Отбасыда тұлғаны тәрбиелеп шығару – отбасы үшін де, мемлекет үшін де маңызды!

Отбасыда тұлғаны тәрбиелеп шығару, болашақ ел азаматын қалыптастыру – отбасы үшін де, ел үшін де, қазіргі тәуелсіз мемлекетіміз үшін де аса маңызды мәселе болып табылады. Шынында да,  нағыз  тұлға ғана отбасын қорғайтын, қамқорына алатын және елдік істерге араласып, Отанын гүлдендіруші үлкен азаматқа айнала алады. Осылайша  тұлға тәрбиесі отбасылық және елдік құндылық ретінде бір арнада тоғысады. Тұлға ‑ екі тарапқа бірдей қажеттілік. 

1700633721788312.jpg

Мысалы, күні кеше бір ана маған «Патриот ұл тәрбиелеген Анаға» деп аталған Қазақстан Әскери күштерінің медалін  алғандығын қуана айтты. Міне, осы мысалдан біз «Ананың Ұлы» мен «Отанның Жауынгері» деген түсініктердің қаншалықты астарласып, біртұтас құндылыққа айналғанын айқын көріп отырмыз... Сондықтан, отбасыдан басталып отандық мәселеге жалғасатын «Тұлға тәрбиесі» бізде қай деңгейде деген сұрақ – бүгінгі өте өзекті сұрақтардың бірі.

Қазіргі қым‑қуыт заманда шынайы тұлға тәрбиелеп шығару оңай шаруа емес. Бүгінде информациялық‑ақпараттық технологияның дамыған заманында бұрыннан қалыптасқан «отбасылық үлгі» тәрбиесінің қуаты біршама әлсіреді. Ол біздің ұлттық тәрбиені елеулі қайта қарауды және оны жаңа заманға лайықтауды, ал, қажетті жерде оған жаңа серпін беруді талап етіп отыр. Міне, осы жағдайда біз қайтіп өз сара жолымызды таба аламыз ‑  «Қалайша өз ұлттық құндылықтарымызды, ұлттық болмысымызды сақтай отырып, замана бәсекелестігіне төтеп бере алатын, оған жұтылып кетпейтін, көбін өз мысымен баса алатын, өзінің «қазақ» атына кір келтірмейтін, керісінше, өз ұлтын сый‑құрметке бөлентетін Тұлғаны өсіріп шығарамыз?» деген сұрақ әркімнің күнделікті көкейінде жүрген сұраққа айналып барады.

Айналатын себебі де қомақты – бұл заманда әлем өзгерді. Адами құндылықтар жүйесі бұрынғы бүкіл адамзатқа тән жалпы мағынадағы «классикалық» қалып шеңберінен шығып, басқаша сипаттарға ие бола бастады. Мысалы, ғасырлар бойы көшбасшы ролін атқаруы тиіс Тұлға ұзақ уақыттарда қоғам ішінен сығымдала келе анықталып, соңынан қоғам сол көшбасшының жүрген жолымен жүретін. Бұл тәріздес «ұжымдық көшбасшының» пайда болуының өз заңдылықтары болды, ол – қоғамдағы белгілі идеологиялық ұстанымдарға сәйкестендірілген ортақ тәрбие жүйесі еді. Ал, қазір, дәл осы «ортақ тәрбие» жүйесі ескіріп, өз орнын «жеке тұлғалық» ерекшеліктер мен қабілетке босатуда. Бүгінде, жеке бір дара «тұлғалар» аспаннан ұшып түсетін метеориттерге ұқсап барады. Ойламаған жерде жалт етіп пайда болады да, өзіне қоғамды тартады. Бұндай «тұлғалық үрдіс» қоғам өмірінің бар саласында кездесе бастады – саясатта да, шығармашылықта да, өнерде де кенеттен жарқ еткен метеориттер көптеп өмірге келуде. Қоғам ондай метеориттерді «тұлғалық тип» ретінде қабылдай бастады...

Бұл жерде, назарды «метеорит» сөзіне аудару қажет дер едім. Себебі, метеориттердің өмірі тым қысқа. Ендеше, осыдан келіп, қазіргі қоғамдар да тұлғатану көзқарастарында жылдам өзгеретін кейіпке енген деген қорытынды туындайды.,. Яғни, бүгіндегі «уақыт жылдамдады» дейтін ұғымның, «кітапты интернет алмастырды» дейтін түсініктің пайда болуы осыған меңзейді... Ендеше, бүгінгі «метеориттер» осы қажеттілікті өтеуші тұлғалар. Мысалы, оның қатарына қазақтың атын әлемге паш еткен Димаш Құдайбергенді де атауға болады. Бірақ, ол қатарға біз оның өнерін ғана жатқызамыз. Ал, Димаштың атасы мен әжесінен алған қазақы тәрбиесі – мызғымас тіреу болып табылады. Сондықтан, бұл «Димаш феномені» осы заманда да қазақтың ұлттық тәрбиесінің кез келген деңгейде өзінің әсем жағымен көріне алатындығын білдіреді екен. Ал ол қандай тәрбие, оған қалай қол жеткіземіз, оны қалай жаңғыртамыз, бұл – мемлекет үшін де, қоғам үшін де, әрбір отбасы үшін де үлкен мәселе!

Сонымен бір мезетте, қазақтан шыққан «жұлдыздар» өзгеше «тәрбие» үлгісін көрсетіп келеді. Мысалы, бұрынғы қазақ батырлары жауларына «аруақ» деп шапты делік. Мұндағы «аруақ» ұраны оның кім екенін қан майданда білдіріп тұратын «ұлттық символ» еді. Ал қазіргі қазақ палуаны «Аллау акбар» деп күрессе бұлай болмайды. Себебі, оның қарсыласы да  «Аллаһ акбар»  деп күрессе – мұнда «ұлттық символ» жоққа тән болып шығады... Ендеше, осылай бүгінгі батырдың да «тұлғалық болмысы» көмескіленіп, абстрактілі күйге түседі. Әрине, менің дінге еш шатағым жоқ. Дін – әрбір адамның жеке жан дүниесі, бөтенге жайып салуға болмайтын ішкі құпиясы.  Бірақ, тұлға тәрбиесінде біз ұлт болмысын кез келген бөтен идеологиядан, бөтен дүниетанымнан, бөтен салттардан, адамзатқа ортақ діни көзқарастардан қорғауымыз қажет. Әлем бізді «Қазақстан – қазақ ұлтының мемлекеті» деп біледі. Ендеше, біздегі тұлғалық тәрбие де осы шеңберде қалғаны дұрыс. Бұл ‑ қазақстандық этнопедагогика алдындағы белес, қамал. Ұлттық педагогика осыны еңсеруі қажет. Үлкен міндет алда тұр.

Сонымен, отбасы тәрбиесінен бастау алатын «Тұлға» тәрбиесінің бүгінгі ахуалы қалай? Не істеу керек?

Ол үшін, ұлттық тәрбие жүйесі әлемдегі озық «тұлғатану», «тұлға тәрбиелеу» ілімдерін жетік меңгеріп, оны қазақтың ұлттық тәрбиесіне сыналап енгізе білуіміз керек. Бұл жерде тәрбиенің ұлттық рухани болмысқа  арқа сүйеу керектігі аса маңызды. Бір жақсы жері, көнеден келе жатқан қазақи тұлға тәрбиелеу жүйесі мен әлемдік педагогика арасында елеулі айырмашылық не қайшылық жоқ екендігінде. Бұлар «екі жақсы бір біріне сұранып тұр» дегендей қалыпта. Оны қазақ  болмысын меңгерген әрбір ғалым не ұстаз бірден байқайды. Сондықтан, салиқалы академиялық  орталықтарға арнаулы гранттар бөлініп, ғалымдар бұл саланы арнайы зерттеулері керек. Және де, олардың сынақтан өткен ұсыныстарын қоғамдық практикада жеделдетіп қолданысқа ендіру де маңызды. Себебі, тәрбиеде жоғалтқан әр уақыт, соңынан, бумеранг заңы бойынша қоғамның өзіне таяқ болып тиері сөзсіз. Оның зардабы әрбір отбасыда да үлкен моралдік‑психологиялық күйзелістер түрінде көрініс табуы мүмкін.

Енді осының қарапайым бірнеше мысалдарын тілге тиек етейік. Педагогика ғылымы тұлға тәрбиелеуде баланы үнемі әлеуметтендіріп отыру қажеттігін бастапқы орынға қойды. Мұндағы «әлеуметтендіру» термині «қоғамдандыру» түсінігімен  сәйкес келеді. Мысалы, өмірде бала үшін шешімді үлкендер қабылдайтыны – қалыпты жағдай. Алайда, үлкендер қандай да бір шешім қабылдағанда баланың өзін осы процеске араластырғаны ‑ болашақ тұлға қалыптасуының бір тетігі саналады. Яғни, үлкендер балаға қатысты шешім қабылдар алдында «баламен ақылдасу»  шарасын өткізсе, сөйтіп, өз ұсыныстарының дұрыстығын бала санасына дәлелдесе – ол керемет нәтиже береді. Себебі, осы арқылы баланың «сыни және салыстырмалы ойлау» дағдысы қалыптаса бастайды, қоғамда не жақсы, не жаман дегенді өзінің ойлау деңгейінде екшелей бастайды... Ал, бұл болашақ тұлға үшін ең маңызды шарттардың бірі. Өкінішке орай, бізде «саған әлі ерте» деген түсінік бек орын алған. Біз балаға тек «әлі ақылы толыспаған» деп қараймыз да, оны толық жетекке аламыз. Ал, бұл баланың тұлғалық дамуын тежеп қана қоймайды, бұл отбасыда «өз балаңды тану» сияқты бастауларды шектейді. Осылайша баланың да тұлғалық болмысы көмескілене береді...

Одан әрі, екіншіден, тұлға болар баланың «өзінің кім екендігін» тезірек ұққаны қажет. Сонда ғана бала өзіне өзі баға бере алады, өз қабілетінің өткір жақтарын ұштайды, өзін өзге тұлғалармен салыстыра өседі. 

Үшіншіден, баланың жан‑дүниесін назардан тыс қалдырмау керек, оған үңілу қажет. Әдетте біз ол туралы бала жылағанда не қуанғанда ғана ойланамыз. Ал, дұрысы, баламен ересек әңгімелесу, оның жай‑күйін саралап отыру үнемі болуы тиіс, бұл – тәрбиедегі мүмкін боларлық қателіктердің алдын алатын тәсіл. Қазақ тәрбиесінде осы тұс кемшін түсіп жатады. Егер, ата‑ана баланың жан‑дүниесіне ене алса не еніп отырса, онда олар баланың жасампаздық қабілетін оятып, дамытады. Ал,  жасампаздық ‑  кез келген болашақ тұлғада болуы тиіс асыл қасиет.

Төртіншіден, қазақы тәрбиеде «Үлкен тұрып кіші сөйлегеннен без» деген мәтел бар. Дұрыс сөз. Бірақ, бұл адамның тұлғалық сипаты орнығып, кәмелетке жеткенде айтылатын сөз. Ал, оған дейінгі деңгейде оның «Үлкен сөйлегенде, бала тыңдайды» деген жұмсақ түрін айтсақ – оның тұлғалық тәрбиеге еш зияны болмас еді...

Бесіншіден, тұлға өсірем деген отбасы баланың өз эмоциясын бақылай алуын жас кезден оның бойына сіңіре алуы керек. Өз эмоциясын бақылай алатын адам, болашақта өзге адамдардың да эмоциялық көңіл күйін объективті бағалай алатын болады. Тұлға бойындағы әділдік, шыншылдық пен турашылдық осы негізде қалыптасады. 

Адамдармен тең дәрежеде қарым‑қатынас жасау әдетін қалыптастыру. Ол жерде орынсыз мақтанышқа, одан туындайтын көптеген жалғандықтарға орын болмау тиіс. Бұл қалыпқа қазақтың жігіт, отағасы, ақсақал, қария ұғымдары толық сай келеді...

Құрметті оқырман, әрине, біздің бұл мақаладағы мақсатымыз «тұлға тәрбиесі» туралы толық ережелер жинағын жазып шығу емес екенін тусінесіздер. Біздің мақсат – қазіргі заманда тұлға тәрбиесінің Қазақ елі үшін қаншалықты маңызды екеніне қоғамның және мемлекеттік институттардың назарын аудару болатын. Жоғарыдағы көрнекті мысалдарды да сол үшін еске салдық. Негізі, жалпы алсақ, қазақ даналығы ұрпақтан КІСІ  тәрбиелеуге негізделген дер едік. Ұлы ғұламаларымыз Әл Фараби де, Абай да, Ыбырай да, Шәкәрім де ол туралы толғанған. Фарабиде ол «Кемел адам» делінсе, Абайда «Толық адам» делінген. Шәкәрім «Адам бол» бағытына нұсқады, Ыбырай «Білімді адам» деп көрсетті...

Міне, біз осындай асыл қазынаның үстінде отырған халықпыз. Ендеше, бізге өзіміздің халықтың пассионарлық қуатын жүзеге асырып, елімізді әлемдегі ең озық та үлгілі мәдениет ошағына айналдыруға қабілетіміз де, даналығымыз да жеткілікті. Ол үшін бізге бірлікті, монолиттенген Ұлт ретінде қалыптасу процесін тез аяқтап, осы жолда аяқтан шалып тұрған «жалған намыс», «жеңіл де жел сөз», «құр кеуде мақтан» және т.с.с. келеңсіз мінездерден арылу қажет болады. Біз оны тек қана келешек ұрпақ арқылы ғана толық іске асыра аламыз. Осы ой әр қазақтың көкейінде күнді‑түні тұруы тиіс... 

«Мың өліп, мың тірілген» қазақ «мың бірінші» ретте де аяғынан тік тұрып кетуге қабілетті!

Мен қазаққа сенемін!

Әбдірашит Бәкірұлы,

философ‑публицист

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар