Елімізде өзіне қол жұмсау факторы осыдан оншақты жыл бұрын өте өзекті мәселеге айналған еді. Онымен күресудің жолын мемлекет пен қоғам әртүрлі деңгейде іздеді. Соңғы жылдары бұрынғыға қарағанда суицидпен өмірден өтетіндердің саны сәл де болса азайғаны байқалады. Бұл мемлекеттік деңгейдегі іс-шаралардың жүйелілігі мен қоғамдық ортаның осы дертпен күресуге ыждағаттылығы арқасында болды десек қателеспес едік. Денсаулық сақтау министрлігі мен барлық құзіретті мекемелер дертпен күресудің түрлі тәсілін қарастырып келеді. Сайт тілшісі Н.Тілеуқабылдың осы тақырыптағы ізденісін назарларыңызға ұсынып отырмыз.
Адамның өмірі – қоғамның құндылығы, мемлекеттің қазынасы, Алланың аманаты. Адам баласы шыр етіп дүниеге келгеннен бастап о дүниеге аттанғанға дейін өз өмірінің қожасына айналып, соған сай ауыр жауапкершілік арқалайды. Ерте ме, кеш пе тіршілігін тоқтатып, мәңгілік мекеніне кетері хақ. Деседе осынау қысқа ғұмырында артына өшпес із қалдыратындар некен-саяқ. Өйткені, тіршілік – өмір, өмір – уақыт. Ал уақытты тек мықты адамдар ғана игере алмақ. Қалай десекте аз ғұмырымызды жақсы өткізуге барлығымыз құштармыз. Бірақ өмір деген даңғыл жол емес екені белгілі. Оның біліп болмас ойы мен шұңқыры, кедергісі мен кеселі жетіп артылады. Кейде тағдыр атты тас бұғаудың талабын орындап, дегеніне көнбеске амалың да жоқ. Соғыс майданындағы мина алаңынан өткен сарбарздардай тым сақ болуыңыз керек-ақ. Есесіне бақыт, шаттық, махаббат секілді жаныңды жадыратып, мерейіңді өсіретін сыйлығы да бар. Осынау қызығы мен шыжығы бірдей тартысқа толы тіршілікте мәнді өмір сүру баршамызға парыз. Бірақ алланың аманатына қиянат жасап, қасиетті парызына құрметсіздік танытатын, өмірін өз қолымен қиып, Әзәзілдің арбауында кететін жандардың да кездесетіні қалай? Бұл да бір кем дүние.
Суицид деген не?
Бүгінде өзіне өзі қол салу немесе суицид қоғамның дертіне айналып, адамзатқа апат әкелер нәубет болғалы қашан. Осынау аты жаман дерттің кең өріс алып, жиі айтылатын сөзге айналуы кімді де болса алаңдатпай қоймайды. Дерттің асқынуы ғылыми ортаны да дүр сілкіндіріп академиялық деңгейде зерттеуге алып келді. Енді бізде суицидті ғылыми негізде қарастырып көрейік. «Суицид» латын тілінен аударғанда «sui – өзін-өзі, cadere – өлтіру» деген мағынаны білдіреді. Бұл терминді итальян психологы Г.Дэзен 1947 жылы енгізген. Суицид ұғымы ХVІІ ғасырда пайда болған. Бірақ ХVІІІ ғасырдың ортасына дейін кең көлемде пайдаланылмаған. Тек ХХ ғасырдың басында өзін өзі өлтіру оқиғалары жиілеген соң «суицид» ұғымы қалыптасып, «суицидология» атты дербес зерттеу саласы өмірге келді. Қазіргі кезде суицидология социология, психология, медицина, демография, психиатрия, криминалистикатоғысында дамып, осындай әрекетке баратын тұлғалардың ерекшелігін, әрекетін, себептерін зерттеуге тырысады.Криминалистикада өзін-өзі өлтіру әрекеті ерекшеліктеріне қарай бірнеше критерий бойынша бөлінеді. Өзін-өзі өлтірер алдында өз әрекетіне жауап бере алатын, бірақ өте қиын жағдайдаға түскен, ойлана келе болашағының жоқтығына көзі жеткен адамдардың өзін-өзі өлтіруі. Яғни, қорытынды өзін-өзі өлтіру. Мысалы:өтелуі қиын қарыз, жазылмайтын ауру және т.б. жағдайлар.
Ашық қарсыласу түріндегі өзін-өзі өлтіру. Оған бақытсыз махаббат, ажырасу сияқты жан күйзелісіне әкелетін әрекеттер.
Ал аяқ астынан өзін-өзі өлтіру дегеніміз – жаман хабар алғаннан кейін немесе отбасындағы не жұмыстағы ойда жоқта пайда болған қиыншылықтан кейін өзін-өзі өлтіруге кенеттенбел буу жатады.
А.Г.Абрумова және В.А.Тихоненко суицидтің екі негізгі типін атап көрсетеді: шынайы әрекет және демонстративті-шантажды әрекет.
Демонстративті-шантажды әрекетте – өміріне сондай қауіпті емес әрекеттерге барады, яғни денеде ірі қантамырлар жоқ жерлерді кескілеу, онша қауіпті емес дәрілерді ішу. Бір сөбен айтқанда өзіне өлетіндей қауіп төндірмейді.
Шынайы әрекет деп – тұлғаға қатысты қиын проблемалары шешілмеген кезде өзін-өзі өлтіруін айтамыз.
Суицидальді мінез құлықтың белгілі бір формасы, тәсілі, дамуы, тәуекел ету факторлары болады. Суицидальді мінез-құлыққа адамның жас ерекшелігі, жынысы, кәсіби ерекшелігі, өмірлік жолының ерекшелігі де әсер етеді екен. Адамның әрбір жас кезеңдеріне сай өзіне тән суицидальді белсенділік болады. Онда балалық шақ 12 жасқа дейін, ал жеткіншек кезең 12-17 жас аралығын құрайды. Жастар арасы 17-29 жас аралығында болса, ересектер арасы 30-35 жас аралығын қамтиды. Сонымен қоса 55-70 жасаралығындағы қарттық кезеңде бар.
5 жасқа дейінгі балаларда өзін-өзі өлтіру әрекетіне бару өте сирек кездеседі. Жанұялық қақтығыстарға байланысты 9 жасқа дейін 2,5%, ал 9 жастан кейін 80% өзін-өзі өлтіру әрекетіне барады екен. Жеткіншек кезеңінде суицидалды әрекеттің себебі болып ата-анасымен, мұғалімдерімен қақтығысқа бару салдары болып табылады.Жастар арасында, әсіресе, қыздар арасында өздерінің жігіттеріне байланысты суицидальді әрекеттерге баратыны анықталып отыр.
Суицидтың ең жиі кездесетін кезі 15-24 жас аралығы. Өзін-өзі өлтіруге бармас бұрын, суициденттердің көбі дайындық кезеңі – суицидалды кезеңінен өтеді, ол адамның бейімделу қабілетінің кемуімен сипатталады. Ол қызығушылық деңгейінің төмендеуі, қарым-қатынастың шектелуі, мазасызданғыш, эмоционалды тұрақсыз болуы т.б.
Жапонияда тек 1986 жылы ғана 25524 жағдай тіркелген. Швейцарияда әскер қатарына шақырылған боз балаларды психологиялық тексеруден өткізген кезде олардың 2% өзін-өзі өлтіруге барған, ал 24%- де суицидальді ойлар айқын көрінгені мәлім болған.
Польшада соңғы 10 жыл ішінде 12-20 жас арасындағы суицидтен өлген балалар саны 4 есеге көтерілген, ал оның 21% қыздар алса, қалған 79% ұлдар құрайды.
БӘДСҰ (Бүкіл әлемдік денсаулықты сақтау ұйымы) берген мәлімет бойынша дүние жүзінде жыл бойы шамамен 500 мың адам өз өмірлерін қияды екен. Ең жоғарғы суицид көрсеткіші ол Германия, Австралия, Швецария, Венгрия, Чехославакияда болса, ең төменгі көрсеткіш Болгария, Ирландия және Үндістан. АҚШ-та өзін-өзі өлтіру деңгейі 100 мың адамнан орташа алғанда 25-29 адамнан келсе, ТМД-да шамамен 23-24 адамнан келіп отыр.
Өзіне өзі қол салу жағдайлары қарттық кезеңде де ұшырасып тұрады. Байыптап қарасақ асыраушысы жоқ, жалғызбасты, ауру меңдеген, әлсіз қарттардың суицидке баруы таңданарлықта іс емес.
Ал Қазақстанға келсек әлем бойынша жоғарғы деңгейден түспей келеді. Орталық Азиядағы көршілерінен де ілгері тұр. БҰҰ есебінше, Өзбекстанда бұл көрсеткіш – 9,3 адам, Қырғызстанда – 17,7 адам, Тәжікстанда – 5,2 адам. Қазақстанда 2003-2009 жылдары әрбір 100 мың тұрғынға шаққанда 52,4 адамды құраған. Оның 9,4-і әйел болса, 43-і ер адам. Демек қазақ елінің де суицидтен аз зардап шекпегені көрініп тұр.
Суицид неден туындайды?
Әр нәрсенің себебі мен салдары болатыны заңды. Кез келген зиянды әрекетпен күресу үшін оның салдарын емес, себебін зерттеу өте маңызды. Сол үшін де суицидтің шығу мен жасалу төркінін білуіміз керек. Өзінеөзі қол жұмсаудың себептерін алғаш зерттеген ғалымдардың бірі Э.Дюркгейм өлімге итермелейтін себептерден бастап зерттеп, бірнеше топқа бөліп қарастырған. Эгоистік себеп (қоғам мен индивидтің арасындағы қарым-қатынастың әлсіреуі), альтуристік себеп (шындық үшін немесе басқа адамдар үшін), аномикалық себеп (қоғамдағы дағдарыс жағдайлар). Әрине, ғылыми классификацияны білуміз өте қажетті нәрсе. Деседе суицидтің болу себептерін кең көлемде ашалап таныстыра кетейік.
Суицидің әуелгі себептерінің бірі – сенім. Ал сенім мәселесі діни мәселеге ұласатыны жасырын емес. Сіздің көкейіңізде не үшін деген сұрақтың туатыны заңды. Жапон самурайларының өзіне харакири (ішін қанжармен жару) жасап жатқанын талай кинодан көрген шығарсыз. Жауынан жеңілгенде, намысы тапталғанда немесе саясат пен билікке қарсы шыққанда тәкаппар да ержүрек, батыл да батыр самурайлардың дәл осы әдіске жүгініп жататыны шындық. Олардың мұнысы рухани кемістігінен немесе боркемік әлсіздігінен емес. Мүмкін жапондарға тән ұлттық мінез шығар. Деседе бұл әрекеттің түп негізі будда дінінде жатыр. Өйткені өзін-өзі өлтіруге тек будда діні ғана рұқсат береді. Ал жапондар осы будданың дзен-буддизм тармағын ұстанатыны белгілі. Буддистерде «сансара», исламда «тәсанух», ал ғылымда «реинкарнация» деген ұғым бар. Қарапайым түрде түсіндірсек қайта туылу немесе өлгенен соң қайта өмірге келу дегенді білдіреді. Олардың сенімінде жан мен тән бөлек нәрсе. Жан – өлмейтін абсолют, тән – тек сыртқы қабық қана. Бүгін тәнің өлгенімен жаның басқа формада қайта өмірге келуі мүмкін. Бейнелеп айтқанда жыланның қабық тастап түлегені іспетті. Қабық қалады, жылан ары қарай өмір сүреді. Олай болса жаныңды қимайтын несі бар?! Ертең-ақ өмірге қайта келесің емеспе. Самурайлардың өлімге қорықпай-ақ мойынұсынуының себебін енді түсінген шығарсыз. Кезінде бүкіл қытайды дүрліктірген Ли Хұң Жыда будданың осы сенімін дамытып, суицидті уағыздайтын «Палунгұң» кітабын шығарғанына да көп жыл бола қойған жоқ. Осы кітапқа мүлгиміз деп талай қытай өз-өзін өлтіріп, соңында мемлекеттің күшімен әрең ауыздықталған болатын.
Ал ислам дінінің адам өмірін алланың аманаты санап, «тәсанухты» жоққа шығаратыны бәрімізге белгілі. Демек исламда суицидке итеретін ешқандай түсінік пен догма жоқ. Бұл турасында қасиетті Құран Кәрімде: «Өз-өздеріңді өлтірмеңдер (және соған апаратын бұзықтыққа бармаңдар). Расында (сіздерді бұдан тыйған) Алла сендерге ерекше мейірімді» («Ниса» сүресі, 29-аят), – деген аяты анық дәлел. Сонымен қоса, пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) әл-Бұхариден жеткен сахих хадисінде: «Кімде-кім өзін темір қарумен өлтірген болса, ол тозақта әрқашан сол темірді көтеріп жүреді. Ал кімде-кім у ішіп өлетін болса, ол адам тозақта мәңгі у ішіп жүретін болады. Егер кімде-кім өзін өлтірмек болып таудан құласа, ондай адам тозақта мәңгі құздан құлап бара жатады», – делінген. Бірақ исламда да өзін өлтіруді бақыт санайтын теріс ағымдардың бар екенін жоққа шығара алмаймыз. Шиттердің исмаилия тармағының белді өкілі Хасан ибн Саббах тәрбиелеген әскери өнерді жетік меңгерген жендеттердің болғаны тарихтан мәлім. Атақты Шыңғысханның екінші ұлы Шағатайда осы жендеттердің қолынан мерт болған. Олар аяуды білмес қатыгез де қатал, батыл да жүректі болғаны үшін емес, өз жанын ойланбай қиятын жанкештілігімен басқалардың зәресін ұшырып отырған. Жанкешті болуының себебі олардың сенімінде еді. Олар қайта өмірге келуге иланбаса да, шейіт болу арқылы мәңгілік ұжмақтың төрінде отыратынына сенетін. Осы сенімдері өздерін өлімге жетелеуге итермелейтін. Қазіргі терактілер мен жарылыстарда осы сенімді ұстанған жат пиғылды ислам атын жамылған теріс бағыттағы діни сенімдегілердің әрекеті екені белгілі. Ондай теріс ойдан тек таза исламдық көзқарас пен ұлттық құндылықтар ғана құтқара алмақ.
Келесі суицидке жетелейтін басты себептердің бірі махаббат мәселесі болуыда мүмкін. Мұнда махаббаттың қатысы қанша дерсіз. Бірақ өзіне қол салуға бейім адамдардың түсінігіндегі махаббат өлімге жетелейтіні жасырын емес. Ғашығынан жауап ала алмау немесе қатты қарсылыққа ұшырау, сүйгенінің сатқындығы, онымен қосылуға кедергілердің көп болуы сияқты істер олардың рухын жасытып, жүрегін жаралайтыны айдан анық. Оның шешімін таппаған соң, өмірден түңіліп, тіршіліктен баз кешетіні тағы бар. Оның соңы өліммен аяқталып жатады. Олардың қатарында ойнап жүріп от басып, аяғы ауыр болып қалған аруларда бар. Ағылшын әдебиетінде ғана емес, әлем әдебиетінде де шедеврге айналып, рухани қазына, мәдени құбылыс болып саналатын Шекспирдің «Ромео мен Джульетта» трагедиясы есіңізде шығар. Қазақ әдебиетінде де «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» атты теңдессіз жыр бар. Екуінде де арманына жете алмай қыршынынан қиылған қос ғашық. Ондай аңыздар мен жырлар басқа халықтарда да қаншама. Бүгінде ондай трагедияны кинофильмдерден де көп көреміз. Сіз үшін ол махаббат үшін құрбан болған қос ғашық туралы сұлу жыр, әдемі кино болғанымен, олар үшін еліктейтін әрі оларда маххаббат үшін жан қиған деп өздерін ақтайтын орай болмақ. Өзін өлтіруге бел буған соң, өзінің махаббат үшін осындай әрекетке барғанын хат ретінде артына тастап кететін оқиғалар жиі кездеседі. Мұндайды психологияда «Вертер синдромы» деп атайды.Ғашықтық жолында өз өмірін қиюға дейін барған махаббат құрбандарының іс-әрекетін теріс бағытта қабылдап, қате түсінген жастардың санасы улануына осы жағдайда әсер етуде десек қателесе қоймаймыз. Сондықтан оларға махаббаттың өлім үшін емес, өмір үшін керек екенін ұғындырған абзал.
Отбасындағы таусылмас жаңжалда суицидің қайнар көздерінің бірі болуы мүмкін. Отбасындағы ұрыс-керіс пен түсініспеушіліктер ең бірінші балаларға әсер ететіні рас. Өз ата-анасынан қамқорлық пен жылылықтың орнына қаталдық пен ызғар сезінген баланың психикасы да дұрыс болмасы ғылми дәлелденген нәрсе. Маскүнем әке, жанарынан жас кетпеген бейшара ана, оны мазақ ететіп масқаралайтын басқа балалар, қорлану мен кемдік жас баланың жігерін жасытып, өмірге деген қызығушылығын жоятыны бесенеден белгілі.Олар өлімі арқылы өзіне көңіл аудартуды мақсат тұтуы да ғажап емес. Соңында не дөрекі, даңғой, мейірімсіз, қоғамға пайдасы жоқ адам болып ер жетеді, не өзіне қол салып суицидке жол береді. Егер өзіне өзі қол салу тек жағдайы төмен отбасыларда ғана кездеседі десеңіз қателескеніңіз. Мұндай қателікке шектен тыс ерке шолжаңдарда ұрынады екен. Мәселен, ата-анасымен не мұғалімдерімен тайталасқан жағдайда олардан осы арқылы өш алғысы келеді. Ата-анасы мен басқалардың қабірінде жылап, қайғырып тұрғанын елестетіп, оларды осылайша жазаламақ. Оның соңы, әрине, қайғылы өлім болмақ.
Суицидтің тағы бір себебі денсаулық салдары. Өйткені атының өзі адамды қорлайтын немесе жазылуы мүмкін емес ауыруға ұшыраған адамдардың да өз өмірін ерте қиюы кездесіп тұратын жайт. Тіптен олардың қатарында психологиялық ауытқушылығы бар адамдарда ұшырасып жатады.
Суицидке бейім балалардың кейбірінің мінез-құлқында ауытқулары бар және олардың шизофрениямен ауыратыны анықталған. Дегенмен, өзін-өзі өлтіргендердің көбінің дені сау, психикасынан ешқандай ауытқу байқалмағандар.
Суицидтің тағы бір себебі қылмыстың әсерінен. Байқамай ауыр қылмыс істеп, оның жауапкершілігінен қорқып өзіне қол салғандар ара-тұра болса да болып тұратын оқиғалар.
Суицидтің тағы бір үлкен себебі құмарлық пен ойын.Кеше ғана бүкіл елді дүрліктірген «Синий кит», «Тихий дом», «4:20» дейтін ғаламтордағы ойындар туралы естіген шығарсыз. 2015 жылы Ресейде Филипп Лисс есімді 21 жастағы жігіт ұйымдастырған. Шын аты Филипп Будейкин. «Лис» деген лақап атты қосып алғанының да өз себебі бар. Әдетте түлкілер өз жемтігін алдап құртатыны мәлім. Ол да өз құрбандарын осылайша өлімге итермелеген. Ойынның «Синий кит» аталуы да негізсіз емес. Көк кит - суицид жасаушылардың символы болып саналады. Өйткені көк киттер суицид жасайтын жалғыз жануар. Ойын 50 кезеңнен тұрған. Ойынға қатысушылар алғаш білегіне ұстарамен көк киттің суретін салудан бастап, соңы өліммен аяқталып отырған. Ең қызығы берілген тапсырмаларды сағат 4:20-да орындап отырған. Бұл адамның ұйқылы ояу жүретін шағы. Осындай қитұрқылықтың кесірінен алғашқы құрбан Рина Полинковадан бастап жүздеген бала ажал құшты. Оның ішінде қазақстандықтарда бар. Кіп-кішкентай ғана ұялы телефонның өзі адам өмірін жалмауға қуатты екенін байқаған боларсыз. Ендеше балаңыздың ойынына да көңіл бөлу керек екенін біле жүргеніңіз артық болмайды.
Суицидке итермелейтін тағы бір себеп өмір сүрудің ауыртпалығы мен қаражаттың жетіспеушілігі немесе қысқаштай қысқан қарыз.Өмірдің сан қабат батпан-батпан қиыншылықтарына төтеп бере алмай, қайраты мүжіліп, жігері құм болған адамдардың тек өлімнен тиянақ табатыны жасырын емес. Өзіне рухани қазық таба алмай, құштарлығы кеміген, жүйкесі жұқарып, санасы сансыраған адамға өлімнен төте жол көрінбесі анық. Құтылар жолы болсада тұтылуға бейім болып, басқаны байқамауы да мүмкін. Ары тартса бері жетпейтін тапшылық, жұмыссыздық, тұрақ табар жайының болмауы жығылған үстіне жұдырық болары сөзсіз. «Сорлыға сойыл бірінші тиеді» дегендей оның үстіне қарыз қысса не істеуі керек? Бүгінде банктен несие алып, сол қарызы үшін үй-жайынанда айырылып жатқандар аз емес. Деседе, өмірдің ауыртпалығынан екінің бірі өлмесі анық. Ең қызығы суицид дамыған, экономикалық әлеуеті зор, әлеуметтік тұрмысы жоғарғы деңгейдегі Германия, Швецария, АҚШ, Жапония секілді елдерде жоғарғы көрсеткішке жетсе, дамымаған Африка елдерінде нөлдік көрсеткішке жақын.
Байқап қарасақ, аталғандардың ешқайсысы суицидтің негізгі емес, қосалқы себептері. Ең негізгі себебі рухани дерт. Яғни, рухының әлсіздігі, қажыр-қайратының кемдігі, қиындыққа берілгіш шарасыздығы. Виктор Франклше айтқанда: «Өзіне-өзі қол жұмсайтын адам өлімнен қорықпайтын, өмір сүруден қорқатындар». Ал рухы биік адамдардың өз-өзін өлімге итермейтіні хақ. Олар өмірге құштар жандар. Тіршіліктен ләззат алып, өмірін мәнге толтырғандар. Кеудесіне хикімет дарып, санасы арқылы басқа әлемнің есігін ашуға қолы жеткендер. Ондай адамдар мың жыл өмір сүрседе жалықпайтындар. Өз жанына өзі қастық сайламайтындар. Есесіне алланың ақ өлімін қасқайып қарсы алатындар.
Суицидпен қалай күресеміз?
И.П.Павлов өзін-өзі өлтіруді «мақсат рефлексін» жоғалту деп түсіндірген. Осыған байланысты ол: «Мақсат рефлексі әр адамның өмір мәні және энергия көзі. Өмір қызығы бір мақсатқа жетуге талпыну, егер сол мақсатқа жете алмаса басқа мақсатты көздеп соған қол жеткізу, қызығу, ұмтылу. Соған байланысты біздің өміріміз гүлденеді және мәндене түседі. Егер адамның өмірінде мақсат жоғалса оның өмірі мәнсіз болады. Сол себепке байланысты біз өлген адамдар артынан қалған қағаздардан, олардың өмірлерінің мәні жоғалғанына байланысты олар өз-өздерін өлтіруге мәжбүр болғандарын ұғынамыз. Бірақ адам өміріндегі мақсаттар саны шексіз...», – дейді. Демек, мәнді өмір сүру үшін соған сай ұлы мақсат керек.
Ал мақсатымызды қалай айқындаймыз? Бұл біздің басты сұрағымыз болуға тиіс. Сіз өзіңіз жеке қалғанда іштей «Өмірдің түпкі мәні не? Адамдар қайтсе мағыналы өмір сүре алады? Не үшін өмір сүреміз?» деген секілді толып жатқан ауыр сұрақтарға жауап іздеп көрдіңіз бе? Егер жауабыңыз айқын болмаса, мақсатыңызда көмескі болмақ. Өз мақсатыңызды айқындап алғыңыз келсе Виктор Франклдің ілімі логотерапияға жүгінгеніңіз артық болмайды. Әңгімеміздің тұздығы ретінде Санжар Керімбайдың мына сөзіне көңіл аударып көрейікші.«Жас жігіт ауылдан қалаға келеді. Ата-әжесі «ұят болады», «әдепті бол», «жаман қылық жасама», «біреудің ала жібін аттама» деп дәстүрлі тәрбиені сіңіреді. Бірақ қалада өмір басқаша болып көрінеді. Ұятына жүгінейін десе, жұрт күліп қарайды. Қатарластары «старомодный», «апаларский, аталарский» деп кекетеді. Бір жылдай дараланып, ибасына берік болып жүреді. Оған қоршаған ортасы өмірдің заңдылығын басқаша түсіндіреді. Бірі өмірдің мәні «рақаттану, қыдыру, оралыңның барында ойнап-күлу» деп тәпсірлейді. Екіншісі «карьера жасау, ортаңнан озып шығып, мәртебелі болу» деп түсіндіреді. Осы кезде жігіттің санасында құндылықтар қайшылығы орын алады. Бейнебір өзін алданып қалғандай сезінеді. Көбі позициясын ауыстырады. Даралығын жоғалтып, тобырдың ішіне сіңеді. Сөйтіп өзін жоғалтады. Мұның арты түрлі трагедияға соқтырады.
Енді проблема қайдан шықты дегенде қайтадан о бастағы құндылықтар қайшылығына келіп тірелеміз. Барлығы жігіттің өмір философиясын дұрыс түсінбеуінен басталды. Виктор Франкл мәселеге дәл осы қырынан түскен. Ең әуелі ар-ұят феноменін адамды айқындаушы негізгі фактор ретінде академиялық ортаға әкеледі. Рухани болмысты жоққа балап, ар-ұятты шарттанған рефлекс деп танитындарды редукционистер (Адамға зат деп қараушылар) деп таниды. Франкл 21 жасында редукционистерді академиялық алаңда жекпе-жекке шақырады. Оларға майдан ашады. Редукционистердің «Оралыңның барында ойна да күл» деген кредосына ол «Оралыңның барында хикмет ізде» деген девизді қарсы қойған. Бізде де қазір ар-ұят феноменін жоққа шығаратын редукционистік қоғам орнады. Франклдың Логотерапиясы редукционистік қоғамды әлсіретеді.
Франкл бар-жоғы отыздан асқан шағында ғалым ретінде мойындалған. Тұлғаны заманның талабы мен әлеуметтік шарттары туғызады деген де рас. Өмірдің мәні жайлы жас Франклдың толғануына сол кездегі Австриядағы әлеуметтің көңіл күйі әсер етті. Бірінші дүниежүзілік соғыстан бұрын Австрия-Венгрия империясы дүркіреп, Еуропаға айбат шегіп тұрған. Соғыстан соң империяның аты өшті. Далиған территориясы талауға түсті. Габсбургтер империясының туы жығылып, күні батты. Ата қоныстағы «Австрия Республикасы» пұшпақтай жерді иеленді. Күні кеше 60 миллион халқы бар империяда 6 миллион адам қалды. Алдында ғана «Мызғымас Империяның мәңгілік мүддесі үшін өмір сүреміз! Император үшін жан пида!» деп жалындаған ақсүйектер мен генералдар не үшін өмір сүрерін білмей қалды. Бәрінің асқақтаған көңілі су сепкендей басылды. Нан піскен көкіректе мағынасыз вакум пайда болды. Бастары қосылса, «Алақандай Австрияда өмір сүрудің не мәнісі қалды? Қайда барып тіршілік қыламыз? Патша сарайы құлады. Ақсүйектер отбасының енді не керегі бар? Олар немен айналысады?» дегенді талқылай жөнелетін. Венадағы оқу орындары мен мәдени ошақтарда қызмет еткен қайраткерлер өздерін керексіз қалғандай сезінді. Өмір сүруге деген құштарлық пышақ кескендей тыйылды. Рухани қасиет жаншылған атмосферада суицид тамыр жаяды. Осы тұста Альфред Адлер бастаған Вена психотерапиясының екінші мектебі қаланды (біріншісі – Фрейдтің психоаналитикасы). Франклдың да осы мектепке мүше болатын себебі сол: «Не үшін өмір сүреміз? Өмірге ынтық қылатын негізгі мотив не?» деген сұрақтарға жауап табу. Франкл осы сұрақтарға жауап тапқанда Венадағы психотерапияның үшінші мектебі – ЛОГОТЕРАПИЯ деген атпен бой көтерді. 1933-1937 жылдары өзіне қол жұмсамақшы болған 3 мыңнан астам пациент келіп қаралған. Франкл солардың түгелге жуығын абыройсыз ажалдан аман сақтап қалды».
Нұрсерік ТІЛЕУҚАБЫЛ
mezgil.kz