Доллардың 400 теңгеге дейін жетуі екіталай – сарапшы

6.jpg

Теңгенің долларына 400-ге дейін әлсіреуі екіталай. Дегенмен, бағамды АҚШ санкциялары енгізілгеннен кейін ғана дәлірек болжауға болады. Қаржылық кеңесші Расул Рысмамбетов теңгенің қазіргі әлсіреуіне қатысты осындай пікірін білдірді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Маман теңгенің әлсіреуіне әсер ететін негізгі себептерді атады.

«Әлемде доллар күшейіп келеді. Себебі, АҚШ экономикасы дамып, ол жақта жұмыссыздық төмендеуде. Доллар еуромен де, фунтпен де салыстырғанда күшейген. Қазақстандық нарыққа қарағанда Ресейдің бағалы қағаздар нарығы шетелдік инвесторлар үшін ашық. Және ол қазіргі санкциялар аясында рубльдің әлсіреуін жылдам сезеді, ал құлдырап бара жатқан рубль өзімен бірге теңгені төмен сүйреп бара жатыр», - деді Рысмамбетов.

Ол Ресейдің Қазақстанның ірі сауда әріптесі екенін еске салды. Сондықтан рубльдің әлсіреуі елімізге жылдам әсер етіп отыр. Мысалы, 2014 жылғы санкциялар кезінде рубльдің теңгеге қарағанда әлсіреуі отандық тауар өндірушілерге зиянын тигізген.

Қаржылық кеңесші теңгенің әлсіреуіне ықпал еткен тағы бір себепті атады. Ол бұған Ұлттық банктің әрекеттері әсер етті деп болжап отыр.

«Менің жеке пікірім бойынша, үкімет ел бюджетін толтыру үшін Ұлттық қордағы доллардың бір бөлігін жоғарғы бағам бойынша теңгеге айырбастау туралы шешім қабылдады», - деді Расул Рысмамбетов.

Сарапшының ойынша, валюта айырбастау пунктеріндегі бағамның күрт өзгеруі тек үрейлі реакция болуы мүмкін.

«Меніңше, валюта айырбастау пунктерінде теңгенің долларына 367-ге дейін күрт әлсіреуі – үрейлі реакция. Сондай-ақ, теңгенің долларына 400-ге дейін әлсіреуі екітілай деп ойлаймын. Қазақстан бірқатар азық-түлік түрі бойынша 80%-ға импортқа тәуелді. Біздің өнеркәсіп негізінен шетелдік құрал-жабдықты пайдаланады. Ал біз оларды долларға сатып аламыз. Сондықтан үкімет пен Ұлттық банк бағамды долларына 400 теңгеден, тіпті 370 теңгеден төмен болу үшін шаралар қабылдауы әбден мүмкін», - деді маман.

Оның айтуынша, теңгенің қаншалықты ұзаққа құлдырағаны АҚШ-тың Ресейге қарсы санкциялары енгізілгеннен кейін белгілі болмақ.

«Теңгенің қаншалықты ұзақ уақытқа әлсірегені АҚШ Ресейге қарсы санкциялар қабылдағаннан кейін белгілі болады. Сонда біз өзіміз олардың әрекеттерін көре аламыз. Яғни, егер шешім 22 тамызда қабылданса, онда біз алдағы бір-екі аптада бұл санкциялардың ауқымын түсінетін боламыз», - деді Рысмамбетов.

Қаржылық кеңесшінің пікірінше, алдағы АҚШ пен ҚХР арасындағы сауда келіссөздері мен әлемнің екі ірі экономикалары арасындағы сауда соғысының болу мүмкіндігінің теңгенің қазіргі жағдайына әсер етуі екіталай.

«Теңге АҚШ пен ҚХР келіссөздерінің арқасында күшейді деп айту қиын. Менің ойымша, бізге ресейлік экономикаға жасалған санкциялардың нәтижесіне қарау маңыздырақ», - деп түйіндеді Расул Рысмамбетов.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін де доллар бағамына қатысты сарапшы пікірін назарларыңызға ұсынған болатынбыз. Сонымен қатар, Ұлттық банк доллар бағамына қатысты жаңа ережелер енгізіп жатқандығы туралы да хабарлағанбыз. Ал бүгінгі жағдайда теңге бағамы мынадай болып тұр.



Ұқсас тақырыптар