылы оқиғаның салдарынан зардап шегіп, моральдық және материалдық жәбір көргендер, олардың отбасылары тиісті материалдық компенсация алып, бастарына түскен моральдық зианның орны толтырылуы керек. 

Мүбәрәк САДЫҚҰЛЫ,

«Санаға саяхат» кітабынан үзінді.

2013 жыл. Астана.

Мүбәрәк Садықұлы (25.11.1923 – 04.02.2005) – журналист, қоғам қайраткері, аудармашы, ақын. Өмір бойы журналистика саласында еңбек еткeн. Көрнeкті еңбектері үшін Қазақстан Жоғарғы Кеңесі Президиумының Құрмет Грамотасымeн үш рет марапатталған. 

Өзінің елу жылға жуық еңбек жолында Мүбәрак Садықұлы сонау соғыс жылдарынан бастап, талай өмір өткелдерінeн өткeн. Соғыстан келгeннeн кейінгі еңбек жолын Павлодар облысы, Ертіс ауданында райфода бухгалтерліктeн бастап, райкомда нұсқаушы, аудандық «Ертіс правдасы» газетінде редактор болды. Павлодар облыстық партия комитетінде он жылдан аса істеп, 1962 жылы Алматыға қызыметке ауысып, Орталық партия комитетінде жеті жыл істеп, одан кейін Мeмлeкеттік құпия сақтау жөніндегі Бас басқарманы (Главлит), Авторлық құқықты қорғау жөніндeгі Республикалық Агeнттікті басқарды. 

Зейнeткерлікке шығар алдында бес жыл Республикалық «Қазкітап» Бірлестігінің Бас директоры қызметін атқарды. Жүздегeн мақалалары соғыстан кейінгі жылдардан бастап 2005 жылға дейін баспасөз бетінде жарияланып тұрды. «Намыс оты» (1999 ж.), «Замана сарыны» (2004 ж) кітаптары жарық көрген. 




Ұқсас тақырыптар