Ресейлік туристер Алакөлдің жолын көріп шошып кетті

1.jpg

Ресейдің Кемерово қаласынан келген ерлі-зайыптылар ШҚО-дағы әйгілі Алакөлге апаратын жолдардың сапасы сын көтермейтінін айтып салды. Алдымен Астанаға көлікпен, кейін Семейге поездбен жеткен олар, "қуырдақтың көкесі" Жалаңашкөл бекетінен Қабанбай ауылына апарар жолда басталды дейді. Айтуларынша, аталған бағытта жолға шыққан олар, жол бойы шаң жұтып, тоз-тозы шыққан жолда "теңселумен" болыпты. Бұл туралы NUR.KZ хабарлайды.

Алакөлге алғаш рет ат ізін салған ресейлік туристер жол азабын әбден тарттық дейді. Ресейден Қазақстанға көлікпен, кейін ШҚО-ға поездбен жеткен олар, бар "гәп" Жалаңашкөлден Қабанбай ауылына апаратын жолда басталғанын айтты.

"Жол алыс болғанымен, суы пайдалы болғандықтан, таңдауымыз осы Алакөлге түскен еді. Қолдарым экзема, дертке дауа таппаған соң, дәрігерлер маған осы Алакөлдің суы пайдалы болады деп кеңес берген еді. Сөйтіп, алдымен Кемеровадан Астанаға көлікпен жеттік. Жолдың сапасы төмен екенін естіп, темір тұрпарымызды туысымыздың үйіне тастап, одан ары поездбен Жалаңашкөл станциясына жеттік. Естуімізше, бекеттен көлге дейінгі қашықтық шамамен 30-40 шақырым болуы керек. Бірақ жергілікті таксистер бағаны қымбат сұрау үшін бе, ара қашықтықты көбейтумен болды. Бірі 60 шақырым десе, енді бірі тіпті 70 шақырым деп соқты. Содан хош, сол такси жүргізушілерінен басқа көлге жетудің амалы болмағандықтан, көлікке отырдық. Отырғанымыз сол еді, асфальт түгілі, тас төселмеген, ойқыш-ойқыш жолға тап болдық. Сөйтсек, жергілікті тұрғындар да қу екен, жаңа көліктерін әлгіндей жолға салғылары келмейді. Сондықтан ескі көліктерін айдайды екен. Әлгі көлікте отырып, шаңға "тойғанымызды" ешқашан ұмытпаспын. Бар-жоғы 25 шақырымдай жол болса да, "селкілдеп" көлге әрең жеттік", - деді ерлі-зайыптылар.

Сонымен бірге олар, "Қазақстанды мұндай деп ойламадық"деп ағынан жарылды.

"Жайда Қазақстанды теледидардан көп көреміз. Мынадай тоз-тозы шыққан жолдарды көріп, шыны керек, шошып кеттік. Иә, бізде де бар мұндай жолдар. Бірақ ел көп баратын, суы пайдалы Алакөл сияқты туристік мекендердің жолын тақтайдай етіп қойса болады ғой? Егер жолды жөндеп, сервис сапасын сәл жақсартса, бұл өңірдің туристік әлеуеті жоғары деп ойлаймыз", - деп сөзін аяқтады туристер.



Ұқсас тақырыптар