Рәміздер кез келген саяси амбициядан жоғары тұру керек!

Ұлттық рәміздер әрбір елдің тәуелсіздігінің, біртұтастығының символы. Қазақстанның мемлекеттік рәміздері: гимні, туы мен елтаңбасының күні жыл сайын 4 маусымда аталып өтеді. Біздің ұлттық рәміздер туралы заңымыз 2007 жылы қабылданып, 4 маусым ұлттық нышандар күні болып бекітілген.


Мемлекеттік нышандар елдегі әрбір азаматтың бойына патриотизм, еліне қалтқысыз қызмет ету, жерін қорғау сияқты қасиетті сезімдерді орнықтырады. Сондықтан рәміздерді құрметтеу сонау жоғары лауазымды тұлғалардан бастап, қарапайым халықтың міндеті болып саналады.


Ұлттық рәміздер тек қана әр түрлі кескіндердің жинағы емес, ол бір егеменді мемлекеттің тұтастығының кепілі, тәуелсіздіктің айқын белгісі, дербестіктің нағыз өлшемі. Кез-келген мемлекет өзінің ұлттық нышандарын биікке көтеріп, қастерлейді, үлкен маңыз береді. Дәл сол сияқты Қазақстан үшін де рәміздердің маңызы орасан зор. Әсіресе, көк туымыз бен елтаңбамыздағы бейнелер тек қана қазақы менталитетке сәйкестендірілмей, жалпы азамзаттық құндылықтарды дәріптеліп жасалған. Мысалы, туымызда бейнеленген алтын күннің шашағын шашып, жарқырап тұруы жаһан жұртына ортақ құндылық екені белгілі. Қазақтың басты идеологиясы – бір тудың астына бас біріктіру болып саналады. Тарихтан да белгілі, елге жат көздер сұқтана бастағанда, халқымыздың тынышын алғанда батырларымыз бір тудың астына бірігіп, жігерлеліп жауға қарсы аттанған. Жалпы туға қатысты таным өте тереңде жатыр.


Сондықтан ұлттық рәміздердің маңызын жас ұрпақтың санасына сіңіріп, жүрегіне ұйытар болсақ, келешекте елін-жерін сүйетін, адал ұқпақтың өніп-өсері анық. Мемлекеттік рәміздерге құрмет ол өз отаныңа, халқыңа деген құрметпен пара-пар дүние. Осы бағытты бетке алып, Mezgil.kz ақпараттық порталы бастаған өзге де БАҚ өкілдері мемлекеттік рәміздерді Қазақстан қоғамына кеңінен насихаттауды басты мақсат тұтуы керек деп білеміз. 

 

Mezgil.kz ақпараттық порталының бұл жолғы сұхбатының спикері белгілі саясаттанушы Мақсат Жақау. Редакция тілшілері Мақсат Жақау мырзамен қоғамдағы Мемлекеттік рәміздерге құрмет тақырыбында аз-кем әңгіме өрбіткен еді.


fxW3rPhSZMXmLpf0wh6EWCWK505XvELPmD5xKLb2.jpg


- Мемлекеттік рәміздер күнінің қоғам азаматтары, оның ішінде өзіңіз үшін маңызы қандай?


- Мемлекеттік рәміздер кез келген саяси амбициядан да, жеке ұстанымдардан да, саясаттағы, қоғамдағы әрбір текетірестен де жоғары болу керек. Мысалы, АҚШ-тың өзінде «боже храни Америку» деп оларда демократтар да, республикашылдар да айта береді. Себебі АҚШ туының желбіреп тұрғаны, гимннің ойнап тұрғаны, мемлекеттік нышанның ең жоғары деңгейде болғаны олардың амбициясынан жоғары. Яғни ұлттық келісім осы жерде қалыптасу керек. Мемлекеттік рәміздерге бұл ұлттық келісім – гарант. Мысалы, Ата Заң әрбір азаматтың құқығы мен міндеттерінің толық орындалуына қандай гарант болады, дәл сондай мемлекеттік нышандар да үлкен кепілдік ретінде сақталады. Мысалы президент конституцияда гарант. Әнұран, ту елтаңба – мұның барлығы мемлекеттің атрибуттары, сыртқы көрінісі. Мен кейде қоғамдағы әрбір сын-ескертпелерді түсінбеймін. Нышандарға қатысты сын-ескертпелердің қажеттілігі шамалы. Өйткені ол қатып қалған дүние, мемлекеттік деңгейдегі ұлттық мәселе. Сондықтан ол белгілі бір жеке амбициялардың, саяси арпалыстардың, текетірестердің себепшісіне немесе ойынына айналмау керек. Сондықтан бізде өркениеттік, арнайы ұлттық мәдениет қалыптасуы керек. Әрбір қоғам азаматы да осының маңыздылығын түсіне білу керек. Сондықтан қандай жағдай болмасын сөзсіз бұл жерде мемлекеттік рәміздердің статусы жоғары болуы керек. Мысалы Құран Кәрімді қалай сыйлайды, дәл сондай жағдайда мәдениеттің қарым-қатынасы сақталуы керек.

 

- Мемлекеттік рәмізге құрмет неден басталуы керек?


- Бұл жерде мемлекеттік ту болсын, елтаңба болсын, бұл қандай формада болса да, әрине, негізгі заңмен қорғалған мемлекеттік протокол болады. Ол ресми құзыретті органдарда тұратындай протоколға сақталу керек. Оның өзінің өлшем бірлігіне дейін заңмен өлшеп қойылған. Бұл басқа мәселе. Ал жалпы нарықта, қоғамда патриотизмді насихаттайтын, үгіт насихатын кеңінен тарататын жағынан алсақ, киімде болсын ойыншықта болсын, белгілі бір құралдарда, канцелярияда болсын оның барлығы орын алғандығы дұрыс. Өйткені патриотизмнің шегі жоқ. Патриотизм ол кез келген дүниеде – суретін қойса да, стикерін қойса да, жапсырғыш қойса да менмұндалап тұруы керек. Сонау мектепке дейінгі уақыттан, бастауыш сыныптан бастап, көк тудың әртүрлі атрибуттары өшіргіште, қарындашта, дәптерде, сөмкеде, футболкада жүре бергендігі әлдеқайда тиімді. Одан біздің мемлекеттік ту өшіп немесе оның абыройы түсіп қалмайды. Бұл нарықтық көзқараспен де нарықты патриотизмге белгілеп қою және соған бейімдеу де дұрыс дүние. Ол өркениеттіліктің нышаны. Көзқарасымызды осы уақытта дұрыс қолдануымыз керек.


Бірақ кейде басқа жағдайлар болып жатады. Мысалы кейбір спортшыларымыз жеңімпаз болған сәтте туды теріс ұстаса, кейде қыжымдалған туды көтере салады. Бізде әрбір деталь қателіктің негізі себепшісі болып шыға келеді. Қоғам талқылап кетеді. Сондықтан мемлекеттік рәміздерге келгенде сондай детальдарға ерекше көңіл бөліп, сақтықпен қарау керек. Бірақ осындай кішкентай қателікке бола жауапкершілікке тартып жатса шектен шыққан дүние болады. Яғни әкімшілік жауапкершілікке тартып, бәрін соттап немесе айыпты қылып жатудың да қажеті шамалы. Өркениеттіліктің мұндай қателігі бірақ ол тым қатты өрескел қателік емес. Ал енді кейде чемпионаттарда, олимпиадаларда арнайы гимн ойналып жатып тоқтап қалатын жағдай болады. Сондай кезде ұйымдастырушыларға сөзсіз баратын жақ әрқашан қатысушы. Бұл жерде «жазылмаған ереже» деген бар, жаттықтырушы болсын, қатысушы болсын, делегация болсын Гимннің ең кемінде бір дұрыс толыққанды нұсқасын флешкамен сақтап жүру керек. Осындай адами факторларды баратын кезде әр қатысушы ескерсе тіптен жақсы болады. Сонда басқа бір гимнді қою, жартылай шала-шарпы әнұранды қою деген мәселе туындамайды. Бұл қоғамда жиі орын алатын жағдай, мұндайда тек кемшіліктерді жоюмен ғана айналысу керек деп түсінемін. Ал оған бір жауапкершілік артқызып қою, жексұрын қылу дұрыс емес. Түптеп келгенде біз оның азаматтық патриоттық көзқарасын білмейміз Ол әлдеқайда бізден жоғары болуы мүмкін. Сол үшін бокстасты, сол үшін штанг, сол үшін ән байқауында бірінші орын алды деген сияқты. Сондықтан спортшыларымыз бен өнерпаздарымыздың жігерін жықпауымыз керек. Бірақ ондай қателіктерді болдырмау үшін әрқашан қағылез болып, алдын ала ескеріп, сондай дүниені дайындап жүру керек.


- Мемлекеттік рәмізге қатысты даулы мәселелер жиі болып тұрады. Мысалы соңғы рет әнұран қатысты жағдай орын алды. Қоғам пікірі де екіге бөлінді. Осыған байланысты заңға өзгеріс енгізу қажет пе, әлде шешімді азаматтардың өзіне қалдыру керек пе?


- Әрине, бір мемлекетте тұрып, сол мемлекеттің азаматы болып, көпшілік жерде қолын кеудесіне қойып тұрып, әнұранды шырқаса – бұл патриотизмнің белгісі. Ал енді орнынан тұрмай жатқан жағдайда өздерінің өресінің деңгейі. Қоғам оларды талқылау керек. Қоғам оларды айыптау керек. Мысалы, оларды моральдік тұрғыдан тәрбиелеу деген дүние, яғни қоғамдық тәрбие деген нәрсе бар. Бұрын Кеңес үкіметінде партиялық тәрбиеге салатын. Ескерту жасап, айыптайтын, жиналыстарында мәселені ортаға шығарып қойып талқылайтын. Қазір ондай режим емес. Қоғам әлеуметтік желіде ондай нәрсені онсыз да кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс ретінде ашып айтады. Сондықтан мұндай жағдайда кешірім сұрау керек. «Рас, бізде осындай жағдай болып қалды, кешіріңіздер. Біз еліміздің патриотымыз, келешекте осындай әнұран ойнағанда сөзсіз тұрып, барлық дүние күйіп кетсе де, жұмысымыз орындалмай қалса да әнұранды шырқатып кетеміз. Өйткені біз Қазақстан азаматымыз, осы жердің тумасымыз» деп азаматтық ұстанымды көрсету керек. Егер әнұран шырқалғанда қолын кеудесіне қойып тұрмаса әркімнің өресінің деңгейі деп қабылдау керек. Ендеше бізге әлі де болса патриоттық-идеологиялық бағытта ақпараттық саясатты, тиісінше қажетті үгіт-насихатты күшейте беру керек деген сөз. Мұның барлығы мәселеге себепші болатын нәрсе. Мемлекеттік рәміздердің насихатталуы арқылы патриотизмді күшейту, идеологияны күшейту деген сөз. Өйткені оның артында үлкен қыруар әртүрлі жағдайлар болады. Ең алдымен әр азаматымыздың, әрбір баламыздың жүрегінде патриоттық сезім деген рухы ояну керек. Осындай жағдайлар арқылы түрткі, себепші болу керек. Балаларымыз басқа біреудің сойылын соғып немесе аталарымыз қателескен деп идеологиялық тұрғыдан адасып тұрмау керек. Олар осы елдің, осы топырақтың әңгімесін айтатындай жүрегінде рухы сезілуі керек. Ал рухты күшейтетін не? Ол мемлекеттік рәміздеріміздің дұрыс үгіт-насихат жұмыстары. Қазір білім бағдарламасы шала-шарпы, толыққанды болмай жатыр. Бұл жерде тәрбиенің жеткіліксіздігін көрсетеді. Балабақшадан бастап, мектептерде, бастауыш сыныптарда әнұран шырқалып тұру керек. Әрқашан сабақ басталатын кезде таңертең не түсте болсын әнұранды шырқау керек. 90-шы жылдарда осы үрдіс болды. Қазір оның бар-жоғын білмеймін. Әнұранды шырқату деген әрбір сөзін жаттап алу, жүрегінде жазылып қалу деген сөз. Әрі қарай осы дағдыға айналып кету керек. Сондықтан әнұран әрқашан шырқалып тұру керек.


Сондықтан патриотизмге себепші болатын келе жатқан мемлекеттік рәміздер күні құтты болсын. Әрбір еліміздің патриоттары әнұранға келгенде, туымызға келгенде қасқайып, ең бірінші болып қолдау білдіріп, әрқашан шырқап тұру керек. Туымыз жығылмасын, жығылып жатса соны қорғай білетін азаматтарымыз, Қазақстан азаматтары көп болсын. Ең бастысы еліміз тыныш, шекарамыз бекем, болашағымыз әрқашан жарқын болсын, Конституциямыз еліміздің тұрақтылығының кепілі болып жүре берсін.


Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар