«Мал өсірсең қой өсір, өнімі оның көл-көсір». Атам қазақ осы сөзді тегіннен-тегін айтпаса керек. Әлімсақтан қазақтың қасиетті төрт түлігінің бірі саналған қой шаруашылығы елімізде күннен күнге өрістеп келеді. Соның бір дәлелі бүгінгі Талдықорған қаласында өткен «Қошқар чемпионаты».
«Қошқар чемпионаты» деген атауды естігенде қазақы болмысты қалың жұрт сайыстың қалай өтерін тіпті де көздеріне елестете алмады. Қошқарларды сүзістіре ме, әлде жарыстыра ма деген сан сауал біздің де санамызда кес-кестеді.
«Қазына» агрохолдингінің төрағасы Алмасбек Садырбаевтың айтуынша, аталмыш шара агрохолдингтің 11 жылдық жұмысының нәтижесін көрсету мақсатында өткізіліп отыр екен. «Қошқар чемпионатын» өткізуге ҚР Ауылшаруашылығы министрлігі мен «Атамекен» ҰКП қолдау білдірген. Етті және жүнді қошқарлар арасында өткізілген сайысқа өңірдегі 40-тан астам шаруашылық өкілдері қатысты.
ҚР Ауылшаруашылығы министрлігі Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаментінің директоры Еркебұлан Ахметов, ауылшаруашылығы ғылымдарының докторы Нұрлан Малмақов және де осы шаруашылықтың ыстығына күйіп, суығына тоңып жүрген мамандардан құралған қазылар алқасы етті және жүнді бағыт бойынша жеңімпаз қошқарларды анықтады. Екі бағыт бойынша сайысқа түскен қошқарлардың салмағы, жасы, бойы, кеудесінің көлемі есептелді.
Алғашқы бағыт бойынша, яғни етті қошқарлар ішінен бірінші орынды Алматы облысы, Ақсу ауданынан келген Берікбол Базарбаевтың шаруашылығындағы қошқар жеңіп алды. Қошқардың салмағы 93 келіні тартты. Ал жүнді бағытта өсірілетін қошқарлардың ішінен Алматы облысының Қаратал ауданынан келген «Бақыт – Қаратал» шаруашылығының 102 келі тартатын қошқары жеңімпаз деп танылды. Бірінші орынға лайық деп танылған қошқар иелеріне 150 мың, екінші орынға 100 мың, үшінші орынға 50 мың теңгелей ақшалай сыйлық табыс етілді.
Шара соңында ҚР Ауылшаруашылығы министрлігі Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаментінің директоры Еркебұлан Ахметов шаруаларға бүгінгі шаруашылықтардың ғылыми-ізденістік бағыты, өнімділікті арттыру жолдары және де субсидияға қол жеткізу мүмкіндіктері жайлы айтып берді.
Mezgil.kz