Жас отбасы: Мемлекет қолдауы, әулет жолы және ата-әже тәрбиесі

Қазақстан қоғамы үшін отбасы құндылықтары жоғары маңыздылыққа ие. Отбасының берік те мығым болуы, шаңырақтың шайқалмауы жұбайлардың құндылық көзқарасының сәйкестігіне де байланысты.


Отбасы құндылығын сақтау – мемлекеттің даму кепілі | Dalanews

 

Ендігі таңда Қазақстанда отбасы құндылықтарын арнайы үйретеді. Кімдерге? Әрине шаңырақты енді құрып, үйленіп жатқан жас жұбайларға. Бұл туралы мәдениет және ақпарат мнистрлігі хабарлады. Арнайы баяндама үкімет отырыстарының бірінде қарашаның қақ ортасында оқылып, еліміздегі отбасы ішіндегі жанжал, зорлық-зомбылықты азайтуға қатысты айтылды. Артынша оны шешу үшін жүйелі әрекет жасалу керектігі айтылып, нақты әрекеттер алгоритмі ұсынылды.

 

Ендігі таңда қоғамда отбасы ішіндегі береке-бірлік мәселесіне кең көңіл бөлінбек. Мемлекет жіті қадағалап, тиісті заңға өзгерістер де енгізеді. «Бақытты қазақстандық отбасы» атты интерактивті ұсынылымы да жасалуда.

 

Ендігі таңда жас отбасын құратын жұптарға электронды үкімет жүйесі арқылы арнайы отбасылық құндылықтарды түсіндіруге қатысты роликтер көрсетілмек. Бұл отбасындағы татулық, берек-бірлік пен сыйластық, жылы сезім құндылықтарын сақтау үшін жасалған әрекет. Әр отбасын құруға өтініш берген азаматтар аталмыш роликтерді көруге міндетті болады.

 

Сонымен бірге Біріккен Ұлттар Ұйымының Халыққа арналған қоры (UNFPA) мен Қазақстан бірлесе отырып, пилоттық жобаны бастайды. Жоба алғашқыда Шымкент және Астана қалаларында іске қосылады. Жобаның мақсаты жас жұбайларға және енді шаңырақ көтеруді ойластырған азаматтарға тегін психологиялық кеңес беріп, ұлттық және отбасылық құндылықтарды үйрету, денсаулық жағдайына көңіл бөлу, бала жоспарлау, отбасы бюджетін тиімді қолдану және басқа сұрақтар бойынша да үйретіп, кеңес береді. Бұл қазіргі уақытта көптеген жас отбасыларға қажет әрекет деп айтсақ болады.

 

Қазақстанда отбасы құндылықтары мен отбасы саясатына қатысты 156 әлеуметтік жоба іске қосылып, жұмыс істеуде. Оған 469,3 млн теғге қаржы бөлінген. Оның ішінде 40 пайыз қаржы отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алуға қатысты шараларға жұмсалуда. Оның ішінде дағдарыс орталықтарын қаржыландыру, орталық мамандарын оқыту мәселесі бар. 25% қаржы жастар арасындағы отбасы құндылықтарын дәріптеуге, үгіттеуге арналса, 10% қаржы отбасындағы денсаулық мәселесіне, 15% қаржы аз қамтылған отбасы мүшелерімен жұмысқа, ал қалған 10% қаржы өзге мақсаттарға қолданылады. Министрліктің ақпаратынша гранттық қаржыландыру негізінде отбасындағы агрессорлармен жұмыс жасау жағы да пилоттық жобалар аясында іске қосылып жатыр. Оның мақсаты отбасыны сақтап қалуға жәрдемдесу, отбасы ішіндегі қылмыс деңгейін азайту, зорлық-зомбылықтың алдын алу, психологиялық кеңес беру және басқадан тұрады. Қазір бұл бағдарламаны толық іске асыру үшін дағдарыс орталықтарының мамандарын оқыту іске асуда, оның ішінде отбасылық дағдарыс орталықтарының 70 қызметкер арнайы курстардан өткен. 280 қызметкер әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бойынша әр аймақтан оқытылған.

 

Неге бұл маңызды? Жақында ғана қоғамды дүрліктірген оқиға ел арасында үлкен пікірталас жасап, әйелдерге қатысты жасалатын отбасылық зорлық-зомбылық тақырыбын басты талқының бірі етті. Экс-министрдің, Батыс көріп, адам құқығы қатаң сақталатын елдердің тәжірибесін алды деген, оқыған-тоқыған деген азаматтың әйелін аяусыз соққыға жығып, мерт етуі қоғамның айтылмай тұрған табу тақырыбының қақғапын ашты. Қазақ қоғамында отбасы құндылықтары көп жағдайда жарияға жар салмастан ішкі ақылдылық пен даналық арқылы реттеліп келді. Алайда соңғы жылдары отбасы құндылықтары құлдырай бастады, салдарынан отбасы ішіндегі зорлық-зомбылық артты, өлім-жітім көбейді. Орташа жылына Қазақстанда 400-ге жуық қазақстандық әйел отбасындағы зорлық-зомбылықта көз жұмады. Бұл сұмдық статистика, алайда мамандар шынайы көрсеткіш бұдан әлдеқайда көп дейді. Өкінішке орай осындай қылмыстың деңгейіне қарамастан, заң аясында жазасын алушылар саны 12-15 адамды ғана құрайды екен. Әрине, барлығын темір торға тоғыта беру де шешім емес. Мәселені шешу үшін салдарымен емес, себебімен күрескен абзал. Осы ретте отбасы құндылықтарын арттыратын шаралар іске асуы қажет және олар жасалуда. Жоғарыдағы әрекеттер соның айқын айғағы.

 

Отбасы құндылықтарын зерттеп-зерделеп отыру, қай бағытта жұмысты қарқынды етуді анықтау маңызды. Ол үшін арнайы сауалнамалар алынып, қоғам арасында сұрау салынып отырылады. Отбасы құндылықтарына байланысты пандемиядан кейін және дейін деген екі түсінік қалыптасты. Психологтар мен зерттеушілер отбасы арасындағы қатынасқа пандемиялық шектеулер де әсер еткенін айтады. Әкелер мен аналар пандемиялық шектеулерге байланысты отбасында көбірек болып, балаларымен қатынасты көбірек жасаған. Ал кей жағдайда отбасындағы зорлық-зомбылық фактілері де артқаны байқалады.  

 

«Отбасы институты» тарапынан жүргізілген мына бір зерттеуге назар аударсақ. 2023 жылдың басында елімізде 19,8 млн адам болған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,4%-ға көп деген сөз. Оның 6,7 млн адамның жасы 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерден тұрады. Соңғы жылдары ел халқының жыл сайын өсу көрсеткіші орта есеппен 1,3%–1,5%-ды құраған, алайда 2022 жылы бұл көрсеткіш бірден 3,3%-ға бірақ жетті. Бұл отбасын құру, балалы болуға қатысты көзқарастың өзгергенін де, пандемиялық шектеулердің әсерін де және елдегі демографиялық өң өзгерісті де білдіреді.

 

Қазақстандық әлеуметтік даму институтының қазақстандықтар арасында жүргізген социологиялық зерттеуіне сәйкес, респонденттердің 78,25%-ы отбасылық қарым-қатынастарына толық қанағаттанса, 17,08%-ы біршама қанағаттанған, 3,67%-ы қанағаттанбайтынын айтыпты. Сарапшылар респонденттердің соңғы санаты отбасылық қарым-қатынасты бұзу қаупі бар екенін атап өтіп, олармен тығыз жұмыс жүргізілу керектігін ұсынуда. Себебі бұл санаттағы азаматтар отбасылық құндылықты жіті түсінбеуі, жауапкершіліктен қашуы және әлеуметтік мәселелерін реттей алмауы мүмкін. Соңы шайқалған шаңырақ немесе отбасындағы зорлық-зомбылыққа ұласуы ғажап емес.

 

Отбасындағы табыс деңгйеі, қаржылық кіріс бойынша мәліметтерді талдау материалдық әл-ауқат деңгейі мен отбасылық өмірге қанағаттану арасындағы байланыстың барын нақты көрсетеді. Яғни отбасы қаншалықты әлеуметтік тұрғыдан қамтамасыз етілген болса, соншалықты ұрыс-керіс те аз болуы ақтимал. Ал сатып алу қабілеті төмен респонденттер отбасылық қарым-қатынасқа көңілі толмайтынын жиі айтады. Отбасыларында тіпті азық-түлік сатып алуға ақшасы жоқ респонденттердің 12,5% отбасылық өмірге көңілі толмайтынын мойындайды және көбісі отбасын құрғандарына өкінетінін жасырмайды. Ал материалдық тұрғыдан қамтамасыз етілгендер арасында отбасын құрғанына өкінетіндер саны әлдеқайда аз.

 

Сарапшылар дін мен отбасылық қарым-қатынасқа қанағаттану арасында белгілі бір байланыс бар екенін де атап өтеді. Осылайша, өздерін сенушімін деп санайтын респонденттер сенбейтіндерге қарағанда отбасылық өміріне қанағаттанатыны да анықталған. Бұл діни көзқарастардың сәйкестігі және діндегі ер мен әйел міндетінің нақты бөлініп көрсетілуі, оған ерлі-зайыптының екеуінің де келісуі себеп дейді мамандар. Сонымен бірге діндегі айырылысу жағы да өте аз айтылғандықтан, бұл статистиканы да төмендететін фактордың бірі болып тұр. Мысалы дін бойынша үйленіп, дін бойынша ажырасатын азаматтардың басым бөлігі мемлекеттің үйлену туралы құжаттарды алмайды. Сәйкесінше олар мемлекеттік базаға тіркелмейді. «Талақ» негізінде бұзылған отбасылар да арнайы тіркеуде жоқ. Бұл отбасы құндылықтарында діннің рөлі басым аймақтарға тән көрініс. Мамандар аталмыш көріністің жаппай белең алғанын және оны арнайы зерттеу керектігін айтуда.

 

Балалар тәрбиесіне келетін болсақ, қазақ отбасылары олардың бойына дәстүрлі отбасылық құндылықтарды сіңіруге тырсады. Оның ішінде еңбекқорлыққа баулиды, өзін-өзі құрметтеу, адалдық пен әділеттілік, үлкендерге құрмет сезімдерін бойына сіңіруге барын салады. Соңғы жылдары балаларына басқа халықтардың мәдениетіне, тілдеріне және дәстүрлеріне құрмет көрсетіп, өз ойын еркін айтуды үйрету қасиеттері де артқан. Отбасы құндылықтарының ішінде қазақ қоғамында бөлінбес бөлшек болып саналатын айтулы даталар бар. Мысалы туған күнді атап өту, Наурыз мерекесінде бас қосу, Жаңа Жылды бірге тойлау, әйелдер күнінде аналарына сыйлық жасау және Айт мерекесінде туысқандық қарым-қатынасты күшейте түсу әрекеттерін байқай аламыз.

 

Көптеген қазақ отбасыларында ата-әже институты әлі де сақталып, бала тәрбиесінде үлкен рөл ойнауда. Көптеген ата-аналар қарттардың тәрбиесі жас ұрпаққа оң әсер етеді деп санайды. Оның ішінде үлкенді сыйлау, туған тілі мен тарихына деген құрметтің болуы, дәстүрді, салтты үйреніп, меңгеру, туысқандық қарым-қатынасты сақтап қалу және басқа қасиеттерді ата-әжелері сіңіреді деп ойлайды. Кей жас жұбайлар керісінше үлкендердің тәрбиесі, қарттырдың өнегесі жас ұрпақтың қазіргі заманға сай ұстанымына кері әсерін беруі ықтимал деген ойда.

 

Міне, отбасы құндылықтары осындай түрлі қырды қамтиды. Оның ішінде мемлекеттің қолдауы мен бағдарламасынан бастап, әулеттің ішкі ұстанымына дейінгі аралықты – отбасы құндылықтарының қалыптасатын кеңістігі десек те болады.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар