АҚШ президенті Дональд Трамп Путинмен кездесуі ықтимал. Бірқатар БАҚ екі ел басшысының кездесуі алдағы аптада өтуі мүмкін деп санайды. Ақ үй Трамптың Путинмен кездесуі жайлы пікір білдіріп, ұсыныстың Ресей тарапынан түскенін айтты. Сарапшылар кездесуді бір аптаның ішінде ұйымдастыру өте қиын дейді. Басты мәселе кездесу орнын белгілеу болып отыр және бұл Халықаралық Қылмыстық Соттың Путинді тұтқындауға қатысты ордерімен де байланысты болуда.

Ресей президентінің көмекшісі Ушаков алдағы аптада Трамп пен Путиннің кездесуі өтетінін айтты. Кездесу орны да анықталды дейді ол. Алайда қайда өтетінін жариялаған жоқ.
The Guardian басылымы кездесудің қайда өтетініне қатысты жорамал жасауда. 2023 жылы Халықаралық Қылмыстық Сот Ресей басшысын әскери қылмыс жасады деп айыптап, Путинді тұтқындауға қатысты ордер шығарды. Аталған ордерге байланысты Путин 125 мемлекетке бара алмайды.
2018 жылы Путин мен Трамп Финляндия астанасы Хельсинкиде кездесу өткізді. Алайда Финляндия Халықаралық Қылмыстық Соттың толыққанды мүшесі саналады және кезекті кездесудің бұл елде өтуі екіталай дейді сарапшылар.
Сарапшылар символикалық маңызға ие орындарда кездесу өткізу мүмкіндігі аз дейді. Мысалы 1945 жылы Сталин, Черчилль мен Трумэн кездесу өткізген Потсдам қаласы Германияда орналасқан. Ал Германия Халықаралық Қылмыстық Соттың мүшесі саналады.
Рузвельт, Черчилль және Сталин кездесу өткізген Ялта қаласында да Трамп пен Путиннің кездесуі екіталай. Өйткені бұл қала оккупациядағы Қырымда орналасқан.
1943 жылы Рузвельт, Сталин мен Черчилль кездескен Тегеранда да Трамп пен Путин кездесу өткізе алмайды. Трамп жақында ғана Иранды бомбалаған, ал Иран Украинаға қарсы соғыста Ресейдің одақтасы саналады.
Сарапшылар аталған факторларды ескере отырып, кездесу Сауд Арабиясында, Түркияда немесе Венгрияда өтуі мүмкін деген ойда. Венгрия Халықаралық Қылмыстық Соттың мүшесі болған сәтте, Израиль премьерін тұтқындауға қатысты ордерге қарамастан Нетаньяхуды қабылдап, кездесу өткізді. Виктор Орбан ЕО елдерінің ішінде Путинмен және Трамппен жақсы қатынастағы санаулы басшылардың бірі саналады.
AP басылысы кездесудің Ыстамбұлда өту мүмкіндігі жоғары екенін айтты. Түркия осы уақытқа дейін Ресей мен Украина арасында бірнеше кездесу өткізіп, бірқатар келісімге қол жеткізген алаңға айналды.
Mezgil.kz