В5+1: АҚШ Орталық Азия экономикасын қуатты етуге ниетті

Ресей мен Украина соғысы әлем елдерінің Орталық Азияға деген қызығушылығын арттырды. Бұл Ресейдің ЕО-ға мұнай және газ сатудағы қиындығымен, ал Еуропаның энергияны өзге аймақтан іздеуімен тікелей байланысты. 2022 жылдан бастап Орталық Азия елдерімен ЕО, Франция, Германия және АҚШ бірнеше мәрте экономикалық, саяси байланыстарды арттыруға қатысты басқосулар өткізді. Жаңа платформалар пайда болды.


The C5+1 Concept: The Idea Behind This Week's B5+1 Forum in Almaty - The  Times Of Central Asia

 

АҚШ Орталық Азия елдерімен байланысты арттыруға ниетті. Вашингтон Орталық Азия елдеріндегі компаниялардың кейбірі Ресейге салынған санкцияны айналып өтуіне алаңдаушылық танытуда. Алайда Орталық Азияға санкция салудан қашқақтап, санкциялық режимді бұзған компанияларға ғана тежеу механизмдерін енгізуде.

 

АҚШ президентінің Ұлттық қауіпсіздік кеңесіндегі Орталық Азия және Ресей бойынша кеңесшісі Николас Берлинер Орталық Азия елдерімен байланысты арттыруға мүдделі екенін айтты. Ол бұл туралы Алматыдағы форумда айтқан.

 

«Біз әлемдік саясатта үлкен өзгерістер болып жатқан кезеңдеміз. Орталық Азия сол өзгерістердің қақ ортасында тұр. АҚШ осы бір қиын сәттерде Орталық Азия елдеріне сенімді серіктес бола отырып, аймақ елдерінің мығым экономика орнатуына септігін тигізуді қалайды», - дейді Берлинер. Ол бұл ойын Орталық Азия елдері мен АҚШ арасындағы үкімет өкілдері мен кәсіпкерлер қатысқан форумда айтқан.  

 

Ол Орталық Азия елдерінің экономикасын мығым ету үшін АҚШ және басқа мемлекеттердің инвестиция салуын арттыру тетіктері барын айтты. С5+1 форматы құрылып, жемісті жұмыс істеуде. Ендігі таңда бизнес қауымдастыққа бағытталған В5+1 форматы құрылып, жұмысын бастады. Осы формат аясындағы форум 13-15 наурыз аралығында Алматы қаласында өтуде.

 

2023 жылдың қыркүйегінде БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-ші сессиясының аясында АҚШ және Орталық Азия елдерінің президенттері бас қосып, алғаш рет С5+1 форматын президенттер деңгейінде өткізді. Артынша экономиканы дамытуға бағытталған платформаның жаңа бағыттары жасақталатыны айтылды.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар