«Діни мектеп ашу» қаупі: Депутат не дейді, сарапшылар не дейді?

Бұл аптаның басты талқысы – білдей Мәжіліс депутатының жүрдім-бардым жасаған даулы ұсынысы болды десек жөн шығар. Мәжілістің депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Айгүл Құспан ханым айды аспанға бірақ шығарып: «Елімізде діни мектептер ашу керек. Және ол мектептерді мемлекет жартылай қаржыландыруы керек», - деп сөйледі.

1694780678145390.jpg

Депутаттың бұл айтқандары қазір қазақ ортасында ызу-қызу талқы болуда. Қоғам «мектептегі хиджаб» мәселесімен шақ-шұқ болып жатқанда, депутаттың ойланып, әлде ойланбай жасаған бұл ұсынысы шоқты қайта үрлегенмен тең болды.  

1694780280910354.jpg

(Мәжіліс депутаты Айгүл Құспан. Сурет желіден алынды)

Депутаттың бұл ұсынысы қаншалықты орынды? Қазақстанның Конституциясы мен Заңдары бұған не дейді? Қазақстан діни мектептерге қаншалық мұқтаж? Біз сарапашыларды сөйлеттік. Бірі – саясаткер, екіншісі – ғалым, үшіншісі – дінтанушы. Олар бұл мәселеге не дейді? Қараңыз:

ҚАЗАҚ МЕКТЕПТЕРІНІҢ МӘСЕЛЕСІ ШАШ ЕТЕКТЕН. ДІНИ МЕКТЕП АШУ АҚЫЛҒА СЫЙЫМСЫЗ ҰСЫНЫС!

1694780346360870.jpg

Дос Көшім, саясаткер:

- Қоғамның даму деңгейі деген бар. Ол үшін белгілі бір даму деңгейіне жетіп, сол деңгейде түсінік қалыптасып, келесі сатыға көшеді. Менің ойымша, қазақ қоғамы дінді әлі толық қабылдай алған жоқ. Тәуелсіздіктен кейін жан-жақтан неше түрлі бағыттар келді. Халықтың жартысынан көбі діннің әліппесін, негізін білген уақытта ғана мұндай ұсынысты талқылай аламыз. Содан кейін басталатын қадам, бұл. Біз ондай деңгейге жеткен жоқпыз. Қоғамда көріп отырмыз, сан түрлі бағыт, сала, оның ішінде радикалды бағаттар да бар.

Қазақ қоғамындағы тағы бір мәселе, ол қазақ тілінің, ұлттық құндылықтардың өз орнына келуі. Ең бастысы қазақ тілінің өз деңгейіне жетуі. Қазақ тілінің мүшкіл халін көріп отырып, соңғы уақыттарда қазақ балаларының орыс мектептеріне көптеп бару үрдісі жүріп жатыр. Үш ауысымды мектептер бар. Енді, осылай отырып, тағы бір жаңа бағыттағы мектептер салу дегенді түсінбеймін. Әуелі қазақ тілімізді қатырып алуымыз керек! Қоғамда осы мәселе бірінші орында тұр! Қазақ тілінің және қазақ мектептерінің мәселесі. Балалардың қазақ мектептеріне баруы, қазақ мектептерінің деңгейі деген мәселені шешіп алуымыз керек. Біз 2010 жылдары 4-5 облысты араладық, қазақ мектептерінің жағдайын білейік дедік. Сын көтермейді. Совет үкіметінен қалған стандартты мектептер орыс мектептері болып қалған. Ал қазақ мектептері аурухананың ғимаратында, бассейн мекемесінде ашыла салған.

Қазақ мектептерінің жай-күйі әлі реттеле қойған жоқ, мәселесі бастан асады. Осындай жағдайда отырып, тағы бір саладағы мектептер ашу дегенді көтеру ақылға сыйымсыз. Үкімет бюджеті оған жете ме, жетпей ме?

Діни мектептер ашу ұсынысы – халықтың дінді түсіну деңгейі мен қазақ тілінің қазіргі жағдайы деген екі деңгейге де сыймайды. Мен өзім демократист есебінде кез-келген адамның пікір айтуға құқығы бар деп есептеймін. Мүмкін парламенттің ішінде таза діни бағыты бар азаматтар бар шығар. Қоғамда қанша салада адамдар бар солардың да парламентте өкілдері болуы керек. Мен оған таңғалмаймын. Тек менің онша келіспейтін мәселем – мемлекет ол мектептерді қаржыландыруы деген сөз. Оған қарсымын. Мемлекеттің өзіндік бағыты бар. Өзінің мемлекеттік тілі бар, әлі есін жимай тұралап жатқан. Сондықтан мемлекеттің тарапынан діни мектеп салу керек дегенді, менің ойымша, қоғам дәл қазір қабылдай қоймайды және ол дұрыс.

 

ДЕПУТАТ ДІНИ МЕКТЕП АШУДЫ ЕМЕС, ЖАТ АҒЫМДАҒЫ 80 МЫҢ ЖАСТЫҢ МӘСЕЛЕСІН КӨТЕРУІ КЕРЕК!

1694780466907064.jpg

Әбдірашит Бәкірұлы, философ:

- Депутат деген атақ алған адам сол сәттен білімді болып кетпейді. Қоғамтанушы ғалымдар бұл салада білімді тірнектеп жинайды. Сондықтан, депутат Айгүл Құспанның жеке пікірін ақиқат деп қабылдамау керек.

Қазіргі заман діннің емес, ғылым мен білім заманы. Дін жеке адамның дүниетанымы. Оны, соның ішінде бір дінді ерекшелеп тираждау мемлекет міндетіне жатпайды. Ендеше, қазіргі білім жүйесіне діни түзету енгіземіз деу қателік. Депутаттар да қателеседі...

Депутаттың қоғамда кенеттен өршіп кеткен «мектептегі хиджап» (не орамал) мәселесін жылы-жұмсақ түрде шешуді ойлағаны анық. Алайда, оның тұжырымы қоғамдағы дәл қазіргі жағдайға қаншалықты сай келеді деп сұрау керек. Қазақта «ауруын жасырған өледі» деген қарапайым дана сөз бар. Ендеше, бүгінде, кейбір деректер бойынша, елімізде 80 мыңдай жастар төзімсіз, радикалды діни ұстанымда жүр екен. Осы жағдайда, дінді одан әрі қолдай берудің соңы жақсылыққа апармайды.

Біріншіден, біз қазақ халқының ұлттық мемлекетін құруға бет алдық. Соңғы саяси шешімдер мен Президенттің жолдауларында ол нақты көрініс тапты. Президент тек «Әділетті Қазақстан», «Адал адам» туралы ғана айткан жоқ. Ол құқықтық және азаматтық мемлекет құру туралы да мәселе көтерді. Себебі, еліміз алдағы онжылдықта экономикалық серпіліс жасауға дайындалуда. Ішкі өнімді 450 млрд долларға жеткізу жоспарланған.

Біз оған қалай қол жеткіземіз? Оған жету үшін сол дін жетегінде жүрген 80 мың жасты ғылым-білім аясына қайтару керек. Міне, кез келген депутаттың осы мәселемен бас қатырғаны жөн болар еді.

Депутаттың шет елдегі шіркеу маңында ашылатын діни мектептерді мысалға алып, соның «қазақстандық нұсқасын» жасау туралы ұсынысы - батыс пен шығыс, оның ішінде түркілік, оның ішінде қазақ әлемін жете түсінбеуінен туындаған деуге болады. Бұл да адам қаны сияқты группаға бөлінген әлем. Сол сияқты, біздегі діни ахуал тіптен басқа группа екенін ұғу керек. Ұққан соң біз басқаша ойлай бастаймыз.

Қазіргі қазақ қоғамын «діні жеткіліксіз» деп бағалай алмаймыз. Керісінше, қоғам өркениет шегінен шығар деңгейде діндар болып барады. Ол білім мен ғылымның ықпалы азайуынан пайда болды. Бұл қоғам өмірін, соның ішінде мектеп пен басқа да оқу орындарын құрсаулап тастаған коррупцияның жемісі!

Олай болса, алдымен мәселені еліміздегі «адам капиталын» қалай дамытамыз, оны қалай өркениет көшіне ілестіреміз, жастарымыздың әлемдік бәсекелестікке қабілеттілігін қалай арттырамыз деген сұрақты қойған дұрыс. Дін мәселесі, жалпы, ұлттық мәдениет мәселесі осы контексте қарастырылуы қажет. Егер, дін мемлекет дамуына, яғни біздің Ұлттық дамуымызға  кедергі болса, онда - оны тайсалмай айту керек.

ОРАМАЛҒА БОЛА МЕКТЕП АШУ – ҚАТЕ ҰСЫНЫС!

1694780513395954.jpg

Кеңшілік Тышқанұлы, дінтанушы:

- Оған министрлік анализ жасауы керек. Қанша бала барады, ол діни мектептердің қандай ерекшеліктері болады? Мысалы Түркияда болашақ дін мамандары лицей кезеңінен бастап діни мектептерде оқиды. Бітіргеннен кейін теология факултьтеттерінде оқиды. Ары қарай мешіттерде имам болады, дін саласының қызметкері болады. Бізде діни мектептерді бітірген балалар кім болып шығады? Мамандықтары қалай болады? Ол жерде басқа бағыттар бойынша пәндер оқытыла ма? Осының бәрін Оқу-ағарту министрлігі мен Жоғары білім минситрлігі аналитика жасап, содан кейін қанша адамнан сұраныс бар, қай өңірлерге керек деген сияқты сұрақтарға жауап табуы керек. Мемлекеттен қаржы бөліну деген кейінгі мәселе. Кез-келген балаға онсыз да мемлекет ақша төлеп отыр. Бала жекеменшік мектепте оқыса да мемлекет ақша төлейді. Қаражат төлеу, төлемеу мәселе емес. Бірақ діни мекетептерге қаншалықты қажеттілік бар? Сыныптарға бала тола ма, толмай ма? Оларға кімдер сабақ береді? Діндар оқушылар өздерінің ұстаздарының да діни адам болғанын қалайды ғой.

Діни мектеп салу керек дегенді ұсыныс ретінде айта салу оңай. Бірақ оның төңірегінде сұрақ өте көп. Депутат діндар болса, балалар діни мектеп оқуы керек деуі де немесе дінге қарсы адам болса, дінді экстремизм, терроризм деуі де мүмкін. Бұның бәрі эмоционалды айтылған дүние ғой. Мемлекеттік аппараттар арқылы анализ жасап, қажеттлікке, сұарнысқа қарай ұсыныс жасау керек.

Бізде заң бойынша, діни қызмет және діни бірлестік заңы бойынша, білім беру арнайы діни мекемелерді қоспағанда, зайырлы сипатта болады деп жазылған. Діни мектептер салатын болса, заң өзгере ме? Бұл жерде сұрақ көп, жауап аз.

Кейбір Еуропа мемлекеттерінің өзінде белгілі бір үйірме дейгейінде әр конфессияның өзінің сабақтарын оқытатын тәжірибе бар. Әр мемлекеттің өзінің дәстүрлі дініне байланысты балаларды оқыту тәжірибесі бар.

Бізде бұл тек орамалға қатысты айтылып отырған дүние шығар. Ал орамалға қатысты айтатын болсақ, оған арнайы діни мектепті ашудың қажеті жоқ. Орамалға анализ жасау керек. Белгілі бір сыныптан жоғары мектепте орамал тағуға эксперимент ретінде рұқсат беріп көру керек. Бұл заңға қайшы дүние емес қой. Заңда діни сенім бостандығы деген сөз бар. Орамал таққан қыз инженер болам десе, бола алмай ма, дәрігер бола алмай ма? Қоғамды атрибутикасына қарап екіге бөлмеуіміз керек.  Бұлай бөлуді қоғамды деградацияға алып келеді. Проблема алып келеді. Бұл жерде қоғамды бөлшектеу емес, біріктіруге жұмыс жасалу керек. Сондықтан бұл жерде депутат не түсініп, не түсінбей айтып отыр.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар