Пашинян авантюрасы: Блинкен арқасынан қағып, Боррел маңдайынан сипады

Бұл күндері Армения төңірегіндегі сыртқы саяси интрига барынша күшейіп тұр. Қазіргі Еревандағы саяси тартыс жол айрығына жақындамаса да, кем дегенде осы бағытта дами береді дейді сарапшылар. Уинстон Черчилль айтқандай, «...бұл соңы емес, тіпті соңының басы да емес, бұл басталудың басы».

1710425416955183.jpg

АРМЯН ДИЛЕММАСЫ

Қарабақтан түпкілікті және қайтымсыз айрылғаннан кейін тек Ресейге ғана бағытталған армян саясаты елеулі өзгерістерге ұшырай бастады. Посткеңестік жылдарда алғаш рет Ереванда Батыстағы одақтастарды іздеу және Ресей Федерациясының қамқорлығынан кезең-кезеңмен кетудің мүмкіндіктері туралы дауыстап, анық айтыла бастады.

1710424776543025.jpg

Егер бір сәтке армян және Ресей билігі арасындағы сөгіс пен қысыр-қыңыр тартыстарды елемей, тек практикалық тұрғыдан қарайтын болсақ, онда – ештеңе де өзгерген жоқ, әзірге.

Ресми Ереванның сыртқы саясатындағы жаңа өзгеріске әлемдегі алғашқы реакция толқынды-салтанатты болды. Жетекші еуропалық және американдық басылымдардың бірінші беттері «Ресей Оңтүстік Кавказда ықпалын жоғалтуда», «Армения Ресейден кетіп жатыр» және т.б. сияқты тақырыптармен толды. Бұл ретте жарияланымдардың үні соншалықты үзілді-кесілді болғандықтан, Арменияның Ресей қанатының астынан кетуінің мызғымастығы туралы нақты ой-пікір қалыптасты.

ПАШИНЯН КІМДІ АЛДАП ЖҮР?

44 күндік Қарабақ соғысындағы ойсырай жеңілістен кейін Арменияның Мәскеумен стратегиялық серіктестігі нашарлауы заңдылық та. Осыдан соң Армениядағы ресейлік тұтқындар, көбінесе ұрылар мен алаяқтар армян қоғамында өшпенділікті тудырды, ол біртіндеп «Қарабақ мәселесі» деп аталатын армяндардың белгілі бір апатиясына айналды.

1710424837925354.jpg

Бір сөзбен айтқанда, барлығына Арменияның Батысқа қарай бұрылуы - шешілген іс сияқты көрінді. Бұл шын мәнісінде, Никол Пашинянның да, армян саяси элитасының басқа да өкілдерінің де антироссиялық риторикасын нығайтты.

Солай десек те, дәл қазіргі уақытта Ереванның Мәскеуден алшақтап кеткені шамалы. Бұл бағытта ешқандай қозғалыс байқалмайды. Ресейге қарсы риторика бірте-бірте қатайтылғанымен, шынайы өмірде бәрі өз орнында қалды: Гюмридегі әскери база да, параллельді импорт та, санкцияларды айналып өту схемалары, ТМД-ға, ЕАЭО-ға мүшелігі т.б. Армения ҰҚШҰ-дан шықпады. ҰҚШҰ-ға қатысуын тоқтатқанымен, де-юре – Армения әлі де ҰҚШҰ мүшесі болып табылады.

31 ЖЫЛ КЕШІККЕН ШЕШІМ ҺӘМ МӘСКЕУДІҢ ҚОРҚЫНЫШТЫ ДАУЫСЫ

Ереван 1993 жылы жасалуы тиіс алғашқы қадамды енді ғана жасай бастады. Ол – орыс шекарашыларынан Ереванның Звартноц әуежайынан кетуді талап етуі. Ойлап қараңызшы, сіз Тәуелсіз Арменияның астанасы – Ереванға ұшып барасыз. Бірақ, сізді Ресей шекарашылары тексереді. Құдды Ереванға емес, Мәскеуге немесе Петерборға барған секілді күй кешесіз. Абсурд па? Дәл солай.

1710424956209439.jpg

Ереван ресми түрде Мәскеуге қайрылып, Звартноц әуежайынан кетуді талап еткенімен, бұл да оңай шаруа болмай тұр. Мәскеу ресми мәлімдегендей, Ресей сарбаздары Арменияның әуе қақпаларын тек Звартноц әуежайында емес, Арменияның Иран және Түркиямен барлық мемлекеттік шекарасын бақылауды қарастыратын пакеттік келісім аясында күзетеді.

Сондықтан қазіргі Ереван үшін Ресей шекарашыларын әуежайдан ғана шығару мүмкін емес болып тұр. Себебі Мәскеуден келген қорқынышты дауыстың мағынасы түсінікті:

«Не Армения бұл идеядан бас тартады, не  біз Арменияның басқа шекараларына жауап бермейтін боламыз», - деді Мәскеу.

Енді сұрақ: Ереван ресейлік әскери патронаждан түбегейлі бас тартуға дайын ба? Ереванның өз шекарасын өзі күзетуіне шамасы жетпеуі мүмкін емес дерсіз. Рас, Армения Грузиямен өз шекарасын өзі күзете алады. Алайда, Түркиямен шекара – саяси күрделі учаске. Онда психологиялық нюанс бар. Сондықтан армяндардың оны 30 жылдан кейін Ресейсіз, жалғыз күзетуі оңай емес.

Дегенмен, Ереванның таяудағы антироссиялық риторикалары – өзінің басты стратегиялық серіктесінен алшақтау ниетін көрсететін бірінші ресми қадам. Бір сөзбен айтқанда, әзірге бәрі өз орнында өзгеріссіз қалып отыр. Тек Арменияның Батыспен байланыстары ғана армян сыртқы саясатының басты бағыты туралы түсінік береді.

Анығында Ереван ресейлік ықпалдастық аясынан сенімді тіреусіз шығудан сақтанып отырса керек. Егер Армения Ресейден біржола алшақтайтын болса, сөзсіз агрессияға тап келеді. Ондай жағдайда Ереванға Батыс тарапынан ықтимал соққыға қарсы көмек керек. Пашинянның іздеп жүргені де осы кепілдік. Өйткені Ереван үшін Жозеп Боррелдің риторикалық қолдауына және Энтони Блинкеннің арқадан қаққанын кепілдік деп түсініп, Ресейге қарсы ашыққа шығу – армяндар үшін авантюра.

1710425016216065.jpg

ЕУРОИНТЕГРАЦИЯ. АРМЕНИЯҒА ҚАТЫСТЫ АЛҒАШҚЫ ҚАРАР

Кеше Еуропарламент Арменияға ЕО-ға кандидат болу статусына қатысты қарарды қарастырды. Бұл Арменияға алдағы уақытта ЕО-ға кіруге кандидат статусын беруге мүмкіндік ашатын алғашқы қарар.

Қарарды 504 депутат қолдады, 4 депутат қарсылық білдіріп, 32 депутат қалыс қалған.  ЕО Арменияға экономикалық реформа жасауға көмектесетінін мәлімдеді.

Бұл позитивті тенденция. Десе де, еуроинтеграцияға апаратын жол тек күрделі ғана емес, сонымен қатар өте ұзақ. Оны Грузия мен Украинаның мысалдарынан көруге болады.

1710425087964301.jpg

АРМЕНИЯНЫҢ ТАҒДЫРЫ ӘУЕЖАЙДА ШЕШІЛГЕЛІ ТҰР!

Еуроодаққа мүше болуға үміткер статусы – міндеттемелер жүктейді, бірақ құқық бермейді. Жалпыеуропалық отбасының мүшесі болудың қаз-қатар шарттары бар. Алдымен үміткер мемлекет сол шарттарды толық орындау керек. Онда да ұзын-сонар кезек бар. Грузия, Украина, Молдова...

Сондықтан, Ереван үшін қазіргі басты шаруа – Ресей! Және Арменияның одан арғы тағдыры әуежайда шешілгелі тұр!

Егер Ереванның Ресей шекарашыларын Звартноцтан шығарып жіберуді талап етуге, Түркия, Иранмен шекараны өз бетінше күзетуге, сондай-ақ Ресей тарапынан болмай қоймайтын экономикалық санкцияларға төтеп беруге жігері жетсе, онда Никол Пашинян мен оның командасына мықты тіреу керек. Олай болмаған жағдайда Армения алдағы уақытта да ресейлiк кеңiстiктiң интегралдық бөлiгi болып қала бередi.

(Ескерту: Суреттер Google іздеу жүйесінен алынды)

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар