Тасмағамбетов Пашинянды ҰҚШҰ-да күштеп ұстамақ па?

Биыл 28 ақпанда Армения премьер-министрі Никол Пашинян Арменияның ҰҚШҰ-ға мүшелігін тоқтатынын мәлімдеген еді.

1710241599579636.jpg

Ол: «2021-2022 жылдары Ереванға қатысты ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт орындалған жоқ» деп есептейді. Бұл туралы егжей-тегжейлі жаздық.

Бұған дейін Арменияның ұйымға мүшелігін тоқтату туралы Ұлыбританияда айтылған болатын. Корольдіктің қорғаныс министрінің орынбасары Джеймс Хиппидің айтуынша, Лондон Ереванға Ресейден келетін қауіп-қатерлер мен қарсы шаралар алдында қолдау көрсетуге уәде берген.

Ал бүгін Пашинян ҰҚШҰ-ға мүшелік туралы былай деді:

«Біз ҰҚШҰ-ға қатысуымызды тоқтатып қойдық, отырыстарға қатыспаймыз. Біз бір ғана сұраққа жауап күтеміз: Армениядағы ұйымның жауапкершілік аймағы қандай. Барлық проблемалар Ереван бұл мәселені көтерген сәттен басталды. Егер ҰҚШҰ Армениядағы ҰҚШҰ жауапкершілік аймағы қайда деген сұраққа жауап берсе және бұл жауап Арменияның пайымына сәйкес келсе, онда біз арамыздағы мәселе реттелген деп есептейміз. Егер болмаса, Армения ҰҚШҰ-дан шығады. Қашан? Айта алмаймын», - деп түйіндеді Пашинян.

Бұған дейін Арменияның ҰҚШҰ-мен проблемасы ұйым Армениядағы жауапкершілік аймағын мойындамайынша шешілмейтінін Армения Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Армен Григорян мәлімдеген болатын.

Оның айтуынша, Арменияның Әзербайжанмен шекарасы бар. «Бұл шекара қалпына келтірілуі тиіс. Армения ҰҚШҰ-ға мүше болды және де ҰҚШҰ бұл шекараны мойындауы тиіс», - деді Григорян.

«ҰҚШҰ аясындағы Арменияның қызметін тоқтату саяси шешім болып табылады», - деді Никол Пашинян.

Естеріңізге сала кетсек, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (ҰҚШҰ) 2002 жылы 1992 жылғы Ұжымдық қауіпсіздік туралы Ташкент шарты негізінде құрылған болатын. Ұйым құрамына алты мемлекет кіреді: Ресей, Беларусь, Армения, Тәжікстан, Қазақстан және Қырғызстан. ҰҚШҰ-ның қазіргі тізгіні – Иманғали Тасмағамбетовте (бас хатшы).

ТАСМАҒАМБЕТОВ: АРМЕНИЯ ЭЛИТАСЫ АЛАҢДАУШЫЛЫҚ ТУҒЫЗАДЫ

«Армения элитасының бір бөлігінің көңіл-күйі қатты алаңдаушылық тудырады, бірақ Ереванның саяси сергектігіне үміт сақталып отыр», - деді Иманғали Тасмағамбетов Ресейдің «ТАСС» агенттігіне сұхбат беріп.

«Жасырмаймын, Армения элитасына қатысты белгілі бір оқиғалар мен көңіл-күй алаңдаушылық туғызады. Бірақ біз Арменияның саяси басшылығының саяси тұрақтылығына және ұйымға қатысты түрлі сценарийлерді іске асыру перспективаларын саралап бағалауға үміттенеміз», - деп хабарлады ҰҚШҰ бас хатшысы.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар