Патриоттық сезім – әр жастың бойында бойтұмардай сақталуы тиіс!

Абай хакімінің атын иеленген обылыста талапты да, талантты жастар жетіп артылады десек, әсте ақиқаттан алшақ кетпейміз. Ақындардың арасындағы – ғалым, ғалымдардың арасындағы – ақын атанған бірнеше жыр жинағының авторы, қазақ тілінен орыс тіліне, орыс тілінен қазақ тіліне көркем туындаларды мөлдіретіп аударып жүрген Семей қаласының облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері, Омарғалиев Ерік Қайратбекұлымен «Патриотизмге» және «Мемлекетшілдік рухқа» қатысты аз-кем ой-пікір бөліскен едік. Енді осы сұхбатты «Мемлекеттік рәміздер» мерекесі қарсаңында Mezgil.kz оқырмандары назарына ұсынып отырмыз.


1685603444674380.jpg


- Әрі жазба, әрі айтыс ақыны ретінде «Патриотизм ұғымын» қазақтың қара тілімен қалай айшықтар едің?


- Кие деген сөз әуелі қандай да бір заттың немесе тіршілік иесінің қасиеттілігін, жоғары тылсым күшін білдіретін ұғым.  Бұл ұғым - өз кезегінде неше сатыға жіктелініп, әрқайсысы өзіндік жеке мән - мағына береді. Ал руханият ұғымына келсек... Халықты - моральдық азғындықтан, сезімдік жадаулықтан сақтайтын тылсым күш ол – Руханият. Руханияттың гүлденуінен ел мерейі өсіп, адамгершілік қасиеттер толысып, мейірімділік кеңінен таралатыны шындық. Ол үшін – елдің тұрақты даму үрдісі жүруі тиіс. Ол үрдістер – бүгінгі таңда, бейбітшіліктің арқасында орын алатынына көз жеткізіп отырмыз. Бейбіт елдің - санасы еркін, рухани көкжиегі шексіз болады. Таным – тамыры – тереңге бойлайды. Осы ұғымдардың барлығын ұйыстырып ұстайтын ең басты кілт бар. Ол – Патриоттық сезім. Әрбір азаматтың көкірек сәулесінде «менің отаным» деп жарығын шаша, жылуын төге сезіліп тұрары хақ! Патриотизм – әр азаматтың ұлтын, Отанын сүю, құрметтеу деген мағынаны білдіреді.


48411d46-836a-45de-b0df-bfa592a41bfc.jpeg


- Патриотизм мен ұлттық рухты қалай түсіндірер едің?


- Тарихқа зер салсақ, ұлттық рух, ұлттық сана деген ұғымдар әріден бері қолданыста. Ата - бабамыз қасық қаны қалғанша туған жерін жаудан қорғап, кең байтақ жерді ұрпағына мирас етті. Ұлтын сүйген ардақтылар елінің көзі ашық, көкірегі ояу болуы үшін оқуға шақырып, бозторғайдай шырылдап өтті... Мұның барлығы да елге деген жанашырлықтың, сүйіспеншіліктің айқын көрінісі деп ұғамыз. Халық сөзінде – Тәрбие – тал бесіктен дейді... Бесік - қасиетті, киені дарытатын мектеп басы. «Отан – отбасынан басталады», «Отанды сүю – иманнан» - деген сықылды қастерлі ұғым - сөздер, бала күнімізден құлағымызға әбден сіңіп қалды десек артық айтқандық емес. Отанның басты нышандарын біліп, оны құрмет тұтуға үйреніп өстік. Әр елдің Рәміздері – оның үстем айбыны, асқақ рухы, ерен елдігі, төр таңбасы болып табылады. Рәміздерсіз – ел жетім.         


Семей – Рухани Орда! Семей – Абайдың жыры, Алаш арыстарының ізі қалған киелі мекен, қасиетті тұғыр! Әуезовтей үні бар, Шәкәрімдей шыңы бар - Семейдің орны - руханият әлемінде бөлек. «Өнер - білімнің, сауда - кәсіптің, от арба, от кеменің тоғысатын кіндігі, қара шаңырағы – Семей. Семей – бір губерния елдің миы. Ақыл - ойдың табысы Семейде. Семей – бір губерния елдің жүрегі. Семей бүлкілдесе, бір губерния ел бүлкілдейді. Ертістің оң қабағында – Семей, солында – Алаш қаласы…» - деп Жүсіпбек Аймауытов та ерекше баға берген кезінде.                                                 


Бүгінге жеткен, өткен заман көшін сүйреген, ақылман ақынымыз ел келешегі үшін қам жеп, патриоттық таным тұрғысында ой тербеп, былай деп түйін түйіп, артына мәңгілік өшпес соны жырлары мен қара сөздерін жазып қалдырды... «Білімдіден шыққан сөз, талаптыға болсын кез» - деп хәкім Абай айтқандай, ақыл - ой тәрбиесінде пікірлесу, пікірталас арқылы ой дамыту, тұлғасының өзіндік ерекшелігіне сәйкес оның дарынын дамытуға, интеллектісін арттыруға ат салысатын адамның өзі осыған сай болғаны дұрыс. Білімнен бұрын тәрбие берілуі керек десе, ал тәрбие жан арқылы берілетін социогенетикалық код деп тұжырымдасақ, әрбір жасөспірім үшін білім мен күнделікті тәрбие мазмұнына енгізілген оның өз ата - бабасынан асыл мұра, алтын қазына болып берілетін ұлттық тілі, ділі, табиғи болмысы, тәрбиелік қағидалары, салт - дәстүрлері, мәдени құндылықтары оның «кемел адам» болып қалыптасуының ең басты шарты екендігі дәлелденгені қашан?!                                                                                                                                          


Ел президенті: «Абайдың шығармаларына зер салсақ, оның үнемі елдің алға жылжуына, өсіп - өркендеуіне шын ниетімен тілеулес болғанын, осы идеяны барынша дәріптегенін байқаймыз. Ал, ілгерілеудің негізі білім мен ғылымда екенін анық білеміз. Абай қазақтың дамылсыз оқып - үйренгенін бар жан - тәнімен қалады. «Ғылым таппай мақтанба» деп, білімді игермейінше, биіктердің бағына қоймайтынын айтты. Ол «Біз ғылымды сатып мал іздемек емеспіз», – деп тұжырымдап, керісінше, ел дәулетті болуы үшін ғылымды игеру керектігіне назар аударды. Ұлы Абайдың «Пайда ойлама, ар ойла, Талап қыл артық білуге» деген өнегелі өсиетін де осы тұрғыдан ұғынуымыз қажет.» - деуі тегіннен тегін емес-ті... Немесе: «Абай қазақтың әр баласын ұлтжанды азамат етіп тәрбиелеуге шақырды. Оның мұрасы – парасатты патриотизмнің мектебі, елдікті қадірлеудің негізі. Сондықтан, азаматтарымыздың көзі ашық болсын десек, Абайды оқудан, ақын өлеңін жаттаудан жалықпаған жөн.» - деп нақты нанымды, тағылымды түрде айтқанына келіспеске болмас! Міне, осыдан-ақ, еліміздің болашағының жарқын кепілі тек ғылым - білім биік - белес көкжиегінде тұрғанын айқын көреміз. Рухани патриоттық сезім – әр жас азаматтың бойында бойтұмардай сақталатынына сенеміз!  Туған Жер мен Елдің қаланар іргетасы, берік кірпіші – солар!


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар