Мәскеуге Римнің жауабы: "Міне, саған! Керегі зымыран!"

Италия Ресейдің әрекетіне қатаң жауап беріп, Украинаға алыс қашықтыққа соққы жасайтын зымырандарды беру шешімін қабылдады. Италияның Киевке зымыран беретінін Ұлыбритания қорғаныс министрі Грант Шэппс The Times басылымына берген сұхбатында айтқан болатын. Рим Киевке Storm Shadow зымырандарын бермек.


Крылатые ракеты для Италии – страна примет на вооружение аналог Storm  Shadow - ZN.ua

 

Италияға дейін Украинаға аталмыш зымырандарды Ұлыбритания мен Франция жеткізіп келді. Италияның Украинаға қанша зымыран беретіні белгісіз. Рим ресми түрде бұл ақпаратқа қатысты түсініктеме берген жоқ. Ұлыбритания қорғаныс министрлігі Берлинге Римнен үлгі алып, Киевке Taurus зымырандарын беруге шақырды.

 

Римнің Киевке зымыран беру туралы шешімі Ресейдің Италияға тиесілі компанияларға қысым жасауынан кейін қабылданды. Ресей президенті Владимир Путин италияндық Ariston (Ariston, Elco, Chaffoteaux) компаниясының активтерін «Газпром - тұрмыстық жүйелер» АҚ-на беру туралы шешім қабылдаған болатын. Осылайша Ресейдегі «Аристон Термо Русь» компаниясының 100 пайыз үлесі мемлекеттік компания үлесіне өтті. Бұны кей сарапшылар рейдерлік басып алу деп атауда.

 

Ariston зауыты Ленинград облысында орналасқан. Аталмыш зауыт 19 жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеп, жыл сайын 600 мыңнан астам құрылғы шығарып келеді. Өткен жылы «Аристон Термо Русь» компаниясының табысы еселеп артып, 9,4 млрд рубльге жеткен. Соғыс басталған сәтте Ресей тарапы «Аристон Термо Русь» компаниясының басшысы етіп Сергей Кукуть есімді азаматты тағайындады, ал шетелдік менеджер Эмануэль Джомми қызметінен кетті.

 

Осылайша Ресей мен Италия арасындағы шиеленіс өрши түсті. Сәуірдің соңында Рим Мәскеуге жеткізетін тауарларына рубльді төлем ретінде қабылдауды тоқтатты. Италия рубльмен төлем жасасу санкциялық қысымды әлсірету деп санайды.

 

Италия Storm Shadow зымырандарын әскери қоймаларында сақтап келеді. Ашық дереккөздерде Римде кемі 200 дана зымыранның бары айтылған. Storm Shadow зымырандарымен Украина оккупациядағы Қырым мен Донбассты атқылап келеді. Киев зымырандардың аздығына байланысты негізінен стратегиялық нысандарды ғана атқылауда.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар