2024 жыл: Әлем экономикасын не күтіп тұр?

DW басылымы 2024 жылы әлемдік экономикада және саясатта қандай өзгеріс болатынына қатысты сарапшылардың пікірін алып, көлемді мақала жариялады. 2023 жыл адамзат үшін экономикалық және саяси сын-қатері көп жыл болды. Украина-Ресей, ХАМАС-Израиль арасындағы соғыс әлемдік экономикаға айтарлықтай әсер етті.


10 крупнейших экономик мира к 2030 году

 

«Әлемдік экономика біз ойлағандай өте құлдырып кеткен жоқ. Қазіргі көрініс соны аңғартты. Алайда қиындықтар да бар, оны жоққа шығару ақымақтық болар еді», - дейді Oxford Economics компаниясының сарапшысы Адам Слейтер.

 

Слейтердің ойынша 2024 жылы әлемдегі ЖІӨ өсімі төмендейді. Оның бұл пікірімен өзге де сарапшылар келісуде. Экономикалық әріптестік және даму ұйымының болжамы бойынша 2024 жылы әлемдік экономика өсімі 2,7 % болмақ. Салыстырмалы түрде айтатын болсақ 2023 жылы бұл көрсеткіш 2,9 %-ды құраған еді. Халықаралық валюта қоры 2024 жылы экономикалық өсім әлемде 2,9 % болады деп болжаса, Еуропалық орталық банк 3 % болады деп отыр. Сарапшылар экономикалық өсім әр аймақта әр түрлі болады дейді. АҚШ экономикасы қарқынды өсім көрсетсе, Қытай мен Еуропа экономикасы айтарлықтай баяу болмақ деп топшылауда.

 

Қаржы саласының сарапшылары 2024 жылы Қытай экономикасына ерекше назар аудару керектігін айтады. Ұзақ жылдар бойы үздіксіз өсім көрсеткен Қытайдың экономикасының ендігі таңда өсімі баяулаған. Әлемнің экінші экономикасы саналатын Қытайдың қаржылық жағдайы жүздеген мемлекетке де әсер етпек. Сарапшылар Азия елдерінің өсім деңгейіне Бейжіңдегі экономикалық саясат та тікелей әсер ететінін айтып отыр.

 

Үндістанның саяси зерттеу орталығының бас сарапшысы Сушант Сингхтің ойынша 2024 жылдың басты сұрағының бірі «Қытай экономикасы қайта өсе ме, өше ме» деген сауал маңайында болмақ. 2023 жылдың қазанында Дүниежүзілік банк Қытайдың экономикасы Шығыс Азияға қатты әсер ететінін жазған болатын.

 

Вашингтондағы Стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығының сарапшысы Уильям Рейнштің пікірінше Қытай экономикасы әлі де қуатты. Рейнш Қытай әлемдік базарға айналып кеткенін, сіріңкеден бастап пойыздарға дейін сататынын айтуда. Алайда өте үлкен тәуекелдің барын да жоққа шығармайды, ол Қытай мен Тайуан арасында болуы ықтимал соғысқа қатысты. «Егер Қытай төрағасы саяси мұра қалдырғысы келсе, Тайуанға соғыс ашуы ықтимал. Ондай сәтте Қытайдың экономикасы біржолата құлайды, артынша әлем экономикасы да құлдырайды», - дейді маман.

 

2024 жылы әлемдік экономикаға Украина-Ресей және ХАМАС-Израиль соғысы да әсер етпек. Бұл азық-түлік тасымалы мен бағасы, мұнай бағасы және тыңайтқыштарға қатысты. Аталмыш қажеттіліктердің соғыстарға байланысты қымбат және тапшы болуы бірқатар елде ішкі толқуларды да туындатуы ықтимал дейді мамандар.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар